ҚАРАҚАЛПАҚТАР ӨЗБЕКТЕРДЕН АЗАТТЫҚ АЛА МА?

4
1568

Қазақстан Республикасыны оңтүстік-батысында орналасқан Қарақалпақстанның тәуелсіз ел болу мәселесі БҰҰ өз бақылауына алған өзекті мәселелердің біріне айналды. Бүгінде Өзбекстан құрамындағы Қарақалпақстанның жағдайы мәз емес. Ислам Каримовтің қайтыс болуынан кейін қарақалпақ белсенділері жеке ел болу немесе Қазақстанға қайта қосылу идеясын көтеріп келеді. «Qazaq» газеті бүгін тартылып қалған Арал теңізінің ар жағындағы бауырлас халықтың әлеуметтік, экономикалық, саяси жағдайына тоқталады.

ҚАРАҚАЛПАҚСТАН ҚАЗАҚСТАН ҚҰРАМЫНАН ҚАЛАЙ/ҚАШАН ШЫҚТЫ?

Кеңес Одағының 1936 жылы Қарақалпақстанды Өзбекстан құрамына қосуы геосаяси қателіктердің бірі болды. Ел шекарасының Қазақстанның Қызылорда, Маңғыстау, Ақтөбе облыстарымен шектесетіндігі, қазақ пен қарақалпақ тілдерінің ұқсастығы да ескерілмей, Кремльдің шешімімен 1930 жылы Қарақалпақ автономдық облысы Қазақстан құрамынан шығарылып, жеке отау тіксе, артынан, 1936 жылы Өзбек КСР құрамына өтті. Әйтсе де, Кеңес Одағының күйреуі Қарақалпақстанға тәуелсіз ел болуға үміт сыйлады.
1990 жылы 14 желтоқсанда «Тәуелсіздік туралы декларациясы» қабылданғанымен, 1992 жылы өткен референдумда Қарақалпақстан Өзбекстан құрамында 2013 жылға дейін болатындығы жөнінде келісімге қол қойылды. Сөйтіп, Қарақалпақстан көрші елдің құрамында болғанымен, оларда азат мемлекетке тән барлық құқықтары сақталатын болды. Мәселен, 1992 жылы 14 желтоқсанда мемлекеттік туы белгіленсе, бір жылдан кейін, дәл сол күні қарақалпақ әнұраны ресми түрде бекітілді. Өзінің Конституциясы тағы бар. Осыған қарамастан қарақалпақтар өз республикаларында тең құқыққа ие болмады. Қағаз жүзінде мемлекеттік тіл саналатын қарақалпақ тілі іс жүзінде ешқандай мәртебеге ие емес. Ресми тіл ретінде де, білім беру жүйесінде де өзбек тілінің мәртебесі жоғары қойылады.
Кезінде Өзбекстанның алғашқы президенті Ислам Каримовтің тоталитарлық жүйесіне қарсы қарақалпақ оппозиционерлерінің мәлімдемелері Қарақалпақстан мәселесінің халықаралық деңгейде дау-дамайдың пайда болуына ықпал жасады. Сырттағы беделді қарақалпақтар әлі де үнсіз отырған жоқ. Каримовтің көзі тірісінде қуғынға ұшыраған қарақалпақ оппозиционерлері бүгінде әлемдік саяси ареналарда Қарақалпақстанның Өзбекстан тарапынан көріп отырған түрлі кемсітулер мен қысымдарды жариялау арқылы БҰҰ назарын өзіне аударуда.
«Алға, Қарақалпақстан!», «Оян, Қарақалпақстан!» саяси қозғалыстары түрлі бағытта тәуелсіздік жолында күрес жүргізіп жатқанымен, олардың арасында өзара ынтымақтастықтың болмауы жетістіктерге қол жеткізуге кедергі болуда. Солардың ішінде әлемге қарақалпақ оппозиционері ретінде танылған «Алға, Қарақалпақстан!» қозғалысының жетекшісі Аман Сағидуллаевтың да саяси портреті біржақты емес.
Қозғалыс жетекшісі Аман Сағидуллаев – 1994 жылдан бастап жеке кәсіпкерлікпен айналысқан саясаткер. Ол Қарақалпақстан астанасы Нүкіс қаласының маңындағы Қараөзек автобазасында 1998 жылы экономист болды. Қараөзек ауданында беделді Мұратбай Абировтің сеніміне ие болған ол түрлі басшылық қызметтер де атқарды. Абировтің демеуімен Сағидуллаев кейіннен Қараөзек ауданының халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы болып тағайындалды. Билігін «асыра пайдаланған» Сағидуллаев аудан ақшасын жымқырып, орталықтан саяжай сатып алып, қызметін аяқтаған соң жеке кәсібін одан әрі дамытты. Оған 2003 жылы «Туысқаны Күмісайды зорлады» деген айып тағылды, артынша ондай айыптардың қатары көбейді.
Өзбек билігі «Алға, Қарақалпақстан!» қозғалысының жетекшісін қамау үшін қылмыстық кодекстің 167-бабы бойынша «Есірткіні заңдастыру және сату» және 209-баптағы «Ресми түрде жалған мәлімет тарату» айыптарымен қуғындады. Саяси қуғынға ұшыраған Аман Сағидуллаев Қырғызстан арқылы шетелге қашып, өзіне тағылған айыптардың саяси астары бар екендігін мәлімдеп, саяси босқын мәртебесін алды.
Аман Сағидуллаев 2017 жылы ЕҚЫҰ-ның саммитінде өз ұсыныстарын білдірді. Қарақалпақстанның Өзбекстан құрамында болу мерзімі 2013 жылы аяқталғанын айтып, алдағы уақытта Қарақалпақстанды Қазақстан құрамына қосуды ұсынды. Тілі, діні, тамыры бір Қазақстанмен болу Қарақалпақстанды болашақта жарқын күндерге бастайтынын мәлімдеді. Сондай-ақ, БҰҰ назарын Қарақалпақстандағы Арал теңізінің апатқа ұшырауы жергілікті халықтың өміріне зиянын тигізіп жатқандығына да аударды. «Алға, Қарақалпақстан!» қозғалысы жетекшісінің ұсыныстары мен өтініштерін бүгінде БҰҰ қызу талқылауда. Дегенмен, сарапшылар Қарақалпақстанның болашақта қайтадан Қазақстанға қосылуы екіталай екенін айтады. Неге десеңіз, бұл жағдай Орталық Азияны үлкен жанжал ошағына айналдыруы мүмкін. Демек, бұл Нұр-Сұлтанға да, Ташкентке де керек емес. Ал, Нүкістің өз алдына азат ел атануы бөлек әңгіме. Оның үстіне қазіргі заң бойынша әрі Нүкіс пен Ташкенттің арасындағы бұрынғы келісім бойынша бұл мүмкін жағдай. Мәселе Ташкенттің Нүкіске бұған мұрша бермеуінде болса керек.
Рас, қарақалпақ халқының көпшілігі алдағы уақытта өзгенің етегіне тығылмай, тәуелсіз ел болуды аңсайды. Құрамдас ел болудан көңілі қалған Аралдың ар жағындағы ағайындар тек өздеріне, сосын батыстың демократиялық елдеріне ғана үміт артады. Ал, олардың үміті ақтала ма, жоқ па, ол алдағы уақыттың еншісіндегі шаруа.

ТОТАЛИТАРЛЫҚ ЕЗГІДЕГІ ҚАРАҚАЛПАҚСТАН

Өзбекстанға тиесілі қарақалпақ халқы өзбек билігінен бірнеше рет елеулі кемсітуге тап болды.
Иә, Өзбекстан Қарақалпақстанды жеке аумағы, конституциясы бар мемлекет ретінде мойындамай келеді. Оның үстіне Қарақалпақ халқы алдағы уақытта өзбектерге сіңісіп кетудің аз-ақ алдында тұр. Мысалы, Өзбекстанда 33 млн халық тұрса, соның 83%-ын (27,4 млн) өзбектер, тек 5,6%-ын ғана қарақалпақтар (1,8 млн) құрайды. Ал, жер көлемі біздің Қарағанды облысынан сәл-ақ көп Өзбекстанның 28% жері қарақалпақтарға тиесілі. Демек, Ташкентке қарақалпақтың халқынан бұрын жері керек. Содан Өзбекстан билігі қарақалпақтарды өзбек жеріне, сондай-ақ ТМД елдеріне (әсіресе Қазақстанға) жаппай қоныс аудару саясатын қолдауда. Осы арқылы Өзбекстан жаңа аумаққа ие болады. Жоспарды жүзеге асыру үшін Қарақалпақстанның қуыршақ үкіметінің қолдауымен қарақалпақтарды жаппай жұмыссыздыққа ұшыратып, жергілікті халықтың күн көріс қамымен жер-дүниені кезіп кетуіне «жағдай» жасауда.
Соңғы халық санағы Қарақалпақстанда ең көп қоныстанғандар – өзбектер (400 мың), екінші орында қарақалпақтар (390 мың), үшінші орында қазақтар (320 мың) екенін көрсетті. Яғни, қарақалпақтар өз жерінде азшылыққа айналған. Осылайша, өзбек билігі конституциялық заңға сәйкес Қарақалпақстанның Өзбекстаннан бөлінуіне кедергі жасайды. Себебі, Қарақалпақстанда өзбектер басым болғандықтан, жердің қарақалпақтарға ғана тиесілі екенін дәлелдеу мүмкін болмай қалады. Бірақ, Ислам Каримовтің тоталитарлық жүйесі бір нәрсені ескермеді. Қарақалпақ жерінде тек өзбектер мен қарақалпақтар ғана тұрмайды. Жоғарыда айтқанымыздай, бұл елдегі үшінші ұлт қарақалпақтармен тілі де, діні де, ділі де, тіпті салт-дәстүрі де ұқсас тамыры бір қазақтар бар. Бұған Қазақстанда тұратын 60 мың этникалық қарақалпақты, Нұр-Сұлтан, Алматы сияқты үлкен қалаларда нанын тауып жеп жүрген мыңдаған еңбек мигрантын қосыңыз. Яғни, күні ертең Нүкіс Қарақалпақстанның Өзбекстан құрамынан шығу туралы рефендум өткізетін болса, оның нәтижесі Ташкенттің қалауындай болмай шығады.
Дегенмен, Ташкент Нүкістің қалағанын істеуіне жол бермеді, бермей де келеді. Ислам Каримовтің тұсында қарақалпақтарды жан-жаққа қоныс аударуға мәжбүрлеуден бөлек, олардың демографиялық ахуалын бақылауға алу арқылы қатаң саясат жүргізді. Тиесілі жері, тарихы бар қарақалпақтарға өзбек билігі төрт бала дүниеге әкелуге тыйым салған. Мұндай тыйым жергілікті халықты ұлт ретінде жоғалтуға ықпал етеді. Тіпті, медициналық ота барысында да қарақалпақтарға тиісінше ем-дом жасамау да өлім-жітім деңгейінің артуына септігін тигізуде. Бұған апат ошағына айналған Аралдың экологиясын және қосыңыз!
Тағы бір өзекті мәселе – қарақалпақ тілі. Заңнамалық тұрғыда Қарақалпақстанда өзбек тілі мен қарақалпақ тілінің дәрежесі тең. Бірақ, іс жүзінде қарақалпақ тілінің дәрежесі өзбек тілінен кейінгі орында тұр. Бұл барлық мемлекеттік қызмет орындарында көрініс тапқан. Яғни, қарақалпақ тілі ресми тіл дәрежесіне ие болмаған. Тіпті, білім беру саласында оқулықтар да қарақалпақ тілінде емес, өзбек тілінде шығуда. Ана тілінің мәртебесінің жоқтығы қарақалпақтардың ұлттық рухын түсіріп, «өзбекпіз» деп айтуға дейін апаруда.
Қарақалпақстанда ұлттық кадр мәселесі де айтарлықтай мәз емес. Елдегі мемлекеттік қызмет орындарындағы қарақалпақ қызметкерлерінің үлесі 20-30%-ға жетпейді. Қарақалпақ жерінде мемлекеттік қызмет орындарында өзбектердің саны көш бастап тұр. Қазақ, қарақалпақ, қырғыз, түркімен мамандары Қарақалпақстанның үкімет басшылығында мүлдем жоқтың қасы. Осы арқылы Өзбекстанның аз ұлттарды кемсіту саясатын жүргізіп жатқандығын байқауға болады.

БҰҰ ДЕКЛАРАЦИЯСЫ ЖӘНЕ ҚАРАҚАЛПАҚСТАН ҚҰҚЫҚТАРЫ

Өзбекстан билігі мемлекеттегі өзбектер мен қарақалпақтардың құқықтары тең екендігін айтып, конституциялық заңдарын алға тартып, бұлтаруда. Халықаралық құқықтарды бұзған өзбектер қылмыстарын мойындамай, жалтару арқылы дау-дамайдың өркениетті түрде шешілуіне жол бермеуде.
БҰҰ Бас Ассамблеясының 1960 жылғы 14 желтоқсанда «Отаршыл мемлекеттердегі халықтарға тәуелсіздік беру» туралы декларациясы қабылданды. Декларация бойынша «Барлық халықтар өз мәртебесін сақтауға құқылы. Осы құқықтың арқасында олар өздерінің саяси бағытын тәуелсіз бағдарлап, халқының әлеуметтік, экономикалық және мәдени дамуын еркін қамтамасыз ете алады».
Тәуелсіздігін алмаған және автономия мәртебесіне ие бола алмай жүрген аз ұлттардың құқығын қорғау үшін БҰҰ 1966 жылы 16 желтоқсанда «Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы» заңды қарастырды. Аталмыш заңды азаматтық және саяси халықаралық қатынастарда толықтай жаңартып, 3 қаңтардан бастап күшіне енгізді.
Және де 1970 жылы 24 қазанда аз ұлттарға империалистік қысым жасауға қатаң тыйым салынып, саны аз халықтардың бостандық алып, өз құқықтарын халықаралық заң аясында қорғауларына жәрдемдесуге тікелей тапсырыс берді. Сөйтіп, тәуелсіз мемлекеттерді құрамындағы аз ұлттардың еркіндігіне, тәуелсіздігіне нұқсан келтіретін әрекеттерден аулақ болуға шақырды.
«Халықаралық құқық ұстанымдары» туралы декларацияның ережелеріне ерекше назар аударуымыз қажет. Себебі, онда барлық мемлекеттердегі азаматтардың ұлтына, нәсіліне, дініне қарап алаламай, тең құқық беру керек екендігі баса айтылған.
БҰҰ заңдарының негізінде алып қарайтын болсақ, Өзбекстан билігінің қарақалпақтарға жасап отырған 30 жылдағы саясаты халықаралық қатынастардың талабын орындамаушылық және саяси қылмыс болып саналады.
Қарақалпақтар өз тәуелсіздігін алу үшін әскери қимылдарға, яғни қан төгіске барғысы келмейді. Егемендік үшін күресті халықаралық қатынастар және Қарақалпақстан конституциясының шеңберінде жүргізгенді жөн көреді. Себебі, қандай да бір әскери әрекет жасайтын болса, Өзбекстан үкіметі сепаратизм, экстремизм сынды желеумен аяусыз қырғынға ұшыратуы мүмкін.
«Қарақалпақ қозғалысы» БҰҰ заңдарының және Өзбекстан конституциясының 74-бабына және Қарақалпақстан конституциясының 1-бабына сүйене отырып, күрес жүргізуде. Заңнамалық тұрғыда олардың тәуелсіз ел болуға толықтай құқықтары бар.
Егер заң туралы айта бастайтын болсақ, қарақалпақтардың барлық құқықтары қорғалған, құжат жүзінде бақытты, тәуелсіз елдей көрінеді. Бірақ, сол заңдардың ешқайсысы іс жүзінде күшіне енбеген. 1992 жылы мемлекетаралық келісімде Өзбекстанның Қарақалпақстанның ішкі саясатына араласпауы туралы «заңға» қол қойылған. Сөйтсе де, өзбек билігі азаттық идеясын қолдаушыларды қуғынға ұшыратып, билікке өзбек кадрларын ғана қоюда.
Қарақалпақ қозғалысының белсенділері Қарақалпақстанның әлемнің барлық елдерімен дипломатиялық қатынас орнатып, батыс елдерінің даму жолына түскенін, тәуелсіз һәм зайырлы мемлекет болғанын қалайды. Егер әлемдегі демократиялық күштер тәуелсіздік алып беретін болса, Қарақалпақстанда парламенттік-демократиялық басқару жүйесін орнататындарына уәде беруде. Қарақалпақстан саясаткерлері посткеңестік мемлекеттердің ішіндегі Грузияның демократиялық жетістіктерінен үлгі алатындықтарына сендіруде.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Саяси сарапшылардың пікірінше, алдағы уақытта Қарақалпақстанның Өзбекстаннан бөлініп, тәуелсіз ел болуы заңды құбылыс. Себебі, халықаралық заңнамалық тұрғыда қарақалпақтар дербес ел болуға толықтай құқылы болып саналады. Дегенмен, Нүкіске азаттық бермеуге Ташкент барын салады.

Фараби СӘЙКЕНОВ,
«Qazaq»-тың шолушысы