НАҒИМА ЕСҚАЛИЕВА: «ӨНЕР ИЕСІН ӨСІРЕТІН ДЕ, ӨШІРЕТІН ДЕ ХАЛЫҚ ЕКЕНІН ҚАЗІРГІ ЖАС ӘНШІЛЕР ТҮСІНЕ БЕРМЕЙДІ»

0
477

Эстрада әншілерінің кәсіби деңгейін саралайтын байқаулардан («С песней по жизни», Ленинград, 1979; «Золотой Орфей», Болгария, 1984; «Золотая осень», Ташкент, 1985, т.б.) сүрінбей өткен, бүкілодақтық «Песня года» кештеріне тұрақты қатысқан, сол уақытта көп әншілердің түсіне де кіре бермейтін шетелге (Чехословакия, Моңғолия, Алжир, Куба, Германия, Дания) гастрольдік сапармен шыққан, кинода да («Родные степи», 1981; «Искупи свою вину», 1983; «Сладкий сок внутри травы», 1984) бағын сынап көрген Нағима Есқалиеваның есімі жиырмасыншы ғасырдың жетпісінші жылдарының соңында Кеңес Одағына кеңінен танылды. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін де киелі сахнадан алыстаған жоқ. Музыка өнерпаздары арасында «Қазақстанның Халық әртісі» атағы (1999) берілген ең соңғы әнші болды. Ешкімге ұқсамайтын тағдыры, боямасыз болмысы бар 65 жастағы әншінің «Сахна сыртындағы сырын» оқырман назарына ұсынып отырмыз.

«ТӘРТІБІМ ДЕ, САБАҚ ҮЛГЕРІМІМ ДЕ ӨТЕ НАШАР БОЛДЫ»

– Нағима ханым, балалық шаққа саяхат жасайықшы. Бала Нағима қандай болып еді?
– Мен өте тынымсыз бала болдым. Ата-анамды апта сайын менің жаман тәртібім үшін мектепке шақыратын. Сабақ үлгерімім нашар болғанымен қоймай, тәртібім де адам төзгісіз болғанын мойындаймын. Тек қана ұл балалармен тіл табыса алатынмын, төбелесіп, ағаштарға өрмелейтінбіз, аяғым жарақаттардан көрінбейтін. Бойымның ерекше ұзындығынан мектепте көбіне шеттетіліп қалатынмын, құрдастарым «жираф» деп келеке ететін, мен ұнатқан жігіттердің бірі де маған көзінің қиығын да салмайтын. Кейін мені ел тани бастағанда, олар да маған өз көңілдерін білдіре бастады. Бірақ, мен үшін енді олардың маңызы жоқ болды.
– Сіз де біздің көп атақты әншілеріміз сияқты эстрададағы алғашқы қадамыңызды мейрамханаларда ән айтудан бастадыңыз ба?
– Мейрамхана кез келген әртіс үшін ұлы мектеп қой. Мейрамханаларда ән салып жүрген шақтарым ешқашан есімнен шыққан емес. Мен әртүрлі кафелерде, «Алма-Ата» мейрамханасында, «Турист» қонақ үйінің сахнасында өнер көрсетіп жүрдім. Ал қазіргі таңда Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында студенттерге вокалдан сабақ беріп жүргеніме 20 жылдың жүзі болып қалды. Сонда да, менің ойымша әртіс үшін мейрамханадан асатын мектеп жоқ. Неге десеңіз, әртіс мейрамханаға кешке келеді де, таңға дейін ән салады. Оның үстіне өзі қалаған әнді емес, келген қонақтардың қалаған әнін орындайды. Бұл дауысқа таптырмас жаттығу болып табылады. Өнердегі жолын енді ғана бастап келе жатқан әншілерге де мейрамханада ән салуға кеңес берер едім. Әлемдік дәрежедегі жұлдыздардың да кейбірі осы мейрамханаларда ән салып жүріп көтерілді емес пе?!
– Өнер адамы болу бала кезден бергі арманыңыз ба?
– Мен мектепте оқып жүрген жылдары әнші болуды емес, кино жұлдызы болуды көп армандайтынмын. Оның ішінде комедия жанры қатты ұнайтын. Хорда ән салдым, бірнеше үйірмелерге де қатысып жүрдім. Кейін Республикалық эстрада және цирк өнері студиясына оқуға түстім. Білесіз бе, мені бірінші курстан соң бұл мамандыққа сай келмейді деген себеппен оқудан шығару қаупі төнді. Өнер жолына түсу үшін көп тер төгуге тура келді. Сонымен, мен Мәскеуде Бүкілресейлік мемлекеттік кинематография институтында білім алуға шешім қабылдадым. Бірақ, отбасымыздағы қаржылық жағдайға байланысты, бұл ойымнан бас тартудан басқа амалым болмады. Отбасымызда менен басқа үш қыз және бір ұл болды. «Бұйырған кетпейді» демекші, эстрада-цирк студиясында бір кереметтің арқасында қалдым, білімімді қуыршақтар бөлімінде жалғастырып жүрдім де, ұстазым Лаки Кесоглының арқасында қайтадан вокал бөліміне ауыстым ғой. Осыдан кейін білімімді П.И.Чайковский атындағы Алматы музыкалық училищесінде жалғастырдым. «Гүлдер» ансамбліне де бір дегеннен ала қоймады. Оның себебі де сол ұзын бойым болды. 178 сантиметр бойым олардың талабына сай келмейді екен. 1978 жылы, арада сегіз жыл уақыт өткен соң ғана мені «Гүлдерге» қайтадан шақырды.

«МӘСКЕУГЕ АЙЫНА 34 РЕТ КОНЦЕРТКЕ БАРҒАН КЕЗДЕРІМНІҢ БОЛҒАНЫ РАС»

– Сіз сонымен бірге бірнеше фильмдерге түсіп те үлгердіңіз ғой. Қай кейіпкеріңіз ерекше есіңізде қалды?
– Әрине, «Родные степи» фильмі. Бұл 1981 жылы қолға алынған жоба болатын. Сол уақыттарда әншілердің арасында киноға түсу белең алып, сәнге айналып кеткені бар емес пе?! Атап айтсам, Алла Пугачева, Роза Рымбаева, София Ротару, тағы да басқа әнші қыздар кино саласында бой көрсетіп жүрді және бұл мүмкіндік маған да бұйырды. Мен ол кезде 27 жаста болатынмын, алайда 45 жастағы ананың рөлін сомдадым. Келінімнің рөлін Венера Нығматуллина ойнап шықты. Венера ол кезде 19 жаста екен. Қазір сол фильмді қайталап көріп отырып, өзіме тәнті боламын. Қазақтың Анна Маньяниі (итальяндық атақты актриса, – ред.) боламын деп ойлаушы едім өзімді. Осы күндері де маған жақсы бір рөлді сомдауға ұсыныс түсіп жатса, мен қуана-қуана қабылдаймын.
– Кеңес Одағы кезіндегі әртістердің ішінде тағы кіммен достасып кеттіңіз?
– Кеңес Одағы кезінде мен Людмила Рюминамен жақсы қарым-қатынаста болдым. Тағы Лариса Долинамен, Ирина Отиевамен, Валентина Толкуновамен, Иосиф Кобзонмен де өте жақсы дос болдық. Негізі сол уақыттарды еске алсам жүрегіме жылу ұялайды. Сенесіз бе, мен ол кезде Мәскеуге айына 34 рет ұшып барған кездерім де болған. Кремль сарайында, «Россия», «Олимпийский», «Лужники» концерт залдарының сахналарында жанды дауыста өнер көрсетіп жүрдім.

«ҚАЗІР АҚШАНЫҢ КҮШІМЕН САХНАДА ЖҮРГЕН ДАРЫНСЫЗ «ӘНШІЛЕР» КӨП»

– Бүгінгі жастардың өнерде жетістікке жету мүмкіндіктері Сіздердің жастық шақтарыңызбен салыстырғанда аз ба?
– Аз! Өте аз. Егер қазір сенің қаржылық жағдайың төмен болса, сен сол тасада қалып кете бересің. Қазір ақшаң болса ғана, алға жылжуға мүмкіндігің бар. Қаржың болса әніңді жаздырасың, оған бейнебаян түсіресің, оны неше түрлі музыкалық арналарға, радиоларға бересің, сонымен сен жұлдызсың! Оның арасында қаншама талантсыз, тек ақшаның күшімен ғана жүргендер шаш етектен.
– Сізді өнер адамы ретінде халық жақсы көреді, құрметтейді. Ал ұстаздық ету Сізге не үйрете алды?
– Академияға барып, студенттермен бірге жұмыс жасау – менің өмірімдегі ең батыл қадамдардың бірі болды. Ұстазым Лаки Кесоглы: «Сенің өз білгеніңді үйрететін шәкірттерің болуы керек» деп айтқан еді.
– Ең соңғы сұрақ. Шыныңызды айтыңызшы, танымалдылыққа деген көзқарасыңыз қалай? Тілшілер мен жанкүйерлерден шаршайтын уақыттар бола ма?
– Батыспен, Ресеймен салыстырғанда біздің жанкүйерлер өте сабырлы ғой (күлді). Мейрамханаларға, театрларға, саябақтарға ешқандай уайымсыз бара беруге болады. Керісінше, сені танып, қолтаңба алып, суретке түсіп жатса керемет емес пе? Жас әртістеріміз бар ғой біздің жұлдыз ауруына шалдыққан, сұхбаттарында жан-күйерлер мен тілшілерден шаршағанын айтып отыратын, соларға қарасам күлкім келеді. Әртісті өсіретін де, өшіретін де халық екенін естен шығармау керек. Халықтың сүйіспеншілігі – кез келген әртістің ең үлкен жеңісі.
– Сахна сыртындағы сырыңызға алғыс айтамыз!

Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ, «Qazaq»-тың шолушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here