ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ФАТИМАНЫҢ АМЕРИКАЛЫҚ БАРБИДЕН АРТЫҚШЫЛЫҒЫ НЕДЕ?

0
758

Осыдан 60 жыл бұрын, яғни 1959 жылы атақты Барби қуыршағы әлемнің бүлдіршін қыздарына алғаш рет жол тартты. Бұл қуыршаққа қыздарының есімін берген ерлі-зайыпты Рут және Эллиот Хэндлер кәсібінің тасы бірден өрге домалады. Содан америкалық кәсіпкерлер Барбидің «жігіті» Кенді 1961 жылы, «құрбысы» Миджді 1963 жылы, ал «сіңілісі» Скипперді 1964 жылы сатылымға шығарды. Сөйтіп, өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының өзінде бұл қуыршақтар әлемдік нарықты жаулады. Арада қаншама уақыт өткенімен, америкалық қуыршақтар әлі де «аттан» түскен жоқ. Оларға сұраныс жоғары саналады.

Бүгінде атақты Барбидің 40-тан астам «туысқаны» бар. Тіпті, 2017 жылы хиджап киген Барби мұсылман елдерінде тарала бастады. Сол америкалық «мұсылман» Барбидің қазақстандық «құрбысы» бар. Ал, оны ойлап тапқан өнертапқыш-кәсіпкер Бағдат Тоқтарбеков.

Бүгінде бұл кәсібінен нәсібін тауып, өзінің дара жолымен, шығаратын өнімінің алуандығымен ерекшеленетін Бағдат Тоқтарбеков «Кәсіп пен нәсіптің» кезекті кейіпкері. Құран сүрелерін «айтатын», Алланың 99 көркем есімін «жатқа білетін» Фатима қуыршақтарының нарыққа қалай шыққанын кәсіпкердің өзінен сұрадық.

Жоғарыда Барбиден басталған америкалық қуыршақтардың әлемдік нарықты жаулап алғандарына ондаған жылдардың жүзі болғанына тоқталдық. Міне, атақты Барбиді шығаратын АҚШ бүгінде қуыршақ экспорттайтын елдердің көшін бастайды. Өткен жылы америкалықтар сыртқа 70,2 млн доллар көлемінде өзінің қуыршақтарын сатса, АҚШ-тан кейінгі орындарға Барбадос (34,8 млн доллар), Қытай (26,3 млн доллар), Ұлыбритания (26,0 млн доллар) және Португалия (23,3 млн доллар) жайғасты.

Рас, елдегі ойыншықтардың 90%-дан астамы әлемнің 30 елінен әкелінсе, соның ішінде қытай ойыншықтарының үлес салмағы басым. Ал, қызылды-жасылды түрлі ойыншықтардан көзіміз тұнғанымен, ұлттық нақыштағы әрі тағылымдық тәрбие беретін ойыншықтар ілуде біреу ғана кездеседі.

Ойыншықтардың арасынан қуыршақтар өтімді келеді. Оның үстіне Қытайдың қуыршақтары америкалық қуыршақтарға қарағанда әлдеқайда арзан. Дегенмен, «арзанның жілігі татымайтыны» белгілі. Өйткені, кішкентай бүлдіршіндердің ойнайтын ойыншықтарының саны көп болғанымен, олардың сапасы сын көтермейді. Ал, дүкен сөрелерін жаулап алған арзанқол дүниелерге қызыққан ата-ана оның сапасына да мән беріп жатқан жоқ. Сырт көзге әдемі көрінгенімен, қуыршақтардың сырт келбетіне, әсемдігіне емес, сапасына, оның таным мен тәрбие құралы екеніне мән бергеніміз жөн.

Бұл мәселе «Кәсіп пен нәсіптің» бүгінгі кейіпкері Бағдат  Тоқтарбековті де  қатты  толғандырды. Содан сенім мен жігер жас кәсіпкерді алға жетелеп, қиялына қанат бітірді. Елдің сұранысын назарға алған кәсіпкер жан-жақты көзқарасы-мен, тың ойымен, мақсатының айқындығымен бұл кәсіпте өзінің қолтаңбасын қалдыратынына сенді.

«Біздің елде отандық қуыршақтар өте аз, ал оларға сұраныс тым жоғары. Ал, Қытай қуыршақтарының сапасы ойландырады. Осының бәрін ой елегінен өткізіп, пайдалы әрі зиянсыз қуыршақтар жасап шығару керектігін түсіндім. Сөйтіп, бұл кәсіпті қолға алдым», – деп бастады әңгімесін Бағдат Тоқтарбеков.

Нағыз кәсіпкерге тән батыл бастама!

Иә, жетістікке қол жеткізу үшін алдымен ізденіс керек. Толассыз ізденіс! Сол ізденістің нәтижесі өнімді еңбекке ұласса ғана, алынбайтын асу, бағынбайтын қамал болмайды.

Бағдат Тоқтарбековтің мамандығы – инженер-механик. Алматы облысының Райымбек ауданында дүниеге келген болашақ өнертапқыш 8-сыныптан бастап Алматы қаласындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта білім алып, кейіннен Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің мұнай-газ саласына оқуға түседі.

«Мұнай-газ саласында жұмыс істеу үшін  елі-міздің батыс өңірлеріне бару керек. Ал, менде ондай мүмкіндік болмады. Сондықтан, мамандық бойынша жұмыс істемей, түрлі салада бағымды сынап көрдім, түрлі компанияда қызмет еттім», – дейді кейіпкеріміз.

Өзіне сын көзбен қарап, кез келген саланың қиындығы мен қызығын қатар көрген адам ғана дара жолын табары анық. Кейіпкеріміз негізгі мамандығы бойынша жұмыс істемейтініне еш өкінбейді. Себебі, ол елімізде бұрын болмаған жаңа дүние ойлап тапты. Өнертабыс – «Фатима» деп аталады. Бұл үйретуші қуыршақтың пайдасы өте көп.

Кәсіпкердің айтуынша, қуыршақ өндірісін қолға алғанына екі жылдың көлемі болыпты. Десе де, сұраныс мол. Тәуелсіздік алғаннан кейін көпшіліктің дінге көзқарасы өте жақсы. Соның әсерінен осындай ерекше қуыршақ шығарып, кішкентай балаларымызды дұрыс бағытта тәр-биелеуіміз керектігін айтады.

Кейіпкеріміз сатылымға шығарған Фатима қуыршағы  «Раббың кім?», «Дінің қайсы?», «Кітабың қандай?» сынды діни сұрақтарға жауап беріп, Алланың 99 көркем есімдерін жадта сақтауға ықпал етеді. Бір сөзбен айтқанда, балаларға тілашар құрал болып саналады.

Енді ғана айналасындағы әлемді танып келе жатқан  баланың  танымына жолдас  болып,  сенімді   серігіне   айналатын  Фатима  қуыршағы  әр балада болса артық болмас. Бұл ой қуыршақтарды ұстап көріп, оның сапасына, пайдасына көз жеткізгеннен кейін туындады. Сондай-ақ, қуыршақ намазда оқылатын негізгі сүрелерді үйретеді және Аллаға мадақ сөздердің мағынасын түсіндіреді.

Кейіпкеріміз қуыршақтың есімін Фатима қоюының да астары бар екенін айтты. Бастапқыда есім таңдауда бірнеше нұсқалар болғандығын жасырмай айтып, осы Фатима есімі қазақ танымына жақын екенін, Бәтима есімді әжелеріміз бар екенін алға тартты. Шындығында да, Фатима – құлаққа жағымды, көңілге қонымды есім.

Бағдат Тоқтарбеков қуыршақты шығармай тұрып, оның қандай сөздер айтатынын мамандармен ақылдасыпты. Алматы қалалық Дін істері жөніндегі басқармасы кәсіпкердің ниетін құптап, «шариғатқа қарама-қайшылық жоқ» деген сертификат берген.

«Мақсатым – балалардың діни сауатын ашу. Ол мақсатымды кішкентай балалар қызығып ойнайтын қуыршақтар арқылы жүзеге асырмақпын. Әдетте, бүлдіршіндер телефонмен ойнап жүріп, түрлі әндерді жаттап алады. Сол секілді қуыршақпен ойнап жүріп, иман шарттарын да жаттап алса деген ниет болды. Діни басқармамен ақылдастым. Бәрін зерттеп, саралап, діни басқарманың пәтуасын алып, 2017 жылы жасап шығардық. ҚМДБ пәтуасын берген соң қуыршақтың денесін жасау үшін Ресейдегі зауытпен келісімге отырдық. Мәтінді оқу үшін кішкентай қыз баланың дауысы керек болды. Қала маңындағы жазғы лагерьде 9-10 жасар 30 шақты қыз бар екен. Сол жерде шағын байқау жасап, Фатиманың дауысын салатын қызды таңдап алдық. Оны үйрету үшін Нұр-Мүбарак мешітінен екі қари қызды жалдадық. Сүрелер мен сөздер араб тілінде болғандықтан, қари қыздар дұрыс дыбысталуын қадағалады. Дайындық жұмыстары ұзақ уақыт жүргізілгенімен, мәтінді жазбаға түсіру бір-ақ күнде аяқталды», – деп түсіндірді Бағдат Тоқтарбеков.

Жас та болса кәсіпкерлікте бір белесті бағындырып үлгерген кейіпкеріміздің жетістікке жету жолындағы құпияларын да сұрадық.

Кәсіпкердің айтуынша, табандылық пен алға ұмтылыс болашаққа сенімді қадам басуға жетелейді. Бизнес саласында көп жыл жүрмесе де, ол осынау аз ғана аралықта кәсіпкерлікке қатысты кітаптарды, іскерлік әдебиетті, мотивациялық еңбектерді көп оқыпты. Оқығанының бәрін санасына тоқи білген Бағдат Тоқтарбеков соның нәтижесінде өзі армандаған өнімді жарыққа шыға-рып, халыққа ұсынып отыр.

Оның өмірлік ұстанымы – алға ұмтылу, бір орында тоқтап қалмау. «Тіпті, тоқсан жасқа келсең де, өзіңді жетілдір, ізден, үйрен!» – дейді ол. Осындай серпіннен соң, сенімнен соң келешекке қадамды нық басуға болады, өмірдің жарқын сәттерін сезінуге болады. Бағдат Тоқтарбеков айналасындағылардан  білгенін  аямайтын, үйренген дүниесін өзгелермен бөлісе білетін кеңпейіл кәсіпкер екендігі бізді таң қалдырды.

Айтпақшы, Фатима қуыршағының араб тілінде онға дейін санайтын тағы бір нұсқасы бар екен. Алайда, сұраныс аз болғандықтан олар көп шығарылмапты.

Зор ізденіс пен табандылықтың нәтижесінде жарық көрген қуыршақтардың құнын сұрауға да жүрексіндік. Өйткені, түрлі кедергілерге, соның ішінде елде шикізаттың тапшылығына байланысты отандық өнімдердің қымбатқа сатылатынын жақсы білеміз.

Айтса айтқандай-ақ екен, қуыршақ ресейлік материалдардан жасалып, үстіндегі киімдері отандық матадан тігіледі. Бағасы матасына қарай бағаланады. Мәселен, түрлі-түсті тастармен көм-керіліп, сәнді «киінген» қуыршақтың бағасы – 13 800 теңге. Бұл қуыршақтар көбіне сыйлық түрінде сатылады. Ұзындығы – 43 см. Ал, киімі тастарсыз, қарапайым болса, ондай қуыршақтың бағасы 7 800 теңгеден басталады. Қазіргі заманда балаларға арналған сапалы әрі залалсыз ойыншықтар табу қиынның қиыны екенін ескерсек, мұндай бағаға «ақылды» қуыршақ сатып алу табылған ақыл болады.

«Киімінде айырмашылық болғанымен, олар-дың айтатын, үйрететін дүниесі бір. Қымбат болса да, Ресейде өндіруді жөн көрдік. Ресейдегі зауыт тек қуыршақтың денесін жасап береді. «Сөйлеуін», киім үлгісі мен қапталуын, тұтынушыларға жеткізілуін өзіміз қамтамасыз етеміз», – деп түсіндірді кәсіпкер.

Қуыршақтарды көбінесе намазхан азаматтар сатып алатыны сөзсіз. Алайда, кәсіпкердің айтуынша, кейбіреулер «өзім намаз оқымасам да, балам білсін» деген оймен тапсырыс береді екен.

«Үйіңізде қасиетті Құран аяттары айтылып тұрса, Сіздің отбасыңыздан шайтан іргесін аулақ салады», – дейді Бағдат Тоқтарбеков.

«Ердің ісі – тәуекел» деген ұстанымды темірқазық еткен кейіпкеріміздің алдағы жоспарлары да өзгелерге ұқсамайды. Оның жастық жалыны, отансүйгіштігі, еліне деген махаббаты әр ісінен, әр сөзінен анық байқалады. Кәсіпкердің ендігі жоспары – ұл балаларға арнап батыр іспетті қуыршақ жасап шығару.

Иә, рухани жаңғырудың жаңа кезеңі осындай болуы тиіс. Өз елінің батырларын танып өскен өркен ғана Отанын қорғайтын азамат болып өседі емес пе?!

«Өзімнің екі ұлым бар. Қызым жоқ. Қазақта «қуыршақпен  тек  қыздар ойнайды, ер балалар көлік ойыншықтарымен ғана ойнайды»  деген   стереотип қалыптасқан. Қандай ойыншық болса да, бірінші кезекте оның балаға қандай пайдасы бар, қандай тәрбиелік мәні бар, соған назар аударуымыз керек», – дейді кәсіпкер.

Кейіпкеріміздің бұл тың бастамасына да сәттілік тіледік. Алдағы уақытта сол өнім нарыққа шықса, газет оқырмандарына алғаш болып сүйіншілейтінімізді де жеткіздік.

Бағдат Тоқтарбеков кәсіпкерлік құпиясын, сырын айтып қана қоймай, кәсіптің принципімен де бөлісті: «Егер өз-өзін өзгерте алса, кез келген адам кәсіпкер бола алады. Қазақта «ұят» деген шымылдық бар. Сол шымылдықтан шығуға ұялады. «Қазақтар саудаға жоқ» деген сөзді мақтан көретіндер де бар. Егер кәсіпкер болғың келсе, алдыңа мақсат қой да, мақсатқа шымылдықтың артынан сығалап қарап отырма. Талпынып алдыға қарай жүре бер. Кәсіптің негізгі принципі – сату. Сен бір компанияда жұмыс істейтініңді, не өндіретініңді немесе қандай қызмет көрсететініңді айтқанның өзінде сатумен айналысып отырсың деген сөз».

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Кейіпкерімізбен пікір алмасу барысында оның іскерлік әдебиетті көп оқығаны, әлемдік деңгейдегі өнертапқыштардың өмірін зерттегені, сонымен қатар, еліміздің өркендеуіне өз тарапынан нендей үлес қоса алатыны жайлы толғанатыны анық байқалып тұрды.

Әлемде мұсылман елдері көп. Олардың барлығында мұндай қуыршақ жасайтын мүмкіндік жоқ. Мысырда, Ресейде өндірілетін қуыршақтар туралы естуіміз бар. Дегенмен, олардың бағыттары мен функциялары басқа. Ал, Фатима – Қазақстанда аналогы жоқ жоба. Мұндай әдемі ойыншықтарды әлемнің ешбір елінен таба алмайсыз.

Әрине, тәрбиенің тал бесіктен екенін ескеріп, қоғамымызға жаңа бір серпіліс жасаған кәсіпкердің бұл бастамасын қолдамасқа болмайды.

ӘЛИЯ ІҢКӘРБЕК, «QAZAQ»-ТЫҢ ШОЛУШЫСЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here