ТАУСОҒАР (БОЯМАСЫЗ БОЛМЫС)

0
303

«Ұйқымен өлі тең» дегендей, Тазшаның жұрттан өзгеше қасиеті түсіндегі көргеннің көбі түрлі-түсті, бояуы қанық болып келеді. Оқиға қолға ұстатқандай анық-тын. Күн құрғатпай бастан өтетін құбылыс, айлар айналып, жылдарға ұзайтын кезеңнен басталатын көкіректе естен шықпас жылымық із бар. Адам нанбас өтірік те кейде шындыққа айналып жүретінін қайтерсің. Өйткені, жоғарғы қауым дейсің бе, орташа, әлсіздер тобы дейсің бе, атқарылатын істер бастан асады. Жақсы айтса қосылады, жаман айтса шошынады. Жүйелі сөз естісе ұғынып құлағын тосады. Өрескелге бетін басып өкінеді, сөз тыңдайтынның да қисық ісін сезінсе жан-дәрменімен жекіреді.

Жақсылыққа ыңғайы жоқтар қиянатқа төселіп алған. Оспақтаса шабына шоқ түскендей көгеріп, сазарып, кәдімгідей мінез көрсететіндер жетіп жатыр. Өтірікші кісі уәдешіл келеді, кейбіреу «өтірік шындықтың дәмін келтіретін тұздығы» деп біледі. «Орынтақтың мәні, маңызы пәлендей зияны жоқ» деп күледі. «Оңбайтын кісі өсекке ереді» десе бабалар, өсекті де кейбіреу ерекше бағалар. Өйткені, түрлі жаламен алдында тұрған бастығын даттап мұрттай ұшырса, өзі жылы орынды таба алар. «Шатырына» пара беріп жағалар. Сосын суық көзбен қарап, орынтақта олжаға сұғыну бар. «Өзімнен ешкім аспасын» деп ұғыну бар. Алғыр ойлыға төтеннен тиісу бар, жүрексіз қорқақтармен ұғысу бар. Мұның бәрі ақылдан адасқандық нағыз азап. Тазшаның түсінде де, өңінде де ой-тұспалы кейбіреуден әлденендей секеммен тынады. Сенім шөлмекше сынады. Талай-талай елді шарлап, ұшы-қиырсыз жерді көріп, тау-тасты, өзен-көлді, сарғайып жатқан белді көріп, ұшқан құс, жүгірген аңы жоқ қу медиеннің тозған күйінен түңіліп, алтынға бергісіз байлықтың аяқасты жатқанына жаны тебіренген. Ойлап көрсе, құлықсыздың пікіріне бойлап көрсе, одан не пайда?!

Ашықтан ашық бүлдіру, ашықтан ашық тонау, опырып алатын олжа болса сатып жіберуге әбден жетіліп алған. Байтақ жерімізден бөліп меншіктеп, игілігіне қаратқан он мыңдай бай бар десе-ді. Оларға «жерді қорлама, аузыңды аймандай  етер» деген сөз өтпейді. Халық игілігіне жаратпаса да, шетінен сатып олжалап ептейді. Осының бәрін Тазшаның ми компьютрі қайталамай тұрмайды. Табиғаттағы жан-жануардың, тіпті жеті жұрттың тілін білетін, тірліктегі байлық қоқыстың шегіне  жете алмай жүретін, өлерін білмейтін кеспірсіз пендені көре-көре шаршаса, басқа әлемге ұшып кеткендей қорланып қиялданады. Қаптаған қара бұлтты қақ жарып өтсе де, күнге қолы жеткендей шалқып кетсе де, топ етіп қонатын тауы бар. Солығын басып суайтты іздегендей болады сонда. Осы далада сұқ семірді, ұры байыды, суайт мұратына жетті, енді ешбірі қылмыстық ізін таптырмайды. Заманның зары желмен естіледі.

Тазша баяғыда Мұғалжар, одан әрі Орал тауынан бастау алатын ондаған өзендердің сай-салалары байлығын жайнатып, балығын ойнатып, саулы інгендей иіп тұратынын армандап әнтек еске алады. Бүгінде Ойыл, Қиыл өзендері Атырау өңірінің біраз елді мекендерін кесіп өтіп Жайыққа құятыны сып-сипански болған. «Теңізге құймас сел болмас» десе бабаларымыз, сол сел тоқтады. Су тасымай, тандыры кеуіп қалғасын айдыны жарқырап жататын «Жақсыкөл» аталатын көл қаңсып қалған. Құнарлы шөбі құрып, аңызақ қуған ондаған көлдердің арнасы да жоқ. «Қараойдың қалды қамшым қабағында» деп  «Қалдығайты» өзенінен атын жүздіріп өтетін әнші Мұқит заманындағы табиғат азып, тозған. Қызыл империя тұсында түрлі соғыс қаруларының сынақ алаңы болған Байғанин өңіріндегі өзен-көлдерінің де суы тартылып күйі тайған. Тау баурайындағы бетегелі даланы, ақ көбігі бұрқырап жатқан арынды өзенді әркім түсінде тауып, өңінде жоғалтып алады. Аспан биігіне қанатын дамылсыз қағып шырылдап тұратын қараторғайды, не түрлі аң-құсты көзіме ұшыратамын ба, жоқ па? Сумаңдаған суық желдің түрі тауын шағып, тауанын қайтарып, «арманыңды ұмыт!» деп әмір еткендей жанына тиянақ таптырмайды.

Әртүрлі сойқандық табиғат байлығын жалмады. Оны көретін дерегі бардың құлағы тас-керең, «ұрпағымды ойлайын» деп сілкінбейді. Тазшаның бұрын-соңды көрмеген, көрсе де онша елемеген тосын құбылысы еді бұл. Ой тұжырымы бойынша тұзы жеңіл, бірақ адал ниетті қазақтар осы өңірден бақытты күндерін өткізіп, рахатын көріп еді. Тасқа жазылған тарихи таңба соны айтады. Езгіден жапа шегіп тентірегенді теңеген, зәбірден қажып титықтағанды оңалтқан киелі өңір еді.

Таудың емдік шөбіне дейін тіл бітіп, андыз анталап, тақыр жусан тақылдап, ақыр аяғында тұспалсыз пікірін даралап: «Жаны ашитын Тау құдайын таппай қалдық, пісіп дән тастай алмай көктей жұлындық, бір алапатқа ұрындық, тоңмойын өзімшілдік құртты. Адам қандай қатыгез, қолдан жасап жатыр жұтты» деп, өсімдік біткені қосылып мұңын шағатындай сезіледі. Сол сәтте бармаған жері, баспаған тауы жоқ Тазша тау толғатып жалмауыз айдаһар туғандай күлкілі ойға берілді де:

– Тау тоналып, табиғат күйзеліп, қайғы тұтып жатыр ма? – демей ме?!

Сол үнді естігендей болды ма, құс қанатты Әулие жүдеу жүзін байқатып, басын шайқап тұрып:

– Қазақ аспанында бұлт қысырап, космосқа ұшқан жер серігі, зымырандардың қоқыс қалдығына бұлт ілініп пышарап, өзен-көлдердің суы тартылып, біраз жердің тандыры кепкелі қашан. Қазақ жеріне зұлымдық құпиялы түрде мылтықсыз майданның басталуы, жойқын қаруларды сынақ алаңына айналдыру дейсің бе, тарпа салып тың игеру дейсің бе, әбден титықтатып ыңғыршағын обырдай опырып тастады. Өзен-көлдердің жағасына дейін жыртқасын аспаннан тамшы тама ма? Су тартылды, біраз құнарлы жер шаңдатып құйынға айналды. Ойдан, қырдан қуылған кекірт, аусарлар билеп ақылдан адастырды. Сол өткен ғасырдан табиғатты  бүлдіру  басталды  да, әлі саябыр тапқан  күні жоқ. Адамды  ажалынан бұрын өлтіретін  экологиялық зардабын бүгінгі ауру-сырқау, мүгедек ұрпақ көріп отыр. Кеңес саясатының дүлей күшімен ырым-жырымы шыққан өңірлердің қатарында Ақтөбе де аталады. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында Орал облысының бірінші хатшысы Ықсанов: «Қала құрылысының кенжелеп, мандымай қалуы өңірде құрылыстың ірге тасына қажетті қиыршық тас жоқ, оны Ақтөбеден тасимыз», – дегені бар-ды. Демек, өткен ғасырдан бастап тау бұзылады, сілемдері, төбе-төбе ойрандалады. Тауға төнген қалың қатер «Хрущев Көкшетауға келеді» дегенді естіген бойда оның жүретін жолдарына күн, түн қатып асфальт жол салуға Бурабайдың сілемдерін қирату басталысымен «Көкшетау правдасы» газетінің қаламгерлері үсті-үстіне дабыл көтеріп, үлкен қимыл көрсетіп, таудың жаппай бүлінуінен аман сақтап еді. Бүгінде «тауды сатамын» деген хабарды естіп, «мұны анау-мынау емес, шет елдің қалталылары сатып алса, бұдан артық зұлымдық болмас» деп жағаңды ұстайсың. Билік қаржы, параны көрсе қалғып қалады. Әйтпесе, «тауды, жерді сатамын» деп дабыра етпес еді. Байлығы бар аймақты торуылдап жүріп құртудың, жоюдың түрлі амалын тапқыштар Алатаудың сілемін де тінткілеп, қазақтардың бүркіт құсын тәрбиелейтін аймағына да қопарғыш тракторлар барып қалса, шыбын жаның тырнақ ұшына ілінгендей болар. Тауға төнген қатер жеткілікті.

Басына төмендеген бұлт ілінетін, бейне қонақтап тұрғандай сезілетін Мұғалжар тауының жағдайы да мүшкіл-ау. Тыр жалаңаштанып тоналып қалғандай ма? Тәңіратқыр табиғатқа өшпенділік тұс-тұстан гулеп тұр. Сеңгір таулар сілемі күңіренеді. Көрдің бе, оңбағандық қалай белең алады? Құлақ естіп, көз көргенде шошынасың. 

– Тазша естіп тұрған жоқсыз ба, айнала аймақта күрсініп, күңіренген зарлы үнді. Тау құдайы қолын төбесіне қойып безіп кетті, – деп Әулие үні құйын желге қосылып сарнайды екен.

Тазша ұйқылы, ояу күйде ойын  жалғады.  «Тауды да, оның сілемдерін де бұзып, қиыршық тасын алғым келіп тұрған жоқ» деп ұсқынсыз біреулер жорта көлгірсиді. Қаржысын салған болып, жүз жылдық соғыс болғандай табиғатты ойрандап кететін келімсектердің саябыр тартар түрі де байқалмайды. Тоналған жердің зарлы үніне құлақ асып, қорғаушылардың экологиялық мамандардан басқасының қарасы да көрінбейді. Қалталылар заң бар екен деп жүгінбейді. Кісімсіп «қателігіме айыппұл төледім» деп тәштиіп тұратындар «ақшаға тәуелдісің, қайқай жөніңе» дейтіндей тұлдануы бар. Өйткені, тұғыры берік, қаржыны береріне беріп, шаруаның саяси сипатын да, келісімді ісін де заңдастырып алған. «Тауды бұзамыз» десе бұзылады, «өзен суын теріс ағызамыз» десе ағызады. Желіктіріп желкеудеге күш беретін сарқырама қаржы талапайы бар. Жырынды ұрылар, жемқорлар бір сөмкесіне алтын, бір сөмкесіне доллар салып жүгіріп жүр. Келесі ұрпақтың ырыздығын түгеспей тынбайды.

Тазша Әулиенің ақ бұлт арасынан айтқан қатаң сөзіне аңырап қалды. Көз алдына ұшқыш тарелкедегі ме, аңыздағы ұшқыш кілемдегі ме, ғасырлардан ғасыр өтіп ел аузында сақталған сөзге мәулет берді. Мұғалжар тауының сілемдерінің күлі көкке ұшып, сан түрлі техникалармен қиыршық тасының шаңы шығып жатырғандай сезінді.

– Оу, бұл жүгенсіздік «опасыз ордасын бұзар, тентек тектіден қалған мұрасын бұзар» деген сықылды екен. Жаны ашымастың түрі суық екен. «Мұның жөнсіз» дейтін тірі жан жоқ па? Бүйткен тірлік құрсын! – деп Тазша қолын әлдекімге шошайтып еді. Осы кезде манағы ақ киімді, ақ сақалды Әулие ақ таяғын сілкілеп, Тазшаның өкінішіне ортақтасып:

– Мұғалжар киелі тау еді. Ерте, ерте заманда елін, жерін қорғаған Мұғал батыр мекен етті деседі. Шәкәрім шығармасында дерек, дәйек болғандай арғындар қырық жыл осы таудың өңірін мекендеп тірлік етті деседі. Одан бертінде атақты ақын Батақтың Сарысы таудың шынар басы «Айырыққа» шығып, байтақ даланың мұң-шерін жүрегінде оралтып, мауқын басып, қимастықтан шығатын көз жасын сүртіп:

Басына шауып шықтым Айырықтың,

Даусымнан құйқылжыған айырылыппын.

Он екі ай ел көрмеген сорлы басым,

Әйелге тезек терген қайырылыппын, – деп абақты қорлығын, тау-тасқа, өзен-көлге үнін анттай жазып кетсе, Кенесары ханның бассыз бейнесі тауды жаңғырықтырып: «Менің басым денеме қосылып жерленбесе, қырғыз, қазақ, Ресей аймақтарындағы түрлі апат, бүліншіліктердің қасынан табыламын. Өршіл рухым әлсіздерге пана болады, қаскөй ойлыларға жақсылықты бұйыртпаймын, көктей жұлынады, тұқымы тұзай құриды», – деп үн қатқандай сезінген Тазша Әулиеге үздіге қарап: «Каспий теңізіне дейін құятын өзендердің біразының арнасы көміліп, кеуіп, суы тартылып қалыпты. Нендей пәле, қиянат қайдан деп зерттеу өзен арнасын тазартып, тәртіптеуге көңіл көншітпейді» дегендей болды.

Әулие назарын төмен салып, шырт еткізіп түкірді де: «Тау маңы талқандалса, өзендердің дүрілдей түсуі екіталай. Таусоғарлар «жұтамын» деп жұлқынса, өзен-көлдер сымпиып шыға келеді. Түгін тартсаң майы шығатындай байтақ далаңды дамылсыз құйын кезеді. Жұтқаның жұпар ауа емес у болады, өзекталмамен көргенің жын болады. Мұғалжарда әулиелер де о дүниеде тыныштығын тауып еді. Бүгінгі сұрқы қашқан өңірде аруақ күңіреніп, «Қыз әулие», «Ақтікенді әулие», «Құндызды» өңірінде қайғымен байыз таппай жүр. Кінәлі, қаскөйді аруақ кешірмейді. Табиғатты бүлдірмесе, тыныш отыра алмайтындар өз көрін өзі қазар. «Ондайдың обалы жоқ» деп аруақ сатылмайды, алдау-арбауға көнбейді. Арыны қатты таситын Құндызды өзенінің табанға тапталуының мәнісі құрылысқа шөгінді құмы, қиыршық тасы сапалы деседі. Өзендердің құрып, бітуге айналуының себебі қырсыз, қырсық шалғандығынан екеніне енді түсінген шығарсыз. Тау сілемдерінің тамтығы қалмаса, ондаған өзен, оның жүздеген салаларының тамыры біржола үзіледі. Бір мысал, аққу ұшып, қаз қонған, ұя салған жеріне деп, бабалардың Ойыл көздің жасы деп атаған бір кездегі арынды тарау, тармағы көп Ойыл өзенінің кеуіп қалғаны қашан. Балығы тайдай тулап жататын, сан түрлі құс ұшып, қонатын, ұя салтын «Жетікөл» сықылды Ойылдағы ондаған көлдердің шаңы шықты. Қаратереңнен су тартып, тары егісін суарып, әлемдік рекорд жасаған Шығанақ Берсеев даңқының да ақыры, өзен жағалай ондаған тары өсірушілердің де ақыры, Шығанақтың баданадай тарысының да ақыры, «Жыланды» тауынан күн қыза Ойыл өзеніне шаңытып құлайтын ордалы жыланның да ақыры, Кеңес әскерлері түрлі құпия қаруларды сынақ алаңына айналдырған Жем өзенінің де, басқа сала-сала тараулар мен көлдердің де ақыры таянғаны қашан. Мұғалжар тауының сілемі «Бершүгірді» талқандап, қиыршық тасын Батыс облыстардың құрылысына тоқтаусыз тасығанына қаншама жылдар өтті. Тау жалаңаштанды, табиғи ағаштарынан, түрлі өсімдектерінен айырылып саудырап қалды. Өңірдің сиқы кеткесін, сая таппаған жел құйындатып жатады. Тарығып тоза бастаған тау сілемдеріне төнген бұлт та тасыр-тұсырлатып тамшы тамбай өте шығады», – деді.

Тазша да, Әулие де тарихқа жетік.

«Талай тарымшылық, аштық жылдарда қамыс, қоғаның тамырымен халықтың біразын ажалдан құтқарған өзендердің басы саналатын Мұғалжар тауы Орал тауымен ұласып екі жүз километрге дейін созылып жатады. Орынбор облысы аймағындағы Орал тауының қатпар-қатпар тарғыл тастарының бірде-бірі шағылған жоқ. Тасты жарып шығатын өсімдіктерінің емдік қасиетін де адам көріп отыр. Өткен ғасырлардағы талай тасбауыр қаскөйлер қырық пышақ боп қырқысты, талмай тартысқа түсті, бірақ тауды, өзен-көл табиғатын бүлдірген жоқ, қайта пана тұтты. Бұл жер киесін Тау құдайын, су пірі Сүлейменді ұққаны шығар. Бүгінде ақшаға сатылғыш зәлімдер тауды көрсе, оның маңындағы қиыршық тасты, басқа да сапалы балшық, құмды көрсе, терісі тарылып құртып бітіргенше жанталасады. Мұндай сатқындық, қастандықты келер ұрпақ кешіре қоймас. Мың жақсылығыңды бір жамандық суша шайып, рәсуә етіп кететінін білетін басшы бар ма? Өзді-өзі селбесіп олжа, байлық жолында өлімін салатындар Құдайдан да қорықпайды», – деген Тазша: «Қазақ тарихында жер, су, таудың атауына ерекше мән беріп, «Алатау, Қаратау, Қызылтау, Сарытау» деп байтақ даламыздың ұлтымызға тиесілі екенін құжаттап, ұрпаққа аманаттап кеткен-ді. Аманатқа қиянатымыз улы шеңгелді салып, Мұғалжар, Алатау сілемдерін бұза бастасақ, Бурабай тауларында жекешелер сатамыз деп жар салып жатыр. Шет елдік сатып алса, екі-үш адамға құжатты айналдырып жібереді де, аузыңды аймандай етеді. Бітті шаруа. Ұрпағың қызыл кітаптан суретін көріп, еңкілдеп жылап отырады. Табиғатты ойрандау, сату, жалға берудің қырсығынан Мұғалжар тауыннан басталатын Ырғыз, Ор, Нұра, Жем, тағы басқа өзендердің сала-салалары зұлымдықтың тепкісіне түскендігін еске алғанда Абайдың:

Өмірден тепкі жесем жазығым жоқ,

Еш нәрсеге көңілім болмаса тоқ.

Қайта-қайта оқысам бір дұғаны,

Сөніп қалған жүректе жанады шоқ, – десе, олжа көрсе тарпа бас салып, беруші мен алушы бір-біріне тесіле қарасып, кірпігін қақпай тұра-тын сайтандық көрінісі құбыжық тәрізді. Бұлар «тонаудың, бүлдірудің құпия тетігін таптым, алдап соқтым» деп бекерге қуанады. «Қазақта аруақ атсын!» деген қарғыс бар, ол қарғыс талайдың жұлымын үзген-ді. Сонда Таусоғарлар, оның олжа бөлісер сыбайластары тозаңдай ұшып, өздері қазған шұңқырға құлай кетері кәміл делік».

Тазша қанағатшыл, тоқмейілсудің де зиянын жұрт алыстан аңғарып біле бере ме? Қоғам қайраткерлерінің бірі Ақтөбе облыстық атқару комитетінің төрағасы Оразалы Қозыбаев бір  сапарда Ырғыз өзені бойында мыңғырған мал өскеніне қуанып, қазақтың «өзен жағалағанның өзегі талмайды» деген осы демей ме? Табиғаттың қилы құпиясындай Ырғыз, Торғай, Терісаққан және басқа өзендер мен оның салаларының ағынды арынмен су аяғы құрдымға, яғни жер асты теңізіне құйылады. Оның рахатын Байқоңыр космостық әлемі көріп отыр. Сонымен кең байтақ өңірдегі жер асты суының мол қорына көзінің сұғын тастаған шетелдік компаниялар әр жерден бұрғылап тесіп, көлемін байқап, қайткенде де қаржысын төгіп иеленіп, жалға алып па, жекеленіп пе, әйтеуір сәтті күнін аңсап жүргендер жоқ деймісің!

Сол жер асты басы бұлақ, аяғы теңіздей дейтін Көкжиденің тұщы суы Жем мен Темір өзенінің аумағында қоры теңдесі жоқ мол, ғалымдардың есебі бойынша сөткесіне 750 мың шаршы метр таза су бере алады екен. Және 5-10 метрден 100-120 метр тереңдікке дейін су көзі бар көрінеді. «Бұл байлықты шетел компанияларының еншісіне жібермей, бүгінгі қулар жең ұшынан жалғасып, қазақ жерінің байлығы екені есінен шығып кетпей, келер ұрпаққа бұйыртса» деп жатпай-тұрмай тілейсің. Әрі айтып, бері айтқанда, Қазақ жеріндегі табиғатқа, оның өлшеусіз байлығына төніп тұрған түрлі қатерге кім жауап береді? Оған төрелікті күтелік. Ертегідегі биік-биік тауларды жұта салатын аждаһа тажал шындыққа айналып, таса-тасамен жортып жүргеніне көздерің жетті ме, жетпеді ме, іштерің білсін…

Тазша еркіндік, азаттыққа арқа сүйесе де, «табиғатты қорғай білмейтін наданмын ба?» деп қорланады.

Қоян жүрек, құлдық мінез, экологиялық зардаптан тапқан түрлі дерттің шындығын неге айтпаймыз? Бойымыздағы ғасырлардан жалғасып, миға орныққан үрейді меншіктеп үнсіз осылай кете береміз бе? «Кеуіп қалған өзен-көлдерге, бүлінген тауларға қастандық жасағаны заңсыз» делінсе, кінәлі мазақтағандай күле қарап, айып төлеп талтаңдап, шекесінен қарап жүре бере ме? Адам барды жойғыш. Көзді тарс жұмып талқандап тастайды. Кінәліні Алланың үкімі тегін жіберер ме екен? Жат мінезділердің көзі шелденбей, «жаратқанның жазасынан құтыламын» демесін. Байқасын!.. «Қаста қиянат о дүниеге кетпейді» деген бабаң! Ал, түрлі апаттардан өліп жатқандарды естігенде «қарғысқа тап болды ма, жамандыққа жақ болды ма» деп ауыр ойланасың!..

Табыл ҚҰЛИЯС, сатирик-қаламгер, фельетонист

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here