ПРЕЗИДЕНТ МАҚАЛАСЫНДА ҰЛТТЫ АБАЙША СҮЮГЕ ШАҚЫРДЫ

0
967

«Egemen Qazaqstan» газетінен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты аса бір көлемді, терең мақаласын оқып шықтым. Оқып шықтым да Абай турасындағы ой тереңіне үңілдім.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Заманалар ауысып, дүние дидары өзгерсе де, халқымыздың Абайға көңілі айнымайды, қайта уақыт өткен сайын оның ұлылығының тың қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түседі. Абай өзінің туған халқымен мәңгі-бақи бірге жасайды, ғасырлар бойы қазақ елін, қазағын биіктерге, асқар асуларға шақыра береді» деп жазған еді.

Кейінгі кезде ел басындағы азаматтар руханиятқа ерекше көңіл бөле бастады. Ол да жақсылықтың нышаны. Сондықтан Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» және Мемлекет басшысының бүгін біз жаппай оқып жатқан «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақалалары рухани өміріміздегі елеулі құбылыстар деп бағалаймын.

Президентіміз бұл мақаласында Абайды әлемдік деңгейдегі ұлы қайраткер, ұлттық болмысымыздың үлгісі, мемлекет ісінің мүдделесі, жаңа қоғамның жанашыры, әлемдік мәдениеттің тау тұлғасы ретінде бағалап, Абай сөзінің бүгінгі заманымыз үшін де көкейкестілігі, Абай шығармаларынан алатын тағылым жөнінде де терең ой бөліседі. Қалың елді, ұлтты Абайша сүюге шақырады. Өз тіліңді де, өзге тілді де терең білу керектігіне тоқталады. Егемендігімізді нығайтуға, мемлекеттігімізді сыйлауға, елдің бірлігін сақтауға, заңның үстемдігін қамтамасыз етуге, әділетті қоғам орнатуға, халықтың үніне құлақ түріп отыруға, адамды мәртебесіне қарап емес, еңбегіне қарап бағалауға, татулық пен бірлікті берік сақтауға ерекше мән береді. Мақаланың ерекшелігі де осында.

Президент Абайды өз заманындағы іскерліктің ұйытқысы, еңбекқорлықтың мотиваторы ретінде, қазақ топырағынан шыққан әлемдік деңгейдегі кемеңгер ретінде таниды. Абайдың молшылдық болмысына, терең философиясына, қазақ мәдениетіндегі орнына айрықша тоқталып өтеді. Келешекте қоғамның көшін бастайтын жастарға да мақалада ерекше мән береді.

Иә, расында да, кейінгі кезде билікке, биліктегі басшылыққа жаңа буын жастар келе бастады. Мұны мен өз басым дұрыс процесс деп есептеймін. Дей тұрғанмен, солардың өзі халқын сүйетіндер, мемлекеттің мүддесін көздейтіндер, ұлтының тілін, тарихын, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, мәдениетін, өнерін жетік білетіндер, бағалай алатындар болса екен деп тілейміз. Айтып-айтпай не керек, осы күні телеарналарда, сахналарда қаулап-шулап жатқан шоулар, арзан күлкілер, құнсыз әндер, оның түкке тұрмайтын сөздері етек ала бастады. Классикалық туынды­лар, халық әндері, халқымыз қадірлеген композиторлардың шығармалары аз насихатталатын болды. Экранда «жұлдыздар» қаптады. Көктегі жұлдыздар жерге түсті. Қайсысы жұлдыз екенін біле алмай қалдық. Ғалымдар, жазушылар жайындағы салиқалы әңгімелер азайып барады. Бала тәрбиесі де, оқу-білімнің сапасы да төмендеп кетті. Баланы әлдилейтін, тәрбиелейтін аналардың жұмыстан қолы босамайтын болды. Қызылтанаулап күн шықпай жұмысқа кетеді, күн бата келеді. Бала тәрбиесі кенжелеп барады. Бұл келешекте біздің қоғамымызда үлкен мәселелерге айналуы мүмкін деп уайымдаймын.  

Мақалада Абайдың 175 жылдығын тойлаудың нақты шаралары да белгіленген. Мен қатты қуандым осыған. Биік деңгейде халықаралық конференция өткізіледі, Абайдың туған топырағында бірқатар шара атқарылады. Абайдың аталары,  жақындары жатқан қорым абаттандырылады.  Жидебайда «Абай мұрасы» атты жаңа ғимарат салынады.

Абайды қалай мақтасақ та, қалай мақтансақ та соған лайық қайраткер. Шын мәнінде Абай – өзінің атасынан кемеңгер, анасынан дана болып, еліне пана болып жаратылған, өз заманынан озық туған ғұлама. Халқының мұңшысы, ұлы ақыны. Қазақ үшін дертті болған, сол дерттен айыға алмай, жан-жарасы жазылмай кеткен кеудесі қайғы мен қасіретке толған қазақ тарихындағы ең трагедиялық тұлға. Өз ұлтын өркендеген өнегелі елдердің қатарында көруді көксеген ойшыл еді. Қазақ қоғамы, оның болмысы мен келешегі туралы соншама терең толғанған, ұлтының табиғатын, жаратылысын дәл таныған, елі үшін күйіп-піскен, азапқа да түскен, қасірет шеккен, қазақтың кемшілігін жанға батырып, бүкпесіз ашық айтқан Абайдан асқан тірі пенде болған жоқ. «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман» дегенді Абай жасы жетіп, қартайғандығынан айтқан жоқ еді. Абайды жасына жетпей қартайтқан да сол қазақ, оның қылығы болатын.

Заман өзгерер, қоғам өзгерер, адам өзгерер, бәрібір түбінде қазақ халқы Абайға жүгінеді. Оның өсиетіне, аталы сөзіне келіп тоқтайды. Президентіміздің мақаласын оқығаннан кейін осындай ойға келдім. Сондықтан бұл мақаланың тарихи да, тәрбиелік маңызы да өте зор.

Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ, мемлекет және қоғам қайраткері

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here