378 жылы Шығыс Рим империясы өз тарихындағы ең ауыр жеңіліске ұшырады. Император Валент готтарға қарсы Адрианополь түбінде шешуші шайқасқа шықты. Билеуші халық санының аздығынан легионерлерді жалдады. Әскерінің құрамында римдіктермен қатар – готтар, франктер сынды герман текті кәсіби сарбаздар көп еді. Құрама жасақ федераттар деп аталды. Соғыс қызған шақта император гот атты әскерінің қоршауында қалды. Легионерлер патшаны құтқаруға талпынбады. Майдан даласынан ерте шегінді. Ал, федераттар сапындағы готтар қандастарының жағына өтті. Жағдай бақылаудан шықты. Рим әскерінде хаос орнады. Император қаза тапты, легионерлер өз жанын күйттеді. Валенттің шебінде кәсіби жауынгерлер көп болғанымен, рух болмады. Қазақстан спорты да Валенттің күйін кешті. Соңғы он жылдықта легионерлерге шектен тыс сенім артылып, мол қаражат жұмсалды. Бірақ, нәтижесінің мардымсыз болғанына қоғам куә. Шетелдік спортшылар жеңістің тек кәсіби шеберлікпен емес, жанкешті рухпен келерін дәлелдегендей.
Елімізде спортты реформалауға арналған жаңа заң күшіне енді. Аталмыш құжатта дене шынықтыруды дамыту тұжырымдамасына бірқатар өзгерістер жасалды. Солардың ішінде қоғамды дүр сілкіндіргені – легионерлерге қатысты бап. Қабылданған нормаға сәйкес, енді мемлекет шетелдік спортшыларға бір тиын да төлемейді. Спорт клубтары ел қазынасына арқа сүйей алмайды. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті жаңа құжаттың төңірегіндегі сауалдарға жауап іздейді.

ЕЛІМІЗДЕ ҚАНША ЛЕГИОНЕР БАР?
Туризм және спорт министрлігі әзірлеген заң жобасы депутаттар мен сала мамандарының ұзақ талқысынан өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев сәуір айында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт, сондай-ақ артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Жаңа құжат бір оқпен екі қоян атуды көздейді. Біріншіден, бюджет тапшылығы кезінде қаражатты тиімді жұмсауға мүмкіндік береді. Екіншіден, шетелдік спортшыларға қатысты сынға нүкте қояды.
Мансабын Қазақстанмен байланыстырғысы келетін шетелдік спортшылардың алдында екі жол бар. Алғашқылары азаматтық алып, көк паспортқа қол жеткізеді. Қазақстандық ретінде байрақты бәсекелерге қатысады. Ал, легионерлердің жөні бөлек. Көк туды көтергенімен, бұрынғы азаматтығын сақтап қалады. Уақытша келісімшартпен жұмыс істейді. Шетелдік спортшыларды бюджеттен қаржыландырмау талабы осы екінші санатқа қатысты. Яғни, шектеу шетел азаматтарына арналған.
Еліміздегі легионерлердің саны қанша? Бұл сұраққа Туризм және спорт министрлігі «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігіне жауап беріпті. Ведомствоның мәліметінше, командалық және ойын клубтарында 200-ден астам шетелдік спортшы бар. Вице-министр Серік Жарасбаев: «Мысалға футболды алсақ, былтыр Премьер-лигада 14 клуб өнер көрсетті. 325 футболшының 149-ы легионер болды. Яғни, бұл шамамен 50 пайыз. Хоккейде қазір 109 легионер бар. Ал, басқа спорт түрлерінде бұл көрсеткіш төменірек. Аталған заң қабылданғаннан соң, легионерлерді қаржыландыру мемлекеттік бюджеттен және квазимемлекеттік сектор есебінен толық тоқтатылады. Бұл мәселені күні бұрын федерациялармен талқыладық. Олар өзгерістер жайында толық хабардар», – деген еді көктемде.
ШЕТЕЛДІК СПОРТШЫЛАРДЫҢ ЖАЛАҚЫСЫ ҚҰПИЯСЫ САҚТАЛУДА
Соңғы жылдары футбол клубтары үшін шетелдік спортшыларды шақыру дәстүрге айналды. Әрине, бұл ертеден бар үрдіс. Бірақ, бұрын авангардтан бір-екі шетелдікті ғана көретін едік. Ал, кейіннен тұтастай командалардың легионерлерден құралғаны белгілі болды. Әдетте, кез келген тенденцияны әлемдік тәжірибемен түсінуге, ақтап алуға тырысамыз. Иә, мұндай жағдайлар алыс-жақын мемлекеттерде де орын алады. Өкінішке қарай, біздің эксперименттер күткен нәтижемізді бермеді. Шетелдік футболшылардың дәнегі мол болғанымен, жемісін бермеді. Үкілеп әкелген легионерлердің ешбірі елімізді әлемдік аренаға шығара алмады. Мемлекет әр ойыншыға миллиондаған жалақы тағайындады, құнарлы ас-сумен қамдады, жол күресін мойнына алды. Бірақ, шетелдік спортшылар үмітті ақтамады. Есесіне, отаншылдықтың шамын ат басындай алтынның да жаға алмасын ұғындырды.
Министрлік мәліметінше, былтыр еліміздегі 13 футбол клубы қазынадан 27 миллиард теңге сауған. Мысалы, «Астана» футбол клубы легионерлерге 2020 жылы – 3 574 626 888 теңге, 2021 жылы – 3 766 460 266 теңге, ал 2023 жылы – 2 168 352 776 теңге төлеген. Қаражаттың барлығы «Самұрық-Қазына» АҚ-нан бөлінген. Бұл тек бір ғана клубқа қатысты дерек.
Ең қызығы, футбол клубтарына мемлекет есебінен бөлінетін қаржының көлемі ашық дереккөздерде жарияланғанымен, маңызды бөлігін бүгіп қалады. Шетелдік спортшылардың нақты жалақысы жайлы ақпарат қолжетімсіз. Министрлікке ресми сұраныс жолдағанымызда: «Легионерлердің жалақы мөлшері тараптардың келісімінсіз жарияланбайды» деп қысқа қайырды. Сонымен қатар, министрліктің легионерлердің жалақысын шектеуге қатысты қандай да бір өкілеттілігі жоқ екенін де атап өтті.
Спорт журналисті Есей Жеңісұлының сөзінше, отандық футболшылар мен шетелдіктердің жалақысы соңғы 5-10 жылда ғана теңесе бастаған. Оған дейін жалақы айырмашылығы басты проблемалардың бірі болған.
«Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында еңбек нарығындағы шетелдік футболшылардың жалақысы отандық спортшылардың жалақысынан бірнеше есе жоғары болды. 2014-2015 жылдарға дейін оларға өте жоғары жалақы тағайындалды. Бірте-бірте біздің жігіттер өздерін көрсете бастады. Бауыржан Исламхан, Асхат Тағыберген, Бахтиер Зайнутдиновтер әлемдік деңгейге сай екендіктерін дәлелдей білді. Өкінішке қарай, соңғы жылдары ТМД елдерінде нәтиже көрсетпей жүрген шетелдік спортшылардың қазақстандық клубтарда жоғары жалақы алатыны байқалады. Бұл басшылықтың қателігі, бәлкім, ақша белгілі бір адамдардың қалтасына түсіп жатқан шығар», – деп жорамалдайды Есей Жеңісұлы.
Шетелдік спортшыларға бүгінге дейін қомақты қаражат төленіп келді. Жалақыдан бөлек, бонустар мен қамтамасыз ету шығындары кірген. Түптеп келгенде, «шығын шықпай, кіріс кірмейді» деген мақалдың өзі қырын кетті. Тек футбол ғана емес, олимпиадалық спорт түрлері де осы кепті киді. Тіпті, азаматтық алып, ел атынан өнер көрсеткен спортшылардың басым бөлігі кейіннен қол бұлғап кете барды. Қазақстан бюджетінің қолдауымен жеке рейтингтерін көтерген соң, тарихи отандарына тайып тұрды. Сонымен қатар, допинг дауына іліккен спортшылар мемлекеттен алған сыйақылар мен марапаттарды, атақтарды кері қайтармаған. Демек, заң қабылданғанға дейін мемлекет есесін еселеп жіберген.
ҚАРЖЫЛАНДЫРУ ҚАЛАЙ БАҚЫЛАНАДЫ?
Жаңа құжат құрғақ бастама ғана емес. Талқыға салынбас бұрын, есеп-қисабы жүргізіліп, ауадай қажеттілігі дәлелденді. Алдымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бюджетті сауын сиырға айналдырған клубтарды әшкереледі. Депутаттар да қарап қалмады. Талай мәрте желге ұшқан есіл ақшаның есебін талап етті. Мәселен, соңғы бес жылда 18 футбол клубына 200 миллиард теңге бөлінген. Сол миллиардтардың басым бөлігі легионерлердің жалақысына жұмсалған. Басқа да тиімсіз шығындар болған. Енді талаптар өзгерді. Мемлекет ақшасы есепте тұрады. Президент қол қойған заң аясында облыс әкімдіктері футбол клубтарына жылына 1,2 миллиард теңгеден артық қаржы бөле алмайды.
Демек, саудасы жоғары легионерлердің базары жабылды. Енді клубтар көрпесіне қарай көсіліп, отандық футболшыларға басымдық береді. Өйткені, бұрынғыдай мол қаржы болмайды. Ал, бюджетке артар үміт аз. Легионерлердің жалақысы түгілі, команданың жалпы шығындарына ақша табу оңайға соқпайды.
Есей Жеңісұлының болжамына сүйенсек, қазіргі таңда футбол клубтарының алдында таңдау тұр. Ең негізгі әрі ықтимал нұсқа – құрамды отандық спортшылардан қайта жасақтау. Балама жол – демеушілердің қолдауына иек арту. Алайда, футбол шолушысы «федерация бірінші сүрлеумен жол салады» деп есептейді.
«Маусым басында «Қайсар» командасы негізінен қазақстандық ойыншыларға назар аударды. Осыған ұқсас қадамды «Оқжетпес» пен «Елім-ай» клубтары да жасады. Мұндай бетбұрыс бастапқы кезеңде қиындықтар туғызуы мүмкін. Нәтижелердің төмендеуі де ықтимал. Бірақ, нәтиже біртіндеп жақсаратыны анық. Тек бұл үрдіс қазақстандық ойыншылардың шетелге шығуын бәсеңдетеді деп алаңдаймын», – дейді Е. Жеңісұлы.
Спорт сарапшысы Аслан Қаженовтың айтуынша, алдағы уақытта футбол клубтары коммерциялық жобаларға арқа сүйейді. Әсіресе, букмекерлік кеңселер мен басқа да бизнес құрылымдардың жарнамасы қызады деген болжам бар. Енді бұл бағытта заң аясындағы бақылау күшейетін тәрізді.
«Үкімет клубтарға шетелдік спортшыларды қабылдауға шектеу қоймайтынын түсіну керек. Оларға тек ақша бөлінбейді. Шетелдік спортшылардың шығынын клубтар өз есебінен немесе демеушілердің көмегімен жабуы тиіс. Қазіргі уақытта алпауыт компаниялардың легионерлерге қызығушылығы төмен. Менің ойымша, осы себептен клубтарда шетелдік ойыншылар аз болады. Қаржыландыру көздеріне келсек, Еуропада спортты демеушілер арқылы қаржыландыру баяғыдан бар үрдіс. Егер біз бұл жүйені кеңінен қолдана алсақ, мемлекеттік бюджетке салмақ салмай-ақ, спортшыларды ынталандыруға болады. Заң аясында букмекерлік кеңселердің жарнамасына қойылатын талаптар бар. Лудоманияға қарсы шектеулер нақты көрсетілген. Егер клубтар осы ережелерді сақтаса, жарнаманы табыстың басты көзіне айналдыруға толық негіз бар», – деді сарапшы.
Аталмыш мәселеге қатысты Е. Жеңісұлының өз болжамы бар. Клубтар қаржыландырудың балама көздерін тапқан жағдайда, легионерлерді сақтап қалудың түрлі шарғысын іздеуі кәдік. Мәселен, қазақстандық спортшылардың жалақысын шамадан тыс көтеріп, есеп береді. Бірақ, қаражаттың басым бөлігін шетелдік ойыншыларға беруі ықтимал. Осы жайттарды ескере отырып, мұндай астыртын келісімдердің жолын кесу үшін заң аясындағы тексерістерді күшейту қажет деп есептейді. Сарапшының күдігін Туризм және спорт министрлігіне жеткізгенімізде, нақты жауап ала алдық. Министрлік мұндай қауіптердің алдын алу мақсатында арнайы тексерістер жүргізілетінін хабарлады. «Спорт ұйымдары мен клубтардың бюджет қаражатын мақсатты пайдалануын бақылауды уәкілетті органдар жүзеге асырады», – делінген министрліктің жауабында. Бұл спортты дамытуға бөлінген әр тиынның сұрауы бар дегенді білдіреді.
СПОРТШЫЛАРҒА МЕМЛЕКЕТ ТАРАПЫНАН ҚОЛДАУ КӨРСЕТІЛЕТІН ЗАМАН ӨТТІ
Сарапшылардың барлығы шетелдік спортшылардың азаярына сенімді. Бірақ, бұл жағдай кәсіби ойыншылардың тапшылығына әкелмей ме? Легионерлерді алмастыратын кадрлар жеткілікті ме? Бұл сұрақ әлі де басы ашық күйінде қалып отыр. Әзірге, тек болжамдар ғана бар.
Е. Жеңісұлының пікірінше, легионерлердің саны азайғанымен, сапасы артады. Футбол клубтары енді шетелдік спортшыларды тек ақша игеру үшін кездейсоқ таңдай салмайды. Инвестор мен демеуші үшін шетелдік ойыншының нәтиже көрсетуі маңызды болмақ. Баяғыдай ұзын арқан, кең тұсауға жібермейді. Легионерлерге деген талап күшеймек.
«1992 жылы әр футбол клубының құрамында екі қазақстандық спортшы болуы керек деген талап қойылды. Содан бұрын зауыттарда жұмыс істеп, допқа қолы тимеген жігіттер футбол ойнай бастады. Олар жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Демек, біз уақыт өте келе бейімделеміз. Сонымен қатар, мықты бапкерлер қауымы қалыптасты. Олардың көмегі зор. Кез келген жаңалықты күшпен енгізу керек. Мемлекеттіліктің негізі осындай қадамдардан басталады», – деп есептейді сарапшы.
Үкімет легионерлер мен қажетсіз шығындардан үнемделген қаржының қайда жұмсалатынын анықтап қойғанға ұқсайды. Жаңа заңға сәйкес, енді бұл қаржы Олимпиада, Паралимпиада және Азия ойындарында жеңіске жеткен отандық спортшыларды қолдауға бағытталады. Сондай-ақ, спорт федерацияларының мәртебесін нақтылау жүйесі енгізіледі. Мүмкіндігі шектеулі спортшыларға көмектесетін ассистенттер заңмен қорғалатын болады. Спорт ұйымдарының басшыларын әр бес жыл сайын ауыстырып отыру тәртібі енгізіледі. Ал, мемлекет тарапынан қаржыландырылатын спорт түрлерінің саны үш есе қысқартылады. Сонымен қатар, балалар мен жасөспірімдерді спортқа тарту, ұлттық спорт түрлерін дамыту, спорттық медицина мен ғылымның әлеуетін арттыру басты басымдықтардың қатарында тұр.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Жаңа құжат – институционалдық қайта құру үдерісінің бір бөлігі. Мемлекет енді қаржыны нәтиже беретін салаларға жүйелі бағыттап отыр. Мұндай тәсіл ресурстарды тиімді пайдалану арқылы спорттың сапалық дамуын көздейді. Федерацияларға қойылатын нақты талаптар мен мерзімді ротация – басқару мәдениетін жаңартуға негіз болады. Сау қоғам өткенін таразылап, қателіктерден сабақ ала біледі. Тиімсіз тәжірибелерді мойындап, жүйелі түрде түзетудің айыбы жоқ. Спорт саласындағы жаңа ережелер ұжымдық рефлексияның нәтижесі іспетті.
Фараби СӘЙКЕНОВ