МҰҒАЛІМ МӘРТЕБЕСІ НЕМЕСЕ ҰСТАЗ БЕДЕЛІ АСҚАҚТАҒАН ЖЫЛ

0
469

Ұстаз тақырыбын тілге тиек еткенде «Қайран сөзім қор болды Тобықтының езіне» деген Абай атамыздың өзекті өртейтін өкініші ойға оралатын. Айтудай-ақ айтылғанымен шешімі жоқ, тіпті анайылап айтқанда, бұл тақырыпқа сонша енжар, құлықсыз танытып келгенімізді жасырып-жапқанымыз да дұрыс болмас. Ауызекі сөзде болсын, баспасөз беттерінде болсын, «құлаққа алтын сырға» делініп, жиі қозғалған тақырып болғаны да айдай анық.  Өзгені болмаса да өрімталдай боп өсіп келе жатқан жастарды аясақшы, олар ұстаз деген қасиетті атаудың қадірін біліп өссінші деген пікірлер де жетерлік еді. Міне, сол көкейдегі сөзге қонақ беріліп, көпті тыңдап, 2020 жыл ұстаздардың жағдайына ерекше мән берген жыл болып есік ашты.

КӨКЕЙДЕГІ СӨЗГЕ ҚОНАҚ БЕРІЛДІ

Ендігі сөздің бір парасын ұстаз сөзінің қадірінен бастасам деймін. Ұстазды құрметтеу жалпы мұсылман жұртында жоғары болған. Мәселен, Ескендір Зұлқарнайын – Аристотельді, Абылай хан – Төле биді, Шәкәрім – Абайды, Жамбыл – Сүйінбайды өзіне ұстаз әрі арқа сүйер ақылшы деп таныған. Бұлар жүрген жерінде ұстаздары-ның ерекше қабілеттері мен қасиеттерін паш етіп отырған.

Ескендір Зұлқарнайын: «Мен ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін. Әкемнен өмірді алсам, Аристотельден сол өмірге керектінің бәрін алдым», – деп еске алса, көркем мұрасы  әдебиетіміздің  асыл қазынасына айналған Шәкәрім Құдайбердіұлы поэзиямыздың асқар шыңы Абай қалдырған  шығармашылық дәстүрді өз жаңалықтарымен байыта өрнектеген. Ал, Жамбыл өмір бойына өзіне ұстаз, пір тұтқан ұстазы Сүйінбай дүние салғанда жыл он екі ай ұстазын жоқтаған. Сүйінбайдың асына  ат тұяғы жететін жердегі ақын-жыраудың бәрі тегіс келеді. Бұл ас туралы, ұлы ұстаз бен ұлы шәкірттің жарастығы, ақындық дәстүрдің жалғастығы туралы  Сүйінбайды да, Жамбылды да білетін көрнекті ақын Әбділда Тәжібаев «Көне қоңырау» атты жыр кітабының «Ақындар» деген поэмасында жеткізіп айтқан.

Иә, ұстаз қауымы дегенде менің көз алдыма өткен ғасырдың оттай ыстық суреттері келеді…  Сол кездегі ұстазға деген шәкірт ықыласының биіктігі тәнті етеді. 

Ұстазды ата-анадан кем қадірлемедік. Тіпті, ұстаздың жақындарына да құрметпен қарау әдетке сіңіп кеткен-ді. Оқушының үйіне ұстазы бас сұқса «Пәленше деген ұстаз біздің үйге келді!» дегенді мақтаныш көрдік. Ал, ұстаздың үйіне барған жағдайда, әдеттегі үйге барғандай кіре беруге батылымыз бармай, есігін де қағуға жүрексініп, ұстаздың сыртқа шыққанын күтіп тұратын сағынышқа айналған күндер де өтіпті. Апайымыздың сөмкесін көтерісу үшін алдынан жарыса жүгіре шығып, таласа-тармаса сөмкеге жармасушы ек. Тіпті, апайымызды қоршаған бойды сыныпқа дейін алып кіретінбіз.  Айта берсек, бұл ұсақ-түйек, жәй ғана сөз боп естілуі мүмкін. Ал, тереңдей түссек, мұның бәрі ұстазға деген шәкірттің ерекше құрметі болатын. Өйткені біздер, ұстаздарымызды қоғам тәрбиесіне жауапты, олар тек сабақ үйретумен шектелмей, шәкірттеріне өмірлік дұрыс ақыл-кеңес беріп, адамгершілік пен имандылыққа қатар баулыған, жүріс-тұрыс, мінезімен жақсы үлгі-өнеге көрсететін жандар деп қабылдайтынбыз. Қажет кезінде ұстаздарымыз шәкіртінің дәрістен тыс жағдайларына да алаңдап, шын жанашырлық танытатын. Бір сөзбен айтқанда, «Кім маған бір әріп үйретсе, соның құлы болуға бармын», – деген Хазрет Әлидің (р.а.) дана сөзінің қадірін білгеніміз де рас.

Ұстаздарға арналған атаулы күннің шығу тарихы өткен ғасырда белгіленген, яғни 1966 жылдың 5 қазанында Парижде өткен мұғалімдердің мәртебесі туралы Арнайы үкіметаралық конференция тарихта қалып, нәтижесінде ЮНЕСКО мен Халықаралық еңбек ұйымының өкілдері «Мұғалімдердің мәртебесіне қатысты ұсыныстар» құжатына қол қойған.  Ал, Кеңес Одағы тұсында 1965 жылдың 29 қыркүйегінде бекітіліп, қазақ айының алғашқы жексенбісі деп белгіленген. ЮНЕСКО ұсынысымен 1994 жылы 5 қазан – Бүкіләлемдік мұғалімдер күні деп жарияланып, содан бастап 5 қазан – мұғалімдер, оқытушылар және білім саласында еңбек етіп жүрген барлық қызметкерлердің кәсіби мерекесіне айналып, бүгінде бұл айтулы мереке әлемнің жүзден астам елінде аталып өтеді.

Ұстаз абыройын ауыл-аймақ боп, жұрт боп асқақтатсақ, болашағымыз жарқын екені даусыз.

ПЕДАГОГ МӘРТЕБЕСІ: ЖАҢА ЗАҢНЫҢ ЖАҢАШЫЛДЫҒЫ

Ұстаз бен шәкірт арасында көзге көрінбейтін ерекше ниеттегі қарым-қатынасқа бүгінгі қоғам зәру болатын.

Көпшілік, әсіресе ұстаздар қауымы осы күнді көп күтті.

Мемлекет тарапынан үлкен қолдау болса екен дейтін.

Олар қоғамда ұстаз беделінің тым әлсіреп кеткенін айтып жеткізе алмайтын.

Көп күттірген мәселе шешімін тапты. Өткен жылдың 31 желтоқсан күні Үкімет педагог мәртебесін көтеретін Заң жобасын бекітті.

Президенттің педагог мәртебесін көтеру туралы Заңы тек ұстаздар қауымын ғана емес, барлық қоғам мүшелерін қуантты. Өйткені, еліміздегі әрбір балалы жанұя ерте ме, кеш пе мектеппен байланысты болады. Баласына білім мен тәрбие беретін мұғалімінің жалақысының аз, тұрмысының жұтаң болғанын ешкім де қаламайды.

19 баптан тұратын «Педагог мәртебесі туралы» Заң осы жылдан бастап күшіне еніп, негізі төрт бағытты қамтып отыр. Нақтылай көрсетсек, бірінші, ұстаздардың құқықтарын кеңейте отырып, өзіне тән емес жұмыстан босату, жүктемесін азайту; екінші, мұғалімнің қызметіне қойылатын талаптарды күшейту; үшінші, материалды емес стимул тетіктері; төртінші, материалдық ынталандыру.

Сонымен қатар, Заң жобасында ұстаздардың жалақысын  25  пайызға  көтеру және төрт  жыл  ішінде екі есеге арттыру көзделіп, осынау Заң ұстаздарға қосымша ақы төленудің де ретін белгілеп берді. Енді педагогтарға: тәлімгерлігі үшін – 1 базалық лауазымдық жалақы, яғни 17 мың теңге төленеді; педагогикалық шеберлігі үшін лауазымдық жалақыдан 30-50 пайыз аралығын-да жаңа   қосымша ақы енгізіледі; Халықаралық конкурстар мен жарыстардың жеңімпаздарына түрлі олимпиадалар мен спорттық жарыстардың лауреаттарын дайындаған педагогтерге үш лауазымдық жалақыға дейін біржолғы сыйақы төленеді; магистр дәрежесі бар ұстаздарға 10 АЕК мөлшерінде қосымша ақы енгізілмек. Сонымен қатар, педагогтер сынып жетекшілігі және дәптер тексергені үшін қосымша ақы алады. Мектеп директорлары мен олардың орынбасарларына білік санаты үшін жалақы арттырылса, «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы үшін педагогтерге 1000 АЕК мөлшерінде біржолғы сыйақы төленетін болды. Жалпы педагогтар үшін демалыс уақыты 56 күнге көбейтілді.

Үлгілік оқу жоспарлары төмендеуі есебінен 2021 жылдан бастап оқу жүктемесінің 18 сағаттан 16 сағатқа дейін төмендейді. Заң бойынша педагогтердің балаларына тұрғылықты жері бойынша мектепке дейінгі ұйымдарға бірінші кезекте орын берілетіні заңда анық көрсетілген.

Мұғалімді жұмысқа жеккендер енді 120 АЕК-ке дейін айыппұл төлейді

Құқық бұзушылық субъектісіне байланысты мұғалімдерді өзіне тән емес функцияларға және артық есеп беруге тартқаны үшін 20-дан 120 АЕК-ке дейін айыппұл салу заң жобасында қарастырылған.

Айта кетейік, 2020 жылы 1 АЕК = 2 651 теңгеге бекітілген.

Педагогтің мәртебесін айқындайтын және оның құқықтарын, әлеуметтік кепілдіктері мен шектеулерін, міндеттемелері мен жауапкершілігін белгілеген Заң аясында педагогикалық әдепке де жіті көңіл бөлінген. Алдымен педагогикалық әдеп жөнінде кеңес болады. Бұл кеңес – педагогикалық әдеп қағидаларының бұзылуын қарап, нәтижелері бойынша тиісті ұсынымдар енгізу, сондай-ақ бұзушылықтардың алдын алуға және профилактикасына бағытталған шараларды іске асыру үшін білім беру ұйымында құрылатын алқалы орган болып табылады.

Педагогтің кәсіби стандартына келсек, бұл педагогтің біліктілік деңгейі мен құзыреттілігіне, еңбек мазмұнына, сапасына және жағдайларына қойылатын талаптарды айқындайтын стандарт.

Педагог дегеніміз – тиісті бейіндер бойынша педагогикалық және кәсіптік білімі бар, білім алушылар мен тәрбиеленушілерді оқыту, тәрбиелеу, оның ішінде қосымша білім беруді ұйымдастыру, білім беру қызметін ұйымдастыру, әдістемелік қамтамасыз ету бойынша кәсіби қызметті жүзеге асыратын, сондай-ақ кәсіптік стандартта көрсетілген біліктілік талаптарына сай келетін адам.

Бұл Заң тиісті білім беру ұйымдарындағы барлық педагогтерге, оның ішінде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Сот төрелігі академиясының, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау, мәдениет, дене шынықтыру   және   спорт   салаларындағы  білім  беру ұйымдарының, сондай-ақ «Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде, «Кемтар балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы», «Мәдениет туралы», «Дене шынықтыру және спорт туралы», «Білім туралы», «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы», «Құқық қорғау қызметі туралы», «Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы» Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген ережелерге қайшы келмейтін бөлігінде әскери, арнаулы оқу орындарының педагогтеріне қолданылады.

«Педагог мәртебесі туралы» Заңның 10-бабы 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі. Ендеше, сол 10-бапқа тоқталып өтейік.

Бұл бап «Педагогке кәсіби қызметке рұқсат беру» тарауын қамтиды. Мұнда мұғалім өз қызметін педагогикалық және кәсіби білімі туралы құжат болған жағдайда, сондай-ақ педагог біліктілігінің сәйкестігі расталған жағдайда жүзеге асыра алады. Педагог біліктілігінің сәйкестігін растау тәртібін, шарттарын, мерзімдерін білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайды.

Педагог ретінде кәсіби қызметті жүзеге асыруға алғаш кіріскен адамдар педагог біліктілігінің сәйкестігін растауға жатады. Ал, бейініне сәйкес келмейтін педагогикалық немесе кәсіптік білімі бар адамдарға, сондай-ақ педагогикалық білімі жоқ, бірақ даярлықтың тиісті бағыты бойынша жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі мен біліктілігі бар адамдарға тиісті педагогикалық қайта даярлаудан өткеннен кейін педагог ретінде кәсіби қызметпен айналысу құқығы беріледі.

ҰСТАЗ БЕН АТА-АНАНЫҢ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫ

Бернард Шоудың: «Біз ғылыми-техникалық прогрестің арқасында аспанда құсша ұшуды үйрендік. Суда балықша жүзуді үйрендік. Бірақ, адамша өмір сүруді үйренбедік», – деп мына дүниеге мін тағып сөйлеген сөзі бар. Адамша өмір сүру дегеніміздің бастауында кім немесе кімдер тұр? Осыған жауап ізделік…

Кез келген бала мектептегі ұстазынан бұрын өз ата-анасын көреді. Былдырлаған тілі де алғаш «ана» немесе «әке» деп шығады. Алғашқы қадамын да өз ата-анасы жетектеп жүріп бастырады. Ата-анасынан бөлек отбасындағы адамдардың да іс-әрекеті сәбиге тез жұққыш болады. Сәби көргенін жасайды емес пе?! Яғни, баланың басынан сипап, аяқ басқаннан адамша өмір сүруді үйрететін кім немесе кімдер дегенге келсек, бірінші бастауында ата-анасы тұрады екен.

Демек, біздер, ата-аналар баламыздың негізгі тәрбиесіне өзіміз жауапты екенімізді әр кез жадымызда сақтауымыз керек. Бала мектепте, 24 сағаттың алты-жеті сағаты ғана мұғалімнің қасында болса, қалған уақыты отбасында өтеді. Үйдегі тәрбие мен мектептің білім аясындағы тәрбиені шатастырып алмауымыз керек. Ертеңгі бала өмірінің баянды да бақытты болуын қалаған әрбір ата-ана ұстазға құрмет көрсетуді өзіне қас-терлі борыш санағаны жөн.

Иә, бес саусақ бірдей емес, мұғалімдердің де оқушы көңілінен шыға бермейтін тұстары боп қалады. Мұндай жағдайда талап етілетін ең  бірінші нәрсе – ұстаздың сөзі мен ісінің бір жерден шығуы, білімі мен мінез-құлқының бір жерден қабысуы. Имам Ғазали бұл туралы: «Қисық ағаштың көлеңкесі де қисық», – десе, Құранда бұл жайлы: «Сендер халықты жақсылыққа шақырып, өздеріңді ұмытасыңдар ма?» («Бақара» сүресі, 44-аят), – делінген. Мұғалім «ұстаз» атағына лайық болса, ондай ұстаздан жаман оқушы шығуы мүмкін емес.

Білікті де білгір мұғалім оқушы ата-анасымен жан-жақты байланысуды өзі-ақ дөңгелетіп ала жөнеледі. Бұл дегеніңіз – ол мұғалімнің педагогикалық мәдениетінің көрсеткішін байқатады.

Көптеген мұғалімдер өз оқушыларының ата-анасымен тығыз байланысып, кездесуді ұйымдастыруға онша белсенділік танытпайды. Тіпті, тоқсан сайын өтілетін ата-аналар жиынын да жаттанды тоқсандық қорытулар мен жақсы оқушының жетістіктерін айтумен ғана шектеледі. Яғни, нақты педагогикалық қатынас болмайды. Ал, көптеген ата-анаға педагогикалық қарым-қатынас өте қажет, оларға өз балалары туралы ақылдасу, жиналған көп сұрақтарды қою, баласының мінез-құлқын білу керек.

Бұл жерде ата-анамен (кез келген категориядағы) қатынасуда мұғалімнің қиналуы оның зиялы әңгіме жүргізе алмауына тікелей байланысты дер едім. Мұғалім ата-анамен тек балаға баға қою мен мінезі туралы әңгімеден басқа тақырып жоқтай көреді. Егер ата-анамен жан-жақты сөйлесе білсе, мұғалім оқушы туралы көбірек ақпарат алар еді. Мұндай ашық талқыланған тақырыпта әңгімелесу мұғалімнің олар туралы көзқарасын жөндеуге, кейбір жағымсыз ақпараттарды қашан және қалай жеткізудің жөн екенін табуға көп көмек береді.

Ұстаз хақында айтылар түйінді тәмамдай келе, мәртебелі мұғалімдеріміз көбейе берсін демекпіз.

Қызжібек БӘКІР, «Qazaq»-тың шолушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here