Тараздағы туризм: «Көне Тараз» туристерді шақырады

0
765

Дүниежүзілік туризм ұйымының соңғы жариялаған мәліметтеріне сенсек, туризмнен түскен табыс көлемі мұнай және автокөлік экспортынан түсетін табыстан кейінгі үшінші орынды иеленеді екен. Туризм арқылы экономикасын дамытып, бюджетін толтырып отырған мемлекеттердің қатары көп. Мәселен, Түркия, Швейцария, БАӘ, Сингапур, Куба сияқты елдер осы арқылы кіріс көзін молайтып отыр. Жер көлемі бойынша тоғызыншы орынды иеленетін, табиғи ландшафтарға, тарихи ескерткіштерге бай Қазақстанда туризмді дамыту мүмкіндігі жоғары. Бүгінде мемлекет тарапынан елді туристік орталыққа айналдыруға бағытталған шаралар жүзеге асырылып келеді. Соның бірі – «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінің ашылуы. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін көне шаһар Тараздағы туризмді дамытуға арналған іс-шараларға тоқталады.

ТАРАЗДАҒЫ ЖАҢА КЕШЕННІҢ ХАЛЫҚҚА БЕРЕРІ МОЛ

«Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінің аумағында өткен жылдың желтоқсан айының соңында Қолөнершілер мен туристер орталығы ашылды. Орталықтан жамбылдық шеберлердің жұмыстары мен ежелгі қолөнершілердің, құмырашылардың, ұсталардың және тоқымашылардың жұмыс барысын көруге мүмкіндік бар.

Алып кешен – ортағасырлық шығыстық стильде жасалған сәулет ансамблінің құрамына кіретін ерекше ғимараттардың бірі. Ғимараттың бірінші қабатында семинарлар, баспасөз конференциялары, шеберлік сағаттары мен түрлі кездесулер өткізуге арналған үлкен зал бар. Сондай-ақ, онда кәдесыйлардың сауда көрмесі де орналасқан. Көрмеде былғарыдан, ағаштан жасалған бұйымдар, сәндік торсықтар, киізден жасалған, жүннен тоқылған заттар және бас киімнен аяқ киімге дейінгі киімнің түр-түрі сатылады. Жастықтар, кілемшелер, көрпелер мен қапшықтар, әмияндар, сөмкелер, түрлі ойыншықтарды да осы жерден кездестіресіз.

«Кәдесыйларға қатысты қойылатын арнайы талаптар бар. Біріншіден, кәдесыйлар Тараздың тарихымен, мәдениетімен байланысты болуы керек. Екіншіден, бағасы көрсетілген тақтайшада шебердің аты-жөні мен кіріспе үш тілде жазылуы тиіс. Үшіншіден, Тараз қаласының бойтұмары саналатын Айша бибі кесенесінің элементтері бар сегіз бұрышты тақтайша логотипі және әдемі қапта болуы шарт, – деп түсіндіреді Жамбыл облысының Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Шеберлер клубының жетекшісі Вера Майкович. – Мен, сонымен қатар, қолөнершілерді іріктеу комиссиясының қазылар алқасының мүшесімін. Біздегі мәліметтер бойынша, клубымызда жүзге жуық шебер бар. Бірақ, солардың ішінен тек 20 адам ғана күнделікті сабақтарға қатысады. Олардың арасында Сәуле Мұсаева, Вера Площенко, Мұрат Жексембин, Наталья Золотарева, Федалия Измайлова, Гүлнар Қотырова сынды шеберлерді ерекше атауға болады. Облыс әкімшілігінің Туризм басқармасы Тараз шеберлерін кәдесыйлар көрмесіне қатысуға және жаңадан ашылған орталыққа келіп, қолөнершілерге шеберлік сыныптарын өткізуге шақырады. Негізі-нен, шеберлердің мақсаттары әртүрлі болып келеді. Бірі өнімін сату мәселесіне қызығушылық танытса, енді бірі жаңа бір нәрсені үйренгісі келеді. Өз жұмысымен атын шығару үшін көрмеде істейтін де шеберлер жоқ емес».

Любовь Полунинаның айтуынша, көрмеге өз қолынан шыққан өнімдерін пайда табу үшін емес, алдымен жұмысын халыққа таныстыру мақсатында қойған.

«Көрмедегі сатылымға өзім тоқыған қуыршақтарымды, тоқылған аяқ киімім мен түрлі маталардан тігілген сөмкелерімді шығардым. Десе де, түсетін пайда туралы әңгіме қозғауға әлі ерте. Мен коммерциялық мақсатты көздемеймін. Керісінше, мұны өз шығармашылығымды жетілдіру үшін берілген жақсы мүмкіндікке балаймын. Қаламызда қолөнершілер орталығының ашылып, бой көтергеніне қуаныштымын. Бұрын шеберлерімізде өз өнімдерін халыққа ұсына алатын арнайы алаң болған жоқ. Ал, шеберлер жәрмеңкесі жылына бір-екі рет қана өткізіліп тұратын. Менің Instagram желісінде парақшам да бар. Бірақ, үш жылда әлеуметтік желінің көмегімен бар болғаны екі зат сата алдым. Енді шеберлердің әрқайсысымен туризм бөлімі арнайы келісім жасады. Кәдесыйларды қабылдау актісін берді. Сол арқылы айына бір рет еңбекақымызды ала аламыз. Сонымен қатар, бұйымдарды сату үшін де, ғимаратты жалға алу үшін де орталық бізден ақша талап етпейді. Мысалы, Алматыда қолөнершілер жәрмеңкесіне қатысу үшін он мың теңге көлемінде жарна төлеу қажет. Ал, Тараздағы қолөнершілер орталығында өтетін сауда көрмелеріне қатысу шеберлердің шығармашылығын жетілдіруге арналған қосымша ынталандыру деп білемін. Мен өткен жылдың желтоқсан айындағы халықаралық көрмеде Қазақстан Суретшілер одағының мүшелерімен кездестім. Олар көптеген қызықты жәйттерді әңгімелеп, өз білімдерімен, тәжірибелерімен бөлісті», – деп ағынан жарылды Любовь Полунина.

Өз кезегінде керамикалық бұйымдардың шебері Вера Площенко да өз шығармашылығы туралы қысқаша мәлімет берді: «Мен Тараздағы техникалық шығармашылық орталығында көркем модельдеу және безендіру үйірмесінде жұмыс істеймін. Керамика – менің хоббиім. Қолөнершілер орталығындағы сауда көрмесінде мен «Ауыл» деп аталатын топтамамды сатылымға шығардым. Бұл әртүрлі күлкілі кейіпкерлерді бейнелейтін он екі мүсіннен тұратын топтама. Әр мүсінді он екі мың теңгеге бағаладым. Кейбіреулер үшін ондай баға артық болып көрінуі мүмкін. Алайда, бір мүсінді жасау үшін кем дегенде бір күндік жұмыс қажет. Оған электр энергиясы мен муфельді пешті жағуға кететін шығынды қосыңыз. Керамика туралы шеберлік сыныптар өткізуді айтпағанда, шығатын шығынның мөлшері көп болады. Мен мұны туристер үшін дұрыс деп ойлаймын. Сатылымның қаншалықты жақсы деңгейде болатынын айту қиын. Әлі көп уақыт өтпеді. Ұзамай белгілі болады. Әртүрлі ынтымақтастыққа да дайынмын. Мен қолөнершілер орталығының ашылуын жағымды оқиғалардың бірі деп санаймын».

Орталықтың екінші қабатында жеті түрлі шеберхана, аудитория және «Тараз-Туризм» туристік-ақпараттық орталығының кеңсесі орналасқан. Олар әзірге орталықты керекті құрал-жабдықтармен, шығармашылық ортаны ұйымдастыру жұмыстарымен айналысып жатыр. Жақында есігін айқара ашып, толыққанды жұмыс кестесіне өтеді.

«Қолөнершілер мен туризм орталығы ашылған күні жамбылдық тіс қаққан кәнігі шеберлер «Аспара» модельдік және бизнес колледжінің студенттеріне шеберлік сабақтарын өткізіп, өз тәжірибелерімен бөлісті. Шеберлік сабақтарында студенттер қыш бұйымдар жасауға, тоқыма тоқуға, ағаш кесуге үйретілді. Шеберхана қабырғала-рының әдейі әйнектен жасалынғанын да айта кеткеніміз жөн. Бұл кәдесыйлар мен бұйымдардың қалай жасалатынын туристердің өз көздерімен көруі үшін жасалған. Сондай-ақ, шетелдік туристерді шеберлік сабақтарына қатыстыру үшін біз оларға аудармашы ұсынуға дайынбыз», – дейді Ішкі және сыртқы туризмді дамыту бөлімінің басшысы Айнұр Ақпаева.

Жамбыл облыстық Туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекованың айтуынша, Туризм ассоциациясы мен «Алтын керуен» туристік орталығының бірлесіп жасаған бағыты Қолөнершілер мен туризм орталығының меншігіне жатады. Бағыт арқылы туристер Тектұрмас, Қарахан, Айша бибі сияқты тарихи ескерткіштер мен қаланың өзге де көрікті жерлерін аралай алады.

Таразда орын алып жатқан мұндай оң өзгерістер жергілікті тұрғындардың да көңілдерінен шығуда. Өйткені, 360 мыңдай халқы  бар  қала  былтыр  тотыдай түрленді. «Көне Тараз» этномәдени кешені де, жергілікті «Арбатқа» айналған алаң да қала мен қала қонақтарының көз қуанышына айналып келеді.

КӨНЕ ШАҺАР КӨРКЕЙІП КЕЛЕДІ

Рас, Жамбыл облысының орталығы жылдан жылға көркейіп келеді. Ал, тамыры тереңге тартылған көне қалаға шетелдік туристерді тарту, олардың үміттерін ақтау – тараздық кәсіпкер Ілияс Отанның айнымас ұстанымы.

Кәсіпкер пікірлестер тобымен республика көлемінде бірнеше авторлық тур ұйымдастырды. Ілияс Отанның құлшына атқарған жұмыстарының арқасында шетелден келген қонақтар Байқоңыр, Арал, Шымкент, Түркістан қалаларымен бірге Жамбыл облысына да саяхаттап қайтты.

«Менің мақсатым – Қазақстанда, оның ішінде кіндік қаным тамған Таразда туризмді дамыту. Шетелдіктермен жасаған қарым-қатынастарымнан жинаған тәжірибеме сүйеніп айтар болсам, саяхатшылардың басым көпшілігі ежелгі мәдени-тарихи сәулет өнерінің көзіндей болып қалған ескерткіштері бар, үйлесімді атмосферасы бар шағын қалаларда болғанды жөн көреді», – деп санайды Ілияс Отан.

Кәсіпкердің айтуынша, саяхатшылар арасындағы танымал платформа Workaway.info арқылы шетелдік туристермен өзара байланыс орнатады. Платформаның мақсаты – түрлі халықтар арасындағы мәдени байланысты нығайту болып табылады.

«Жыл сайын біз жаңа бағыттардан құралған жобаларды дүниеге әкелуге тырысамыз. Мысалы, биыл маусым айында киіз үй  қалашығының  жобасын іске асыруды көздеп отырмыз. Сондай-ақ, бұл шараға Таразды Азия бойынша туристер ең көп ағылатын рухани-тарихи орталыққа айналдыруға бір кісідей атсалысатын еріктілерді тартуға тырысатын боламыз», – деген Ілияс Отан өзінің осындай жоспарларымен бөлісті.

Тараздық кәсіпкердің пікірінше, Workaway.info платформасы еріктілер мен гидтерге тілдік ортаға түсу мүмкіндігі тұрғысынан пайдалы болуы ықтимал. Әсіресе, бұл алдағы уақытта туризм саласында маман болуға ниеттенген студенттерге септігін тигізеді.

Айта кетейік, Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті мен Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің Туризм мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттеріне «Тараз-Туризм» ақпараттық база орталығында тәжірибеден өтулеріне мүмкіндік бар. Қазіргі таңда аталмыш ақпараттық орталықпен бірігіп Ілияс Отан да өнімді жұмыс жасауда.

Айтпақшы, биылғы жылы Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде аталған мамандық бойынша білім алған студенттердің алғашқы легі қолдарына дипломдарын алады. Колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Саят Қойшыбаевтың айтуынша, 2017 жылы мемлекеттік тапсырыс аясында 25 талапкер туризм мамандығына оқуға түскен. Ал, былтыр бірінші курсқа 12 адам ақылы бөлімге қабылданған. Жақында колледждің бір топ студенті «Тараз-Туризм» туристік орталығы негізінде өндірістік тәжірибеден өтті. Осының арқасында жігіттер көптеген жаңа нәрселерді біліп, шетелдік туристермен ағылшын тілінде сөйлесуге машықтанды.

«Біз Португалия, Италия, Аустралиядан келген туристермен кездестік. Оларға арнап турлар өткіздік. Әсіресе, 51 жастағы аустралиялық турист Питер Кэнон ерекше есте қалды. Ол әлемді аралауда. Қазір оның бүкіл өмірі саяхаттаумен өтіп жатыр. Осы кездесулердің барлығы бізді шабыттандырады. Біз білікті маман болудың қыр-сырын мұқият зерттей бастадық. Себебі, гид-экскурсовод қонақтарды қабылдаушы елдің жауапты өкілі, өз жұмысы арқылы халықтар арасындағы достықты, мәдени байланысты нығайтады», – дейді аталған колледждің студенті Батыр Нұрмерген.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Иә, туризм халықтар арасындағы достықты, мәдени байланысты нығайтады. Еліміздің туризм саласын дамытсақ, әлем елдеріне төл мәдениетімізді де насихаттауға қол жеткіземіз. Біріншіден, бұл – елді насихаттаудың төте жолы, екіншіден, бұл – ел қазынасын толтыратын табысты сала. Осыны жақсы түсінген әлемнің бірқатар елдері туризмді мықтап қолға алған. Мәселен, Дүниежүзілік туризм ұйымы 2019 жылдың алғашқы жартысында-ақ туристердің саны 671 млн адамға жеткенін хабарлады. Бұған туристік маусым саналатын шілде, тамыз, қыркүйек айларындағы туристер санын қосыңыз. Былтыр Франция 93,2 млн, Испания 82,8 млн, АҚШ 82,2 млн, Қытай 62,9 млн, Италия 62,1 млн, Түркия 45,8 млн, Мексика 41,4 млн, Германия 38,9 млн, Таиланд 38,3 млн туристерді құшақ жая қарсы алыпты. Демек, бұл елдердің туризмнен қыруар қаржыға кенеліп отырғаны айтпаса да түсінікті. Ал, барша әлем халықтары өз мәдениетін, тарихын, табиғатын туризм арқылы насихаттап, экономикасын көтеріп жатқанда, таңғажайып табиғаты, тамыры тереңге тартылған тарихы, қайталанбас бай мәдениеті бар Қазақстанның көштен қалғаны әбестік болар. Сондықтан мемлекет те турзимді дамытуды көздеп отыр.

ФАРАБИ СӘЙКЕНОВ, «QAZAQ»-ТЫҢ ШОЛУШЫСЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here