ТОКИОҒА АММАН АРҚЫЛЫ БАРАТЫН ЖОЛ: ИОРДАНИЯ АСТАНАСЫНА КІМДЕР БАРАДЫ?

0
1632

Келесі  айда  Амманда  бокстан  Азия  аймақтық  Олимпиадаға  іріктеу турнирі  өтеді.  Бұл биылғы  жылдың  24 шілдесінде Жапония  астанасы  Токиода басталатын Олимпиадаға Амман арқылы баратын жол  болғандықтан  Иордания  астанасына  3-11  наурыз  күндері  Азияның  кілең «сен тұр,  мен  атайын» деген  мықты  боксшылары  жиналады.  Сейсенбі күні, 18 ақпанда бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас  бапкері  Ғалымбек  Кенжебаев  Олимпиадалық  іріктеу  турниріне  қатысатын қазақстандық былғары қолғап шеберлерін атады.

Ғалымбек Кенжебаевтың сөзіне сенсек, 28 ақпанда Амманға сегіз қазақстандық боксшы аттанады. Айталық, 52 келіде Сәкен Бибосынов, 57 келіде Серік Теміржанов, 63 келіде Закир Сафиуллин, 69 келіде Абылайхан Жүсіпов, 75 келіде Әбілхан Аманқұл, 81 келіде Бекзат Нұрдәулетов, 91 келіде Василий Левит, 91 келіден жоғары салмақта Қамшыбек Қоңқабаев шаршы алаңға шығады.

 

Айта кетейік, соңғы үш Олимпиада ойындарында 69 келіде қазақстандық боксшылар «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» атанды. Бейжіңде Бақыт Сәрсекбаев (2008), Лондонда Серік Сәпиев (2012), Рио-де-Жанейрода Данияр Елеусінов (2016) Олимпиада чемпионы атанғанын ұмыта қойған жоқпыз. Яғни, бұл жақсы дәстүр биылғы Олимпиадада жалғасуы үшін біздің боксшылар барын салады. Ал, Амманда бұл салмақта ел намысын әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері Абылайхан Жүсіпов қорғайды. Демек, 23 жастағы боксшыға артылған жауапкершілік жүгі де ауыр.

«Амманға баратын барлық боксшы да мықты, өз салмағының үздіктері. Әрқайсысы өзін жақсы қырынан көрсетуге қауқарлы. Бұл оларға берілген жақсы мүмкіндік. Екінші мүмкіндік оларға берілмейді. Амманға баратын боксшылар сол мүмкіндікті пайдалану үшін барын салады. Өйткені, бұл Олимпиадаға апаратын төте жол. Жалпы, ұлттық құрамада Олимпиада ойындарында ел намысын қорғауға лайықты боксшылар аз емес. Бәрінің де қабілет-қарымы бірдей. Ішінде тәжірибелісі де, болашағынан зор үміт күттіретіндері де бар. Соңғы уақытқа дейін Амманға қай боксшыларды апаратынымызды білмей қиналдық. Яғни, ұлттық құрамада бәсекелестік жоғары. Дегенмен, Токио Олимпиадасына жолдаманы алу үшін Азия аймағындағы іріктеу турниріне баратын сегіз боксшыны бапкерлік кеңес таңдап алды. Алдымен боксшының әлемдік рейтингтегі орнына, физикалық дайындығына және соңғы додалардағы көрсеткіштеріне назар аудардық. Ал, боксшылардың дайындығы жоғары деңгейде өтті. Олардың алаңсыз жаттығуларына барлық жағдай жасалды. Куба, Англия, Германия былғары қолғап шеберлерімен бірге дайындалды», – деді Ғалымбек Кенжебаев.

Бас бапкердің айтуынша, Амманға баратын барлық боксшының алдына Олимпиада лицензиясын алу міндеті қойылды. Ал, жоспар толық жүзеге аспаса, ұлттық құраманың қоржынында кем дегенде алты лицензия болуға тиіс. Бұл турнирде барлығы 63 лицензия сарапқа салынады.

Айта кетейік, Амманда бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының барлық сегіз лицензияны алуға шамасы келмесе, онда соңғы мүмкіндік екі айдан кейін тағы беріледі. Токио Олимпиадасына жолдама беретін келесі іріктеу турнирі мамыр айында Парижде өтеді.

Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ, «Qazaq»-тың шолушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here