Абайдың әкесі және өзі өскен ортадағы аналар

0
549

Құнанбай Өскенбайұлы 1804 жылы бұрынғы Семей облысы Шыңғыстаудың бауыр жағына құлай ағатын «Хан өзені» деген өзеннің жағасында туған. «Өз басы бір шешеден жалғыз. Қалың дәулет пен әмір, билік иесі. Үлкен әкесі Ырғызбайдан тараған осы мына жиырма ауылдың мынандай топтарының ішінен бірде-бір жан әлі күнге Құнанбайдың алдынан көлденең шығып көрген емес».

Өскенбайдың баласы Құнанбай да ат жалын тартып мінісімен ата жолын қуып, шағын ауылды басқаратын старшина, Тобықты елін басқаратын болыс управителі, кең атырапты Қарқаралы дуанын басқаратын аға сұлтан дәрежесіне дейінгі сатылардан өткен даланың беделді де білікті адамдарының бірі болған.

Құнанбайдың отбасы туралы айтар болсақ – ол ұзақ өмірінде төрт әйелге үйленген. Бәйбішесі – Әйбөбек («Күнке» деп атап кеткен), Екіншісі – Ұлжан, үшіншісі – Айғыз, төртіншісі – Нұрғаным.

Құнанбай заманындағы архив деректерінен отбасы туралы біраз деректер табылған. Оның бірі – Құнанбай Өскенбаевқа 1852 жылы 24 желтоқсанда толтырылған бас жұмыс – іс қағазы. Орыс тілінде жазылған бұл құжат 1976 жылы Мәскеудегі әскери-тарихи архивтен табылды. Сол іс-қағазында Құнанбай жөнінде мынандай деректер айтылады: «Үш әйелге үйленген: Әйбөбек, Ұлжан, Айғыз. Бірінші әйелінен ұл балалары: Құдайберді 1830 жылы 30 октябрьде, Ысқақ 1847 жылы 11 майда туған, екінші әйелінен: Тәңірберді 1834 жылы 21 мартта, Ибрагим 1846 жылы 15 июньде, Оспан 1852 жылы 15 сентябрьде туған. Үшінші әйелінен: Халиолла 1849 жылы 11 апрельде, Смағұл 1852 жылы 1 июньде туған» деп көрсетілген.

Архив деректерінде оқырмандардың бұрын назарына ілінбеген ойландыратын жайлары да бар: «Әйбөбек деп жазылған – Күнке. Ысқақ Ұлжаннан туған, ол Күнкенің бауырында өскен, сол себептен Күнкеден туған болып жазылған».

Екіншісі – академик Әлкей Марғұлан тауып, «Жұлдыз» журналының 1982 жылғы 4-санында жарияланған дерегі, бірақ автор қай архивтен алынғанын көрсетпеген.

Құнанбай әйелдері ішінде қазақ салтымен бірінен туған баланы бірі бауырына салып өсіргендіктен бұл деректерде Құнанбайдың қай баласы қай әйелінен  туғанын және олардың туған жылдарын жаңылыс көрсетіп, бір-біріне қайшы келетін тұстары бар.

Енді Құнанбайдың әйелдеріне тоқталмақпыз.

Күнке – Құнанбайдың бәйбішесі. Архивте кездесетін аты – Айбөбек. Руы Найманнан шыққан Ағанас бидің қызы. Күнкенің туған-өлген жылдары туралы мәлімет жоқ. Күнкеден Құдайберді 1830 жылы 20 қазанда туған. «Күндестің күлі де күндес» дейді қазақ. Романда да Күнке Ұлжанмен күндестік таластырудан аса алмайтын дәрежеде ғана суреттелген. Ұлжанға кінә таққыштап, Абайдың көзінше әр түрлі сөздер айтатын. Оны «абысын-ажынға да, ағайын-жақын үлкенге де, тіпті бала-шағаға да жамандай бергіш  еді» дейді жазушы. («Белесте). Тіпті, Абай ауылына Біржан ақын келгенде: «Абай-ау, шырағым-ау, мұның не? Кімге өнеге беріп тұрсың? Кімді асырып, асқақтатып тұрсың, осынша басындырып?» деп кінә тағады. («Жайлауда»). Сөйтіп Күнке романда көп ретте жағымсыз жағынан көрінеді. Күндестік деген сұм мінездің ызғары басылған ба! «Мұсақұл соғысына» байланысты Құнанбай Қарқаралыға кеткелі Күнке Ұлжанға кінә таға береді. «Мырзаның жайы не? Не күйде жүр? Оны ойлап Ұлжан қысылмайды ғой. Қасына ағайынды, елді жиып, үлкен үйді мырза бардағыдай қан базар ғып отыр» деп жазғырады. Әрине, Ұлжан үйінің сойысы көп болғанға Күнке күйінеді. Ол да күндестік пен бәсекенің қиын да шытырман жері болатын. («Белесте»).

Омбы архивіндегі Құнанбайдың қылмысты ісінде Күнкенің аты аталатын жерлер бар. Тергеуші Күнкеден Құнанбайдың елден жылқы, түйе жинап, оны өзі пайдаланып кеткендігін сұрайды. Күнке күйеуінен қорыққанынан бұл жайлы айта алмайтынын және денсаулығының нашарлығынан Байсал Әйтиевпен беттесе алмайтындығын айтыпты, істе осылай жазылған. Бұл тергеу 1852 жылдары жүргенде Күнке 40 жас шамасында екен.

Ұлжан – Құнанбайдың екінші әйелі – (1810-1887). Ұлжаннан туған Құнанбайдың балалары: Тәңірберді – 1844 жылы, Ибраһим – 1845 жылы, Ысқақ – 1847 жылы, Оспан – 1852 жылы туған. Бұл деректер Мәскеудегі архивтен Халиолла Өскенбаевтың ісінен тауып алынды.

Ұлжанның төркіні туралы айтар болсақ, орта жүздің үлкен бір руы Қаракесек Болатқожа баласынан тарайды. Болатқожа баласы – Шаншар. Шаншардан Нұрбике, Әйбике деген әйелдеріне тараған ұрпақтарды аналарының атымен қатар айтып, Әйбике-Шаншар, Нұрбике-Шаншар деп атап кеткен. Архивтерде осы атаумен жазылып отырған. Нұрбике-Шаншардан – Бертіс би туады. Бертістің: Мөшеке, Битен, Шитен есімді немерелері болған. Мөшекеден – Қазанғап, Қазанғаптан атақта күйші, композитор Тәттімбет  туады. Битеннен – Қантай, Тонтай, Тұрпан деген ұлдар тарайды. Тұрпаннан – Ұлжан, Молқара атты қыздар туады. Ұлжанның әкесі Тұрпан. Құнанбай Нұрбике-Шаншар еліне күйеуде, ал Абай бұл елге  жиен болып келеді. Ұлжанның есімі Омбы архивтеріндегі Құнанбайға қатысты  қылмысты ісінде айтылады.

Айғыз – Құнанбайдың үшінші әйелі. Одан Халиолла мен Смағұл туған. Романда көп айтылмайды, тек балаларына қатысты жерлерде ғана суреттеледі. Абай Семей медресесіндегі оқуын тәмәмдап, ауылына келгенде, сұлу жүзді Айғыз оны қарсы алып: «Пай, жаман қатындар, сілекейлеп, баламыздың бетінен сүйер жерде қалдырмады-ау!» деп паңдана күліп, Абайдың көзінен сүйеді («Қайтқанда»), Асыққа таласып, қызыл құлжасынан айрылып қалған Смағұл Оспанмен төбелесіп қалғанда, арасына түскен Абайға Айғыз ауыр сөздер айтады. «Ұрған жақсы болса, ертең оқудан келер Қалел де сенің сыбағаңды берер!» деп орысша оқуда жүрген үлкен баласын арқа тұтады. Жасақтасып, төбелескелі тұрған екі ауылдай. «Тоқал демексін, мүйіздемексін ғой бірігіп ап.. Көрермін… Келсін ертең» деп шапылдағанын қоймайды. Ескерткені – Құнанбай. Бел қылғаны – сол».

 Қарқаралыдағы байлау бойынша Құнанбай ауылына бала алуға Бөжейлер келген кезде үйінде жер бауырлап жылап жатқан Айғыздың қолынан Кәмшатты Қарабас алып, киіндіреді. «Апа!.. Апа!.. Әже!…» деп шырылдап, қорқыныш қысып, зар қаққан баласынан айрылып, ет бауыры езіліп, не істерге шамасы болмай, Айғыз қалады еңіріп. «Ол Кәмшат кеткелі қатты жүдеу. Үлкен қара көздері алаңқырап, барлық жүзі сұрланып, ақшыл тартыпты. Шеке тамырлары көкшілденіп, әдемі жүзіне уайым көлеңкесі түскен тәрізді. Үнсіз уайымдаған ана – қаралы. («Шытырманда»). Кейін Кәмшаттың ауру екенін естігенде, көзіне жас толған Айғыз «Қарашығым, балапаным-ай, сормаңдай жетімегім-ай! Не қарғысқа ұшырап туып ең? дей беріп еді, Құнанбай «тоқтат» деп тыйып тастады. Күйеуінің әміріне жасқанып өскен Айғыз салбырап, сыбырлап сөйлеп, тұншыға жылады». («Жолда»). Сөйтіп сорлы ана үлкен аяныш зарын төгеді, жан ұшыра күйінеді, ауыр азап шегіп, зор күйзеліске ұшырайды.

Айғыздың аты да Құнанбайдың қылмысты ісінде бірнеше жерге аталып, жауап алынады.

Нұрғаным (1843-1911) – Құнанбайдың төртінші әйелі. Құнанбай Нұрғанымға 1855 жылдардың шамасында үйленген. М.Әуезовтің үшінші атасы – Бердіқожаның қызы.  Әуездің қарындасы. Көп ұлдардың ішіндегі жалғыз қыз. Бердіқожаға кісі салғанда, көп қатын алу әзірше өз тұқымына салт болмаған қожа әуелде үркіп кетеді. Әрі Нұрғаным мұның жақсы көретін баласы еді. Бірақ қожа балаларының айтқанынан шыға алмай, амалсыз көнеді. «Өзі жас та болса, кесек, ірі денелі, нұр жүзді болатын. Әсіресе толқынды қара қою шашы мен бет бітімі бөлек. Жүзіндегі әдемі қызылымен қатар, бет тұлғасы да сұлу. Шошақтау біткен, үлкен қара көздерінде аса бір қайратты ашудың және естіліктің оты болатын». («Қияда»). Құнанбай басқа әйелдерінің балаларының қарсылығына қарамай, қалыңмалымен жыртысты бірақ жіберіп, бір қыстың ішінде Нұрғанымды Ақшоқыға әкеп түсіртеді. Бұл кезде Құнанбай елу жаста еді. Нұрғанымнан бір ұл туған, бірақ есейіп қалған кезде оны ат сүйретіп өлтірген. Бір қыз туған, ол жастай қайтыс болған. Балалары өле берген соң, Абайдың Ділдәдан туған Ақылбайды бауырына салып өсірген. Құнанбай балаларының ешқайсысы оның алдынан кесе көлденең өтпеген. Құнанбай тірі кезінде қолына асырап алған немересі Ақылбайға Найманның Мұрын деген еліндегі қарадан хан болған Қисық мырзаның ел басқарған баласы Жұмақанның қызы Ізханды айттырып алып берген. Сөйтіп ол Нұрғанымның қолына келін болып түскен. Бойы үйреніп алған соң, Нұрғанымның жұмсағанына көнбей, кеудесін көтеріп: «Сендей қожаның қызының әмірі маған жүрмейді. Менің кімнен туғанымды білесің бе?» деп екеуі сыйыса алмайды. Бұл – Құнанбайдың жоқ кезі. Абай әкесінің жылын бергеннен кейін, Ақылбайға енші беріп, бөлек отау ғып шығарады да, Нұрғанымды өз қолына алады. 1865 жылы сегізінші қарашада  Құнанбай өз қолымен арабша хат жазып, Омбыда кадет корпусында оқып жатқан ұлы Халиоллаға елдің үй-ішінің амандығын айта келіп, «Нұрғаным ханым науқас» –  деп,  Нұрғанымның есімін өз аузынан атап жазады. Осыдан басқа Нұрғаным есімі аталатын архив жоқ. Нұрғаным Ақшоқыда жерленген.

Құнанбай – тағылымы мол, бойында адамға тән жақсылық қасиет заманнан заманға үлгі боларлық, ұлттық сананы сақтап қалған тұлға. Оның балаларына жасаған әкелік қамқорлығы, қазақ үшін, бүкіл ұлтымыз үшін мақтан тұтарлық әке екендігі мұрағат құжаттарын  ақтарғанда айқын көрінеді. Балалардың дүниеге келуі мен өсуіне, олардың жастайынан бітім-болмысының жетілуіне көреген әке көп мән берген. Олардың рухани танымына бағыт берумен қатар, мінез-құлқының қалыптасуына қарай жағдай жасап, ақыл-кеңес беріп отырған.

Құнанбай – бірнеше әйел алған адам. Бір әйелден туған баланы басқа әйелдерінің бауырына салу арқылы балаларын бауырмалдыққа, бірлікке тәрбиелеп  отырған.

Нұрсұлу САНАҚБЕКҚЫЗЫ, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің жетекші ғылыми қызметкері

О. Волощук суреті. Абай Байкөше ақынды тыңдап отыр. 1948 ж.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here