Қиын түйіндерді тарқатқан салиқалы сұхбат

0
658

Ел газеті «Егемен Қазақстанның» биылғы 5 мамыр күнгі санында жарияланған Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Еліміз бұл қиындықтан шыңдалып шығады» атты сұхбатын оқығанда оқшауланып, төрт қабырғаға қамалып отырған халықтың көңілі көкке көтеріліп, жаны жадырап қалғаны зайыр. Ел өміріндегі елеулі мәселелерді кемел ойлы кемеңгерлікпен кеңінен толғап, талай түйіндерді шебер тарқатқан бұл салиқалы сұхбатты келешегі кемел, бүгіні бекем, елімізді алға бастар адастырмас бағдаршам десек артық айтқандық емес. Сұхбатта айтылған ойлар көптеген түйіні қатты проблемаларды  нақты мысалдармен тарқатып берді.

Бейнелеп айтсақ, мемлекет – алып бәйтерек, ауыл – сол бәйтеректің тереңге кеткен тамыры. Тамыр су алса бәйтерек қурайды, тіпті құлап та қалады. Міне, сол ауылдың мәселесі, ел экономикасының мықты тірегі, ауыл шаруашылығының жайы сұхбатта жан-жақты талданып, жақсы баяндалған.

Мемлекет басшысы былай дейді: «Мәлімдемеде айтылғандай биыл көктемгі егіс науқанына және өнімді алдын ала сатып алуға 200 млрд теңге бөлінді. Соның 70 млрд теңгесі тұқым өндірісін дамытуға, тыңайтқыш сатып алуға жұмсалды. Сонымен қатар, шағын және орта шаруа қожалықтары жанармайды арзан бағамен алады. Осыған орай 390 мың тонна дизель отыны жеңілдікпен сатылуда. Мұның бәрі мол өнім алуға септігін тигізеді деп сенемін. Қазір халықты азық-түлікпен қамту – негізгі мәселенің бірі. Мен мұны Үкіметке де, әкімдерге де тұрақты бақылауды ұстауды тапсырдым. Жалпы, елімізде азық-түлік жеткілікті. Алдағы кезеңде бағаны қымбаттатпай, елді дүрліктірмей, жұмысты дұрыс жүргізген жөн».

Ақылға сиымды, көңілге қонымды сөз бұл!

Даланың дала шалдары біліп айтқан:

Өсер елдің арманы көп,

Өшер елдің жанжалы көп.

Құдайға шүкір, бүгіні бекем, келешегі кемел Қазақстанның жанжалы жоқ, арманы көп.

Ертеден жеткен ескі сөз – есті ақыл былай дейді:

– Ырыс қайда барасың?

– Ынтымаққа!

– Бақыт қайда барасың?

– Бірлікке!

Еліміздің бірлігі – елдің де, ердің де бақыты. Сол бақытымыз баянды болуы үшін Мемлекет басшысы бастап, халық қоштап, татулық пен тұрақтылықты нығайта берсек, біз еңсермейтін қиындық, еліміз алмайтын асу жоқ. Осыған орай Мемлекет басшысы осы салиқалы сұхбатында былай дейді: «Ең алдымен қоғамның береке-бірлігі бекем болуы керек. Бұған билік пен халық арасында тұрақты диалог орнату арқылы қол жеткізуге болады. Осыған орай Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды. Оның негізгі мақсаты – қоғамдық сананы жанғыртуға арналған, ауқымды шаралар ұйымдастыру, өзекті мәселелерді талқылап, тиімді ұсыныстарды әзірлеу. Бүгінге дейін кеңестің екі отырысы өткізілді. Саяси, экономикалық және әлеуметтік жаңғырту бағыттары бойынша көптеген ұсыныс жасалды. Қоғамды алаңдатқан түрлі мәселелелер қызу талқыға түсті».

Бұл да шын сөз! «Нағыз құдіретті сөз – шын сөз» деп даналар айтқан қасиетті қағиданың үдесінен шыққан алтынға бергісіз асыл сөз бұл.

Дана басшы көшбастар, ел ертеңі – жастар!

«Ең маңызды мәселе – ауылдағы жастарға жағдай жасап, оларды жұмыспен қамтамасыз ету, – дейді Президент, – әйтпесе бақылаусыз миграция урбанизацияға ұшырап, соның салдарынан күрделі әлеуметтік және саяси мәселе шешуімізге тұра келуі мүмкін. Міне, біз осындай қиыншылықтарды көре бастадық, әсіресе бұл ірі қалаларда байқалуда. Осы мәселелер мемлекеттік органдардың ұдайы назарында болуы керек. Мен талантты да талапты жастарға сенім артамын. Сол себепті «Президенттік жастар кадрлық резервін» құрып, «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққан 300 жасты іріктеп алдық. Олардың біразы қызметке орналасты. Тиісті мемлекеттік органдарға жастар саясатына арналған кешенді бағдарламаны әзірлеуге тапсырдым».

Бұл да ел өміріндегі өзекті мәселе. Осы өткір мәселені оралып өтпей, оған нақты, дәйекті жауап берген Президент сөзіне біз дән ризамыз.

  Мемлекет басшысы ерекше көңіл бөлген өткір мәселенің бірі өз сөзімен айтсақ: «Елді алаңдататын өзекті мәселенің бірі – баспана екені белгілі. Осы бағытта да ауқымды жұмыстар атқарылды. Үкімет алдына Елбасы ұсынған «Бақытты отбасы» бағдарламасының аясын кеңейтіп, тұрғын үй құрылысын жандандыру міндеті қойылды. Соған сәйкес, биылдан бастап жыл сайын көп балалы және мүгедек балалары бар 10 мың отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Аз қамтылған және көп балалы отбасыларға арналған әлеуметтік көмектің жаңа түрлері енгізілді. Мысалы, көп балалы отбасыларға табысына қарамай жәрдемақы беріле бастады, жарты миллионнан астам азаматтың 300 мың теңгеге дейін кепілсіз несиесі өтелді. Бұл бастамалар халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған».  

Жан сүйсінткен жақсы сөз бұл!

Бір сөзі бір сөзінен мәнді, дәмді сұхбаттың өзектілігі сондай оның кез келген тұсынан халықтың көңілінен шыққан, кермиық, көркем сөздерді көптеп келтіре беруге болады. Соның бірі және бірегейі мынау: «Жаңа сынаққа төтеп беру үшін ең алдымен ұлттық құндылықтарды қорғай білген жөн. Ана тілімізді, салт-дәстүрімізді, ұлттық сана сезімімізді, қоғамдық татулық пен келісімді, береке бірлікті сақтай алмасақ, келер ұрпақ бізді кешірмейді. Әсіресе, мемлекеттік тілдің мәселесі өте маңызды. Тіл – ұлттық тұғыры, ұрпақтың ғұмыры. Қазақ тілі қазақты әлемге таныта алады. Халықтың тілі – халықтың төлқұжаты, мұны әрдайым есте ұстау керек. Біле білсек, ұлттық қауіпсіздік тілімізді қадірлеуден басталады».

Бұдан біршама уақыт бұрын «Ең бірінші – қазақ тілі болуы керек» деп көрікті сөз айтқан Мемлекет басшысы бұл жолы да көптің көңілінен шықты.

Распутиннің «Всегда во всем  нужно сохранить казаха казахом, в лице и в духе, киргиза – киргизам, а русского – русским. Только тогда между ними могут быть искреннее уважение и любовь» дегені және үнді халқының ұлы перзенті Ребиндрант Тагордың «Әрбір халық өзінің ұлттық қасиетімен әлемге таныта білуі керек. Егер ол ұлттың өркениетке қосар үлес болмаса, онда жер бетінен жойылу қасіретінің басталғаны. Және де адамзат тарихының дамуында – бұл кешірмес күнә» деген ұлағатты сөзі ойға оралады. Президенттің тіл туралы, ұлттық құндылықтар туралы айтқандары орыс пен үнді ғұламаларының ойымен үндесіп жатқан ұлағатты сөз!

«Төтенше жағдай күнделікті өмірімізге елеулі өзгеріс енгізді. Жоспарланған жұмыстарды, түрлі іс-шараларды кейінге қалдыруға мәжбүр болдық. Осындай кезде, ең алдымен, не нәрсе аса бағалы екенін түсіндік. Бұл – адамның өмірі, адами қарым-қатынастар, азаматтардың денсаулығы, қоғамның береке-бірлігі. Бір-бірімізге қолдау көрсетудің қаншалық маңызды екенін аңғардық. Қалған дүниенің барлығын біртіндеп ретке келтіруге болады. Пандемия кезінде бүкіл қоғамымыз сынға түсті, көптеген азаматтар қиын сәтте елге қызмет етудің үлгісін танытты. Бұл – парасатты патриотизмнің көрінісі, кез келген күрделі кезең адамдардың жігерін жанып, рухын қайрайды. Әлемге жайылған індет тұсындағы ахуал халқымызды одан әрі ұйыстыра түсіретіні анық».

Елдің бағын ашпаса,

Ер мұратқа жетер ме?!

Ерінің сағын сындырса,

Ел мұратқа жетер ме? – деп даланың данышпаны Әйтеке би тегін айтты дейсің бе?! Елдің бағына, халықтың бақытына орай ел тізгіні әлемдік деңгейдегі салиқалы, салмақты, парасатты басшы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолында болуы – Алла Тағаланың ерекше сыйы. Сол бақытымызды бағалай білейік. Бақыт бағалағанның басында тұрады. Елге көрік болған, ерге сенімді серік болайық! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев туралы айтқанда ойға Мари Франсуа Вольтердің «Мемлекетті құтқару үшін бір ғана ұлы адам жеткілікті» деген ұлағатты ойы мен Бұхар жыраудың «Қайғысыз ұйқы, ұйықтатқан ханым-ай» деген сөзі оралады. Ел бастаған көсемі көреген, халқы еңбеккер болса, ондай елдің еңсермейтін қиындығы, алмайтын асуы жоқ.

«Пенденің бәрі арманда, ақымақтың ғана мұңы жоқ» дейді Әбубәкір Кедері. Данышпан адамның арманы асқақ, мұңы көп. Сондай әлемдік деңгейдегі ұлағатты ұлы тұлғаның бірі де бірегейі – ел тізгінін қолына ұстаған Қасым-Жомарт Тоқаев. Оның мұңы – халықтың жағдайы, арманы – тәуелсіз Қазақстанның бүгіннен де жарқын болашағы!

Әлем жаһандану отына күйіп тұр,

Алла Алашты маңдайынан сүйіп тұр.

Ел бақытты болмай – ер бақытты болмайды. Ел бақыты – ерен еңбекте, ер бақыты – қиындықты қисынын тауып жеңбекте.

Біз біргеміз!

Сызат түсіп сөгілмейді іргеміз!

Аман болайық!

Сәбит Досанов, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Махмұд Қашқари атындағы «Түрік әлеміне сіңірген аса зор еңбегі үшін» халықаралық сыйлықтың лауреаты

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here