Ұлы Жеңіс – 75: Менің атам – майдангер

0
844

Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске биыл 75 жыл толып отыр. Ал, 1941 жылғы 22 маусым – тарихта мәңгі қалатын қасіретті күн. Сол сұрапыл соғыс жылдары уақыт өткен сайын ұмытыла бастағанымен, оның қасіреті мен жарасы әлі күнге дейін жазылар емес. Өйткені, соғыстың зардабы тимеген отбасы жоқ.

Менің атам Хамза Жауапов – Ұлы Отан соғысының ардагері. Сексен жасқа қараған шағында өмірден өтті. Туған жерінің топырағы бұйырды.

Атам бес уақыт намазын қаза қылмаған жан. Көзі тірісінде соғыстан кейін Гурьевтегі ескі қалашықта орналасқан «Құспан молда» мешітінде азан шақырушы болған.

Атамның Ұлы Отан соғысына қалай аттанғаны, тұтқындалғаны, туған ауылына қалай оралғандығы жөнінде әкем Пангерей Хамзаұлы күндердің бірінде әңгімелеп берген еді.

Кеңестік насихат бұл соғыстың себептерін бүркемелеумен ғана шектелмей, адам шығынын барынша жасыруға тырысты. Мәселен, 1945 жылы Сталин 7 млн адамды жоғалттық десе, 1961 жылы Хрущев оны 12 млн.-ға өсірді, ал КСРО Қорғаныс министрлігінің 1991 жылғы мәліметтері бойынша Ұлы Отан соғысында 28 млн.-нан астам адам қаза тапқан. Айталық, кейінгі деректер бойынша Кеңес мемлекетінің соғысқа дайын болмауы нәтижесінен 1941 жылдың маусым-қазан айларында 3 млн 900 мың адам неміс тұтқынына түскен. Бұл адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған сандар еді. Соғыс кезiнде Сталиннiң «Бiзде кеңес солдаты еш уақытта тұтқынға түспеуi керек. Бiзде тұтқындар жоқ» деген бұйрығы болды. Ал, 1941 жылы Сталинград түбiндегi шайқаста № 270 дейтiн бұйрық шықты. Онда: «Фашистермен соғысып жатқан совет солдаттары егер тұтқында кетiп бара жатса, өзiн-өзi атып тастауы керек. Егер тұтқындалып кететiн болса, туған-туыстарының барлығы сотталады» делiнген. Соғыс аяқталған соң кеңестік билік Германиядағы концлагерьлерде болған отандастарын елге қайтару үшін жалған уәделер берді. Бүкіл соғыс тарихында тұтқынға түскен кеңес жауынгерлерінің саны 5 млн.-нан асса, олардың 57 пайызы қаза тапқан. Соғыс тұтқындарының Отанына қайтып келгеннен кейінгі тағдыры да ауыр болды. 1943-1947 жылдарда 5,5 млн.-ға жуық соғыс тұтқындары мен Германияға жұмысқа айдалған азаматтар елге оралды. Олардың 20 пайызы ату жазасына немесе 25 жыл лагерьде жазасын өтеуге кесілді, 15-20 пайызы 5-10 жылға лагерьлерге жіберілді, 10 пайызы Сібірдің алыс аудандарына жер аударылды, 15 пайызы соғыста қирап қалған аудандарда ауыр жұмысқа салынды, бәрінен де өз еліндегі құзырлы органдар тарапынан көрсетілген қорлыққа шыдай алмай талай боздақ өзін-өзі өлтірді, қаншасы кеңестік концлагерьлерде із-түзсіз кетті. Тіпті, тұтқыннан қашып, өз «кінәсін» қанмен жуып, партизандар қатарында соғысқан жауынгерлерді де сталиндік билік кешірмеді. Солардың бірі – Нарын құмының тұрғыны Хамза Жауапов. 1942 жылы ол әскер қатарына алынып, Харьков түбінде шайқасқа аттанады. Сол жылдың маусым айында Кеңес армиясы жау қоршауында қалып, мыңдаған жауынгерлер, соның ішінде Х.Жауапов та тұтқынға түсіп, фашистердің концлагерінде азапты көреді. Ол 1944 жылы неміс тұтқынынан босатылып, Гурьевке қайта оралады. Алайда, сталиндік жүйе оны №270 бұйрық бойынша соғыстан кейін 6 жылға соттап, Сібірге, Чита қаласы маңына жер аударылып, Сібірде кеңестік концлагерьде отбасымен «қара жұмысшы» болып, тек 1956 жылы елге оралады.

Соғыстан кейін халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы тым ауыр күйде болды. Ең қарапайым тұрмыстық заттар жетіспеді, азық-түлік жағдайы да сын көтермейтін. Оның үстіне соғыстан кейінгі жылдары кеңестік жазалаушы құрылымдардың да қаһарлы ызғары қайтадан сезіле бастады. Өзара сенімсіздік, абайлап сөйлеу, үрей билеушілік сол уақыттағы адамдардың күнделікті өміріндегі үйреншікті құбылыстар еді.

Жер аударылғандардың тұрмыстық тіршілігін жаңа қоныстанған жерлерінде халық комитетінің ішкі істерінің арнайы комендатуралары бақылауға алып, тәртіп бойынша жиі-жиі тексеріп отыруды әдетке айналдырды.

Әрбір «өзім білемдік» тез арада ашылып отырды. Қоныс аударылғандар үш күн мерзім ішінде отбасындағы өзгерістерді, яғни баланың тууы, өлім, кеткен адамдар, ажырап қалған туысқандарымен табысу, емделу, тұрағының және жұмыс орнының ауысуы сияқты деректерді үнемі комендатураға хабарлауға тиіс болды. Олар өздері тұрған жерлеріндегі тәртіпке, күнделікті істелінетін істерге көңіл бөліп, қатаң бақылауға бағынулары керектін, өйтпеген жағдайда тәртіп бұзушы ретінде 100 сомға дейін айыппұл төлеп, 5 күнге дейін қамауға алынды. Жаңа жердің жағдайына, құқықтық ережелерге наразы болғандар қатаң қылмыстық жазаға тартылып отырды.

Ресейге арнайы Әскери құжаттама архивінен сұраныс сұратылып, онда Х.Жауаповтың туған жылы 1921 жылы деп көрсетілген. Дегенмен, Кеңес Одағы кезінде өмір сүрген халық өздерінің шын мәнінде қай жылы туылғандарын білмеген. Оларға тек бет-әлпетіне қарап, жасты белгілеп, ойдан туған жылдарын көрсеткен.

Егерде атамыз тірі болғанда биыл 109 жасқа және жұбайы әрі тылда жұмыс атқарған әжеміз Танзила Жүнісова 107 жасқа толар еді. Алайда, олардың жарқын бейнелері біздің, артында қалған ұрпақтарының жадында мәңгілік сақталары даусыз.

Атамыз бен әжеміз төрт ұлдары Пангерей, Бақтыгерей, Табыс, Ахметкерей мен екі қыздары Дәмеш пен Нұржамалды дүниеге әкеліп, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, қасиетті қара шаңырақтан алты жанұяны қанаттандырды. Қазіргі уақытта Жауаповтардың ұрпақтары тамыры тереңге кеткен алып бәйтерекке айналды.

Иә, өмірі өнегеге толы атамызды біз әрдайым мақтан тұтамыз.

Руслан ХАМЗА, майдангердің үлкен немересі

Атырау қаласы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here