Қыздар университетінің ерекшелігі неде?

0
335

«Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің әлеуметтік бес басым бағыты». Осындай атаумен оқу орнында республикалық онлайн семинар өтті, деп хабарлайды ЖОО-ның баспасөз қызметі.

Университет ұжымы мен студенттері және биылғы мектеп бітіруші түлектер қатысқан жиында әлемдегі бірегей білім ордасының өзіндік ерекшеліктері, ҚызПУ-дың 75 жылдық төл тарихындағы қол жеткен елеулі табыстары мен бүгінде жүзеге асырылып жатқан жүйелі жұмыстар көпшілік назарына ұсынылды.

Жиынды Қыздар университетінің қоғамдық ұйымдармен жұмыс жүргізу жөніндегі координаторы Әліби Несіпбаев ашып, шараның мәні мен маңызына тоқталды.

– Семинардың басты мақсаты –  «Елбасының бес әлеуметтік бастамасы» бағдарламасында көрсетілген міндеттерді нақты іске асыру. Қазіргі күнде әлемде тек қана қыздар білім алатын жоғары оқу орындары саусақпен санарлықтай. Осы орайда университет өзінің бірегейлігімен «Қыздар университеті» деген брендін қалыптастырды. Біздің көздегеніміз – осы уақытқа дейін қол жеткізген табыстарды еселей түсу, қазыналы қарашаңырақты шыққан биігінен түсірмеу. Халқымызда «Ұлтыңды тәрбиелеймін десең – қызыңды тәрбиеле» деген ұлағатты сөз бар. Университет ұжымы өз қызметінде осы ұстанымды басты бағдар ретінде ұстанады. Бұл – ізгілікке негізделген қоғам құрудың бастауы деп түсінеміз, – деді Әліби Несіпбаев.

Сондай-ақ басқосуда оқу орнының Әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Жаңагүл Сұлтанова сөз сөйлеп, университеттің парасатқа толы тарихына, жүріп өткен жолына шолу жасады.

– Білім ордасының ашылуына Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтпаев, Ілияс Омаров, Нұртас Оңдасынов, Ғабит Мүсірепов сынды ұлт зиялылары ұйытқы болып, қолдау көрсетті. Халқымыздың дарабоз перзенттері оқу орнының одан әрмен дамуына мұрындық болды. Өткенге шегініс жасайтын болсақ, Қыздар университетіне қазақтың даңқты ғалымдары басшылық жасап, оқу орнының дамуында өз қолтаңбаларын қалдырғанын бағамдаймыз. Бұл білім ордасы көптеген түлектер үшін альма-матер. Осы уақыт аралығында оқу орнын мыңдаған білікті педагогтар, тарихшылар, мәдениет саласының қызметкерлері мен тіл мамандары бітірді. Бүгінде киелі шаңырақтан шыңдалып шыққандар Отанымыздың дамуы жолында жемісті қызмет атқаруда, – деп атап өтті Жаңагүл Сұлтанова өз сөзінде.

Шара барысында Жастар ісі жөніндегі комитет төрайымы Дильяра Надирханова «Қыздар университеті студентінің бір күні», «Ұлпан» асханасының директоры Үміт Жүнісалиева «Аптасына 7 күн, күніне 3 мезгіл», Дене шынықтыру және спорт кафедрасының аға оқытушысы Мақсұтқан Шыныбаев «Университеттің спорт клубтары», «Сән әлемі» орталығының жетекшісі Ұлжан Алашабаева «Стиль сәнге қарағанда маңызды» және Студенттер үйінің студенттік кеңес мүшесі  Гүлбану Диханбаева «Университет жатақханаларының тыныс-тіршілігі» тақырыптарында танымдық ақпараттарымен бөлісіп, осы бағыттарда кеңінен мәліметтер берді.

Айта кетейік, Қыздар университеті бакалавриат, магистратура және PhD докторантура білім бағдарламалары бойынша педагог кадрларын даярлайды. Бүгінде оқу орнында 400-ге жуық жоғары санатты профессор-оқытушы қызмет атқарады. Олардың басым бөлігін білікті ғылым докторлары мен профессорлар, ғылым кандидаттары мен доценттер, PhD докторлары мен магистрлер құрайды.

Арулар ордасы – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне тиесілі 7 жатақхана бар. Оқу орны қалашағында орналасқан жатақханалар жанға жайлы әрі қолайлы. Онда фитнес залдары, сұлулық салондары, оқу залдары, кір жуатын бөлмелер мен ғаламтор желісіне қосылған компьютер сыныптары бар. Заманауи үлгідегі жатақханаларда студенттің алаңсыз сапалы білім алуына толыққанды жағдай жасалған.

Университеттің даңқы тек білім мен ғылымда ғана емес, сондай-ақ түрлі деңгейдегі спорттық жарыстарда да жиі шығып келеді. Қазіргі таңда оқу орнының баскетбол, волейбол, шағын футбол құрама командалары көптеген халықаралық, республикалық турнирлерде үздіктер қатарында, көш басында.

ҚызПУ-да студенттерді үш мезгіл тамақпен қамтамасыз ететін «Ұлпан» асханасы, «Аққу» бассейні, спорт кешендері, заманауи құралдармен жабдықталған зертханалар мен дәрісханалар бар.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here