«Тәуелсіздік тартуы» оқырманға жол тартты

0
1050

«Тәуелсіздік тартуы» кітабы тың идеяларымен дараланады. Көзі қарақты оқырман бұл кітаптың тақырыбының өзінен-ақ жаңа жинақтың аса маңызды да өзекті жайды қозғап отырғандығын бірден байқаса керек. Өйткені, тәуелсіздік біздің ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы армандап өткен мұраты емес пе еді.

Есімі елімізге белгілі қаламгер Асқарбек Бектемісов егемендік алған жылдардағы қол жеткізген толағай табыстарымыз бен жеңістерімізді көркем тілмен баяндайды.

Бұл мұқабасы әсем безендірілген, түсі көк туымызға ұқсас көлемді еңбек республикамыздағы беделді «Фолиант» баспасынан Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен мемлекеттік бағдарлама бойынша 3000 данамен жарық көрді. Туынды 320 беттен тұрады.

Қаламгер қазақ халқына талай дарынды да есімдерін күллі қазақ мойындаған Қостанай облысының Жангелдин ауданына қарасты Көкалат ауылының тумасы. Оның негізгі мамандығы инженер- құрылысшы. Соған қарамастан сөз өнеріне деген құштарлығының, бойындағы табиғи қабілетінің арқасында жылдар өте сыйлас әріптесімізге айналды. Ол асылдың сынығы, тұлпардың тұяғы. Текті жердің ұрпағы. Атасы Бектеміс те кезінде айналасындағыларға шарапат-шапағатын тигізген от ауызды, орақ тілді көрнекті азамат атанған. Әкесі Назарбек те аса беделді Торғай өңірінде аты ерте шыққан ақын еді. Осындай атақты тұлғалардың ұрпағы да өсе келе қазақтың айтулы, көркем сөздің хас шебері болмауы мүмкін емес-ті. Асқарбек аға Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, бірнеше кітаптардың авторы. Олар оқырмандарының жүректеріне жол тапқан құнды дүниелер.

Жазушының бұл кітабы да бірнеше бөлімдерден тұрады. Әрқайсысының айтар ойы, көтерер жүгі жоғары. Зиялы қауым мен зерделі жұрт қолына алып, оқыған кезде жан сарайларын байытар құнды дүниелерге қанығары сөзсіз.

Асқарбек Назарбекұлының бұл жинағына ұлтымыздың мақтанышы әрі сөз зергері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Төлен Әбдік пен халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, талантты ақын, профессор, «Сағындым Алматымды» секілді құлақтан кіріп бойды алар, әсем әндерге мәтін жазған Серікбай Оспановтар өздерінің жылы лебіздерін білдіріп, жазушының қырларына жан-жақты тоқталған.   

Баспасөз саласының үздігі, көсемсөзшінің осы кітабының дер кезінде әрі сапалы жарық көріп, жұртшылыққа жол тартуына баспа редакторлары Айгүл Абдрахманова мен Элмира Заманбектер де лайықты үлесін қосты. Айгүл қарындасымыз автордың аталмыш жинағының жастарымызды Отан сүйгіштікке тәрбиелеуде ерекше орын алатындығына нық сенімді.

Тың ізденістерімен көпшілікті тәнті етіп келе жатқан талантты әріптес ағамызға алдағы уақытта да мықты денсаулық, отбасында сүйікті жары Майя екеуіне баянды бақыт тілейміз.

Асқарбек ағаға алдағы уақытта да жазар көбейсін, тың туындыларыңызбен халқыңызды тек қуанта беріңіз деген ең ізгі тілегімізді білдіреміз.

Оразалы Жақсанов

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here