Қаздыарал тұрағында қола дәуірінің жәдігері табылды

0
147

Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі мен Ойыл аудандық өнер және өлке тарихы музейі Ш.Берсиев селолық округіндегі Қаздыарал тұрағында зерттеу жұмысын жүргізді.

«Ауыл тұрғынының бірі кездейсоқ олжаға тап болған. Олар құмыра мен адам сүйегін тапты. Алдымен суретке түсіріп, қорыққан соң бәрін қайта көмген. Арада екі ай уақыт өткенде сурет әлеуметтік желі арқылы тарады. Тарихшы, археологтар, музей қызметкерлері шілде айының орта тұсында суреттерді көрген. Дәл сол кезде аудандағы Шөптікөл ауылындағы қазба жұмыстары аяқталған болатын. Археолог Аслан Мамедов оны «ерте қола дәуіріне тән, құнды жәдігер» ретінде бағалады. Көп ұзамай облыстық тарихи-өлкетану музейі мен Ойыл аудандық өнер және өлке тарихы музейі бірлесіп барлау жұмысын жүргізуге кірісті. Жергілікті тұрғындардан, тауып алған адамдардан сұрастырып, бардық. Шамамен орынды көрсетті, бірақ табылмады. Ол ауылда құм көшкіні жүреді. Бірден табу қиын. Дегенмен, зерттеу тобы олжаға кенелді. Қазба жұмыстары кезінде ерте қола дәуірінің қабірі табылды», – деді Ш.Берсиев атындағы Ойыл аудандық өнер және өлке тарихы музейінің директоры Медет Құлмұқанов.

Медет Құлмұқановтың айтуынша, Қаздыарал тұрағында бір күн бойы қазба жұмысы жүргізілді. Үш негізі сақталған қабір қазылды. Екі қайта көмілген шұңқыр ашылды. Қабір ерте қола дәуіріне, екі шұңқыр орта ғасырлық кезеңге жатады.

Археолог Аслан Мамедовтың болжамы бойынша, мұнда оғыздар жерленген болуы мүмкін. Әрі элиталық. Жерленген бала сүйегі өзгертілген. Бас сүйекті өзгерту жоғары тап өкіліне тән. Орта ғасырға тән қабірді қазу кезінде құмыра, жебенің ұшы, пышақ, қола бұйымдар да анықталды. Ерте қола дәуіріне тән қабірде ерлі-зайыпты жерленген. Аяғы бүгулі. Бір ерекшелігі – бұған дейін ерте қола дәуіріне тән ескерткіштерде мал сүйеті болмады. Қаздыаралда қой сүйегі қазылып алынды. Зерттеуді қажет ететін қазба жұмысы болды.

Айта кетейік, 2012 жылы Ойылда барлау жұмысы жүргізілді. Қаздыаралда үш құм көшкінінен жәдігерлерді теріп алды. Ерте тас дәуіріне тән жәдігерлер жиналып, сипатталып, музейге тапсырылды. Қаздыарал зерттеуді қажет етеді. Сондықтан арнайы белгі қойылды. Аумақты қорғауға алу үшін инспекцияға хабар берілді.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here