Сенатор індетпен күрес барысын бақылауға алды

0
256

Сенат депутаты Ләззат Сүлеймен дәрі-дәрмекке қатысты Қарағанды облысындағы ахуалды бақылауға алды. Өңірге жасаған сапарында ол жергілікті ауруханаларға, провизорлық орталықтарға, дәріхана желілерінің қоймаларына барып, медициналық қызметкерлермен және емделушілермен кездесті.

«Пандемия өршіп тұрған кезде Сенаттың депутаттары қол қусырып отырмады. Біз де ел азаматтарымен бірге қайғырып, қабырғамыз қайысты. Науқастарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жұмыстарына қатыстық, мұқтаж азаматтарға түрлі көмек көрсеттік. Алдағы уақытта да жергілікті азаматтардың көтерген мәселелері депутаттардың назарынан тыс қалмайды», – деді Ләззат Сүлеймен.

Сенатор дәріханалардағы жағдайға да көңіл бөліп, ірі фармжелілердің бірінің қоймасына арнайы барды. Жергілікті мамандардың айтуынша, қазір мұнда әлеуметтік маңызы бар препараттардың, оның ішінде антибиотиктердің қажетті қоры бар. Сондай-ақ, Сенат депутаты жылжымалы әлеуметтік дәріхананың жұмысымен танысты.

Жергілікті тұрғандар сенатордың назарын медицина қызметкерлеріне лайықты жағдай жасау, оларды баспанамен қамту мәселесіне аударды. Ләззат Сүлеймен бұл бағытта мемлекет тарапынан тиісті жұмыстар қолға алынғанын тілге тиек етіп, еліміздің медицина саласын дамытуға, сала мамандарының тұрмыс сапасын арттыруға баса мән беріліп отырғанын жеткізді.

Соның аясында қазіргі таңда өңірде модульдік жұқпалы аурулар ауруханасының құрылысын басталғанын айта кеткен жөн. Нысан коронавирустан емдеуге қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілмек.

Індет жұқтырған азаматтармен кездесуінде емделушілер емдеу шаралары және медициналық қызмет жүйесінде туындаған мәселелер жөнінде айтты.

Одан бөлек, Ләззат Сүлеймен Сәтбаев және Жезқазған қалаларына барып, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысымен танысты. Сенатор Сәтбаев қаласындағы №1 қалалық орталық ауруханаға арнайы ат басын бұрды. Аталған нысанға күрделі жөндеу жүргізу үшін мемлекеттік бағдарлама аясында 223 млн. теңге бөлінген. Одан бөлек, аурухана аумағын абаттандыруға 79 млн. теңге қарастырылған.

Бұл медициналық мекеме 140-тан астам төсек-орынға есептелген. Оның 120-ға жуығы тәулік бойы, 25-і күндізгі стационар үшін. Коронавирус пандемиясы басталғалы нысанның жұқпалы аурулар бөлімінде 160 адам емделіп шықты. Аталған бөлім 30 орындық. Оның ішінде 6-уы реанимациялық, 10-ы жүкті әйелдерге арналған. Нысан өкпені жасанды желдету аппаратымен жабдықталған.

Бүгінде қалада жастарды жұмыспен қамту, қолжетімді баспана салу мәселелері бойынша 30-ға жуық әлеуметтік жоба іске асырылып жатыр.

Бұдан басқа, сенатормен кездескен аймақ тұрғындары педофилдерге және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға қатысты заңнаманы күшейту туралы мәселені қарауды ұсынды. Сондай-ақ, ескі, апатты жағдайдағы үйлерді бұзу мәселесін көтеріп, кезекте тұрған осы үйлердің тұрғындарын баспанамен қамту, жұмыссыздықты жою сияқты басқа да әлеуметтік проблемаларға назар аударды. Сонымен қатар, олар көп балалы аналарға мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп жатқанын да атап өтті.

Ләззат Сүлеймен жергілікті билік өкілдеріне аталған мәселелерді тезірек шешу үшін белсенді түрде жұмыс істеу керектігін айтты.

ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here