Айбары асқақ Ата Заң

0
865

«Тәртіпке бас иген құл болмайды». Ел басына қиын күн туған кезеңдерде де тәртіп мәселесі басты орында болып, қазақтың ұлттық әдет-ғұрпы, салт-дәстүрінің сақталуы адамдардың бір-біріне деген сыйластығының, ар-намысты жоғары қоюының, теріс іс-әрекеттерге бармауының, адам құқығын ардақтауының нәтижесі болса керек. Тарихымызға көз жүгіртіп қарасақ, ел қамын ойлаған билер мен хандар өз кезеңінде ел ішінде тәртіп пен әділдік, теңдік пен ауызбіршілік орнату, қылмыс болдырмау мақсатында заңдар жинағын шығарып отырған.

Қасым хан «Әдет» заңын бір жүйеге келтіріп,  ХІІ ғасырда алғашқы «Қасым ханның қасқа жолы» атты 5 бөлімнен тұратын Заң жобасы шыққан. Қоғамның даму үдерісінен қазақ заңдарын жетілдіру қажеттілігі туындаған еді. Осы орайда қазақтың құқық жүйесіне өзгерістер енгізіп, тарихта із қалдырған Есім хан мен Тәуке ханның орны бөлек. Әз Тәуке хан қазақтың билерімен кеңесіп, «Жеті жарғы» заңдар жинағын жасады. Бұл топтама шын мәніндегі қазақ халқының бірінші Конституциясы болды.

«…Конституцияны білу, заңдылықты сақтау – құқықтық мемлекет құрудың бірінші шарты. Әз Тәукенің тұсындағы қазақ қауымының дәуірлеуі ең алдымен осы заңға жүгінуге байланысты болғанын ұмытпағанымыз жөн. Заңды жетік білмейінше, оны сыйламайынша, берік ұстанбайынша, біз өмірдің қай саласында да қиыншылықтан арыла алмаймыз», – деді өз сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Олай болса, заңға бағынған кезден бастап қазақ қауымының өрлеу кезеңі басталғанын, қиыншылықтан арылу үшін де заңды білудің маңызды болғанын түсінеміз.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы 18 қаңтарда тәуелсіз Қазақстан Республикасының тұңғыш Конституциясы негізгі заңы қабылданды да, 1995 жылы 30 тамызда жаңа талаптарға сай толықтырылған жаңа Конституция өмірге келді. Ата Заңымыз тәуелсіздігіміздің баянды болуына ықпал етіп, елдегі тұрақтылық пен дамудың кепілі болып, халыққа қызмет етіп келеді. Конституция – ел тәуелсіздігін айғақтайтын басты құжат, Қазақстан халқының дұрыс таңдауы, келешектің кепілі.

Біздің қоғамдағы ең басты құндылық адам мен оның өмірі болса, Конституция азаматтардың   құқықтары мен бостандықтарын, ар-ожданын қорғайды, қылмыстың алдын алады,  қоғамда  әділдік пен тұрақтылықтың орнауын, тыныштық пен ұлтаралық татулықты да қамтамасыз етеді. Көп ұлтты елімізде өзге ұлттардың салт-дәстүріне, тіліне, дініне, саяси құндылықтарына қол сұғылмайды. Олардың өсіп-өнуіне барлық жағдай жасалған. Сан алуан ұлттар Қазақстанды Отаным деп санап, Ата Заңымызға құрметпен қарайды.

Ата Заңымыз ұрпағымыз саналатын балалардың да барлық құқықтарын жан-жақты қарастырып, алаңсыз өсуін, кедергісіз болашағын қамтиды. Қазіргі таңда мектеп қабырғасындағы оқушылар өз құқықтарын біліп өсуде. Бұл жеткіншектердің болашағы зор, келешегі кемел болары сөзсіз. Өйткені, биік мақсаттарына жету үшін олардың құқығын Заң қорғаса, мемлекет қажетті жағдайды жасап, қолдау білдіреді.

Көптеген зерттеушілердің пікірінше, Қазақстан Республикасының 98 баптан, 9 бөлімнен тұратын Конституциясы, яғни  еліміздің басты саяси-құқықтық құжаты әлемдегі ең үздік 50 Конституцияның бірі болып табылады екен. Олай болса, тарихымызды, еліміз бен жерімізді қалай құрметтесек, абыройы асқақ Ата Заңымызды да солай құрмет тұтайық. Келешегіміз жарқын болсын десек, әрбір адам Заңды берік ұстанып, бағынуы, Конституция баптарын біліп, әркез басшылыққа алуы қажет.

Тәуелсіз мемлекетіміздің абыройы асқақ, елдің рухы биік болып, көк туымыз көгімізде мәңгі желбіресін.

Мукашева Жанар Серікқызы, №44 ЖББМ тарих пәнінің мұғалімі, «Жеміс-жидек» бастауыш партия ұйымы

Жамбыл облысы, Меркі ауданы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here