Шың басындағы шындық

0
1215

Бір әңгімеден кейін келесі әңгімеге өткенде, не болмаса бір кітаптан соң екінші кітапқа өткенде жетіліп, жаңғырып отыру шығармашылық ізденістің мәйегі болып табылады. Қара сөздің киесі мен құдіретін саналы түрде сезінген шынайы бейнетқор қаламгер Дәурен Қуат туралы ой қозғағанда еріксіз осындай күйге түсесің. Жазушы а дегенде өз қабілеті мен қалам қарымын түрлі тақырыпта жазған заманауи көркем дүниелерімен таныта білді. Ақпарат саласында жемісті еңбек етті. Сөйте келе қазақтың қара сөзіне де өзіндік із, таңба салды. Дәурен өзге емес, өзіне етене таныс туған жер туралы жазды. Соның арқасында замандастары айтқандай өзі талай мәрте жотасында жортқан Баянжүрек балладалары өмірге келді. Жазушы қаламынан «Бөрісоқпаққа» дейін де біршама әдеби дүниелер келген. Қысқарта айтқанда, оның бәрі де уақыт сынынан сүрінбей өткен, өз оқушысын тапқан дүниесі түгел келісті дүниелер еді. 

«Бөрісоқпақ» жазушының жуырда ғана оқырмандар қолына тиген жаңа кітабы. Жинақ кіл әңгімелерден тұрады. Алайда сол әңгімелердің бәрін емес, тек біреуіне ғана тоқталғанды жөн санадық. Сонымен нысанаға алған әңгімеміздің аты «Қызыр әулие мен Мұса ғаллайассалам».

Қызыр әулие де, Мұса қаламолла да әлемге танымал есімдер. Бірі адам рухындағы өлшеусіз байлық пен кереметтің иесі болса, екіншісі көне Бәни Ысырайыл пайғамбары. Әу бата  әулие тектес осы екі  адамның арасындағы ескі аңыз да андағайлап алдыңыздан шығады. Күллі әлемге мәлім ескі сарын. Бірақ, басқа бір домбырадан естілген жаңа сарын іспетті. «…Көне де емес, жаңа да емес. Көнесі жаңасымен, жаңасы көнесімен жарасым тауып, жалғасып жатқан ию-қию адами хикмет». «…Ескілігін есте ұстайтын, ескермейтіні және жоқ» мұрсал әулет. Аңыз бойынша біреу Мұса қаламолладан: «Мына жарық дүниеде сенен асқан білімді жан иесі бар ма?» – деп сұрапты. Мұса көп нәрсені көпіртіп айта келіп: «…Мен – мұрсал пайғамбармын. Алладан қысылғанда мұғжиза көремін. Осыдан асқан абырой, атақ бола ма? Соған қарағанда жер бетіндегі кемел білімнің иесі мен шығармын», деп жауап береді. Бұнысы мұрсал пайғамбардың асығыс байламы еді. Алладан уәһи келіп: «…Бұл дүниеде білімі сенен асқан, Алланың мейір-шапағатына бөленген тағы біреу бар» дегенді айтады. Мұса онымен кездескісі келеді. «…Кездесесің, – дейді Раббы, – уағдалы күні кездесесің».

Сонымен Мұса мен Қызыр әулие кездесіп, жолға шығады. Қызыр әулие оған шарт қойып, ештеме сұрамауын өтінеді. Алайда Қызыр әулие шарты бір емес, қатарынан үш рет бұзылады. Мұса теңіздегі қайық, жолда кезіккен бала және жаман тамның қасында жолыққан екі мүскін турасында амалсыздан тіл қатуға тура келеді. Қызыр әулие өзі істеген әрекет жәйлі түсінік бере келіп, мұрсал пайғамбармен хош айтысады. Мұсаның төзімінің жетпегеніне іштей өкінеді. Ел есіндегі ескі аңыздың қысқаша желісі осы. Бұдан шығатын қорытынды не? Бұдан шығатын қорытынды сол, адами асыл қасиеттердің сынға түсуі. Сабыр, төзім, шыдам адам баласына ғұмыр бойы керекті нәрселер. Бірақ, пенде шіркін, жеме-жемге келгенде осы үш қасиетке әлсіздік танытады. Шыдамсыздық танытады, төзімінің тұзы таусылады, сабыры сарқылады.  Неге? Бұл сұраққа жауап беру өте қиын. Өйткені, бұл сонау Адам Ата, Мұса қаламолла заманынан тартып, күні бүгінге дейін шешімін таппай келе жатқан аса күрделі мәселе…

Аталмыш әңгіме «…Ысырайыл жұртымен ол үш мың жылдан соң кездесті…» деп басталады. Сонда не болғаны, үш емес үш мың жылдан соң кездесті дегенді не деп түсінуге болады? Араға осынша уақыт салып ата жұртымен кездескен кім ол? Жазушы нені айтқысы келіп отыр? Енді оған үңіліп көрейік.

«Ащыбұлақ» қарапайым ғана қазақи ауыл. Кіл қазақтар тірлік етеді. Ал, осы кіл қазақтардың ішінде Әбірем де өмір сүреді. «…Тірлігі құдды мұсылманның тірлігі. Алақан жаяды. Мінәжат етеді. Бірақ пайғамбары бөтен» бұл адам ауылға сіңген кірме еді. Әйткенмен қазақи тірліктен шет қалған емес. Ауылдағы қарттар не істесе бұл соны істейді, «…бау-бақша  баптап, мал өсіреді. Жаназадан, топ-жиыннан қалмайды… үлкендер бас қосқан үйге аяңдап бара жатады…». Сол үшін де ол қадірлі. «Тек Есімбек молда ғана оның тегін тергеп, қабағын теріске салып, өзіне бейім ете бермейтін».

Ел көңіліндегі күдікті Алматыдағы оқуынан жазғы демалыста ауылға барған оқымысты азамат ғана сейілтеді. Сөйтсе «…оның  түп атасы «жөйіт» екен. Совет өкіметі құлағанша арғы тегін жасырып жүріпті. Аты Әбірем емес, Абрам екен» деген жаңалық ашады.

Айтып отырса бейшараның көрмегені қалмапты. «Карлаг» деп аталатын аждаһа апанына 27 жасында түсіпті. «Болашақ кемел ғалым ата бастаған шағы екен. Тарихшы. Азия мен Африканы тануға ұмтылған. Мәңгі көк аспан елін көктей өтіп, Құңфызымен тілдесуге тәуекел еткен. Ақырында саяси тұтқын атанып, тұтқынға түскен.

– Небір білімдар, ғажап адамдармен «Карлагта» ұшырастым, – деп тебіренеді өткенін еске алған Абрам, – «Карлаг» мен үшін абақты емес, Академияға айналды. Басқасын былай қойғанда ұлы Абайдың өзі қандай азапты ғұмыр кешкен. Даналық пен пайғамбарлықтың хикметін бастан өткерген… Кеңес Одағының бар жақсы мен жайсаңын Сталин атты халықтың қаралы көсемі «Карлагқа» тоғытқан ғой. Аты әйгілі 500 пианист саусақтарынан қаны сорғалап жүріп сұмдық жұмыс істеді. Бір сәттік үзілісте әлгі байқұстар ауаны қармалап, елес-күйсандықтың тілінде егілетін еді…».

Есіл Абрам түрмеде дертті болады. Құрт ауруымен ауырған оны түрме басшылығы өлдіге санап, сыртқа лақтырып тастаған. Өлмегенге өлі балық жолығады деген сол. Тұтқынды өлгелі жатқан жерінен сүйрелеп үйіне әкеліп, емдеп Қадыр ақсақал қатарға қосады. Сондықтан да ол өзінің қазаққа мәңгілік қарыздар екенін өмір бойы айтып өткен. Оның қазақта батыр көп, ал пайғамбар неге жоқ деген сұраққа берген жауабы да тұщымды шыққан.

– Өйткені қазақ бұзылмаған, бүлінбеген, зерек, ақыл-парасаттан жол тапқан, ата-баба әруағын жат көрмеген, тәңіріне ғана қол жайған дара да дана халық.

«Карлагта» жазасын өтеген соң үйленіп, Арқадан ауып, «Ащыбұлақты» тапқан… Оқымысты азаматтың пайымдауынша Абрамдар ауылынан пайғамбарлар көп шығыпты. Өздері шетінен ақылды деседі. Сол өзгеден озық тұрған ақылының арқасында Құлайдан да, Кеңес үкіметінен де көресені әбден көріпті. Бірақ төзімін тауыспапты, шыдамын ширата түсіпті, сабырын сарқымапты. Бәни Ысырайылдың нәби пайғамбары Мұсаның Қызыр әулие сынағынан өте алмағаны оларға жәй ғана ескі аңыз емес, ащы сабақ болыпты. Күллі жөйт әулеті бұдан былай нәби пайғамбардың осалдығын қайталамауға ант беріпті. Төзімін қайрап, шыдамын шыңдай түсіпті. Сабыр атаулыны сары алтындай сақтауға тырысыпты. Сөздің шыны сол жөйіттер осы сертін күні бүгінге дейін сақтап, төзім мен шыдам алдында аса зор табандылық танытып келеді. Ол былай тұрсын әуелі «жөйіттер» ұрпағы қашан өздерінің ата жұртына жеткенше өстіп бас сауғалай тұралық деп уәделесіпті. Көне тілдерін де ұмытпапты. Және қай қиыр, шалғай шетте жүрсе де бір-бірімен хабарласып тұрыпты. Абрамның кемпірі болса ауылдағы өзі қатарлы әйелдердің ешбірімен сөйлеспей, сырласпай «…жалғыз ілікті өмір сүріпті…».

Ебірей әлбетте қазақ емес. Абрам қайда жүрсе де өзіне тән әрекетті істеуден бас тартпаған. Көне ебірей шежіресін зерттеген. Көне тілін де зердесіне мықтап сақтаған. Кітап жинаған. Келе-келе есіне не түскенін кім білсін, жат өлкенің тасын жинаумен шұғылданған. Тошала үйі толған әр қилы тас көрінеді. Қай қазақ тас жинап жатыр. Ал, жат жер, бөтен жұрттың арасында жалғыз үйлі кірме болып жүрсе де Абрам тас жинаған. Неге бұлай еттіңіз деген сұрақтың жауабы да дайын.

– Айналайын, бұл тас осы даланы мекен еткен сенің ата-бабаларыңның көзі. Бірі – мүлік, бірі – қару, бірі – тіл. Мүлкі де, қаруы да, тілі де үн қатуға бейіл. Бірақ соны еш ескермейсіңдер…

«Армансыз адам – қанатсыз құс» деген бар. Ал, Абрамның арманы тіптен бөлек. Оның ғұмыр бойғы мақсаты Бәни Ысырайыл топырағына бауырын төсеу. «Әттең, бар екенімді, тірі екенімді білдірсем бітті, көне шежіреден хабардар яһудей баласы мені самғатып ежелгі Жөйіттер жұртына алып кетер еді…» деп армандаушы еді ол. Ақыры дегеніне жетті. Қаладан келген оқымысты жігіт оны ебірей азаматтарымен таныстырады. Абрам болса, күллі Ащыбұлақты таңқалдырып, көне Ысырайыл еліне ұшып кетеді.  Сөйтіп дегеніне жетеді.

Жазушы көлемі алақандай ғана аз әңгімеде өз кейіпкерін отқа да салады, суға да салады. Бірақ ол отқа да күймеді, суға да батпады. Керек десе «Карлагтың» ажал апанынан да аман қалды. Оны осы ұлы мақсатқа жеткізген не дейсіз ғой. Кірмегені көр, жемегені көнтулақ болған Абрамды өзі діттеген тұсқа жеткізген жөйітке тән төзім мен шамырқанған шыдам екені айтпаса да түсінікті. Сабыры салқын, төзімі берік адам ғана дегеніне жетеді. Сондай адамдардың жарқын үлгісі Абрам. Ол адамзат тарихында мұрал пайғамбар Мұсаның төзімі жетіп, жете алмаған асуына жетіп отыр. Абрамның жеңісі –  темірдей төзім мен шыңдалған шыдамның жеңісі. Бір өзбен айтқанда, ауыз бірлігі жарасқан, елдігі ерен жөйіттердің толағай табысы. 

Сол үшін де кімге болмасын тал бесіктен тартып, топырақ бесікке дейін өмірінің әрбір сәтіне ауа мен тұздай қажетті дүниенің бірі төзім мен сабыр екені мәлім. Осынау асыл қасиеттер турасында қасиетті Құран кәрімде де молынан айтылады. Мұхаммед ғалайассалам фәниден өтер шағында сахабалары өздері айта жүрер өсиет айтуын өтінеді. Сонда Пайғамбар үш қайтара: «Сабыр сақтаңдар, ашуланбаңдар, төзімді болыңдар, ашуланбаңдар, шыдамды болыңдар, ашуланбаңдар» депті.

Бұл ұлы пайғамбарымыздың өз өмірінде айтқан ең соңғы, ақырғы өсиеті екен. Ал, енді осы үш сөздің мәнісін талдап көріңіз…

Қазақи пәласапа да бұл мұрсал дүниені толықтыра түседі. «Ашу –дұшпан, ақыл – дос», деп бір тоқтаса, «ашу арындайды, ақыл аялдайды» деп онан әрмен жетілдіре түседі. Оған «сабыр түбі сары алтын» дегенді де қосып көріңіз. Керек болса, бұл сөздің де мәнісін ежіктеп, талдап көріңіз…

Аталған әңгімедегі жазушының айтар ойы да, оқырманға берер ғақлияты да біреу ғана. Кімге болмасын төзім мен шыдамды өзіне ғұмырлық серік ете білуді, қандай жағдай болса да сабыр сақтап, төзімнің тұзын төгіп алмауды мансұқ етеді. Төзім мен шыдам шың басындағы шындық секілді. Сіз де қолыңызды созып көріңіз, бәлкім жетіп қалар…

Дәнеш Ахметұлы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here