Бейбіт Атамқұлов: «Алматы облысы Индустрияландыру картасы жобаларын іске асыруда алғашқы үштікке кіреді»

0
136

16 қазан күні Алматы облысына жұмыс сапарымен ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов келді. Индустрияландыру картасы жобаларының жүзеге асырылу барысымен танысуды мақсат еткен министр сапарының алғашқы күнінде облыс әкімі Амандық Баталовпен бірге Қапшағай, Талдықорған қалаларындағы бірқатар өнеркәсіп орындарында болды.

Ресми қонақтар алдымен Қапшағай қаласындағы «Арна» индустриалды аймағында  осыдан екі жыл бұрын ашылған «Маревен Фуд Тянь-Шань» зауытына барды. Онда зауыттағы өнім дайындау процестерін көріп, зауыттың мүмкіндіктерімен танысты.

Зауыт директоры Бернард Вавржиннің айтуынша, мұнда инновациялық құрылғыларға басымдық беріліп, Швейцария, Жапония, Германияның азық-түлік өндірісіндегі әлем бойынша көшбасшы саналатын ең озық жоғары технологиялар орнатылған. 15,4 млрд теңге инвестиция тарту арқылы жүзеге асырылған бұл жоба бүгінде экспортқа бағытталған облыстағы іргелі зауыттардың бірі. Өнімінің басым бөлігін Орта Азия елдеріне экспортқа шығарып отыр. Мұнда тез дайындалатын сорпалар, сусындар және басқа да азық-түлік өнімдерінің 60-тан астам түрі өндіріледі. Осы жылдың 9 айында зауыт 8,3 млрд теңгенің өнімін шығарып үлгерген. Кәсіпорын 500 адамды жұмыспен қамтып отыр.

Ведомство басшысы қаладағы күн электр стансасының да жұмысына қызығушылық танытты. Министр күн электр станциясына бет бұрды. Қуаты 100 МВт «Eneverse Kunkuat» ЖШС – облыстағы ірі инновациялық жоба.

Жоба құрылтайшысы Болат Әбілов мұнда 303 мыңдай панель қойылғанын айтты. Өңірдің ауа райын біраз уақыт бақылағаннан кейін күн сәулесінің түсуі жағынан тиімді орын ретінде Қапшағайдың осы аймағы таңдалған. Бұл жобаға бүгінге дейін 30 млрд теңге инвестиция тартылған. Жылына 160 млн. кВт/сағ. электр энергиясын өндіруге қуаты жетеді. Осы тұста облыс әкімі Амандық Баталов осы күн электр сансасының еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі электр қуатының жетіспеушілігін жабуға да елеулі үлес қосатынын айтты.

«Облысқа әкім болып тағайындалғанда ең бірінші ірі бизнесмендерді жинап, оларға облыстың инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырып, оларды өңірді дамытуға атсалысуға шақырғанмын. Бұл жоба сол диалогымыздың нәтижесі деуге болады. Біз мұндағы 220 кВ жоғары вольтті желі құрылысына «Бизнестің жол картасы» шеңберінде қолдау көрсеттік. Компания электр қуатын өндірумен қатар Қапшағайда салынып жатқан жаңа үйлерден қаланың әлеуметтік әлжуаз топтарына 30 пәтер сатып әперді. Осындай бизнесмендерді біз әрдайым қолдаймыз», – деді облыс әкімі.

Министр Бейбіт Атамқұлов кәсіпорынның бұл ісін бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттырудағы өте жақсы қадам деп бағалады.

Қонақтар компьютерлік бақылауды жүзеге асырып отырған оператор мамандармен тілдесіп, жұмыс жағдайын, жұмысшыларға жасалған мүмкіндіктер туралы сұрап білді.

Мұнан соң ведомство басшысы Талдықорғанға бет алып, алдымен «Талдықорған» индустриалды аймағындағы «Жетысу Мажико» майлы дақылдар өңдейтін зауытына барды. Кәсіпорынның тыныс-тіршілігі жайлы серіктестіктің Бас директоры Элизбар Скокбаев қысқаша баяндады. Оның айтуынша, жобаның қуаттылығы тәулігіне 500 тонна майлы дақылдар өңдеуге қауқарлы. Кәсіпорын алынатын өнімнің сапасын жақсарту үшін дәнді дақылдарды өңдегенде германдық құрал-жабдықтардың көмегімен экономикалық та, экологиялық та жағынан тиімді болып саналатын экструзиялық технологияға жүгінеді. Бұл шикізатты қалдықсыз өңдеуге, қоршаған ортаға зиян тигізбеуге зор ықпал етуде. Жобаны іске асыруға 5,8 млрд теңге инвестиция тартылған.

Сапарының бірінші күнін қорытындылаған Бейбіт Атамқұлов: «Алматы облысы Индустрияландыру картасы жобаларын іске асыруда алғашқы үштікке кіреді. Мұнда жаңа өнеркәсіптер ашылып, жаңа өнім түрлері шығарылып, жаңа жұмыс орындары ашылып жатыр. Оған сапар барысында көз жеткізіп отырмыз. Біздің ең басты мақсатымыз өз елімізді керекті өніммен қамтамасыз ету, содан кейін экспортқа шығару. Индустрияландыру картасының да басты мақсаты сол», – деді.  

Облыс әкімі Амандық Баталов өз сөзінде ашылып жатқан өнеркәсіп орындарының шағын және орта бизнес нысандарының үлес салмағын арттыруға, шығарылатын өнім көлемін ұлғайтуға, жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал ететінін айтты. Мәселен, соңғы бес жылда ШОБ жалпы өңірлік өнім көрсеткіші 3 есеге артып, бүгінде 32%-ға жеткен. Республикада бұл көрсеткіш орта есеппен 28% екенін еске алсақ, бұл жағынан да Алматы облысы алдыңғы қатарда.

Жалпы, Алматы облысында Индустрияландыру картасы аясында биыл 12 жоба іске қосылуда. Оның жалпы сомасы 104,1 млрд теңге және онда 2,5 мыңдай жаңа жұмыс орындары ашылу қарастырылған. Сол 12 жобаның үшеуі жыл басынан бері іске асырылса, соның біреуі осы – «Жетісу Мажико». Қалған 9-ы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Оған қоса Алматы облысында биылғы жылдың сегіз айында тартылған инвестиция көлемі 348,6 млрд теңгеге жетті, бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 112,5%. Ал, өңірде сегіз айда өндірілген өнеркәсіп өнімінің көлемі 746,3 млрд теңгені құрап отыр, нақты көлем индексі 2019 жылдың осы мерзімімен алғанда 101,4%.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың іссапары сенбі күні Кербұлақ және Іле аудандарында жалғасты.

Алматы облысы әкімінің Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here