Такир Балықбаев: «Кез келген мемлекеттің күші – оның азаматтарының бірлігінде»

0
149

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Такир Балықбаев өзінің Facebook парақшасында Абай университетінде 2018 жылдың 23 мамырында құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының қызметімен таныстырды. Аталған кафедра қоғамды біріктіру, этно-конфессиялық қатынастарды үйлестіру, этносаралық келісімді нығайту мақсатында құрылған.

Ректордың жазуынша, 2020-2021 оқу жылынан бастап кафедрада бірінші курс студенттеріне арналған «Н.Назарбаевтың этносаралық келісімнің қазақстандық үлгісі» арнайы курс өткізіледі. Жаңа пән біздің көпұлтты қоғамымызда толеранттылықты, рухани үйлесімділікті сақтауға және нығайтуға, азаматтардың, әсіресе жастардың Қазақстан халқын біріктіруге қатысуын жандандыруға арналған екен. Ал, тоқсан жылдық тарихы бар университетте 399 өзге ұлт өкілдері білім алуда. Олардың ішінде 134 орыс, 127 ұйғыр, 54 өзбек, 16 кәріс, 15 татар, 12 түрік, 7 әзербайжан, тәжік және басқа ұлт өкілдері бар. Олардың барлығы «Бірлік» Ассамблеясының құрамына кіреді және көптеген іс-шараларға қатысады. Маңызды шаралардың бірі – жыл сайынғы студенттік этнофестиваль.

«Кафедра қызметіне қатысты жоспарланған негізгі іс-шараларды атап өткім келеді. Сонымен, 2019 жылдың қазан айында Абай атындағы ҚазҰПУ және Оңтүстік Корея елшілігінің басшылығымен «Наследие диаспоры» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен ұлы ақын және философтың 175 жылдығына арналған Абай өлеңдерін мәнерлеп оқу байқауы өткізілді. Сол жылы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында «Тәуелсіз елім – тірегім» мерекелік кеші өтті. 2020 жылдың 4 ақпанында Абайдың мерейтойына арналған «Абайдың қара сөздері – халық мұрасы» тақырыбында әдеби кеш ұйымдастырылды. Ағымдағы жылдың 30 сәуірі ҚХА-ның 25 жылдығы аясында Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған «Бір үйдің баласындай» этнофестивалі өтті. Ағымдағы жылдың 7 мамыры Жеңіс күні қарсаңында «Ерлер есімі – ел есінде» эссе байқауы өткізілді. Ал, 2020 жылдың 5 қыркүйегінде Қазақстан халқының Тілдер күніне және А.Байтұрсынұлының туған күніне орай «Өссе тілім, мен де бірге өсемін!» мерекелік іс-шарасы өтті. Сонымен бірге, «Бірлік» Ассамблеясында мемлекеттік тілді тереңдетіп оқыту мақсатында айына екі рет студенттерге арналған «Сөйлеу мәдениеті» қазақ тілінің пилоттық курсы өткізілді. Жоғары оқу орындарындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының кафедралары – бұл этносаралық келісімді, мәдениетаралық диалогты сақтауда және халықты одан әрі біріктіруде жоғары әлеуетке ие өте маңызды және болашағы зор құрылым. Мұндай кафедралар еліміздің дамуына, оның жарқын болашағына үлкен үлес қосады деп есептеймін. Кез келген мемлекеттің күші – оның азаматтарының бірлігінде», – деп жазды Такир Оспанұлы.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here