Әнуар Әлімжанов – 90: Ұлттың бетке ұстар тұлғасы

0
253

Қазақ баласының санасында ұлттық еркіндік, ұлттық бостандық, ұлттық өркендеу мақсаты қай кезде де болған. Бұрын Кеңес Одағының дәуірінде жеке ұлттық мемлекет болу мүмкіндігі шектелгеннің өзінде, кеудесінде жаны, оты бар қазақ ұлттық ар-намыс ұғымдарын өмірінің биік мұраты етті. Әрине, ол кезде біздің «өреміз» бен «шеңберіміз» негізінен Одақ көлемімен өлшенетін. Одақта белгілі болсаң ғана халықаралық дәрежеге, кеңістікке шыға аласың. Сол Одақ дәрежесінде көріне алған қазақ балаларын еліміз, халқымыз ерекше мақтаныш ететін. Мәскеуде оқып, басқа ұлттар өкілдерімен қатар, не озып жүрсе де, немесе өнер, ғылым, спорт, саясат, тағы басқа тірлік салаларында Одақ дәрежесінде аты аталып, жетістігі мойындалып жүрген азаматтарын халық «ұлттың бетке ұстарлары» деп арқа тұтатын.

Қазақ қоғамының өткен ғасырдың отызыншы жылдарында, одан – Екінші дүниежүзілік соғыс, соғыстан  кейінгі елуінші жылдарда «қазақ ұлтшылдығымен күрес» тұсында аяусыз жаншылған рухани еңсесі тек алпысыншы жылдардың жылымығында көтеріле бастады. Рух көтерілуінің негізгі де басты көрсеткіштері өмірге жаңа, жас толқынның келуімен байланысты болды.  Олар өздеріне тән тың қимыл-әрекеттерімен, еркін ойлауымен, ізденгіштігімен танылды. Билеуші партияның қазақ тарихын 1917 жылдың Қазан төңкерісінен бастаған саясатын түбегейлі өзгерту ниетін аңғартты. Дәл осындай пиғыл, көзқарасы үшін өздерінің алдындағы аға буынның қыршынынан қиылғанын да олар негізінен біліп келді. Ендігі заман, саясат, билік олардың пікір, ұстанымдарымен тікелей есептесе қоймағанымен, бұрынғыдай ойы озық сұңғылаларын ашықтан ашық жаппай қудалауға бара алмады.  Жаңа леп ең алдымен қазақ әдебиетінің жаңа буынының аяқ алысынан сезіле бастады. Қазақ жұртшылығы сол тұста әдебиетте жалт етіп көрінген жаңалықты қалт жібермей оқып, сараптап отыратын. Жаңа буын – жасауы жарасқан керуендей жақсы көрініс-бейне танытты. Қазақстанда қалыптасып, жергілікті биліктен рухани қолдау көрген қазақ әдебиетінің білімді, сауатты жаңа буынының өкілдері Одақ көлемінде де көптеп көріне бастады.

Сол керуеннің көш бастаушы легінде Әнуар Әлімжановтың есімі көп аталып, аты озып жүретін.

Әнуар Әлімжанов – жазғандары, сиясы кебер-кеппесте дегендей, Одақ деңгейінде жарияланып, жолы болған қаламгер. Сол кездегі ең жоғарғы саяси мінбер саналатын «Правданың», ең беделді әдеби басылым – «Литературная газетаның» әуелде Орталық Азияда, кейіннен шетелдердегі белсенді тілшісі болып, рухани салада бұрын-соңды қозғалмаған өзекті мәселелерді көтеріп, қоғамдық пікірге қозғау сала алды. Жазғандары, әсіресе тарихи тақырыпты арқау еткен хикаялары мен романдары қоғамның рухани құндылықтарына жаңа көзқарас қалыптасуына айрықша әсер етті.

Танымал қаламгер тек ой, пікір айтумен шектелмейтін, өзі айтқан ұсыныс, пікірдің жүзеге асып, өміршең болуына қайраткерлік жасайтын. Сондай қайраткерлігінің арқасында Қазақстан Жазушылар одағы оған үлкен сенім көрсетіп, өзінің жетекшісі етіп сайлады. Ол қазақ жазушылары атынан сол кездегі қоғамның ең лауазымды әрі ықпалды құзырлы орындарына мүше болды. Бірнеше мәрте Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшесі, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Алайда, ол сол лауазымды орындардың «құрметті» мүшесі болып отырмады, қатардағы қызметкерлеріндей белсене еңбек етті. Соның нәтижесінде ол көрнекті қоғам қайраткері дәрежесіне көтерілді. Саяси құрылымның мүшелігінде де, депутаттық мандатын да еліміздің рухани, мәдени өмірінің мүддесін ардақ тұтуға, шығармашылық одақтардың мүддесін қорғауға, бейбітшілік ісін күнделікті сұранысқа айналдырып, оны қамтамасыз етуге, жазушылардың тұрмыс тіршілігіне көмек көрсетуге жұмсады. Қоғамда да, ресми орындарда да беделді болды. Қазақстан Орталық партия комитетінде Әнуар Әлімжановпен әрқашан санасатын. Кезінде Қазақстанның басшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев оның публицистік, журналистік, жазушылық, қайраткерлік еңбегін жоғары бағалады, оның қызметіне үлкен қолдау көрсетті.

Әнекеңнің халықаралық деңгейдегі аса маңызды еңбегі Азия мен Африка елдері жазушыларының 1973 жылы Алматыда өткізілген V конференциясымен тығыз байланысты. Екі құрлықтың жазушылары бас қосқан, басқа елдерден меймандар көп қатысқан конференцияның сол кездегі тарихи рухани маңызы ерекше болып еді. Өйткені, бұрын-соңды ондай дәрежеде Алматыда халықаралық басқосу өткізілмеген. Сондықтан да әлемдегі аты әйгілі жазушылардың Алматыға, Қазақстанға келуінің, елді, жерді танып, қазақ жазушыларымен дидарласуының, өзара адами қарым-қатынас, шығармашылық ынтымақ, достық орнатуының қаншалықты рухани байлық болғанын бағалап айту қиын дей аламын. Азия, Африка жазушылары конференциясының Алматыда өткізілуіне республика басшысы Д.А.Қонаев үлкен қамқорлық жасады. Конференция әлемнің рухани өркениетін дамытуға, біздің қоғамдарымызда гуманизмнің тұрақтануына мол үлес қосты. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі басқа елдер Қазақстанды осы Азия, Африка елдерінің сол конференциясы арқылы жаңа, ізгілікті қырынан танитын болды.

Әнуар Әлімжанов қазақ қоғамында Фарабитану ісіне де мол арна ашты. Сол кезде Ағжан Машанов, Ауданбек Көбесов сияқты шығысты зерттеуші қазақ ғалымдарының ұлы жерлесіміз әл-Фарабидің өмірі мен ғылыми еңбектері туралы зерттеулерінің жарыққа шығып қана қоймай, ел арасында, әсіресе көршілес елдерде, бүкіл Кеңес Одағында насихатталып, тарихи деректердің «кіндігі» қазақ топырағына «байлаулы» екендігін дәлелдеуге ықпал етті. Халықаралық ғылыми тарихи тақырыпта жазушылардың басқосуларында әл-Фарабидің қазақ топырағында туғанын, араб елдерінде білім алып, ғылыми еңбектерін сол жақта жариялағанын, зираты сол жерде екенін дәлелдеген мәдени қайраткерлеріміздің алдыңғы легінде де Әнекең жүрді. Ғұламамыздың өмірін суреттеген «Ұстаздың оралуы» атты романы қай-қайсысымызды болсын тебіренткені сөзсіз.

Ізденімпаз, танымпаз ағамыздың шығармалары ұлттық тарихымызбен, ұлттық мәдени, рухани өсуімізбен астасып жатыр. Олардың көпшілігі нақты тарихи дереккөздерге сүйенген, сондықтан да қоғамдық маңыздылығы басым.

Ә дегеннен орыс тілінде жазатын журналист, жазушы болып танылған Әнекеңді орыс әдебиетінің, мәдениетінің көрнекті өкілдері бірден жоғары бағалады, публицистігін, қаламгерлігін мойындады, құрметтеді. Олар оның шығармашылық көшбасшылығын атап айтатын.

Әнекең Жазушылар одағының бірінші хатшылығы қызметінен кейін едәуір уақыт бос, еркін шығармашылық кеңістігінде жүрді. Сол кезде орыс журналистерінің көбінің оны «Казахстанская правда» газетінің бас редакторлығында көргісі келетіндіктерін айтқаны есімде. Кейбіреулер орыс тіліндегі әдеби журнал «Просторға» бас редактор болса деген пікірлерін де білдірді, бірақ Әнекеңе олай қарай да жол түспеді.

1990 жылы мен Орталық Комитеттің идеология бөліміне меңгеруші болып бекітілдім. Сол жылдың аяғында «Казахстанская правда» газетінің бас редакторының орны босады. Мен ол орынға Әнуар Әлімжановтың кандидатурасын ұсындым. Оның өмірбаяндық анықтамасын Орталық Комитеттің екінші хатшысы В.Ануфриев дегеннің қолына беріп, ұсыныс, пікір, дәлелімді айтып шықтым. Ол үндемей қалған. Әлден уақытта шұғыл шақырады. Кіргенім-ақ сол екен: «Сен түзелмейтін ұлтшыл екенсің! 86-ның желтоқсанынан кейін сені жазалау керек еді! Сен ешнәрсе түсінбепсің! Сен жалғыз орыс газетіне қазақты әрі өз жерлесіңді қалайша ұсындың?!» – деп тарпа бассалды. Ол кезде мен де ашынып жүргем, «іздегенге – сұраған», аянып қалмадым. «Мен сізге жай, кез келген қазақты ұсынбадым. Сізден әлдеқайда жоғары тұрған, білімі мен журналистігін бүкіл орыс журналистері, орыс зиялылары, орыс оқырмандары сыйлайтын, орыс тілін сіз екеумізден жақсы білетін Әнуар Әлімжановты ұсындым. «Жерлес» дегеніңіз не? Ол әлдеқашан бүкіл қазақтың адамы болған», – деп бетінен ала түстім. Сол бойы екеуміз партия тарағанша егесіп, текетіресіп өттік. (Партия тарап, жанымыз қалғаны да рас). Бірақ, ол ақырында билігіне басып, Әлімжановтың кандидатурасын «Казахстанская правдаға» өткізбеді. Әрине, одан Әлімжановтың тәжі де түскен жоқ, абыройы да төмендемеді. Болған әңгімені бірде өзіне айтқанымда: «Оған қобалжыма, мен осылай болатынын білгем», – деп әдетінше сыпайы жымиды да, әңгімені басқа арнаға бұрып жіберді.

Кейінгі уақытта ондай мәселелерге Әнекеңнің өзінің де көзқарасы өзгерді. Дәуірдің жаңа кезеңі басталды. Өмір күн сайын алапат өзгерістерге ұшырап жатты.

Қарапйым, кішіпейіл Әнекең өзінің біреуге жасаған жақсылығын айтпайтын, саудаламайтын. Тіпті есіне де алмайтын. Бәз біреулер сияқты өзінің біреуге қамқорлығына мән де, салмақ та бермейтін, оны өзінің азаматтық парызы деп білетін. Тіпті, өзінің үйреншікті қарым-қатынас іс-әрекеті санайтын.

80-ші жылдардың екінші жартысында қоғамды демократияландыру, жариялылықты өрістету, партияның қасаң қалыптарына жаңа әлеуметтік мазмұн беру тұсында Әнуар Тұрлыбекұлының да жаңа саяси-қоғамдық қайраткерлік белесі басталды. Ол қоғамымызда кенже қалған ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртуға, жандандыруға білек сыбана кірісіп, білімділігін, біліктілігін көрсете атсалысты. Қазақ тілінің мәртебесін көтеруге мемлекеттік мән беру қажеттігін уағыздауға арымай, талмай қатынасты. Кеңес Одағы Жоғарғы Кеңесінің құзырына Қазақстан депутаттарының делегациясын басқарып барып, ұлтының мүддесін қорғауға басшылық етті.

Одақтың Жоғарғы Кеңесінің соңғы мәжілісін Республика кеңесінің төрағасы болып сайланған Әнуар Әлімжанов бастан-аяқ жүргізді. Көп ұзамай Кеңес Одағының ыдырағаны туралы қаулыға қол қойды.

Тәуелсіз мемлекет болып жарияланып, жас мемлекетімізде жаңа азаматтық қоғам құру ісіне Әнекең жаңа шабыт, жаңа жігермен араласып еді. Ол сол алғашқы жылдары тынымсыз еңбек етті. Тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарын қалыптастыруда біліктілік көрсетіп, «Таң» теледидарын ұйымдастыруға себепші болды. Азаматтық, демократиялық қозғалыстарды қоғамның белсенді күшіне айналдыруға айтарлықтай еңбек сіңірді. БАҚ-та, әртүрлі қоғамдық мінбелерден сөйлеген сөздері көпшіліктің жүрегіне жетіп жатты.

Амал нешік… Тағдырдың Әнекеңе берген уақыты тым қысқа болды. Алайда, Әнуар Тұрлыбекұлы – азаматтық міндет-парызын толық орындап кеткен елдік тұлға. Ол ұрпаққа отаншылдық намыс, жігерін, ұлтының мүддесіне шексіз берілген мінезін, аталы сөзін, том-том шығармаларын мұра етіп қалдырды. Оның бүкіл өмірі – ұлтын сүюдің, елінің рухани санасына қалтықсыз қызмет көрсетудің үлгісі.

Қуаныш СҰЛТАНОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, мемлекет және қоғам қайраткері

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here