60 жылда Barbie қалай өзгерді?

0
297

Сары шашты Barbie қуыршағы әлемге кеңінен танымал. Өйткені, бұл ойыншықтар тарихындағы ең өтімді қуыршақ. Ал, Barbie бренді әлемдегі ең ірі ойыншықтар шығаратын америкалық Mattel компаниясына тиесілі. Barbie қуыршағын ойлап тапқан ерлі-зайыпты Эллиот пен Рут Хэндлерлер ертеректе, 1945 жылы аталған компанияның негізін қалаған. Бастапқыда ерлі-зайыпты кәсіпкерлер суреттің жиектемелерін жасамақ болған. Дегенмен, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін оларға сұраныс күрт төмендеп, соғыста жақынынан айырылған бүлдіршіндердің көңілін аулау үшін жұрт жаппай ойыншық сатып ала бастаған. Содан болашақта көл-көсір пайдаға кенелетініне сенген Mattel компаниясы қуыршақтар үйін, музыкалық қобдишалар шығаруды қолға алған.

Barbie қуыршағының «анасы» – Рут Хэндлер

Әрине, кез келген кәсіпті бастау оңай емес. Бірден аяққа тұрып кету қиын. Тек қажырлы еңбек қана табысқа жеткізеді. Мұны Эллиот пен Рут Хэндлерлер де жақсы түсінді. Содан олар аянбай еңбек етті. Мысалы, жарнамасыз алға жылжу қиын екенін білген ерлі-зайыпты кәсіпкерлер өткен ғасырдың ортасында сол кездің өзінде-ақ атағы жер жарған Disney студиясымен келісімге келді. Сол келісім бойынша «Микки Маус» мультфильмінде Mattel компаниясының ойыншықтарына жарнама жасалды. Бұл өз кезегінде компания ойыншықтарына сұранысты арттырды.

Рас, Barbie қуыршағы кішкентайлардың қолына бірден түскен жоқ. Оны жасау идеясы Рут Хэндлердің ойына 1957 жылы келіпті. Ал, қуыршақ жасауға үлкен кісілердің суреті бейнеленген қағазбен ойнап отырған қызы Барбара себеп болыпты. Көп ойланбастан Рут Хэндлер ойын іске асырды. Осылайша, 1959 жылы талай кішкентай қыздардың ажырамас досына айналған Barbie қуыршағы пайда болды. Содан бері 61 жыл өтсе де, қуыршақтың бірнеше түрі пайда болып, оларға сұраныс азайған жоқ.

Barbie қуыршағының прототипі – неміс комикстерінің кейіпкері «қыпша бел, қолаң шашты» Бильд Лилли. Оны 1952 жылы неміс суретшісі Райнхард Бойтин салған. Ал, Эллиот пен Рут Хэндлерлер қуыршақты қыздарының құрметіне Barbie атаған.

Қуыршақтың толық аты-жөні – Барбара Миллисент Робертс. АҚШ-тың Висконсин штатына қарасты Уиллоус қалашығында Джордж пен Маргарет Робертстердің отбасында «дүниеге келген». Алпысыншы жылдары Barbie қуыршағының «өмірбаяны» кішкентайларға осылай таныстырылды. Және бүлдіршіндер жаңа қуыршақты жатырқаған жоқ. Жылы қабылдады. Содан әлемде оған сұраныс күрт артты. Тіпті, Mattel компаниясы Barbie қуыршақтарын шығарып үлгере алмайтын жағдайға да жетті. Ата-аналар Barbie қуыршағымен бірге оның үйін, киімдерін, керек-жарақтарын да сатып алып жатты. Сөйтіп, ерлі-зайыпты кәсіпкерлердің тасы өрге домалап, Barbie қуыршағы брендке айналды.

Алғашқы Barbie қуыршағының шашы қара болды. Құлағына седеп сырға тақты. Аяғына биік өкшелі аяқ киім, үстіне қара мен ақ түсті көйлек киді. Дегенмен, Mattel компаниясы бір орында тұрмады. Үнемі ізденіс үстінде жүрді. Содан Barbie қуыршағын жетілдіре берді. Қуыршақтың түрлі киімін, ыдысын, үйін шығарды. Тіпті, 1961 жылы Barbie өзінің Ken есімді «жігітін» жолықтырды (оған да ерлі-зайыпты кәсіпкерлер ұлының есімін қойған). Barbie мен Ken 40 жыл бірге жарасымды «өмір сүрді». Екеуі 2004 жылы «ажырасты». Екі жылдан кейін «қайта қосылды». Mattel компаниясының аңызы бойынша, Barbie мен Ken «некелерін қимаған».

1963 жылы Barbie «қыздың» «құрбысы» – Мидж, 1964 жылы «сіңілісі» – Скиппер пайда болды. Айтпақшы, Мидж «тұрмысқа шыққан» жалғыз қуыршақ. 1991 жылы оның «таңдауы»  Ken-нің досы Аланға түсіпті. Және оған егіз «туып берді». Бірақ, Mattel компаниясы 2013 жылы Миджге ребрендинг жасады. Енді ол баласы жоқ, басы бос «әйел».

Америкалық компания өз қуыршақтарын заман ағымына сай жаңартып отырады. Бұл сөзімізге Barbie қуыршағының жоғарыда аталған «жігіті», «құрбысы», «сіңілісі», «жігітінің досы», «құрбысының балалары» дәлел бола алады. Сонымен қатар, Mattel компаниясы нақты Barbie қуыршағының түр-түсін де, «ұлтын» да, «дінін» де өзгертуден қорықпайды. Дене-бітімі де өзгеріп тұрады. Арық та, толық та қуыршақты көрдік. Хиджап киген Barbie тағы бар. Barbie америкалық актриса Мэрилин Монро да, британдық актрисалар Одри Хепберн мен Элизабет Тэйлор да «болды». Атақты қуыршақ мұғалім, дәрігер, стюардесса, өрт сөндіруші мамандықтарын да «игерді».

Міне, осындай фантазиясының арқасында Mattel компаниясы 60 жылдан бері қуыршақтар топтамасының ғұмырын ұзартып келеді. Бүгінде 75 жылдық тарихы бар компанияда 30 мыңға жуық адам еңбек етеді. Ал, компания айына 1,5 млрд долларға ойыншықтар сатып, 700 млн доллар пайда табады. Табысының үштен бірі осы Barbie қуыршақтарына тиесілі.

Айта кетейік, Mattel компаниясының негізін қалаған және Barbie қуыршағының авторлары – Эллиот Хэндлер 2011 жылы 95 жасында, Рут Хэндлер 2002 жылы 85 жасында өмірден өтті. Ал, қазір компанияның тізгіні ұлты еврей америкалық кәсіпкер Инон Крейздің қолында. Ол табысты компанияны 2018 жылдан бері басқарып келеді.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ, шолушы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here