Итке жасалған «иттік»: Ит төбелесі спорт па, әлде бизнес пе?

0
1458

Ит төбелес. Төбеттерді «күрестіру» 90-шы жылдардан бері қызу талқыланып келе жатқан тақырып. Қазақ итті жеті қазынаның бірі санайды. Сенімді серігіне балайды. Құндылық пен қасиетке келгенде иттің ең жақсысын асыраған қазақтар төбетті, тазыны бағалы санаған. Әсіресе, қансонарға шыққанда төбет пен тазының атқаратын жүгі ауыр болған. Тарихи әдебиеттерден Ақан серінің құмай тазысы Базаралының қандай құнды жануар болғанын білеміз.

Биыл наурыз айында Қарағанды облысының Ақтоғай ауданына қарасты Шашубай кентінде өткен «Қансонар-2020» атты ашық біріншілігі қазақтың саятшылық қырын дәріптеген сайыс болды. Бекзада өнер бәсекесінде 100-ге жуық құмай тазының бабы мен бағы сыналды. Асыл бабалардың саятшылық қырын жаңғыртқан бәсекеде сал-серілер құмайларын 500 метрлік қашықтыққа жарыстырып, электронды қоянға салды. Шашақ және жарғақ  құлақты  жүйрік  тазылар қас пен көздің арасында қашқан аңды қағып түсірді. Ал, жаппай кезеңде иттер бес шақырымға жүгіруден бағын сынады. Бекзада өнер бәсекесінің тамырына қан жүгіртіп, жанашырлық танытып жүргендердің бірі – Құрмаш Нұрпейісов. Оның айтуынша, баяғы қиын-қыстау заманда тазы бір ауылды асыраған. Міне, осындай ұлттық өнерімізді ұмытпай, ұлықтау біздің перзенттік парызымыз. Яғни, тазы мен итті баптап, додаға қосу, қашықтыққа жүгіртіп жарыстыру сияқты бабадан қалған дәстүрімізді ешкім жоққа шығармайды. Бірақ, бүгінде иттерді төбелестіретін үрдіс белең алған.

Тоқсаныншы жылдары итін төбе-леске апарған иесі үй жануары арқылы көп ақша тапқан. Ерекше «спорт» жанкүйерлері ставкаларда сұмдық джекпоттарды жұлып алып жүргенін ашық дерек көздерінен көріп, біліп жүрміз. Тіпті, иті арқылы қымбат ше-телдік иномаркаларға қол жеткізгендер де бар. Бірақ, бұл қаншалықты дұрыс? Ит төбелесі спорт па, әлде бизнес пе? Халық бұған неге қарсы? Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті осы және өзге де мәселелерді зерделеп көрді.

ИТ ТӨБЕЛЕСКЕ ТҰСАУ БАР МА?

Іріктеу туры, жартылай финал, финал, көрермендер, трибуна, кубоктар және құнды сыйлықтар. Ит төбелесте де қарапайым чемпионаттағы сияқты. Олар да өмір үшін күреседі. Жанын тәуекелге тігеді. Қарсыласын жеңсе, иесін «байытады». Ал, қарсыластан жеңіліп қалса, онда үй жануарының халі мүшкіл дей беріңіз. Әбден сілікпесі шығып, қансыраған итті емдеу тым қымбатқа түседі. Сосын иесіне адал дос болған жануар байғұс қажетсіз қоқыс сияқты далаға лақтырылады. Оларды еріктілер құтқарады.

Әсілі, мұндай ойын-сауықтарға бұрыннан тыйым салынған. Алайда, ғаламторда, әлеуметтік желіден осы тақырып-ты іздесеңіз, қанды оқиғалар көрсетілетін жүздеген бейнероликтерге кезігесіз.

Ақтау қаласындағы жануарларды уақытша ұстау орталығында бірнеше жылдан бері жұмыс істейтін ерікті Анна Карпованың қолынан «ұрыста» пайдала-нылған екі жүз ит өтіпті. «Караван» газетіне сұхбат берген ол орталыққа келген алғашқы итті әлі күнге дейін есіне алады. Оны орталыққа бір ер адам өткізіпті.

«Ит ұзақ уақыт бойы жабық кеңістікте ұсталды. Бізге әкелгенде оның психикасы бұзылып, өте агрессивті еді. Әу баста иесі оны балаларына көңіл көтеру үшін сатып алыпты, бірақ кейіннен шайқастарға қатыстырылған», – дейді ерікті қыз.

Кейіннен Анна Карпова итке ие болатын сенімді адамды ұзақ уақыт іздепті. Өйткені, тағдыр тәлкегіне ұшыраған иттің иесін табу қиын. Біршама уақыт өткен соң әлгі итті бір адам алып кетіпті. Ол кісі де өмірде көп қайғы-қасірет шеккен адам екен. Енді екеуі түсіністікпен жарасымды өмір сүріп жатқан көрінеді.

Одан соң бұл орталыққа ауыр жарақаттанған алабайлар көп жеткізіліпті. 200-ге жуық жануардың тек 50-ге жуығы аман қалған.

Сонда «итқырқыстардың» «ставкасы» қанша? Енді осы сауал төңірегінде ой қоз-ғап көрсек.

«Көлік ойнатады, ең аз ұтыстың өзі бірнеше жүз мыңдықтарды құрайды. Бұл ешқандай да тәжірибелік алаң емес, нағыз шайқас. Иттер шалажансар өлімші күйге түседі. Балалар сондай байғұс иттермен суретке түсіп, «Жарайсың! Жеңімпазсың!» деп жазып жатады. Полицейлерге де айттық. Құқық қорғау органдары қанша тыйым салғанымен, ұйымдастырушылар бәрібір тығылып өткізіп жүр. Соңғы рет төбелес ұйымдастырушылар бізді ашық шайқасқа шақырды. Өйткені, сондай бір шулы даудан соң кейбір үй жануарларының егелері төбелеске қатыс-тырудан бас тартқан», – дейді Атырау қаласындағы «Мейірімді жүрек» АҚ-ның жетекшісі Венера Манасова.

«Ұрысқа қатысудың өзіне жарна мың долларды құрайды. Жекпе-жектер ареналарда өтеді, көрермендер көп жиналады. Менің ойымша, бұған қылмыстық жаза қолданылуы керек. Өйткені, елде құмар ойындарға тыйым салынады. Бірақ, ең жаманы, бұл шайқастарға әйелдер мен балалар келеді. Кішкентай кезінен бастап бұл қатыгездікке бой алдырған балғындардан өскен кезде қандай адам шығады?!» – дейді Ольга Бахтеева.

Жақында полицияға хабарласқандардың бір себебі сол әлеуметтік желіде жарияланған видео болды. Онда екі ит күшікті қанжоса қып талап, жұлма-жұлмасын шығарып, әбден қинаған екен. Соңында терісін сыпырып, оларды жауыз иттерге жеуге тастайды.

Есептік жазба (ол қазір жойылған) кәмелетке толмаған балаға тиесілі болып шықты. Ол иттерді төбелестірумен айналысқан, сонымен қатар, үй жануар-ларын ұрыстарға қатыстыру үшін ит иелерін үнемі үгіттеп жүретін көрінеді.

Еріктілерде барлық келіссөздердің аудио жазбалары бар. Жаңаөзен полициясы еріктілерден барлық жазбаларды сұрады, оны анықтауға уәде берді және сотқа дейінгі тергеуді бастап та кетті. Бірақ, полицейлер әлі күнге дейін видеоның авторын іздестіруде.

Еріктілердің айтуынша, бұл мәселеде ең сорақы тұсы, иттер төбелесіне бала-лардың көбірек қатысатыны. Жақында Ақтаудағы еріктілер мектеп инспекторының көмегімен  кәмелетке  толмаған  баладан ит тәркіледі. Әлгі баланың ата-анасы үйде ит ұстауына тыйым салғандықтан, ол  итін  үйінің  жанындағы  галереяда жасырып ұстапты.

Жануар қорғаушылардың пікіріне сүйенсек, гәптің бәрі ақшалай жүлдеде жатса керек.

Юлия Сенчуктің айтуынша, қан майданда үздік шыққан төбеттерге 1 мың доллардан бастап 50 мың долларға дейін берілетін көрінеді. Көршілес елдерде бұл сома бірнеше есеге көп. Жануарлардың қанымен адамдар мыңдаған доллар алып, қымбат көліктерге ие болып жатыр. Әлбетте, иттерді төбелеске дайындайтындардың басым бөлігі ауқатты жандар. Себебі, мұндай жануарлардың күтімін қарапайым азаматтардың қалта-сы көтермейді. Ал, осындай жарыстардың салдарын айтудың өзі қорқынышты. Құлағынан айырылған, көздері көрмейтін, жүруден қалып, жарақаттанған иттер қаншама?! Оларды емдеп, сауықтыру оңай шаруа емес. Кейбіріне еріксіз дәрі беріп, өлтіруден басқа амал жоқ. Мұны ит төбелесін ұйымдастыратындар ойламайды да. Мейлі, жарақаты жазылған күннің өзінде психикасы бұзылған иттер адамға шабуыл жасауы мүмкін.

Психолог Татьяна Сорокинаның айтуынша, төбелеске қатысқан соң олардың сенімді досқа айналуы екіталай екен. Ол жануардың психикасын құртады. Ит адамды жау көре бастайды. Содан өз-өзін қорғау үшін адамға тап беруі мүмкін.

ИТКЕ «ИТТІК» ЖАСАҒАНДАР ҚАЛАЙ ЖАЗАЛАНАДЫ?

Осы тақырыпты зерттегенде байқағанымыз, ит төбелесі көбінде еліміздің батыс өңірлерінде өткізіледі екен.

«Маңғыстау облысында иттердің төбелесі заңды түрде өткізіледі», – дейді «Тазы. Төбет. Бөрібасар» Ұлттық спорт федерациясының өкілдері.

«Федерацияның Маңғыстау облыстық филиалы «әділ ит төбелесін» ресми түрде ұйымдастырады. Жануарларды қорлау – айуандық, өзім мұндайға қарсымын. Үш итім бар, иттерді қалай қорлауға болатынын түсінбеймін. Сондықтан да әділ ит төбелесі жайлы айтқанда қаталдық туралы сөз болуы мүмкін емес. Мұндай төбелестер ұлттық дәстүр болып есептеледі, сондай-ақ ежелден өткізіліп келеді», – деп өз ойымен бөлісті филиалдың төрағасы Еркін Балдеков.

«Шара жыл сайын екі кезеңде ұйымдастырылады: күзде және көктемде. Оған төбелес кезінде иттердің жағдайын анықтап отыратын ветеринарлар қатысады. Егер төбелес кезінде иттер жарақаттанып қалса, ветеринар төбелесті тоқтатып, итті жеңілген деп есептеуге құқы бар», – деп түсіндірді Маңғыстау облыстық филиалдың төрағасы.

Сонымен қатар, Балдеков мұндай төбелес иттер үшін қауіпсіз екенін жет-кізді. Жасы және салмағы бойынша категорияларға бөлінеді. Екі жастан кіші иттер жас болып есептеледі, одан үлкендері – ересектер. Бұл иттердің мінезі бойынша анықталады.

«Ешкім итінің жарақаттанып, оған зақым келгенін қаламайды. Сондықтан да іріктеу ветеринардың қадағалауымен өткізіледі. Төбелес кезінде күшік бір минут бойы жылдам әрекет етсе, артық күш кетірудің қажеті жоқ. Бұл спорт, мұнда жеңімпаз да бар, мұндай тұқымды дамытатын спортқа деген қызығушылық та бар», – деп сөзін қорытындылады сарапшы.

Балдеков деуін деді-ау!.. Бірақ, ол тек өзі басқаратын федерацияның мүд-десі тұрғысынан ғана сөйлегені белгілі. Ешкім өзін қаралауға жол бергісі кел-мейді. Қазақта ешқашан ит төбелестіру дәстүр саналмаған. Жоғарыда айтып өт-кеніміздей, тазы мен итті қашықтыққа жүгіртіп, мықтысын анықтау ойындары болған. Сондықтан Еркін Балдеков сияқтылардың «ермегіне» елімізде қан-дай жаза бар екен деп ізденіп көрсек, Қазақстанда жануарларды қорлағандар қылмыстық жауапкершілікке тартылаты-нын білдік. ҚР ҚК 316-бабына сәйкес мұндай қылмысқа барғандарға 500 АЕК көлемінде айыппұл салынады немесе 90 күнге қамауға алу жазасына кесіледі.

Сөз орайы келгенде айта кетейік, Қылмыстық кодекстің 316-бабына сәйкес жануарлардың өліміне немесе мертiгуiне әкелетін қатыгездiкті жасағандар, бұл әрекетін бұзақылық ниетпен немесе асқан қатыгездікпен балалардың көз алдында жасаса – 120 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл төлейді немесе 120 сағаттық қоғамдық жұмыстарға тартылады. Сонымен қатар, отыз тәулікке қамауға алу жазасы қарастырылған.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Жануарларға қатыгездік жасағандарға әлем елдерінде қолданылатын жаза түрлеріне тоқталсақ, АҚШ-та 150 мың доллар айыппұл немесе 1,5 жылға түрмеге тоғытылады. Польшада 5 жылға дейін, Украинада 8 жылға дейін, Беларусьте 1 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Яғни, біздің елімізде иттерді қансыратқандарға қолданылатын жаза тым жеңіл. Содан бұл жағымсыз құбылыстың беті қайтар емес. Үй жануарларын үйдей пәледен құтқарғымыз келсе, алдымен Қылмыстық кодекстің жануарларды қорғайтын тарауларын қайта қарап, тиісті өзгерістер енгізіп, жазаны қа-таңдата түсу керек.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ, экономикалық шолушы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here