Сенатта Қазақстандағы су қауіпсіздігіне төнген қатерлер мен проблемаларды талқылады

0
194

ҚР Парламенті Сенатында «Қазақстанның су қауіпсіздігі: қазіргі кездегі қауіп-қатерлер және оларды шешу перспективалары» тақырыбына арналған үкімет сағаты болды. Шараға орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың басшылары, сондай-ақ су мәселелері жөніндегі сарапшылар қатысты.

Сенат Төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров өз сөзінде көтерілген тақырып әрбір қазақстандық үшін өмірлік маңызы бар әрі ұлттық қауіпсіздіктің ажырамас бөлігі ретінде қарастырылатынын атап өтті. Адамдардың өмір сүру сапасы мен экологиялық су жүйесінің сақталуы сапалы ауыз судың қолжетімді болуына, гидроқұрылыстардың жай-күйіне, су ресурстарын ұтымды пайдалануға байланысты болады.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ағымдағы жылдың ақпан айында Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне «су ресурстарын басқару жөніндегі тиісті бағдарламаларды әзірлеу кезінде еліміздің су қауіпсіздігінің барлық мәселелерін мұқият талдауды» тапсырған болатын. Қазіргі кезде жаңа Экологиялық кодекстің жобасы ҚР Парламенті Мәжілісінің қарауында жатыр. Мемлекет басшысының ол тапсырмасы осы құжатта тиісті көрініс тапты деп үміттенеміз», – деді Асқар Шәкіров.

Трансшекаралық су пайдалану мәселелерінің маңызын ескере отырып, осы саланың халықаралық-құқықтық негізін қалыптастыру ұсынылып отыр. Сондай-ақ су шаруашылығы объектілері мен құрылыстарын толық көлемде паспорттауды жүргізу, олардың техникалық жай-күйін есепке алу қажеттігі атап өтілді.

Үкімет сағатының жүргізіп отырған Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед судың тасуы мен топан су жыл сайынғы проблема болып табылатынын атап өтті.

«Мемлекет деңгейінде табиғи апат зардаптарымен күрес және оның салдарын жою негізгі міндеті болып табылатын жеке министрлік құрылды. Өткен аптада ғана азаматтық қорғау мәселелері бойынша кеңейтілген отырыс барысында алдын алу жұмыстарының басымдыққа ие екені атап өтілді», – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі М.Мырзағалиев су туралы заңнаманы жетілдіру мәселелеріне тоқталды.

«Көптеген сарапшылардың бағалауы бойынша су заңнамасы одан әрі жетілдіруді талап етеді. Қолданыстағы Кодекске он жеті жыл ішінде 62 рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілді (жылына орта есеппен – 3 реттен сәл артық). Нәтижесінде құқық қолдану реттілігінің жоғалуы байқалады, бұл тұтастай алғанда су шаруашылығының барлық деңгейлеріндегі жағдайдың нашарлауына әкеледі. Осыны ескере отырып, 2021 жылға жаңа Су кодексінің және «Гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігі туралы» Заңының тұжырымдамаларын әзірлеу жоспарланған», – деді ол.

Шара барысында БҰҰ Бас хатшысының Орталық Азия бойынша арнаулы өкілі, БҰҰ-ның Орталық Азияға арналған превентивті дипломатия жөніндегі өңірлік орталығының басшысы Наталья Герман сөз сөйледі.

«Орталық Азия өңірінде толыққанды әрі тұрақты экономикалық және әлеуметтік даму тұрғысында су және экологиялық проблемалар өзекті болып қала беретінін атап өткім келеді. Соңғы жылдары БҰҰ Бас Ассамблеясында Орталық Азия елдерінің бастамасы бойынша ынтымақтастықты нығайтуға, соның ішінде су-экологиялық мәселелерге бағытталған бірқатар маңызды қарарлар қабылданды», – деді ол.

Сонымен қатар, сөз алушылар еліміздегі су ресурстарының жай-күйі, азаматтық қорғаныс саласындағы алдын алу жұмыстарын жақсарту мәселелеріне тоқталды. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Өзбекстандағы бөгеттің бұзылуынан зардап шеккен Мақтаарал ауданындағы елді мекендерді қалпына келтіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабарлады.

Отырыс қорытындысы бойынша сенаторлар орталық және жергілікті атқарушы органдардың ақпаратын, депутаттардың, халықаралық ұйымдар өкілдерінің, ғалымдар мен мамандардың сөздерін тыңдай келіп Үкіметке жіберілетін және олардың орындалу мәселелерін тұрақты бақылауда ұстайтын ұсынымдар әзірледі.

ҚР Парламенті Сенатының Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here