Тұңғыш Президент күні: Қазақстанда және әлемде қалай атап өтіледі?

0
1288

Қазақстан – өз елінің Президентінің құрметіне мемлекеттік мерекені бекіткен алғашқы ел емес. Бұрынғы немесе қазіргі Мемлекет басшыларының құрметіне арналған ұлттық мерекелер әлемнің көптеген елінде атап өтіледі.

ҚАЗАҚСТАН

Елімізде 2012 жылдан бастап 1 желтоқсанда Тұңғыш Президент күні атап өтіледі. Бұл күн кездейсоқ таңдалған жоқ – дәл осы күні 1991 жылы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ КСР Президенті қызметіне сайланды, ал екі аптадан кейін тәуелсіз Қазақстанның басшысына айналды.

Мемлекет басшысы ретіндегі алғашқы шешімдердің бірі Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылғы 10 желтоқсанда кеңестік елді Қазақстан Республикасы деп өзгерту туралы Заңға қол қойды. Арада алты күн өткен соң – 1991 жылғы 16 желтоқсанда Жоғарғы Кеңес Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігін жариялады. Осылайша, Қазақстан заң жүзінде егеменді мемлекет болды. 1991 жылы желтоқсанда  Қазақстан дербес елдің даму жолын айқындаған өзгерісті және тағдыршешті  күндерді бастан өткерді.   

Тәуелсіз Қазақстанның тарихы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты. Елорданы Алматыдан Астанаға (Нұр-Сұлтан) көшірді және көпвекторлы саясат ұстанды. Бұл Қазақстанға өзін әлемге жақсы қырынан танытуға мүмкіндік берді.

Дәстүр бойынша Тұңғыш Президент күні елімізде көптеген іс-шаралар ұйымдастырылып, мейрам ретінде тойланады. 

АҚШ

Америкада ақпанның үшінші дүйсенбісі – демалыс күні. Бұл күні елде Президент күні атап өтіледі. Мереке 1885 жылы АҚШ-тың Тұңғыш Президенті Джордж Вашингтонның құрметіне белгіленген. Деректерге сүйенсек, бұл күн мереке ретінде алғаш 1782 жылы Виргиния штатында жұрт алдында тойланған. Президенттің туған күніне орай салтанатты кештер, сап түзеулер, түскі қонақ асы өткізілген. Бұл дәстүр өзге де штаттарға таралып, көп ұзамай 1885 жылы жалпыхалықтық мейрамға айналды.

Вашингтон 22 ақпанда дүниеге келгендіктен, 70-ші жылдардың басына дейін мереке тура осы күні атап өтілетін. Алайда, Президент Никсон демалыс күнін ақпанның үшінші дүйсенбісіне ауыстырып, бұл күні тек Вашингтонды құрметтеп қоймай, АҚШ-тың 16-шы Президенті Авраам Линкольнды да құрмет тұтуды ұсынды. Осылайша, мереке Президенттер күніне айналды.

Президенттер күнінде Вашингтонның музей-үйінде костюмді қойылымдар көрсетіліп,  қонақтарды «құрушы әкенің» сүйікті асы – бал мен май араласқан жүгері таба нанымен тамақтандырады.

ҰЛЫБРИТАНИЯ

8 маусымда Ұлыбританияда патшайымның туған күнін атап өтеді. Шынтуайтында, британ монархы II Елизавета сәуірде дүниеге келген, алайда, Біріккен Корольдік бекіткен дәстүр бойынша бұл мереке маусымның екінші сенбісінде тойланады. Мұндай салтты VII Эдуард қалыптастырған. Корольдің тұжырымдауынша, бұл мерекені тойлауға ауа райы да кедергі келтіре алмайды екен.

 Екінші Елизаветаның Австралия, Канада, Жаңа Зеландия, Соломон аралдары, Ямайка іспетті 15 ел Одағының патшайымы екенін де естен шығармаған жөн. Аталған елдер де өздерінің «Патшайым күнін» атап өтеді. Мәселен, 24 мамырда канадалықтар Виктория патшайымның туған күнін атап өтсе, Австралия халқы бұл күнді шаңғы маусымы басталатын кезде – маусымның екінші дүйсенбісінде тойлайды. Жаңа Зеландияда патшайым күнін тау шаңғысы маусымы басталатын уақытта, яғни маусымның бірі​​​нші дүйсенбісінде атап өтеді.

ИСЛАНДИЯ

Президент күні бұл елде 14 мамырда дүниеге келген Исландияның бесінші президенті Олавур Рагнар Гримссонның құрметіне бекітілген. 1966 жылы билікке келген Гримссон 2016 жылдың бірінші тамызында орнын Гвюдни Йоуханнессонге босатты. Исландияда Президенттің туған күні мемлекеттік мереке. Бұл күні Исландияда мемлекеттік ту көтеріліп, түрлі көңіл көтеру шаралары мен халықтық шеру ұйымдастырылады.

Қазіргі Исландияның Президенті 2016 жылдың 1 тамызынан бастап Гвюдни Торласиус Йоуханнессон. Ел тарихындағы ең жас Мемлекет басшысы. Ол тарихшы, аудармашы және оқытушы.

АНГОЛА

Ангола халқы да Тұңғыш Президент күнін тойлайды. Анголаның алғашқы Президенті Агостиньо Нетоның құрметіне орай басқаша атаумен «Ұлт батырлары күнін» атап өтеді. Ол 1922 жылы 17 қыркүйекте протестанттар шіркеуі қызметкерлерінің отбасында дүниеге келген. 1950 жылдары Нетоның қатысуымен Португалиядан тәуелсіздігін алу үшін күрескен Анголаны азат ету халықтық қозғалысы құрылды. 1975 жылы Ангола тәуелсіздік алған соң Нето оның алғашқы басшысы атанды. Ұлт батырлары күні Нетоның құрметіне ғана аталып өтпейді. 20 жылға жуық ел тәуелсіздігі жолында күрескен Анголаны азат ету халықтық қозғалысының барлық мүшелерінің және 1975-2002 жылдар аралығындағы азаматтық соғысқа қатысушылардың құрметіне тойланады. Мереке күні ұлт батырларының сіңірген еңбегі айтылып, халық қошемет білдіреді. Елде спорттық шаралар мен еске алу шаралары өтеді.

МАРШАЛЛ АРАЛДАРЫ

Бұл елдің мемлекеттік мейрамдарына президент күні де кіреді. 17 қарашада халық тұңғыш президенттері Амата Кабуаның туған күнін атап өтеді. Маршалл халқы ел тәуелсіздігі жолында бірқатар келіссөздер жүргізіп, тәуелсіздіктің негізін қалаған Кабуаны ерекше құрметтейді. Ол 1979 жылы Маршалл аралдарының Президенті болып сайланды. 1996 жылға дейін ақтық демі қалғанша бес президенттік мерзімде Мемлекет басшысы қызметін атқарды. Амата Кабуа елдің тұңғыш Президенті ғана емес, «Маршалл аралдары мәңгілік» атты ұлттық әнұранның әні мен сөзін жазған.

Мерекеге орай елдің негізін қалаушы әкені еске алу үшін мемориалдық рәсімдер өткізіледі.  

ПРЕЗИДЕНТТЕР ТУРАЛЫ ҚЫЗЫҚТЫ ДЕРЕКТЕР

* Мектеп бітірген соң Нұрсұлтан Назарбаев ұшқыш болуды армандайды. 1958 жылы ол Киев азаматтық авиация институтының іріктеуінен сәтті өтеді. Отбасы бұл хабарды оқуға түскеннен кейін ғана біледі. Алайда, әулеттің үлкендері кеңесе келе Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл қадамын құптамайды. Сөйтіп, ол институттан құжаттарын қайтып алады. Институтқа түсер алдында ол үш ай бойы Алматыдағы банкте күзетші болып жұмыс істеген.

* АҚШ-тың 3-ші Президенті Томас Джефферсон білікті сәулетші болған. Ол өзінің әйгілі Монтичелло үйін, сондай-ақ Вирджиния университетінің ғимараттарын жасаған.

* Гаитидің бұрынғы Президенті Жан-Клод Дювалье ең жас президент деп танылды. Ол 19 жасында бұл лауазымды қайтыс болған диктатор әкесі Франсуа Дювальеден мұрагер ретінде алған болатын. 1971 жылы Жан-Клод Дювалье аралдық мемлекеттің «өмірлік президенті» болып жарияланды.

* АҚШ-тың 40-шы Президенті Рональд Рейган 1981 жылы кісі қолынан атылған сәтінде: «Мен еңкеюді ұмыттым», – деп қалжыңдаған екен.  

* АҚШ-тың 43-ші Президенті Джордж Буш – іскерлік әкімшілік магистрі (MBA) дәрежесі бар жалғыз американдық президент.

* АҚШ-тың 44-ші Президенті Барак Обама 2006 жылы «Менің әкемнің арманы» аудиокітабы үшін Грэмми сыйлығын жеңіп алды. Студент кезінде ол «Baskin Robbins» балмұздақ мейрамханасында жұмыс істеген.

* 2017 жылға дейін әлемдегі ең байырғы көшбасшысы болып Зимбабвенің 2-ші Президенті 93 жастағы Роберт Мугабе саналды. Елді 30 жыл басқарған ол 2019 жылы 95 жасында қайтыс болды.

Жансая ШЫҢҒЫСХАН, «Qazaq» газетінің Нұр-Сұлтандағы меншікті тілшісі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here