Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу – қоғамның басты міндеті

0
418

Қоғамның ең басты байлығы – адам болғандықтан, қоғамның басты міндеттері адам игілігі мен мүддесін қорғайды. Адамның зорлық-зомбылыққа ұшырамауы, денсаулығы мен өмірінің қауіпсіздігі, ар-намысына, жеке меншігіне қол сұғылмауы, дүние мүлкінің тұтастығы әрдайым қоғамда басты назарда.

Бүгінгі таңда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және болдырмау – өткір мәселелердің біріне айналып отыр. Әсіресе, балалардың үлкендер тарапынан зорлық-зомбылық көруі, қысымға ұшырауы, өкінішке қарай, қоғамда әлі де кездеседі. Осындай келеңсіз жағдайлардың қалай алдын алуға болады? Осы сұрақ бүгінгі таңда көпшілікті толғандырып келеді. Жасөспірімдердің қателігін немесе еркелігін көтере алмайтын кейбір ата-аналар ашуға бой алдырып, балаларын аяусыз ұрып-соғатыны да жасырын емес. Ашулықпен баланы ұрғанша, қателікке не үшін ұрынғанын анықтап, дұрыс жол сілтеп, бағыт-бағдар берген жөн. Кез келген баланың балалығы болатынын заңды құбылыс деп қарауымыз керек.

Қоғамда жас балалар әлімжеттіктің кесірінен  жасы үлкен балалардан да таяқ жеп, соққыға жығылып жатады. Бұл келеңсіз жағдайлар жасөспірімдердің тәрбиесінің жеткіліксіздігін, ата-аналардың бақылауынан шет қалғандығын, бос уақытын мағынасыз өткізетіндігін көрсетеді. Осы орайда ата-аналар балалардың тәрбиесіне  аса көп көңіл бөлуі қажет. Қоғамдағы әлімжеттік жасайтындармен барлығымыз бірігіп жұмыс жасасақ, дер кезінде алдын алуға болады деп ойлаймын. Ең алдымен балалар өз құқығын, заң алдындағы жауапкершілігін, өзге балалармен құқығы тең екенін біліп өсуі керек. Еліміздің Конституциясында балалар құқығы заңмен қорғалады. ҚР «Баланың құқықтары туралы заңының» 4-бабында «Балалардың тең құқықтылығы» туралы «Тегіне, нәсіліне және қай ұлтқа жататындығына, әлеуметтік және мүліктік жағдайына, жынысына, тіліне, біліміне, дінге көзқарасына, тұрғылықты жеріне, денсаулық жағдайына, балаға және ата-анасына немесе басқа заңды өкілдеріне қатысты өзге де мән-жайларға қарамастан, барлық бала тең құқыққа ие» деп жазылған. Яғни, біздің қоғамда барлық балалар тең құқылы.

Қоғамда зорлық-зомбылықтың құрбаны болатын тек қана балалар емес, әйелдер мен өз құқығын қорғай алмайтын жандар да бар. Өйткені, отбасында қанша зорлық- зомбылық көрсе де, ешкімге айтпай жасырып жүретін әйелдер қаншама? Ал, кейбір әйелдер күйеуі балаларға қол көтере бастағанда ғана бар шындықты ашып, құзырлы органдарға жүгініп жатады. Мұндай жағдайда «ештен кеш жақсы» дейміз, әрине.

Жалпы қоғамда орын алып жатқан зорлық-зомбылықтың бірнеше түрі кездеседі:  Күш көрсету, психологиялық, сексуалдық, экономикалық. Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» Кодексінің 73-бабына сәйкес отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер қатарына былапыт сөйлеу, қорлап тиісу, кемсіту, үй тұрмысындағы заттарды бүлдіру және олардың тыныштығын бұзатын, жеке тұрғын үйде, пәтерде немесе өзге тұрғынжайда жасалған басқа да әрекеттер жатады. Осы жайларды әркез есте ұстап, жағымсыз қылықтардан, құқық бұзушылықтан аулақ болғанымыз жөн. Өзгені қор, өзіңді зор санамау керектігін естен шығармайық!

Қазіргі әлемді жайлаған пандемия кезінде мүмкіндігінше бір-бірімізге көмектесіп, қамқорлықты қажет ететін жандарға жанашырлықпен қарап, көмек қолын созып, игі істің жаршысы бола білейік.

Конкабаев Ниетқали Әбдімомынұлы, №44 жалпы білім беретін мектептің директоры

Жамбыл облысы, Меркі ауданы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here