«Қыздар университетімен таныс!» танымдық жобасы бастау алды

0
2628

Ақын Ғафу Қайырбековтің «Айхай шіркін, Алматыда көктемде, аппақ күміс ай сәулесін төккенде. Сол көшемен жібек толқын секілді, тамаша ғой қыздар көшіп өткенде» сынды атақты өлеңіне арқау болған кешегі Қыздар педагогикалық институты бүгінгі Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің көзіқарақты қауым үшін орны бөлек, маңызы ерек.

Бұл оқу орны туралы көптеген өміршең өлеңдер жазылды, іргелі шығармалар туды. Сексен жылға жуық тарихы бар қазыналы қарашаңырақ осы жылдары білім жолын қуған, ұстаз болуды мұрат тұтқан қазақ қыздарының шамшырағына, парасат мектебіне айналды.

Заманауи педагог кадрлар даярлауға бет бұрған Қыздар педагогикалық университетінің өзіндік бірегейлігі мен мұғалім мамандарын даярлаудағы өзіндік маңызын айшықтау мақсатында оқу орнының Баспасөз орталығы ғасырдан астам тарихы бар «Qazaq» республикалық газетімен бірлесіп «Қыздар университетімен таныс!» атты танымдық жобаны қолға алды.

Алдағы уақытта басылымның сайтында ҚызПУ-дың көрнекі орындары мен ұлағат ұясына айналған қарашаңырақта бүгінде атқарылып жатқан ілкімді істер жайында сериялы мақалалар сериясы жарық көрмек.

Редакциядан

«Қыздар университетімен таныс!»: «Қазақ аруы» субұрқағы

Қыздар университеті қалашағында орналасқан «Қазақ аруы» субұрқағы 2014 жылы ашылған. Оның биіктігі 5 жарым метрді құрайды.

Ұлттық киімдегі бойжеткеннің бейнесі сомдалған ескерткіштің тұғыры қазақтың білезік пішінді әшекейімен әспеттелген. Ару алақанына бейбітшіліктің символына айналған көгершінді қондырған.

Субұрқақ айналасына қазақ және әлем ойшылдарының даналық сөздері жазылған 12 кітап орнатылған. Мәрмәрдан жасалған ұлттық нақыштағы нысан шығармашылыққа жаны құмар жастардың шабытын оятатын көрнекі орындардың бірі.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here