«Вакцина соғысы»: Ресейлік вакцина қарсыластарының алдын орап кетті ме?

0
2784

Біздің Қазақстанға да тәжвирус еніп, халықты тәлкекке түсіргелі жылға жуық уақыт болыпты. Осы аралықта жұртымыз жаға ұстатар жайттарды бастан өткізіп, «батпандап кірген» аурумен арпалысып жатты. Дәрігерлер дертпен күресті күші жеткенше жүргізгенімен, коронавирус көп отбасыға кесірін тигізіп қана қоймай, ел экономикасының да құлдырауына ықпал етті. Дегенмен, ауруды ауыздықтап, денсаулықты қорғаудың бір жолы бар. Бұл – екпе жасату. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 1 ақпаннан басталған вакцинациялау жұмыстары жоспарлы түрде жүзеге асып келеді. Соңғы мәліметке сенсек, 1-11 ақпан аралығында Қазақстанда коронавирустық инфекциясына қарсы ресейлік «Спутник V» вакцинасын 14 мыңнан астам медицина қызметкері алған. Қарағанды фармацевтикалық кешені осы ақпан айының соңына дейін 90 мың доза «Спутник V» вакцинасын шығаратын болады.

ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой коронавирусқа қарсы ресейлік «Спутник V» вакцинасын өндіру үшін Қарағанды фармацевтикалық кешеніне бюджеттен 15 млрд 175 млн теңге бөлінгенін мәлімдеді. ҚФК ақпан айының соңына дейін алғашқы 90 мың доза «Спутник V» вакцинасын шығарады

ДДСҰ ҚАНДАЙ ВАКЦИНАЛАРДЫ ТІРКЕДІ?

Бүгінгі күннің басты мәселесі мен көптің көкейіндегісі – коронавирусқа қарсы вакцина дауы болып отыр. Ал, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) қандай екпені қолдануға рұқсат берді? Қай елдер «вакцина сайысына» өз өнімдерін қосты? Енді бүгін осы сұрақтарға жауап іздеп көрелік.

Вакцина тарихына көз жүгіртсек, азиялық көшпелілер ерте дәуірлерде-ақ адам мен малға екпе жасау арқылы оларды қатерлі аурулардан сақтандырып отырған. Екпе – микроорганизмдерден алынып, адам мен жануарлар организмін жұқпалы аурулардан сақтандыру үшін егілетін препараттар. Бұлар өз кезегінде организмнің иммундық қасиетін арттыруға қауқарлы.

Пандемия басталғалы инфекцияға қарсы вакцинаны әзірлеу басты мәселеге айналды. Ресми деректерге сүйенсек, 2020 жылдың желтоқсан айында түрлі медициналық мекемелер мен фармацевтикалық орталықтар 200-ден астам балама екпе түрлерін жасап шығарған. Дегенмен, олардың барлығы қолданысқа ене бермейді. ДДСҰ-ның арнайы бақылауы мен тексеруінен өткен 64 препарат қана адам организмінде сыналуды бастады. Ал, оның кейінгі әсері ағзаның иммундық қабілетіне де тікелей байланысты.

Вакцинаны жасау мен сынаудың типтік схемасы түрлі кезеңдерден тұрады. Вирусты зерттеуден басталған жұмыстың нәтижесіне жету үшін 10-15 жылға дейін уақыт кетуі мүмкін. Бірақ, бүгінгі күннің жаңа технологиялары мен бұрынғы тәжірибелер бұл процестің барынша жылдам жүзеге асуына ықпал етуде.

Әлем ғалымдары жұмылдырылып жатқан COVID-19-ға қарсы вакциналар түрлі технологиялық платформаларда жасалуда. Бұлардың ішінде ДДСҰ рұқсат беріп, бекітілген вакциналардың көш басында ресейлік «Гам-КОВИД-Вак» («Спутник V») тұр. Аталған препарат Н.Ф.Гамалея атындағы Ресей эпидемиология және микробиология ұлттық ғылыми орталығының ғалымдарымен әзірленген. Екпе 2020 жылдың 11 тамызында әлемдегі тұңғыш коронавирусқа қарсы вакцина ретінде тіркелген. 198 жылдық тарихы бар «The Lancet» британдық медицина журналында келтірілген деректерге сүйенсек, ІІІ фазалық клиникалық зерттеу нәтижесінде «Спутник V» вакцинасының эпидемиологиялық тиімділігі 91,6 %-ды құраған.

Ресейлік ғалымдармен ұсынылып отырған екінші вакцина «ЭпиВакКорона» деп аталады. Аталған вакцина «Вектор» вирусология және биотехнология Мемлекеттік ғылыми орталығында дайындалып, бес ай көлемінде клиникаға дейінгі зерттеулерден өткен. Бұл ресейлік вакцина да ДДСҰ рұқсатын алды.

Рұқсат етілген вакциналар тізімін америкалық «Pfizer», қытайлық «Fosun Pharma» және немістің «BioNTech» компаниялары бірлесіп жасаған халық арасында «Pfizer» аталып кеткен «BNT162b2» вакцинасы, «Moderna» компаниясы мен Аллергия және жұқпалы аурулар Ұлттық институты (АҚШ) ойлап тапқан «mRNA-1273» вакцинасы, «AstraZeneca» ағылшын-швед фармкомпаниясы мен University of Oxford бірлесе жасаған «Оксфордтық вакцина» атымен танымал «ChAdOx1-S (AZD1222)» вакцинасы, қытайлық биофармацевтикалық компаниялары қолданысқа енгізген «CoronaVac», «BBIBP-CorV», «Ad5-nCoV» вакциналары, «Bharat Biotech» компаниясының Үндістан медициналық зерттеулер кеңесімен бірлесіп жасаған «Covaxin (BBV152)» вакцинасы толықтырады.

ОТАНДЫҚ «QAZCOVID-IN» ВАКЦИНАСЫ ДА ҮМІТКЕРЛЕР ҚАТАРЫНДА БАР

ДДСҰ-ның 2021 жылғы 9 ақпандағы соңғы мәліметі бойынша, клиникаға дейінгі сынақ сатысында тұрған үміткер вакциналар саны 57-ні құрайды. Бұл вакциналарды жоғарыда аталған Ресей, Қытай, Германия, АҚШ, Үндістан, Ұлыбритания және Оңтүстік Корея, Бельгия, Жапония, Франция, Австрия, Австралия, Куба, Канада, Тайланд, Индонезия, Италия, Израиль, Тайвань елдерінің фармкомпаниялары мен ғылыми-зерттеу орталықтары ұсынған. Бұлар да қазір сынақтан сәтті өтіп жатыр. Бір қуаныштысы, сол 60-қа жуық кандидат-вакциналар тізімінде отандық «QazCovid-in» вакцинасы да бар.

Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты ғалымдары жасап шығарған отандық екпені ең алғашқы болып институт ғалымдарының өздері қабылдап көрген. Қазір олардың денсаулығы жақсы.

Аталған қазақстандық вакцинаны көпшілікке ерікті егу сәуір айынан басталып, 75 мың доза отандық вакцина салыну көзделуде, сондай-ақ ай сайын көрсетілген көлемді 500 мың дозаға дейін көбейту жоспарлануда.

Инактивті вакцинаның платформасы қауіпсіз, оның құрамындағы компоненттерді халық жыл сайынғы екпелер арқылы бұрын да қабылдаған. Сондықтан, естігеніңізге еріп, өкпеңізді қолыңызға алып қашудың қажеті жоқ. Мамандардың ескертуінше, вакцинаның әр организмге түрліше әсер ететінін есепке алғанда, аздап ауырсыну мен басқа да белгілер байқалуы мүмкін. Дегенмен, екпені алу немесе алмау әр азаматтың өз еркінде.

БАТЫС ЕЛДЕРІ РЕСЕЙЛІК ВАКЦИНАҒА НЕГЕ ҚЫРЫН ҚАРАДЫ?

​Жаңа коронавирустық пандемиямен қатар әлемде вакциналар жарысы басталғандай әсер қалдырады. Әр ел алғашқы болып вирусқа қарсы тұратын екпені ойлап тауып, өз ғылымы мен білімін жаһанға мойындатқысы келетін сыңайлы. Алдымен, бұл ауыр дертті ауыздықтаудың ең оңтайлы тәсілі. Онымен қоса, бірінші болып дүниежүзілік инфекцияға қарсы дәрі ойлап тапқан адам вакцинасын әлемнің көптеген елдерінде сата алады.

Жоғарыда сөз еткеніміздей, вакцина жасауда Ресей көш бастап, алғашқы вакцина осы елде жасалған. Өткен жылдың 11 тамызында тіркелген екпенің қауіпсіздігіне күмән келтірген Батыс елдері «Спутник V» препаратын бас салып сынай жөнелген еді. Ресейлік вакцина турасындағы шағымдардың басым көпшілігі екпенің сынақтардан түгел өтпегендігін алға тартады. «Вакцина жасау мен оның тиімді әрі қауіпсіз екендігін дәлелдеудің айырмашылығы көп» деп келтірді америкалық мамандар уәжін. Ресей Федерациясының әлемдік деңгейдегі пандемияға қатысты жасаған жаңалығы, әрине, әлемдік деңгейде талқыланып жатты.

Батыс баспасөз беттерінде «Ресейлік вакцина Түркияда улы деп танылды» деген ақпараттар тарады. Бұған себеп Түркия Денсаулық сақтау министрінің «жақсы зертханалық тәжірибеге сәйкес келмегендіктен, Анкара ресейлік екпеден бас тартты» деген мәлімдеме жасауы болды. Кейін Түркия үкіметі Ресеймен вакциналар жеткізу бойынша келіссөздер жалғасып жатқанын айтып, мәселенің мән жайын түсіндірген.

Ресейлік вакцинаға ресейліктердің өз ішінде де күмәнмен қарағандар болған. Тағылған мін мен артылған сынға қарамастан «Спутник V» сұранысқа ие.

Ресейдің тікелей инвестициялар қорының басшысы Кирилл Дмитриевтің мәліметінше, екпені елуден астам ел сатып алғысы келеді.

«Біздің ел (Ресейді айтады, – ред.) аталған вакцинаның 100 миллион дозасын Үндістанға, 50 миллионын Бразилияға, 35 миллионын Өзбекстанға, 32 миллионын Мексикаға, 25 миллион дозадан Непал мен Египетке жеткізуді жоспарлап отыр» деп хабарлады Кирилл Александрович.

Батыс елдері ұсынған вакциналарды сынау кезінде үлкен қиындықтар туындаған. «Pfizer» мен немістің «BioNTech» компаниялары жасаған вакцинаны сынақтан өткізу барысында алты адам қайтыс болған. Бұл туралы АҚШ Азық-түлік және дәрі-дәрмек басқармасы хабарлаған. Кейін қайтыс болғандардың бірі негізінде семіздік ауруымен, бірі жүрек талмасымен ауырғаны белгілі болды. Бұл жағдайлар вакцинаның тіркелуіне кері әсерін тигізбеді. Бұл екпені АҚШ вице-президенті Майкл Пенс пен әйелі, сондай-ақ Ұлыбритания патшайымы Елизавета ІІ халықтың көзінше қабылдаған.

Британ-шведтік «AstraZeneca» вакцинасын сынау кезінде де бір адам өмірмен қоштасқаны туралы ақпарат тарады. Бірақ, өлім себебі вакцина әсерінен екендігі нақтыланбаған.

«Біреуге жан қайғы, біреуге мал қайғы» демекші, халықтың аурумен алысуға қауқары қалмай бара жатқан кезде мұндай «вакциналар соғысының» ғылымға да, қоғамға да әкелер пайдасы шамалы. «Күш – бірлікте» дейді қазақ. Ғалымдар келісіммен бірлесе отырып іс жүргізсе, «пішілген тонның келте болмасы» анық. ​

БӘСЕКЕЛЕСТЕР ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ТУРАЛЫ МЕМОРАНДУМҒА НЕГЕ ҚОЛ ҚОЙДЫ?

Әлем ғалымдары расында күш біріктіруге бел буды. Нәтижесінде, тағы бір вирусқа қарсы вакцина жасалды. Бұл келісім Ресейлік Гамалея орталығы мен «AstraZeneca» арасында жасалған. Ынтымақтастық туралы меморандумға 2020 жылы 21 желтоқсанда қол қойылған.

Бұған дейін Гамалея орталығы мен «AstraZeneca» компаниясының вакциналары басты бәсекелестер болатын. Достықтың жеңіске жетіп, ынтымақтастық орнауының басты себебі – ғаламдық пандемияны жалғыз тоқтатудың мүмкін еместігін түсіну. Бар әлемге «алаламай» жайылған көзге көрінбейтін жауға қарсы күресті де күш біріктіріп жеңу, жалғыз шапқаннан оңтайлырақ болмақ. Путин де, «AstraZeneca» компаниясының бас директоры Паскаль Сорио да «біз тек жаһандық деңгейде бірлесіп жұмыс істей отырып, жан түршігерлік ауруды жеңе аламыз, бізге коммерциялық емес тәсіл керек» деген тұжырымдарын баса айтты.

Гамалея орталығының да, «AstraZeneca» корпорациясының да вакциналары ұқсас принцип бойынша жасалғандықтан, оларды біріктіруге және бұрынғысынан жақсырақ нәтиже алуға болады.

«Спутник V» құрамында екі компонент бар: біріншісі адамның 26 серотипті аденавирусы негізінде жасалса, екіншісі 5 серотипті аденовирусқа негізделген.

«AstraZeneca» вакцинасы да дәл осылай жасалады, тек айырмашылық мұнда екі серотипке негізделген шимпанзе аденовирусы қолданылады. Осыны ескерген ресейлік тарап Оксфордтық компанияға «AstraZeneca» вакцинасының тиімділігін арттыру үшін «Спутник V» екпесінің бір компонентін қолдануды ұсынған. Ынтымақтастықтың негізгі медициналық мәні осы. Бір жағынан, әлемге көз ілестірмес жылдамдықпен тарап жатқан пандемияны тоқтату үшін тезірек жаңа вакцина ойлап табу қажет. «Бір бас жақсы, екі бас одан да жақсы» дегендей, қос ел ғалымдарының ой біріктіріп, сыналған екі вакцина компоненттерін қосып жаңа екпе жасауы – мәселенің шешімін табуды жылдамдататын іс. Бұл жөнінде Гамалея орталығының директоры Александр Гинцбург: «Аталған екі вакцина бір-біріне ұқсас платформада жасалғандықтан, көп қаражат пен ұзақ уақытты қажет етпейді. Сондай-ақ, вакцина компоненттері оңай үйлесім табады. Осылайша, вакциналарды әлем елдеріне кең таратуға және ауруды ауыздықтауға болады» деп пікір білдіреді.

Ресей Президенті бір сөзінде вакцина ғана емес, қазіргі күнгі түрлі дертке дауа болатын дәрі-дәрмектер өндіруді дамыту туралы айтқан болатын. Оксфордтық компанияның қатерлі ісікке қарсы дәрі-дәрмек шығаруда әлемдік көшбасшылардың бірі екенін ескерсек, бұл ынтымақтастық Ресей үшін тиімді болмақ.

ӘЛЕМДІК ҚАУЫМДАСТЫҚ «СПУТНИК V» ВАКЦИНАСЫН ҚАЛАЙ БАҒАЛАДЫ?

Батыс елдерінде ендігі кезекте АҚШ пен Еуропада өндірілетін вакцинаға қарағанда ресейлік екпенің сұранысы арта бастады. «Спутник V» препаратын ең алғашқы болып Гвинея Президенті Альфа Конде қабылдаған. Екінші болып мұндай батыл қадамға Аргентина Президенті Альберто Фернандес барған. Әлемдік аренада атақты тұлғалардың аталған екпені ектіріп, жақсы пікір қалдыруы Ресей ойлап тапқан вакцинаның қауіпсіздігінің дәлелі іспетті болды. Екпе ектіру нәтижесінде елде коронавирус жұқтырудың қаупі сейілген. Ал, «Спутник V» вакцинасы артылған «керуендер» Беларусь, Аргентина, Гвинея, Боливия, Венесуэла, Сербия сияқты әлем елдеріне бағыт алып жатты.

Пандемия кезінде коронавирус диагнозымен тіркелгендердің саны 45 қана адамды құрап, өзіндік рекорд орнатқан 7,1 млн халқы бар Лаос та Ресейден 2 млн доза екпе сатып алған.

«Ресейлік вакцина Ресей мен Беларусьтен басқа Сербия, Аргентина, Боливия, Алжир, Палестина, Венесуэла, Парагвай және Түркіменстанда тіркелген» деп мәлімдеген РФ Сыртқы істер министрлігінің өкілі Мария Захарова бұл тізімнің ұдайы жаңарып, өсіп отыратындығын айтады.

ЕО көлемінде Венгрия «Спутник V» екпесін ең бірінші болып өз елінде қолдануға рұқсат берсе, БАӘ-де билік клиникалық сынақтардың үшінші кезеңінен кейін ғана препаратты қолдануды жөн санаған. Сондай-ақ, бірнеше ел ресейлік вакцинаны өз елдерінде өндіруді қолға алған. Сербия Президенті Александр Вучич вакцинаны өз елінде өндіру туралы келіссөз жасауды бірден қолға алса, Үндістанның Ресейдегі елшісі Венкатеш Варма Мәскеуде екпе салдырғаннан кейін, бұл өнімді өз елінде өндіріп, үшінші әлем елдеріне экспорттау туралы шешім шығарған. ​Бұл қатарда біздің де еліміз бар.

РЕСЕЙ ӨЗ ВАКЦИНАСЫН НЕГЕ ЕУРОПАЛЫҚ ОДАҚТА ТІРКЕТУГЕ МӘЖБҮР БОЛДЫ?

Ресейдің тікелей инвестициялар қоры Еуропалық Одақта «Спутник V» коронавирустық вакцинасын тіркеуге өтінім берген болатын. Жақында ресейлік БАҚ өкілдері өтінімнің қанағаттандырылғаны туралы ақпарат жариялады. Бұл дегеніміз, Ресей өз өнімін Еуропалық Одақтың 27 еліне жеткізе алады. Қазіргі кезде Еуропалық Одақ мақұлдаған «Pfizer/BioNTech»,  «Moderna», «AstraZeneca» вакциналары 600 млн дозаға дейін сатылуда. Бұндай келісімшарт «Johnson&Johnson», «Sanofi-GSK», «CureVac» компанияларымен де жасалған.

Вакцинаны ЕО-да тіркеу не үшін қажет? Жоғарыда атап өткеніміздей, бұл алдымен вакцинаны Одақ көлемінде еркін сатудың тиімді көзі болса, мәселенің екінші жағы «вакцинацияның электронды паспорты» мәселесіне келіп тіреледі.

Электронды паспорт дегеніміз – тұлғаның арнайы екпе жасатқандығын куәландыратын құжат. Ол электронды түрде (смартфонда) немесе арнайы QR-код түрінде болуы мүмкін. Мұндай төлқұжат иелеріне Шенген елдері (еуропалық 26 ел) бойынша еркін жүріп-тұруға, көпшілік іс-шараларға қатысуға және шетелге саяхаттауға мүмкіндік беріледі. Бұл құжат ресейлік вакцинаны салғызғандарға да берілетін болды. Демек, енді ресейлік вакцинаға да сұраныс арта түседі.

Екпенің электронды құжаты мәселесіне қатысты дау қозғалғанына біршама уақыт өтті. Ресейліктер бұған қатысты түрлі пікірлерін білдірген болатын. Ресей тікелей инвестициялар қорының жетекшісі Кирилл Дмитриев «вакцинацияның электронды паспорты 2021 жылы адамның жеке басын куәландыратын төлқұжат секілді күнделікті өмірдің бір бөлшегіне айналуы мүмкін» десе, Федеративті Кеңестің спикері Валентина Матвиенко мұндай құжаттың мүлде қажетсіз екенін айтып, өз дәлелдерін алға тартады. «Сонда негізгі мәселе коронавирусқа қарсы вакцинациялану ма, әлде АҚШ, Австралия, ЕО елдеріне виза алу үшін Еуропалық Одақ мақұлдаған екпені алу ма» деген сұрақ тастайды ол. Ал, РУДН жұқпалы аурулар кафедрасының доценті Сергей Вознесенский мәселені «бұл медицина емес, нағыз геосаясат» деп бағалап отыр.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей Президенті Владимир Путинмен жасаған келісімімен 2020 жылдың 22 желтоқсанынан бастап Қазақстанда ресейлік «Спутник V» вакцинасы өндіріле бастады. 2021 жылдың 1 ақпанынан тұрғындарды ерікті түрде вакцинациялау басталып кетті. Алғашқы кезеңде халықтың ауруды жұқтыру қаупі жоғары тобы, яғни дәрігерлер, педагогтар, күштік құрылымдардың қызметкерлері қамтылады.

Жылға жуық коронавирустың зардабын тартқан халық бір нәрсені түсінуге тиіс: коронавирустың кезекті толқындарының қайта басталуы яки вирустың асқынуы вакцинациядан туындайтын қауіптен едәуір асып түседі. Ал, ерікті екпе салдырғандардың денесінде антиденелер мөлшері жоғары болады. Сондықтан бұл коронавируспен күрестің бірден-бір жолы деуге негіз бар.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ, саяси шолушы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here