Мұқағали Мақатаев – 90: Сортаң тағдыр, тарпаң талант

0
5967

Балапан Рабат – Бейжіңде тұратын қандасымыз, Орталық Қазақ радиосының дикторы, ақын, аудармашы, сазгер, әнші, былайша айтқанда, өрт мінезді, мәрт жүректі азамат екен. Оны Мұқағали Мақатаев туралы жазған мақаласынан-ақ байқадық. Басқа да жырларын оқи келе, насихаты болып жатса, өз ортасының аңызы болуға жарап-ақ тұр екен деп ойладық. Әсіресе, «ел-жер» деп елжіреген ақындық жүрегі қандай десеңізші. Мұқағали туралы жазған эссесі де елге деген сағыныштан туғандай әсер береді. Ақын қиялы Алматы мен Хантәңірінің арасында шарықтайды. Кәдуілгі үйреншікті ойларға қамалып қалмаған. Мақаланы да өлең құсатып төгілтіп жазады. Өлеңдері еркін ой, өткір сезімдермен ұшқындап- ақ тұр. Балапан Рабат Мұқағали туралы не жазды екен, бірге оқиық ендеше.

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК

СӨЗ БАСЫ

Әлемдегі тілі мен жазуы бар халықтардың әдебиеті де толассыз өсу, өркендеу сатысын басып өтеді. Бір қызығы осы «өсу, өркендеу» дейтін уақытқа жығынды сөздерге түсе бермейтін, оның шекті аумағын талқандап, өз алдына, уақыт пен кеңістік көлемінен тыс өмір сүретін дарабоз дарын иелері мен соның есіміне байланысты ғажайып көркем шығармалар болады. Сен бұл шығармаларды осыдан көп жыл немесе ғасыр бұрын жазылған екен деп аттап өте алмайсың, есесіне оның телегей тереңіне шым батып, бүгінгі тұмандап бара жатқан сана-сезіміңді сонау арыдан- ғасырлар қойнауынан жарқырап жеткен сәулеге тоғытып, сол арқылы өмірге деген құштарлығыңды ойнатып, айналаңа ойлы көзбен қарауға тырысасың.

Ең жексұрын адамның өзі де әдеби шығармалардың ішіндегі жағымсыз типтерден емес, жағымды геройлардан үйренуге ниет танытады.

Поездағы сұлу сезім сигналдары мен философиялық тұспал-тұжырымдар адамдарды аярлықтан арашалап, пәктікке жетелеуде әлемдегі әрқандай өнер түрінен де үстем де ұрымтал келеді.

Шиыр шабытынан шалқып төгіліп, одан ары «сылдырап өңкей келісім» боп кете баратын өлең тілі қара сөзге қарағанда қашан да ұтымды, әрі өлмес ерекшелікке ие болған.

Ықылымнан бергі шешендік шертпелері дерлік ұйқасқа құрылып келген. Өйткені ұйқасқа түспеген сөздің жамағатты бауру қуаты тым мардымсыз болған. Әрқандай ұшқыр ой мен нақыл насихат өлең тілімен немесе ұтқыр ұйқас, үндестік арқылы үйлесім тауып, былайғы ақпа құлақ пен құйма құлақтың түгелге жуығына үлкен әсер етіп, тіпті қажет болғанда адами қасиеттерді былғамаудың ауызекі ережесіне айналып отырған.

Атам заманғы ым мен ишараттан тілге, сосын жазуға көшу барысы адамзат тарихындағы дәуір бөлгіш төңкерістер есептеледі.

Қазақ тіліндегі көркем сөздің ерекше дамыған тұсы зар-заман ақындары немесе жыраулар дәуірі болды.

Тіршілік дағдысы мен табиғатпен етене туыстық, сондай-ақ ана тілдегі мол мүмкіндіктердің барлығы да тіл-жақты қазақ баласын тап бермеде тауып айтып, ұтқыр сөйлеп, тақпақтап, тәмсілдеп жүруге бейімдегені рас.

«Сөз тапқанға қолқа жоқ», «таяқ еттен, сөз сүйектен өтеді» деген тәмсілдерден-ақ жүйелі сөзге жүгіне білген халық даналығы көрініп тұр.

Ел арасында шешен-шежірелерден тамыр алып, одан бері ұлт пен ұлыс тағдырына ойысатын жыраулық дәстүр, соның әлеуметтік үлгісі боп қалыптасқан айтыскерлік, яғни бүгінгі суырып салма халық ақындары, осының бәрі – қордалы да қасиетті қазақ тілінің табиғи мүмкіндігінен туындаған ұлттық үлгідегі жетістіктер.

Ал, жазба ақындардың атасы Абай десек, Абай тағылымына тағзым етіп, одан үлгі алған ақындардың қатары жетерлік. Солардың белді өкілдері Мағжан Жұмабаев пен Қасым Аманжолов.

Бұл екеуі де Абаймен мақтанып, әрі Абайдың үлгісінен барынша сақтанып жазған ақындар еді. Олар кемеңгер Абайдың көлеңкесі болмауды батыл ұстана отырып, нәзік лиризм мен романтикаға толы, толағай да толыққанды «сөз патшасын» сомдап кетті.

Ақынды заман тудырады, десек те нағыз талантты ақындар сол өзі жасаған дәуірден ой-сана жағынан көш бойы ілгері кетіп отырған. Ендеше, оның бақыты да, соры да сол болмақ.

Осы тұрғыдан қарастырғанда, Абай қазақ жұртының бойындағы болбырлықпен, ездікпен майдандасып қана қоймай, оның ойы мен рухани әлеміне әдейі тиісе тіл қатты. Ол өзінен бұрынғы ақын-жыраулардай қазақ даласының дарқандығына масаттанып, парықсыз аста-төк, астамшылдығын жөнсіз марапаттаған жоқ. Ақындығы мен ақылмандығы қабаттасқан ұлы тұлғаның бойында халқына деген шексіз махаббат пен «у мен өрттей» ашыну азабы біте қайнасып, қаймананың қамы үшін қара басын қайғы-мұңға байлап-ақ бақты.

Қалғып-мүлгіп бара жатқан қазақ даласын қара сөзбен де, өлеңмен де, сұлтан болып та, ұлтан болып та оятқысы келген.

Амал не? «Жартасқа бардым, күнде айғай салдым, одан да шықты жаңғырық», «Сен неге тіл қатпайсың?», «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деп күңіренді. Сөйткен Абайды тыңдағанды қойып, сабап салды ғой сарамастар. Ендігі жерде ақын: «Қайран сөзім қор болды, тобықтының езіне» деп құлақ асар пенде, халайық іздеп қарманса, «моласындай бақсының, жалғыз қалдым тап шыным» деуге де мәжбүр болды.

Сөйтіп Абайдан кейін де Мағжан секілді серілер де жаңағыдай жазылмас дертке душар болды. Оның мойнына бодандық бұғауымен қоса қызыл империяның қырағы қызыл шылбыры бір уақытта ілінді. Басына келер батпан пәле қазаны біле тұра «отпен ойнаған» өр мінез ақын Алаш туын аспандатып, тарих тоқпағынан діңкелеген әлжуаз жұртына жігер бере жырлады.

Осы орайда айта кететін бір тұспал мынау: «қой үстіне боз торғай жұмыртқалаған» сонау арыдағы хандықтар дәуірінде көк қуалап көшіп-қонып жүрген көшпенділер де кейінгі кездегідей «алты бақан алауыздық» негізінде болмаған, жер дауы, жесір дауы болғанымен жүйеге жығылатын жұрт ақсақал ақылмандар мен білікті билердің уәжіне бағып, ондай оспадар дәстүрлерді дер кезінде ноқталап отырған. «Төскейде малы, төсекте басы қосылған» далалық ұлыстардың төресі де, қарасы да дерлік сөзуарлыққа, өнерге бейім болған. «Өнер алды қызыл тіл», «сөз тапқанға қолқа жоқ» деп дуалы ауыз шешендерін хан көтерсе, домбыра мен қобызға қосып толғайтын сал серілерін ұзынды күн кешке дейін тыңдаудан бір сәт жалықпаған.

Бейне Мұхтар Әуезов айтқандай: «Бұрын жақсы жаман болса да, өз бетімен келген ел, бері келгенде ханынан айырылды. Бұрынғы хан елдің өзгеден бөлек бір тіршілігінің белгісі сияқты болса, бері келген уақытта, орыс үкіметінің көз құлағы сияқты, болымсыз ғана төрешігі болып қалды. Соңғы уақыттың хандары қазақтың қасы, патша үкіметінің тыңшысы болды. Шенге, шекпенге сатылған сатымсақ ханның маңайына, өлекседен тараған сасық истей толып жатқан төрешік, ұсақ би, ру жуандары шықты. Мұның бәрі патша үкіметінің жорға құлы болды. Ел тіршілігінің өзгеріп, азуға айналғанының бір белгісі осы еді».

Отар елдің ендігі қам-қарекеті сырттан келген жаулаушыларға жағынуға бейімделсе, мұның жиренішті бейнесі көбіне-көп ел басыларының бойынан табылды. Берекесі қашқан ел мен беделі біткен билеушілерді көрген былайғы ақын-жыраулардың білікті бір тобы ендігі жерде зар-запыран құсқан, мұңлы-күйлі өлең үлгісіне табиғи тұрғыдан көше бастады.

Осынау көкірек сыздатқан зар-мұңның шырқау шегі тұп-тура Мағжан Жұмабаев тағдырымен тұспа-тұс келеді.

Сұм өмір, сұлу дүние алдадың ба?

Тән арып, тамырда қан қалмадың ба?

Жалған үшін жан қиып, жапа шектім,

Еңбегім екі болып жанбадың ба?

Жайшылықта жан қиған, жақын дүние,

Талып тұрсам назарың салмадың ба?

Ор текедей орғытып, орға жығып,

Жалмауыз, жауыз жалған, жалмадың ба?

Сөйтіп Мағжан тектес біртуар таланттардың бір тобы «сталиндік террорлықтың» тепкісінде жырлап та, жылап та жан үзді.

Ал шабытты шағы алапат соғыс өртіне дөп келген Қасым Аманжолов шығармашылығы да шырылдаған шындық пен өрекпіген өтіріктің арасында, ақиқаттың ауылын іздеп дал болды. Қызыл империяның қырағы жанары оның жырларындағы тыныс белгілерге дейін түгендеп, түзеп отырды. Сонда

Өмір жоқ түскен жерде бір арнаға,

Көп күттім, көп тіледім, құмарлана.

Қайтейін жетер емес, қысқа өмірім,

Алыстан көрінгенмен мұнарлана, – деп жүрек тұсын сыздатқан жасырын жан айқайын астарлап айта білген. Оның өнер жолындағы ұстанған берік қағидасы, бейне өзі айтқандай «күніне жүз ойланып, мың толғанам, өзіммен бірге өлмесін өлеңім деп» дегендей, биік мұрат, үлкен жауапкершіліктен тамыр алған.

Бір күй бар домбырамда иесі Қасым,

Қасым солай болмаса, несі Қасым?

Жыр бәйгесіне аттанған адам болса,

Сөредегі Қасымын есіне алсын, – деп ағынан ақтарылатын.

Осы мақалаға арқау болып отырған Мұқағали Мақатаев шығармашылығы мүлде басқа дүние. Ол Абайды, Мағжанды қойып, кешегі Қасымды да қайталаған жоқ. Бұдан Мұқағали алдыңғы тұлғалардан тағылым алмады деген мағына шықпайды. Қайта, ғасырда бір-ақ рет туатын бірегей тұлғаның өзгеден ерек ақындық дарыны өзінен бұрынғы кемеңгерлердің «әмеңгері» болуға жібере қоймады. Табиғат сыйлаған тума талантын тар шеңберде, бұғауда булықтырмай, Алланың аян бергені іспетті ғажайып муза шапағатын шалқар шабыт арқылы жүректен-жүрекке жеткізе білді. Бұл жолда ақын қарапайым қара өлең үлгісімен-ақ оза шауып, төрткүл дүниені төрт-ақ жолға сыйғыза білген шектен тыс шеберлігімен де, адам жанының шыңырау шүңетіне жыр шумағын жеткізе білетін көрегендігімен де, кешегі, бүгінгі, тіпті ертеңгі ұрпақ санасына жол тауып үлгіргені хақ.

Қалқам, мен Лермонтөв, Пушкин де емен,

Есенинмін демедім ешкімге мен.

Қазақтың қара өлеңі – құдіретім,

Онда бір сұмдық сыр бар естілмеген, – дегенді ақын бостан-босқа, ақталу үшін айта салған емес, қайта осынау сұмдық сырдың ішіне еніп, сол құдіреттің қадір-қымбатына жету жолында барша өмірін тәрк еткені белгілі. Ақын бұл борышын ақтады да, сөйте тұра:

Ақынмын деп қалайша айта аламын,

Халқымның өз айтқанын қайталадым.

Күпі киген қазақтың қара өлеңін,

Шекпен жауып өзіне қайтарамын, – деп өзінің туған халқы алдындағы перзенттік борышына жауапкер болумен бірге, халық даналығына саналы түрде бас июге пейіл.

Жалпы, Мұқағали жырлары жіктеп, жіліктеп отыруды қажет етпейді. Оның әр шумағы өзінен-өзі түсінікті. Алайда қара байыр емес, таза қазақи тілді биік мәдениетке көтере қолданады. Айнала ортаны, адам жанының алмағайып сәттерін жіти жіпселеп, көңіл көзімен көре біліп, оны өлең тіліне көшіруде Мұқағали шеберлігінде шек жоқ.

Халқына тәңірдей табынған ақиық ақын барша көңіл қалауы мен өмір өксігін сол халқына ақтарып береді де, жыр тағдырын болашақ пен әділқазы уақытқа табыс етіп, қырықтың бесінде қыр асып кете барған еді. Сөйтіп, туған халқы оны қайтадан іздеп, табиғатына етене жақын жыр жолдарын жаттап, жамыратып әкеткенде, Мұқағалидың айтқаны келді:

Қарасаз, Қарашалғын өлеңде өстім,

Жыр жазсам оған жұртым елеңдестің.

…Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев,

Алайда өлтіре алмас өлеңді ешкім.

Шындығында бұл сәуегейлік емес еді, өзінің дарыны мен дәрменіне ары мен арманына имандай нанған бірегей тұлғаның жан дауысы болатын. Ендеше «өлді деуге бола ма ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деп данышпан Абай айтқандай, осынау аты аңызға айналған адамның өнері де, өмірі де бізді өзіне ерекше қызықтыратыны сөзсіз. Әсіресе, жұңго оқырмандарының осы жақтағы талап-тілегін ескере отырып, ақынның өлеңінен гөрі өміріне көбірек үңілсек деген оймен қолда бар материалға сүйеніп, сол үдеден шығуға құлшынып көрдік.

АҚЫН ЖӘНЕ АУЫЛ

Көк тіреген Хан Тәңірдің баурайында, Елшенбүйрекпен елдесіп, Айғайтаспен астасып, Шәлкөдемен шалғыны тұтасқан Қарасаз деген көркем ауыл бар. Бүгінгідей адрес бойынша әдіптесек, Алматы облысының Нарынқол ауданына қарасты Қарасаз деген ауылда 1932 жылы белгісіз сәби Сүлейменұлы Мұқаметқали, яғни бүгінгі иісі қазақтың арқалы ақыны атанған біртурар дарын иесі, тарпаң талант Мұқағали Мақатаев дүниеге келді.

Осы арада, «ақын неліктен Мұқаметқали боп туылып, Мұқағали болып танылды?» – деген заңды сұрақ қойылуы мүмкін. Бұл жөнінде ақынның өзіне сөз берсек былай дейді:

«Менің есімімді әкем Мұқаметқали деп қойыпты. Әкем соғыста қаза болды. Мен бұл есімнің қадір-қасиетін білемін бе деген ой келді. Өйткені ол есім бүкіл қазақты табындырған Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың есіміне ұқсап кетеді. Соны өзімше өзгертіп, Мұқасы мен Ғалиын алып, Мұқағали деп өзгертіп алдым».

Мұқағали Сүлеймен мен Нағиманның тұңғышы еді. Бұдан соң да Қалимахан, Қалибек, Тоқтарбай, Көрпеш есімді қарындасы мен бауырлары болған. Мұның алдыңғы екеуі ерте шетінеп, соңғы екеуі есен-сау ержеткен.

Азан шақырып қойған аты бойынша Мұқаметқали он жасқа толғанда әкесі Сүлеймен неміске қарсы соғысқа аттанады.

Қазақ салты бойынша тұңғыш бала үлкендерге тән боп кететіні болады. Сол сияқты, Мұқағали да шыр етіп жерге түскеннен бастап әжесі Тиін деген кісіге тәуелді болған. Мұқағали өзін де сол «Тиін кемпірдің ұлымын» деп санаған. Ақынның:

Әже, сен бірге жүрсің меніменен,

Өліге мен өзіңді телімегем.

… Ақ кимешек көрінсе, сені көрем,

Ақ кимешек жоғалса… нені көрем? – деп әжесін үлкен пана тұта жырлауы осының дәлелі.

Жалпы, Мұқағали өлеңдерінде әжелердің, аналардың, қариялардың қадір-қасиетін діттейтін бірегей жолдары баршылық. Мұны ақын жадағай дәстүрді насихаттау немесе сыбай-салтаң сағыныштан емес, қайта кесерткідей құбылған пенделер пиғылына қарсы қойып, оларды имандылыққа, адамгершілікке шақыру үшін қолданатын тәрізді.

Мұқағали бойындағы мұңлы-күйлі ақындық сарын оның бала-шағынан бастау алғаны белгілі. Мәселен: соғыс кезінде бір топ бала қырманда жұмысқа жегіледі. Кешкісін қырманда түнеп, таңертең беті-қолдарын жуарда су жоқ боп шығады. Сонда Мұқағали:

Дембе, дембе, дембе екен,

Топырақ судан кем бе екен?

Топырақпен қол жусақ,

Бір құдайға жөн бе екен? – деп бірнеше қайталап, суға қол жуған сияқты, қолына топырақты жағып-жағып жіберіп, екі бетіне сүйкей бастайды.

Мұндай бала табиғатымен етене жақын ойнақы шумақтар Мұқаметқалидың тапбермеде тауып айтатын зеректігін растаса, он жасар болашақ ақынның майданға кеткен әкесін аңсап:

Ол жерде Сырымбеттей тау бар ма екен,

Жайдақтың шөбі шүйгін қаулар ма екен.

Мінеки, көп ай болды хабары жоқ,

Әкем кеп көңілімізді аулар ма екен.

Әкеміз бір әкеден жалғыз еді.

Судағы жаңа біткен жалбыз еді.

Мінеки, көп ай болды хабары жоқ,

Біздегі әкемізге зармыз енді, –

деуінде соғыс өрті күйдірген бала жүректің жүйкені босатар шер-мұңы жатыр. Сөйтіп 2-клас оқушысының жаңағындай жан дауысынан тамыр алған ақындық дарын кейіндеп кемеліне келген шақта:

Шаруаның баласы болғасын ба,

Айналыстым шаруамен он жасымда.

Майдандағы әкеме оқ жібердім,

Айырбастап күлшемді қорғасынға, – дегенде  шымыр шумақпен шығандап кете барады.

«Мұқағали бастауыш кластарды Қарасаз өңіріндегі шағын ауылдарда оқып, орта мектепті аудан орталығы Нарынқолдағы интернатта бітіріп шықты» дейді анасы Нағиман.

«Ауқаттылардың балалары Алматы асып, үлкен оқу іздеп жатқанда, ол ауылдық кеңесте хатшы болып қызметке тұрды. Он төрт-он бес жасынан жаза бастаған өлеңінен қол үзген жоқ. Төбесі ап-аласа үйге қалың-қалың кітаптарды үйіп тастап, бірінен кейін бірін оқитын да жататын. Кейін ауылдағы мектепте қызмет істеді. Содан аудандық газетке барды. Өлеңдері жиі жариялана бастады», – дейді анасы тағы да. «Жақсы жазу үшін жақсы білім керек, мен көп оқып, жан-жақты жетілгенім жөн. Жақсы көретін жазушым Чехов: «Бармағыңнан бал тамған шебер болғың келсе, бармақтайыңнан машықтан», – деген екен. Менің тіл құдіретіне түйсінуім, сөз құдіретіне сүйсінуім әжемнің әлдиінен, анамның ақ сүтінен, халқымның ертегі-дастандарынан дарыған. Енді Құдай берген тырнақтай талантымды байытуым керек, ол үшін жатпай-тұрмай оқу керек, оқу керек!» – дейді екен ақын.

Осынау деректерден мәлім болғандай, ауылда жүріп-ақ алдына үлкен мақсат қойып, мықты мұратқа қол артқан Мұқағали Мақатаев өзіндегі өзгеше талантты ерте бағалап, жер тарпыған шабыт шабандозын дер шағында баптай білді.

Ақынның балғын балалық шағы дүниежүзілік екінші алапат соғысқа тұспа-тұс келгені мәлім. Әкесі майданда, әжесін пана тұтып, бірде тоқ, бірде аш жүріп-ақ жер жырту, шөп шөмелелеу, масақ теру секілді жұмыстармен ерте араласқан Мұқағалидың көңіл шүңетінде қаншалаған сарғайған сағыныш, кәрі өмірге болған балаң түсінік, тысқа шықсам деп бұлқынған шер-нала жатқандығын былайғы жұрт қайдан білсін?

1947 жылы Мұқағали 8 класта оқып жүргенде, қыста нағашы атасының ауылына қарай жолға шығады, жол бойы қарға малтығып шаршаған жаяудың соңынан бір шана келеді, бірақ ол қатігез адам болса керек, мұны алмай кетеді. Бағына қарай, жолшыбай аң аулап қайтқан колхоз мұғалімі ұшырасып, Мұқағалиды барар жеріне жеткізіп салады. Сонда әлгі қатігез адамның қылығы естен кетпей: «Аға, мен әлі тірімін» өлеңін жазған.

– Мынадай түтеп тұрған борасында,

Ей, бала өлейін деп барасың ба?

– Ағатай, ала кетші нағашыма?

Әнеки, ана таудың арасында.

 

Сөзіміз осы болды, үндемедің,

Шұбар ат желіп кетті «шұу» деп едің.

Қайырымсыз кісіні алғаш көрдім,

Қайырымсыз қазақты білмеп едім, – деп әлгі Құдайын ұмытқан пенденің іші мен тысын дөп басып бейнелейді.

Ақынның туғанда жаны таза, жүрегі жылы болғандығын оның жерлестері жазған естелік жазбалардан анық байқауға болады. Мәселен: «Жылыбұлақ» деген колхозда бір топ бала жер жыртып жүріп, өз ауылдарына «зытпаққа» келіседі. Мұны сезіп қалған бригадир «ойлап тапқан кім?» деп бұғанасы қатпаған балаларға қамшы ойнатып, жаналқымға алады. Нәтижеде бір баланың көзі зақымдалып, өмірлік соқыр болып шығады. Осы сұмдық оқиғаны Мұқағали өмірінің соңына дейін «Қатыбас бригадир» деп ұмытпай әңгімелеп жүреді екен.

Тағы бірде, интернатта оқып жүріп, әлдебір сабақтастың өзге біреудің талқанын ұрлап жеген жиіркенішті қылығының үстінен түсіп, оны табанда кемшілігін мойнына алып, талқан иесінен кешірім сұрауға көндіреді. Аяғында масқаралықтың өзі жеңіл қалжыңға ауысып, татулық жалғасын табады.

Интернат демекші, 1948 жылы тамыз айында Нарынқолдағы интернатқа Қарасаздан он оқушы 10 класқа қабылданады. Сол кезден бастап мектептің қабырға газетінде Мұқағалидың өлең, сықақтары бұрқырап шыға бастайды. Оқуда үлгерімі төмен, тәртіпте нашар оқушыларды өлең тілімен шенейді:

Қасенова Марға,

есіңде оқу бар ма?

………

Интернатта бір күні,

Болды ерлер егесі.

Бас бастығын сұрасаң,

Әбірақыманның кеңесі, – деген тектес нағыз сатиралық өлеңдерімен өзгелердің сана-сезіміне шоқ тастайды. Ал, ақынның өз басы оқуды үздік тәмамдаған.

1949 жылы Мұқағали Нарынқол ауданына қарасты Шибұт деген ауылға барып, ауылдық советтің хатшысы болып істейді. Сол жылы әдебиет пәнінің мұғалімі Ләсимәмен (Лашын) үйленеді. Әжесі Тиін, анасы Нағиман және екі бауыры Тоқтарбай мен Көрпешті де қолына әкеліп, соғыс зардабынан меңдеген жоқшылық жылдарын қайыспай қарсы алады.

Осы жылдарды ақынның жары Лашын Әзімжанова «Мәңгілік сырласым» деген эссесінде былай деп жазады: «От басында жұмыс істейтін екеуміз ғана. Жаңа отауға титтей де болса көмегі тиер деп Нағиман апамызды мектепке үй сыпырушы етіп орналастырып қойдық. Ненің бар, ненің жоқ екені көп білінбейді. Ол, сол бір жастық жылдардың әсері болар. «Махаббат – ең ұлы сезім» деп ұлы педагог А.С. Макаренко айтқандай, өмір сәні махаббат екен. Төңірек толған қуаныш, толған бақыт».

Әрине, бұл пайымдау өмірден гөрі көңілді биік бағалайтын жастық дәуреннің шынайы бітім-болмысы болатын.

Мұқағалидың ашық-жарқын мінезі мен дүние-қоңызды қаперіне де алмайтын дарқандығы от басына көңілділік бағыштаса, ақынды қайын жұртына да, қаймана жұртқа да сыйымды, сүйкімді көрсеткен.

Ақынның алғашқы өлеңдері осы Шибұт ауылынан қанаттанып, алыстарға самғай бастайды. Оған қоса ауылда Мұқағалидың тұңғышы Ләззәт дүниеге келеді, Өкініштісі, балаға суық тиіп, 4-5 айлық кезінде шетінейді. 1951 жылы Майгүл деген қызы туылады, Бірақ кейіндеп ақынды үлкен қасіретке қалдырып, тыныс-демі ажалдан емес, тажалдан үзілген қыршын қыз ақын өлеңдерінің өзекжарды шер-мұңына арқау боп қаларын кім білген?! 1952 жылы шілде айында:

Бала сүйдім, жар сүйдім Шибұт сенен,

Жырыммен ел-жұртыма сыйлық берем, – деп қайын жұртына қош айтып, туған жұрты Қарасаздағы бастауыш кластарға орыс тілінен сабақ беретін мұғалім болып орналасады.

Осы жылы Мұқағали араға ай салып болса керек, Алматыдағы Шет тілдері институтының неміс тілі факультетіне оқуға түседі. Ара-тұра филология, философия факультеттеріне қиналмай түсіп, үлгіріп жүре береді. (Мұны кейбір естелік жазбаларда 1951 жылы деп көрсетеді.) Мейлі қалай болсын-болмасын, ақынның ауыл мен Алматы арасындағы «сабылысы» бір талай қазақы өсек-аяңға арқау болған секілді. Бұл барысты ақынның жары Лашын да жасырмаған. Мәселен, Лашын былай деп жазады: «Қолмен қойған өсектерге Мұқағали ермейтін, елемейтін. Мен әйел адам емеспін бе, тез ашуланып, күйіп-пісіп қалатынмын. «Мұқағали мұны баласымен жеңгедей алыпты» дегенді естігенде, тіпті жұмысқа бармай, жатып алдым… Өсек дегеніңіз микробтар секілді тез өрбігіш. Ақиқатын көре тұра кей адамдар осыған маманданып та кететін сияқты».

Біздің бұған қосарымыз: ақын да, ақынның жары да бір-біріне адал болумен бірге, тұрмыстың тоқшылығы мен жоқшылығын бөлісіп көтерген жұбы ажырамас жұбайлар да бола білген. Мұқағалидың кейбір тентек мінездеріне кешіріммен қарап, оны әрбір сапарынан сарғая күткен  қазақтың қарапайым қызы, балалардың ақ еділ анасы Лашын болмағанда, ақын:

Мейлі ғасыр, айлар өтсін жыл өтсін,

Тек өмірім сеніменен бір өтсін.

Сен – байлығым, сен – бақытым, сен – досым,

Сен – тірегім, сен кеудемде жүрексің! – деп өлеңмен хат жолдамас еді.

Сөйтіп, білімге сусаған бірегей талант тиеселі оқуын жалғастыра жүріп, радиода диктор болып та жұмыс істеді. Күмбірлеген қоңыраудай әуезді үнімен әдеби хабарларды әрлеп оқығанда, тыңдарман қауым радиоқабылдағышқа арбалып, қалт етпей тыңдады екен десеңізші. Сол адал тыңдармандарының бірі, әрине, ақынның жары Лашын болғандығы жұртқа аян.

50-жылдардың ортасы мен 60-жылдардың басына дейін жалғасқан «ала шапқын» ізденіс пен әдебиетке деген әсіре құнығушылық ақынды бірталай жаңа достарымен табыстырғаны кейін жазылған естелік жазбалардан белгілі. Алайда, біреулер «күріштің арқасында күрмек су ішіптінің» кебін киіп, ақынның толағай сезімді әсерімен толқыған шағынан гөрі, шарап ішіп шалқыған шағын жазу арқылы ұлы тұлғаның келбетіне көлеңке түсірсе, енді біреулер ақынмен жерлес, дәмдес болғанын бұлдағандай, «мен де одан кем емес едім» дегендей емеурін танытады.

Айталық: «ақының тай-құлындай тел өскен жерлесі, ақын Еркін Ібітановтың «Мен білетін Мұқағали» атты эссесі тақырып аясын толық шарлай алмағандығымен қоймай, соңында өзінің айтыскерлікке де бейім екенін дәлелдеумен шектеледі.

Дей тұрғанмен, жалпы естелік-жазбалардың түпкілікті ниеті дұрыс. Кем дегенде ақын жанын түсінсек деген ынта-ықыластың нышаны бар. Меніңше, Мұқағалидың өнеріне тамсанып, өміріне есіркей қараудың жөні жоқ. Ол тұрмыста қиналып, топ ортада жалғызсырап, «қатыбастардан» қажығанымен, жарық пен жылуды алаңсыз құшып, жүрегінің түбіне кір жасырмай, шын мәнінде өмір сүрген бақытты адам.

Мұқағалидың ауыл аясында өткен өмір сораптарын қайтадан түгендесек, 1960 жылы Нарынқолдағы аудандық газетке арнайы шақырылып, сонда бөлім бастығы болғандығы белгілі, ақын «Ильич» поэмасын осында жүріп жазған.

Ал, Қарасазда, Шибұтта жүріп те, ара-тұра Алматыға да ат басын бұрып, немесе сонда айлап-жылдап оқып, одан ойлағанын таппаса, қоржын тамдағы қордалы кітабына көміліп, үнемі жаңару, өсу, толысу барысын басып өткен. Бастан-ақ жалаң атаққа бола жанын жалдайтын жазғыштардан бойын да, ойын да аулақ ұстаған біртуар ақын, күні-түні шабытты жүрсе де шығармаларын басылымдарға сирек жолдаған. Алайда, қарапайым тілімен-ақ қарабайыр халықтың жүрегін жаулап, көңілін тауып келе жатқан жаңа есімді Қасым Аманжолов, Әбділда Тәжібаев секілді майталман ағалары ерте таныған.

1952 жылы қазақтың мемлекеттік «Көркем әдебиет» баспасынан жарық көрген «Жастық жыры» атты топтама жинаққа ақынның «Інімнің ойы», «Шебер» деп аталатын екі өлеңі кірген. «Қыранды қыран алыстан таниды» дегендей, сол кездің жас ақындарының ішінен үлкен топты іріктеп алып, оның ішінен Мұқаметқали деген есіммен Мақатаеевтың екі өлеңіне әдейі орын беруі, құрастырушы Қасым Аманжоловтың көрегендігін растайды. Ә.Тәжібаевтың да 1960 жылы «Қазақ әдебиетінің» бір санына ақынды арнайы таныстырып, бір топ өлеңін қоса жариялауы талантты танудың, өлеңдерін бағалаудың алғашқы дәлелдері.

20-ғасырдың 50-жылдарында, ақын ара-тұра болса да жақсы өлеңдерін жариялап отырған. Мәселен, 1954 жылы «Әдебиет және искусства» журналының 6-санында ақынның «Әке туралы сөз», «Біздің жақтың іңірі», «Хат» деп аталатын үш өлеңі жарияланады. Сондағы:

Күндегіден әлдеқайда жай тіпті,

Дөң артынан әрең-әрең Ай шықты.

Ұясына кешеу қалған топ үйрек,

Жайылымнан жаңа ғана қайтыпты, – деген.

«Біздің жақтың іңірі» қандай ғажап, сөзбен сызылған сурет емес пе?

Сөйтіп, Мұқағали алғашында жаңағындай жаңашыл жырларымен жыр әлеміне жылы леп әкелсе, 60-жылдар табалдырығын «Ильич» секілді ірі поэмасымен аттаған тәрізді.

«Содан не керек, – дейді ақынның анасы Нағиман, – 1962 жылдың жаз айында аяқ астынан бұзылды.

– Ал, Нақа, бұйырса Алматылық боласың, көшеміз! – деді әй-шай жоқ.

– Сонда қайда барамыз? Үйді қайтесің, балам-ау, – деймін.

– Қорықпа, Нақа! Өлеңім өлтірмейді, асырайды бәрімізді, – дейді маңдайы жарқырап».

Ақынның анасы осылай дейді. Мұнда зәредей жалғандық, жасандылық жоқ. Сөйтіп ақын үшін шуағы да бірталай, ызғары да жетерлік, түсінгенге зор, ісінгенге қор көрініп өткен Алматыдағы алмағайып ғұмырдың жаңа календары парақтала бастайды.

АҚЫН ЖӘНЕ АЛМАТЫ

«Мұқағали Алматыда небәрі он бес жылдай өмір кешіпті. Ал он бестің он жылын таза шығармашылыққа арнады», – дейді белгілі ақын Тұманбай Молдағалиев.

Меніңше, бұл жорамалмен толық келісуге болмайды. Өйткені шығармашылықта демалыс, мейрам-мереке деген ұғымдар болмайды. Тіпті қалам алуға қауқары жетпесе де, үлкен миы тоқтаусыз толғаныста болады. Мұндай берілудің, қажыр-қайраттың үлкен өнегесі Мұқағали ақындығы екенін мойындаған жөн.

Ендеше, барша қысқа ғұмырының үштен бірін Алматыда өткізген ақын, он бес жылдың бес жылын бекер өткізді деуге ешқандай негіз жоқ. Үнемі ой соңында жүретін адамның қашан да үстел басынан табылуы шарт емес, Ендеше, он бес жылды он жылға домалақтап, бес жылын бекершілікке телу дене еңбегіне үйлессе де, ой еңбегіне келіңкіремейді.

Ақынның Алматыда өткен әрбір минуты тұңғиық ой мен ширыққан шабыттың, жалғандықпен жағаласып, адалдықпен аңқылдап табысқан сәттердің, қазақ жырының болашағы жолындағы тынымсыз ізденістің куәсі.

Мұны біз ақынның өзінен артық бейнелеп айтуға дәрменіміз жетпейді.

Мұқағали шынында құбылыс еді. Оның поэзиясындағы қарапайым халық тілі мен нөсердей төпелеген сөз маржаны бір-бірімен шарпысқанда, ақын образы адамнан гөрі әлдебір құдіретті күшке ұқсайтыны, сондықтан да оның бөлек құбылыс екендігі, кейде тіпті поэзияның енді бір баламасы Мақатаев секілді.

Бұл арасын ақынның өзі де ерте танып, әдемі айта білген. Мәселен:

Поэзия!

Менімен егіз бе едің?

Мен сені, сезесің бе, неге іздедім?

Алауратқан таңдардан сені іздедім,

Қарауытқан таулардан сені іздедім.

Махаббаттан іздедім, сағыныштан,

Арманымнан іздедім алып ұшқан!

Сәттерімнен іздедім жаңылысқан,

Сені іздедім, жадырау, жабығыстан, – демей ме біртуар ақын.

«Сөйтіп, ауылдан астанаға көштік те кеттік, – дейді ақынның анасы Нағиман, – дайын тұрған үй қайда. Тастақтан Шынқол деген қазақ шалдың кішкентай екі ауыз үйін жалға алды. Рас, ол кезде пәтер ақы арзан, ақша да тапшы. Балам радиода, газет-журналдарда қызмет істеді. Анда-санда мәз болып жаңа шыққан өлеңдерін көрсетеді. Ара-кідік болса да қаламақысын алып, мәре-сәре болады».

Нағиман ананың осы сөзі-ақ ақынның Алматыдағы өмірінен бірталай нәрсені нұсқап тұрғандай. Алайда, оқырманның мұнымен қанағат қыла қоюы екіұдай. Мұқағалидың өнеріне өлердей ғашық былайғы қауым Мұқағалиды танумен бірге, адам Мұқағалиды да көргісі келеді. Төменде біз осындай сұраныстарға жауап беруге құлшындық.

Орыстың ұлы жазушысы Лев Толстой: «Өз ойымен өмір сүріп, өзгенің орнына өзін қоя білген адам – ең жақсы адам. Басқалардың ойымен өмір сүріп, дүниеде өзін ғана көре білген адам – ең жаман адам», – деген екен. Данышпанның дәйекті сөзіне Мұқағали мінезімен де, мінімен де сыйып тұр.

1960 жылдарда қазақ әдебиетіне дарыны да зерек, дауысы да бөлек талай-талай таланттар келіп қосылғаны анық. Соған қас қылғандай, әдебиетті саясаттың қолғанаты ететін сөветтік жүйе жүйкені жұқартып, «тоқырау тоқпақтары» да төбеден төніп тұрды. Барлық саланы жайлаған бюрократтық пен керенаулық әдебиет шебіне де шеңбер сызып, шектеме қойды. Соның солақай қолшоқпарлары «шаш ал десе, бас алардай» құтырынып, шынайы дарындарды «дарға аспаққа» ұмтылғаны бүгін де аңыз болып айтылады. Сол рухани қақтығыстардың қайнаған ортасында от пен судан тайынбай барша болмыс бітімімен басына төнген қара бұлтты нажағайша осқылап, сосын жыр нөсері боп төгіліп, қайманаға қабырғасы сөгіліп, естіге де, есерге де егіліп Мұқағали жүрді.

1960 жылы 18-наурыздағы «Қазақ әдебиеті» газетінде Мұқағалидың бір топ өлеңі жарық көрді. Өзінен де оттылау, ойлылау жас жеткіншекке әйгілі ақын Әбділда Тәжібаев «ойыңды байытып, сезіміңді тыңайтар жырлар оқығанда қуанбасқа бола ма?» деп ағалық мейірімін төкті. Бұған бола Әбділда аласарған жоқ, қайта ел назарындағы беделі биктей түсті. Осы таныстырудан екі жыл кейін ақынның тұңғыш жыр жинағы жарық көрді. Осыдан 1976 жылғы таңдамалы жинағына дейін Мұқағали 14 жылда 8 жинақ берді.

Өкінішке қарай 1969 жылы қарашада аяқ астынан жоғалып кеткен, бір кітап болатындай шығармаларын есепке алмағанда, ақын әр екі жыл сайын бір жинақ беріп отырған. Мұнан тыс, Дантенің «Құдіретті комедиясының» «Тамұқ» деген бірінші бөлімін қазақшалап, кітап етіп шығарған. Ара-тұра орыс тілінде сыни мақалалар жазған. «Қош, махаббат!» сияқты прозалық жанрға да қалам тербеген.

15 жылда «Социалистік Қазақстан» газетінде, «Жұлдыз» журналында, «Қазақ радиосында» жұмыс істеген. «Партиялық жарнаны төлемедің» деп партиядан шығарылса, Қонаевқа тиетін «Хатшыға» деген өлеңді әдейі басуға жолдадың» деген сылтаумен жазаға тартылған. Тіпті жұмыстан да айдалған. Тұралаған тұрмыс тауқыметтері мен қоса 11 жасар қызы Майгүл кездейсоқ шырғалаңға тап болып, ақын жанына жазылмас ақау түсірген.

Ақын жаны тым нәзік, алайда, жылауық емес, оның көкірегін сыздатқан күрсінісінің өзінде болашаққа деген үлкен сенім, асқан адалдық, аярлыққа қарсы арпалыс, жарық пен жылуға болған іңкәрлік жасырынып жатқан еді. Ол күйкі тірлікке бола жабырқап, жасыған емес. Есесіне:

Жылап келіп, келмейді жылап кеткім,

Ол ғұмырды ауызға бір-ақ тептім.

Жамандықты жақсартып, жақсылықты,

Одан ары келеді шуақты еткім, – деп ірі тұлғаларға жарасатын үлкен өлшем ұстанады.

Ал, ақын жаны шамырқанса өзгені емес, әуелі өзін-өзі сұраққа тартып, «өзіне-өзі күбірлеп» жан әлемін мазалаған әлденелер туралы толғанып, сосын өлеңмен оңаша қалып, мейір-шапағатты өмірден емес, өнерден іздеп өршеленеді. Кей кездері көңілі жақын жақтастарынан «мен ақынмын ба?» деп сұраған. «Әрине, ақынсың» деген көңіл жықпас сөздерге нанбаған. Әділін айтар әлдебір данышпан іздеп Алматыны алты айланса да таппаған. Әбділданың «Әлей болсын!» дегені талантты танудың өнегесіне айнала қоймады. Сонда да ақынды алымсынбау, мұқату, сары ізіне шөп салу сынды пендешіліктер үдемесе, бәсеймеді. Тірлігінде тамшыдай қошамет те көрмеген ақынға ақтық ақиқат сөзі оны о дүниеге аттандырып, 5 жыл өткен соң айтылды. Академик, сыншы Мұқаметжан Қаратаев «М.Мақатаевтың алғашқы қаламынан-ақ оның айрықша талант екенін аңғаруға болатын еді, аңғармаппыз», – деді ақынның 50 жылдығында. Міне, бұл сөз барша алматылық зиялы қауымның шын кеспірін айпарадай ашты.

«Мұқағали» атты қара кітаптағы естелік жазбалардың дені онымен «іштес» емес, істес болғандардың, тағдырлас емес, табақтас болғандардың немесе таныс-білістердің ежіктеген естелігіне толы. Кезінде, Мұқағалиды кеңсесіне жолатпай есіктен қабылдаған «қатыбастардың» енді айланып келіп еңірегеніне жол болсын.

Қай заманда да кемеңгерлер бойындағы кемшіліктен жемеңгерлер жем тауып жегені рас. Себебі, жемсауы салақтаған, қарны қампиған қарабайыр неменің қолында қалайда қоқаңдаған тоқпақ бар еді. Олар билік бишігін келсе-келмес үйіргенде, ұсақтарға емес, ұлы тұлғаларға үйіруді бір түрлі мақтаныш көреді. Алайда, уақыт сабаз бәрі-бәрін өз орнына қоя білді. Кеше Мұқағалидың өз басын мұқатқандар бүгін Мұқағали атындағы сыйлықтың садағасы есепті. Бұған таңдануға болмайды. Таулар асқақтаған сайын төбелер көлеңкеде қалады. Енді біреулер «өлі арыстаннан тірі тышқан артық» дегенді көлденең қойып, әлі тірі жүргендігін бақыт санайтын көрінеді. Қалай десек те ұлы тұлғалардың тағылымына бас иіп, тағдырына таңдану – естінің де, есердің де сыбағалы ісі. Мұның бірі – тануға, түсінуге құлшыныс та, енді бірі – таңдану, табыну. Бейне Зейнолла Қабдолов айтқандай: «Таланттар таусылып, табынушылар қалдық». Бұл сөзден ендігінің бәрі түгел іске татымайтын жарамсыз деген ұғым тумаса керек, қайта мұны дарабоз дарын, тарлан таланттарға деген үлкен баға, құрмет деп түсінсек мақұл.

Мұқағалидың аруағына бас иген танушылар мен табынушылардың арасында Әлімбав секілді үлкен ақын да, Тілендиев секілді көрнекті композитор да, Әшімова секілді әншілер де, Әлдибекөв секілді жүйрік журналистер де мол.

Ақын Мұзафар Әлімбаев «Мұраты мықты Мұқағали» атты естелігінде былай деп жазады: «Оңашада сырласып қалғанда екеуіміздің орысшалап кететін кездеріміз аз болмайтын… Мұқағали ділмәрлігі – анау бір ахаушыл топқа атымен ұқсамайтындығына дәлел, жатпай-тұрмай жаһанның шартарабынан шалқар білім-ғылым тергендігіне куә. Екіншіден, орыс тілі лексикасына емін-еркін ендеп кіруі де ойлана толғана оқығанын, өзге тілдің табиғи сарайының төрінен іркілмей інжу іздегенінің куәсі».

Көрнекті композитор Нұрғиса Атабай ұлы: «Ақын інім екеуміз біздің үйде тұп-тура отыз күн жұмыс істедік. Бүгінде ел арасында шырқалып жүрген менің әндерімнің көбі сол отыз күн ішінде менің шаңырағымда дүниеге келгенін екінің бірі біле бермес, бәлкім», – деп жазады естелігінде.

Бұл 1975 жылдың күз кезі екен. Мұқағали еш жерде жұмыс істемей үйінде шығарма жазумен айналысып жатыпты. Нұрғиса Мұқаңды өзі іздеп барған. Сол бірге жұмыс жасаудың нәтижесінде әйгілі «Саржайлау» әні бастаған «Домбыра-досым», «Есіңе мені алғайсың» қатарлы әдемі әндер өмірге келіпті. Осындағы «Домбыра-досым» деген әннің шығу тарихы өзі бір қызықты әңгіме. Нұрағаңның жұбайының аты Дариға екен. Бірде тыстан шаршап оралған Тілендиев әйеліне «Дариға, домбырамды берші маған», – дейді ғой. Осыны байқап қалған ақын қағаз қаламын алып, өзге бөлмеге асығыс кіріп кетеді. Сосын көп өтпей:

Дариға-ай, домбырамды берші маған,

Жаныма келші жарым, келші балам.

Бей уақ іңірдегі көңіліме,

Күй болып, күңіреніп енші далам, – осыған ән жаз, аға, – деп өтініп Мұқағали тұрады нұрланып.

Таланттар табысқанда, міне, осындай шынайы өнер туындысы әп-сәтте-ақ өмірге келері табиғи құбылыс.

Мұқағалидың Алматыдағы күндерін күрсінбей, күңіренбей еске алу мүмкін емес. Біздерге Мұқағали сияқты ұлы тұлға мен істес, дәмдес болмақ түгіл, жай бет көрісуді де жазбапты. Мұның себебі, Мұқағали тірі кезінде-ақ жұрттан бөлек құдіретке айналып кетті дегендік емес, уақыт, территория жар бермеді. Айналасын бала мінезімен алаңдатып, дана мінезімен арандатып жүрген ақын кімнің қолын қайтарып, кімнің көңілін суытты ғой дейсіз, Ондайлардан болғанда кім көрінгенге келіп жатқан 60 жасыңды осы уақытқа дейін орталап та қалады екен марқұм.

Жә, ақын үшін Алматының жөні бөлек болды. Ақының ізі қалған көшелерге ақынның есімі берілді. «Төгіп тұрған нөсерге қарамай-ақ, бір қыз кетіп барады жалаңаяқ» дегендей, тіршілік толастаған жоқ. Кешегі Мұқағалиды мұқатқан ауыздар бүгін марапаттауға жатылған. Тарпаң таланттың көкірегінен күркіреп жеткен жыр тасқыны әлгіндей тоғышар тобырдың өзін де, сөзін де көміп кетті. Олар есеңгіреп қалды. Ақынды еске аламын деп есіркей сөйлейтіндер бүгінде халық қаһарына жолығып отыр.

Ақын ғаламды күзетсе, ақынды халық күзетеді. Саналы күзетуді қарабайыр қызықтауға айырбастауға болмайды. Біз Мұқағали жырларын жаттап алып, тамсануға ғана әдеттеніп қалдық. Ал, бүкілдей халық тілімен сөйлейтін Мұқағали жырларын қайтадан қазақшалау басы артық шаруа. Алайда, оның терең қатпарларына, арыдағы астарына дендеп ену екінің бірі бойлай алатын жұмыс емес. Біздің де цитаттарға сүйеніп, сипай қамшылап отырғанымыз соның салдары.

Бірақ бір нәрсе айдан айқын, ол – Мұқағали поэзиясы. Таратып айтсақ, жаныңа жақын, жасандылықтан аулақ сөз маржаны. Есі дұрыс пенде баласына түгел түсінікті философиялық түйіндермен тұңғиық тұжырымдар, жер мен көкті тұтастырғандай шалқар шабыт дариясы…

Ақын қашан да жалғыз, өлеңімен оңаша қалуды жаны сүйеді. Алайда, алабұртқан көңілі көкжал толқынша жарқабақты қабардай шарқ ұрып дос іздейді, сырлас, мұңдас тапқысы келеді. Жолы болмаған жолшыбай сусынын қандырып, жатқа да, жақынға да суырылып сөйлеп жүре береді. Ақын жүрегін қаншалаған қатыгез ызғарлар қарыса да оған бола өмірден суынбайды. Көңілін қалдырған пенделерге өкпе артып, кек сақтамайды. Сондықтан да ақын жырларында әлдебіреуге бола шала бүлінген шумақтар ұшыраспайды. Жалпы адам баласына өкпелеуден гөрі, адами мінездеменің міндерін тергіштеуден гөрі ой салып оятуға, оңды жол мен пиғылдағы кеңдікті ұстануға бастайды. Мұның өзінде ақылгөйсіген уағызбен емес, нанымды уәжімен ерекшеленеді.

Мұқағали ғұмырының Алматыдағы он бес жылы бейнелеп айтқанда, 15 минутқа созылған боксер бәсекесі секілді болды. Басы-көзің демей төпештеген жұдырықтан есеңгіреп барып дем алған ақын, келесі кезектерге үлкен сеніммен серпіле көтеріледі. «Әділ қазылардың» ақиқаттан алшақ сайқал сарабында, қарсыласын жақтап нөмірді қате үлестірген сұрқия судьяға қарамастан, айнала қоршаған халық деген құдіретке ғана нанды. Сөйтіп, әл-қуаты сарқылғанша сайысып, зорығып жығылғанша жұдырығын ашқан жоқ.

Алғашқы екпінмен-ақ ерендік танытқан ақынды туған халқы хан көтеріп әкетті. Ол енді Қарасаздың ғана ақыны емес, бүкіл қазақ жұртының арқалы ақынына айналды.

Алматыдағы алмағайып ғұмыр үрдісі үзілгенімен, ақынның өнердегі мәңгілік өмірі басталды. Алматыдағы өсек-аяң жер құшып, ақиқат асқақтады. Аты шулы Мұқағали аңызға айналды…

Қадырдың қалжыңы мен Тұманбайдың ибасы үлкен құрметке орын беріп, Сәкеннің (Жүнісов) салқын шырайы мен Қоғабайдың (Сәрсекеев) қормалсыған әлпеті ойлылыққа ауысты.

Ал, Мұқаңмен рюмкалас болғандардың бірталайы әліге тірі жүр. Зорыққан ақын тағдырына торыққан көңіл-күйлер қосылып, сарыны бөлек сағыныш сазына айналып барады.

АҚЫН ЖӘНЕ АРАҚ

Ақын мен арақты байланыстырып сөйлеу құлаққа ерсілеу естілгенмен, бұл ақиқат еді. Бүкіл «рубайларын» арақ пен қыздарға арнаған парсының 11-ғасырдағы түлегі Омар Хаямды айтпағанда, Таң дәуіріндегі Ли Бай мен орыстың Сергей Есенинін еске алсақ та жетіп жатыр. Әрине, арақ-шараптың тақырыпқа тұтқа болар тұстары мен оның тіке ақын өміріне қатысты жақтары екі басқа нәрсе. Алайда, шығармашылық ізденіс пен шарап шабытының да тоғысып кеткен тұстарын жоққа шығаруға болмайды. Әсіресе, Мұқағали Мақатаев өмірінің кейбір деректеріне арақтың да аз араласпағаны рас. Жалаңаш болмаса да, жасырын емеурінмен білдіру естелік жазбаларда көп ұшырайды. Әсілі осыны бүркемелемей ашық айтқан орынды.

Халық қалай да ұлы перзенттерін құмырамен айырбастамайтыны шындық. Керісінше, былай болғанда ақынды алып-қашпа сөздерден арашалап қалуға жол ашылар еді. Қысқасы, арақ араласатын тұстарда ежіктеудің, егер Мұқағалидың қолындағы тост басқа біреудің қолында болса, дәл осындай дабыра-дақпыртпас еді. Неге? Өйткені ол исі қазаққа аты мәлім Мақатаев болғандығынан. Мұндай жауапты екінің бірі бере біледі. Мұқағали да ең әуелі адам, азамат, сосын ақын. Ендеше, кім көрінген тұтынатын ащы суды неліктен ақынға қимай қалдық. Ол да ұрттап көрсе болмас па?

Меніңше, мәселе бөтелкедегі суда емес, пенде бойындағы буда. Немесе замана бойын меңдеп алған уда. Алайда, арақ-шараптың денсаулыққа зияны туралы ғылымда аз сөйленген жоқ. Ал, зиянын біле тұрып тонналап өндіріп жатқан да және сол адамдар. Осы арадан барып оны қалай тұтынудың қағидалары туындайды. Әне, сол әліппелік қағидаларды Мұқағали білмеді дегенге кім нана қойсын?! Әлемнің асты мен үстін миында сапырып, тастан да тамыр дәметкен ақындық ойлау жүйесі мен арнасынан асып-тасқан киелі шабыт «бөтелкеге бой алдырып қойды» дегенге ешкімнің аузы бармайды.

Ақын үшін қиялдаудан артық рахат жоқ, ал, қиялды «сылдыраған келісімге» түсіру қиямет шаруа. Ендеше, ақын осы қиналыстардан жеңілдеу үшін рюмкаға қол созды ма? Жоқ. Мәселе басқада. Десе де, жаңа шығарманы жуу, жаңа кітапті тойлау дейтін қазақы жаңа салттардың әсерін де ойласқан дұрыс. Бұдан да маңыздысы, ақындық табиғатпен бірде дана, бірде бала мінез-құлық.

Мұқағали туралы естелік жазбалардың көбінде ақынның ақкөңіл, ашық-жарқын мінезімен қоса адам баласын алаламайтын жұмсақ жүрегі баса айтылады. Кейбіреулер естелік жазып отырып, есіркеп сөйлейді. Мейлі қалай болмасын, Мұқағали сынды биік шыңның етегінде тұрып, астамсу күпірлік.

«Мұқағали ішеді, мас боп жүреді, далада қонып қалады» деген сөздердің бәрімен де келісуге болады. Бірақ ол «өлеңнен басқамен жұмысы жоқ, күні бойы көшеде жүретін дәруіш еді» деуге келмейді. Ол радиода әдеби еңбектерді өз мәнерімен образға бөлеп оқитын диктор да, газет пен журналда бір ауыз сөзді қалт жібермейтін қағілез редактор да, қазақ әдебиетінің ауқымын қиырдан шолып, қисынды пікір айтатын баяндамашы да, семьяда балаларға жайлы, жұбайына отағасы да бола білген адам.

Жалпы, халық жүрегінен орын алған, ел-жұртына иімі, арқалы ақынды ең әуелі адам ретінде түсінбей тұрып, оның атына айтылған дақпырттардың да үні өшпейтіні шындық.

«Ішкен арақ, жеген ет, бауырыңды жалмапты» деген шипагер дигнозы да бірыңғай жел сөздің жетекшісі бола алмайды. Ақынның анасы былай дейді: «Мұқағалиымның Майгүл деген қызы жол апатынан жазым болды. Міне, осыдан бастап балам сеңдей бұзылды. Қатты күйзелді. иығы түсіп, сылынып сала берді. Мінезінде де өзгеріс пайда болғандай болды. Сөйтсем, не кітабін шығара алмай, не қамқор алақанның шуағына бөлене алмай қиналып жүрген кезі екен ғой». «Жығылғанға жұдырық» дегенде», оған қызының өлімі қосылып, жүнжіп-ақ кетті. Сөйтіп жүріп толассыз жаза берді. Не жазғанын қайдам…»

Мұны біз ақынның анасы Нағиманның «Ойлағанда өзегім өртенеді» деген еске алу сөзінен келтіріп отырмыз. Сол кезде Мұқағалидың Майгүл деген 11 жасар қызын көшеде құйғытып келе жатқан бір орыс мотоциклмен қағып кетеді. Бұл аянышты шырғалаң көпе-көрнеу мектептің алыстығынан, әрі ауылдан келген балаға қала көшесінде жүрудің қағидаларынан мұғалімдердің қадағалап отырмауынан туындаған. Ақын аяулы қызының қазасына бір емес, екі өлең арнағаны оқырманға мәлім.

Бізде қазір арақ-шарапты біршама көп тұтынған қаламгерлердің соңғы үкімі тым қарапайым «арақ» деген әзәзілмен-ақ шығып жатыр. Осылай айтылған ат-үсті, асығыс жорамалдың өзін марқұмның тұрмыс дағдысымен өлшесеңіз рас секілді. Алайда, біз мәселенің екінші жағын ұмытып кеткендейміз. Бұл әсте ішпек-жемектің ішкі организмге әсері емес, адамның маңдайына жазылған тағдыр сызығымен байланысты болса керек. Мұны идеалистік көзқарас деп жатырқаудан ештеңе шықпайды. Өйткені «Кең дүние төсіңді аш мен келемін, Алынбаған ақым бар сенде менің» деп дүниені ықтыра, бұқтыра келген ақынның жер бетінде қанша жүрері о бастан-ақ тым дүдәмал еді. Көкірегі күй сандық, көңілі даладай ақынға халық ұғымындағы тіл-көздің де тигізер әсері аз болмаған шығар. Оған айнала алакөз, қызылкөздердің батқан тізесі мен атқан оғын қосыңыз, оған жүйкені жеген мұңлы поэзияны қосыңыз, оған …

Ақын шынында ерте жан үзді, ол торығып емес, зорығып жығылды. Болмаса осынау өмірді Мұқағалидан артық шынайы сүйе білген кім бар дейсіз? Ол өмірдің мәнін барша ұлы тұлғалар секілді еңбектен іздеді, дүние-мүлік деп тырбанбай, ұрпағына, халқына сөзден сарай салып беруге, рухани байлық қалдыруға құлшынды. Ол үшін толғанбан, жыр жазбаған күндер өлгенмен тең.

Соқ, соқ, жүрек!

Соқ жүрек, қозғал миым,

Ми қозғалмағай ойды да қозғау қиын.

Жырсыз өмір – мен үшін өмір емес,

Жырсыз өмір – мен үшін тозған бұйым, – деуінде поэзияға деген риясыз ынта, шынайы махаббат жатыр.

–      Жыр Мұқағали өмірінің өзегіне айналып кетті. Ол қазақ өлеңіне бөлек сарын әкелді. Қазақ тілінің барлық мүмкіндіктеріне әр қырынан ашылды. Қарапайым сөйлеу тілінің өзі Мұқағали қаламына іліккен сәтте-ақ жаңарып, жаңғырып шыға келді. Әр сөзі бір-бірімен қағысқанда, әсем дыбыстар сыңғылап, жаңағы табиғаттан келген шеберлік қайтадан табиғатпен астасып, сіңіп кете барды.

–      Қазақ поэзиясына осындай тосын әсер жасаған арқалы ақынды арақпен шатыстыру, «ол ішпеген болса арамызда тірі жүруші еді» деп есіркеу – аруақ атына жасалған күпірлік екендігін қайталай айтамыз.

     Ақын «кейінгілер ішкен арағымды да тілге тиек етеді-ау, онанша анық-қанығын өзім-ақ айтып кетейін» деген кісіше, араққа қатысты бірнеше өлеңін де артына аманат қалдырған. Мәселен: «Жаманның ақылы», «Мастың монологі», «Ал, достым, айырылайық» қатарлы өлеңдер. Соның бір жерінде:

Шарап десе, шаттанып, құрақ ұшып,

Болса – өзімнен, болмаса – сұрап ішіп.

Оралғанда үйіме, шешем тұрды:

– Және мас боп келді, деп, – мына күшік, – дейді елінен ештемесін жасырмаған ақиық ақын.

Біз пайдаланған естелік-жазбаларда Мұқағалидың «жұтқыштығын» жұқалап болса да айтқандар аз емес. Десе де, олар мұны жасырып, сыпайылап жеткіземіз деп оқырманын күдік-күмәнға қалдырып, ақынды «араққа құныққандар немесе алкаголдер» қатарына қалай апарғанын өздері де сезбей қалған.

Мұның тысында, «Мұқаңмен пәлен жылы жұтысқан шақтарымыз-ай, шіркін!» деп шын-өтірігі аралас тамсанатындар да мол секілді. Ал, алыс жатқан біз үшін жел сөздің өзі жаңарып, жамалып, құлпырып жететіні қорқынышты. Сондықтан өсектің өтіне қарсы қоюға татыр деген оймен ақын-драматург Иран-Ғайыптың (Иранбек Оразбаев) Мұқағалимен алысқан жыр-хаттарын толық көшіріп, оқырман назарына ұсынуды жөн санадық.

«Мұқаң екеуміз бірге көп жүрдік. Ол кез – арақ шабыт көзі, сол себепті де Омар Хаям мен Сергей Есениндер шарапты көп сімірген деген ұғым санаға сіңіп тұрған. Сондықтан да Мұқағали да, басқамыз да біраз сілтеуді әдетке айналдырғанымызды несіне жасырамыз? Бір жағы бұл – Мұқаңның қатты ауырып жүрген уақыты еді. 1972 жылдың соңында елге қайтқан соң ақын ағама шын жанашырлықпен «арақты қойыңыз» деп өлеңмен хат жазбайымын ба? Сөйтсем, маған Мұқаң «Солай інім…» деп жырмен жауап қайтарыпты. Содан мен тағы хат жаздым…

 

«Түсінемін жанымды, түсінемін…

(Ақын ағаға хат)

Жеті атаңының жерік ас қорегі ме,

Пайдасы жоқ өміріңе, өлеңіңе.

Абыройдан алаңсыз ада қылар,

Осы арағы түскірдің керегі не?!

 

Әлі күнге алмаған ақың бар ма,

Ішпе енді?

Уланба!

Зақымданба!..

Әбден әжуа болдық-ау, ей, ағайын,

Өлеңі – мас,

Өзі сау ақындарға!

 

Ішсем ғана нау-шабыт лаулайды ерен,

Ал, ішпесем деймісің аурайды өлең!

Шынымен-ақ «жартыдан» жығыла ма,

Поэзия көгінде таудай денең?!

 

Дәйім дүлей дарынның бағы ашылсын,

Зейін қойғын сөзіме, ағасы, шын.

Жөнге көнбей жөңкіле бересің тек,

Ұрып жыққан жиендей нағашысын…

 

Түсінемін, жаныңды түсінемін,

Білем және талай у ішілерін.

Себебі:

Сәлем берер шаңырағыңа,

Жетерлік келім-кетім кісілерің…

 

Өліп ішпе, өтінем, сотқардайын,

Қыр арқама қылығың батқандайын!

…Ініңді де жетісіп жүр деме, аға,

Күйдемін-құлап бара жатқандайын…

                                   

М.Мақатаевтің өлеңмен жазылған хатқа жауабы:

Інішек!

Білесің бе?

Білесің бе?

Бұл шақта кім өсуде, кім өшуде? . . .

Сопысы бар өмірдің, сотқары бар,

Соры қайнап, күндердің түгесуде.

 

Бірі бықсып жатады, бірі жанып,

Бірі күліп жүреді, бірі налып.

… Армансызбен алысқан күнім құрсын,

Армандының артында тірі қалып.

 

Жақсы айтыпсың жаныңа балап …кеңес…

Ары бүтін ағаңның,

Ағат емес.

… Ағаң үшін бұл өмір – ресторан,

Ағаң үшін бұл өмір – абақты емес.

Шарапта емес,

Басқасында…

(Болады ғой онымен қоштасуға).

…Шыдайсың ба менімен достасуға?

Етегіңмен су кешіп, тас тасуға?

 

Шайханаға сонан соң ұрын келіп,

Ішісеміз, алдымен пұлын беріп.

… Солай інім!

Ішеді ағаң кейде,

Ішпей сөнген інінің сұрын көріп…

 

Ішірткісін өздері беріп алып,

«Ішкіш» дей ме, шынымен мені халық?!

…Ішпе, інім, ішерсің содан кейін,

Алдыменен ағаңды көміп алып.

1973 жыл, 12 наурыз.

 

Иранбектің жауап хатқа жауабы:

«Сен өлгенмен…»

Солай, інім, дейсің ғой, солай, бала,

Жан айғайын ұқпайсың қалай ғана?!

Сыңарланып сыңсумен өтсін десең,

Өлем десең –

Өліп кет, қарайлама!

Сен жазатын жырларды жалғастырып,

Мен ішейін арақты, жарай ма, аға!

 

Дөрекілеу естілер дүсір үнім,

Алдияр, ағат кетсе кешір інің…

Абақтыға барар жол басталады,

Тұтқасынан ресторан есігінің…

Енеңді емгір емешек епті неме,

Беттен алып, бас салып сөкті деме?!

Ішірткі ішіп, итиіп жүргеніміз,

Іш-құстадан екенін жұрт біле ме?!

 

…Білгісі де келмейді!

Біле де алмас…

Өлем деме?!

Өкіртпе!  –

Күнәдан қаш?!

Жазатайым жығылып қалар болсаң.

Жатың емес, жақының күледі алғаш…

дегенді қой:

Бір мезет жанып…Сөнем…

Жасындайын жойқынсың! –

Анық сенем!

Көріңде емес, төріңде төгілетін,

Өрелі өлең күтеді халық сенен.

 

Жыр семсерін ақынның тот баса ма?!

Қыран-шабыт қырықта тоқтаса ма?!

Түсінбесе жаныңды бағзы біреу,

«Биітке өкпелеп, тоныңды отқа салма!»

 

Көп пысыққа көз тігіп қарашы ұрын,

Үймелеген қоқысыққа қара шыбын.

Сен өлгенмен дария өмір ортаймайды,

Жас төккені болмаса жанашырың.

 

Сұрың құрсын дейсің «ай-шәйге» келмей,

Мұнартасың мұңданып жай кемердей.

Бағың жанса құс қанат Құлагерсің,

Жабыларға жүретін бәйге бермей.

 

Ұлғаярсың…

Кім білер, кішірерсің!

Көңіліңе көлеңке түсірерсің.

Әм таусылса сен өлмей мен өлермін,

Боз айғырдай бодауда кісінерсің.

 

…Жастығымның беймарал шағы ұнамай,

Мінезіңді, беу, Мұқам, сағынам-ай!

Мендей іні табылар іздегенге,

Сендей аға қазаққа табылар ма ай?!

1973 жыл, 4 мамыр.

Жоғарыдағы өлеңмен жазылған хаттардан-ақ Мұқағалидың тағдыр тауқіметі мен талғам-танымын азда болса аңғаруға болады. Ал, Иранбектей ақын жанын шынайы түсініп, Алатаудай ағасын аялай білген азаматтар ол кезде тым аз болғаны кісіні күйзелтеді. Сондықтан да ақын жалғыздықтан емес, түсінбеушіліктен қажыды. «Кезіп кеткім келеді кең даланы, кербестісін біреудің ұрлап алып» деп аласұрған ақын, «қазақтың жігітінен жібі түзу дос таба алмағанда» Фаризаны іздеді, Фаризалар да көмейіне тығылған ащы шындықты ашып айтуға дәрмені жетпей тұрғасын ақын ширықты. Аһ десе аузынан ақ жалын атылып, кейде жалынмен қоса арақтың исі мүңк ете түсетін болды.

Қыл қысқасы, Мұқағали Мақатаев арақ-шарапты даңғаза, дыр-ду үшін тұтынған жоқ, ең әуелі нағыз адамды іздеді, сосын сол адамның бойынан ақиқат дәметті. Бәрі де болмағасын, «өмір деген өзім екем, мен екем» деп барша құбылсты миында ғана қорытып, ащы суға ащы шындықты басытқы етіп, өлеңімен ғана оңаша қалғанды жөн көрді.

Сол жолда жанын да тәрк етті. Бұл тұрғыда ол қазақ өлеңі үшін өлімнің өзімен бетпе-бет келген батыр тұлға сол ерен батырлық пен ақиық ақындық Мұқағали есімін аңызға айналдырып жіберді.

АҚЫН ЖӘНЕ АҢЫЗ

Мен 1996 жылы тамыз айында Алматыда болдым. Өнер адамдарының біразымен дидарласып таныстық. Көзі тірі, көрнекті ақын-жазушылармен дәмдес болып, көңіл көкжиегін кеңейтіп, мерейге мерей үстеп оралдық. Мұқағалидың тұрған үйіне барып, ақын аруағына іштей тағызым еттік. Тірлігінде сый көрмеген есіл ер туралы әңгіме-аңыз биік мінбелерден гөрі от басы мен шағын басқосуларда, кеңселерден гөрі көше бойларында көп айтылады екен.

Ғафиз Есімов деген опера әншісі маған мынадай бір қызықты әңгіменің тиегін ағытқан еді:

– Мұқаңмен мен де дос боп өттім, – дейді Ғафиз, – бірде Абай атындағы опера-балет театрының жанымен еңістеп келе жатыр едім, Мұқаңның қоңыр дауысы құлағыма келді. Жай емес, өлеңдетіп келе жатыр. «Ей бауырым тұра тұр, ана тұрған театр. Сәл салтанат құра тұр, бір рюмка құя тұр» деп әзіл-шыны араласқан отты жырымен келіп қолымды алды. Мынадай алып ақынның өтінішін қайтып жерге тастарсың. Асығыс болсам да шаруамнан кешіп, Мұқаңмен бірге кафеге кірдім. Әлгі бір рюмкамыз бір күнге жалғасты. Көптеген сырлар айтылып, жырлар оқылды. Ол кезде Мұқаңның жаны да, тәні де ауырып жүрген шағы еді. Марқұм ала көңіл достарынан жүрегі шайлығып, жалғыздықтан жабығып жүрген де сыңайлы…

– Тағы бір қызығын айтып берейін, – дейді Ғафиз, – осындағы Қыздар инстиутының алдымен бір тобымыз өтіп бара жаттық. Шыжыған ыстық. Қыздар жатақханасының терезесінен төмен қарай ілінген әлем-жәлем іш киімдер көздің жауын алады.

– Мұқа, қаламыңыз қуатты екенін білеміз, тапбермеңіз қалай екен көрелікші? – деді әлдебіреу манағы трусиларды (дамбал) нұсқап, Мұқағали да іркілген жоқ:

Әй, трусилар, трусилар,

Күнге қарап тұрсыңдар.

Түнде не іс болғанын,

Айтпайсыңдар, қусыңдар! – деп қарап тұр. Біз шын ақынның сөз тапқыштығына тағы да таң болыстық, анайылықтан аулақ, жеңіл әжуасы да жоқ емес осындай ұтқыр шумақтар Мұқағалида көп-ақ. Қайсы бірін айтайын, қайран, Мұқаң Хан Тәңірдің Мұзбалақ қыраны еді ғой, – деп Ғафаң алдындағы сыраға қол созды.

Бұл орын Абай атындағы театрдан түсе берістегі сырахананың алды болатын. Аламыш-аламыш күндігі бар дөңгелек үстелдерге әркім келіп жайғасып, шөлін басып аттанып жатыр.

Бір кезде шашы бурыл тартқан, келісті қазақ жігіті бізге қос қолын ала жүгірді. Ғафизды таниды екен. Аман-сәлемнен кейін бөгелген жоқ:

– Мұқағалиды ұмытпаған екенсіңдер ғой, ендеше, мен сендерге Мұқаңның ешкім естімеген бір өлеңін оқып берейін. Алайда, ақысы жүз грам водка, – деді. Сөйтті де судыратып жатқа айта жөнелді. Расында Мұқағалидың өлең үлгісі. Мен жазып алайын деп едім, Ғафаң оншалық ынта танытпады. Сонымен жігітті разы қылдық та жолға салдық. Соңынан Ғафиздың айтуынша, манағы азамат кезінде көп-көрім кино актері болған екен, бірнеше фильмнің бас ролін да ойнаған дейді. Жуықтан бері «жұтқыш» деген қалпаққа да ие болған көрінеді.

Ал, белгілі әнші-композитор Ескендір Хасанғалиев Мұқағали жырларына бірнеше тартымды әндер жазған екен. Ол әндерді де Ескендірдің өз аузынан естіп, шынайы өнер туындысына одан сайын бас ұрғанымыз бар.

– Мұқағали жырлары тұнып тұрған ән ғой, шіркін, кезінде ескермеген екенбіз, аруақ өзі кешірсін, – деп Ескендір де кеш те болса иманын үйіріп отыр.

Ең қызығы, Мұқағали да әліге дейін алынбаған құны бардай ақынның есімі аталса тыжырынып, қарадай қызғанышы қозып, тірі жүргенін бұлдағысы келетін пенделер де жоқ емес екен. Олар тіпті жай адамдар емес, ақын-жазушы, зиялы қауым арасынан аракідік бой көрсетіп қалғанына да куә болдық.

Мен бұларды неге айтып отырмын? Енді осыған тоқталайын.

Көзі тірісінде-ақ таудай тұрқымен, тентек құлқымен, әсіресе, қарапайым да қауқарлы жырларымен туған халқына ұнай бастаған Мұқағали көзі жұмылған соң да сандаған аңыз-әңгімелерге арқау боп жүре берді.

Аңызға айналған адам туралы біреу алай, біреу былай дегенмен, әңгіменің тетігі ақынның асқақ образын жасауда екені рас. Өйткені ақын туралы алып-қашпа дақпырттар ар мен ақиқат елегімен екшелгенде түсіп қалып, есесіне кіршіксіз, адал ақын ортамызға оралды. Тұрмыста тұралаған, жалғыздықтан жабыққан, көңіл-күйі астан-кестең. Ақын тағдыры оның отты да өміршең жырларымен шарпысқанда көз ұялтар күшті шұғылаға айналып, бізді (табынушыларды) әлдебір ғайыптың күшімен жерден лып көтеріп, кеңістікке қарай алып ұшатыны бар.

Ендеше, осынау құдіретті жырдың авторы Мұқағали болса, оның аңызға айналмасына әдісі де жоқ еді.

Жаңағы Ғафиз толғаған әңгімелер де осының дәлелі. Ал, осындай үздік-үздік сырларды Мұқағали жырларымен ұштастырып ойласаңыз, ақынның бүкіл саналы ғұмыры бір ғана поэма секілді елестейді. Ақын өзі де сол поэманы жатпай-тұрмай жырлаумен өтті.

Бір жолы таң сәріде көше бойлап кетіп бара жатқан ұлы Мұхтар Әуезовті көріп қалады. Осы оқиға туралы Рамазан Тоқтаровтың эссесінде мынадай диалогтар бар:

– Менің құлағыма Мұқаңның жүрегінің дүрсілі естіліп бара жатқан секілді болды.

– Сол туралы жазбадың ба, дайын тұрған өлең ғой?

– Болады, бірақ жасанды шыға ма деп қорықтым.

– Неге?

– Білмеймін, өлең – менің қасіретім. Ол – менікі, іштен бұлқынып өзі туады.

– Бәрі бір оған өзекті бір нәрсені арқау етуің керек қой.

– Жоқ… таң атпай төсегімнен атып түрегеп, жазу үстеліме жүгіремін. Дәл сол сәтке шейін не туарын, оллахи, өзім де білмеймін. Кеше неге ренжідім? Әйтпесе, кімді ренжіттім? Өне бойымды толқытып, бір сұмдық діріл билеп тұрғаны несі? Сосын барып көзіме нақты обекті елестеуге айналады. Мен соған қарап арызданамын. Бойыма кеше күнімен жинаған әл-ауқат, шабыт сол арада беймәлім ұйқас болып төгіледі. Бүгін таңда дүниеге құдірет өлең келгенімен ешкімнің жұмысы жоқ. «Қалыпқа түс, жұрттың бәрі құсап жүр» дейді. «Қалыпқа түскен ақын – табытта жатқан өлік».

Міне, осыдан-ақ «Ақында кие болады» дейтін халық нанымына иланбасқа шараң жоқ. Мүмкін, ол кие кім көрінгенге дари бермейтін де шығар.

Жалпы ақын тағдырына ортақтасып, оны түсінуге тырысқандар тым аз болған. Сол аздың өзі де уақыт алдында әлсіздік еткені белгілі. Содан барып ақын меңіреу дүниені үнсіз күйде елестетеді:

Бәрі де үнсіз,

Үнсіз аспан, үнсіз жер.

Үнсіз орман, үнсіз таулар, үнсіз көл.

Мен де үнсізбін, дәрменім жоқ күрсінер.

Үнісіз кеуде…

Үнсіз жүрек дүрсілдер.

Бәрі де үнсіз…

Бәрінде бір сұрақ бар.

Үнсіз ауыл.

Үнсіз жанып тұр оттар.

Үнсіз зират ұйықтап үнсіз қыратта,

Үнсіз ағып бара жатыр бұлақтар.

Неге үнсіз?!

Не көрінген бұл маңға?

Үнсіз көрде үнсіз тірлік тынған ба?

… Бір машина үнсіз аңыз үстімен,

Үнсіз зулап бара жатыр қырманға…

Осындай үнсіздікті сезіну үшін үлкен жүрек пен елден ерек сезімталдіқ, оған қоса асқан ақындық шабыт керек.

Қым-қуыт қиял мен идеялар соңында жүретін адам үшін өмірдің күлбеттенген күйбеңі тиын ғұрлы көрінбейді. Ол қашан да рухани азықпен әлденіп, күйініш, сүйінішін көркем шындықпен ұштастыруға ұмтылады. Сондықтан да былайғы тырбанған пысықтар мен тоңмойын тоғышарлар ақынға әдейі есіркей тіл қатып, оның тұралаған тұрмысын бетіне басып, сол арқылы асқақтап бара жатқан ақын абыройын аласартпақ болады. Ал, ақын тым ақ көңіл, «адамды жақсы көрмей түсінбейсің, жек көрушіліктің өзі түсінбеушіліктен туады» дейді. Мұндай «тас атқанға ас атқан» дарқандық тек Мұқағали секілді табиғаттың төл ұрпағына ғана жарасатын құлық.

Әкім сайланады, жаралмайды. Ал, ақын сайланбайды, жаралады. Бұл жөнінде ақынның «қайтесің, сорыма ақын болып жаралдым, болмаса иығыма шыбын қондырмас едім» деген ішкі бұлқынысы жаратылыстан қуатты ештеменің жоқтығын ескерткендей.

1996 жылы ақын бірер көңілдесімен бірге Шонжы деген жерге сейілдей барады. Онда да ақын зор құрметке бөленеді. Кезекті бір отбасында шай ішіп отырғанда, есіктен бір нәрсе жалп етіп кіріп, малдас құрып отырған Мұқағалидың тура алдына келіп құлайды.

– Ой, мынау үкі ғой? Үкі! Үкі! – деп шуласады отырғандар. Қазақтың «үкі көргендей болды» деген сөзі осындайдан шықса керек.

– Адасып кірген-ау! – дейді үй иесі.

– Ол адасқан жоқ, әдейі іздеп кірді, – дейді Мұқағали, – қараңдаршы, кісіден қорықпайды, сәби ғой бұл да.

Үкі – қасиетті құс. Оның қанатын шошымас үшін жас баланың бесігіне байлап, не аруағы ассын деп ақынның бөркіне тағады. Атақты Үкілі Ыбырайдың есімі осыған айқын мысал. Сонда күндіз ұшқан үкі қайдан келді екен? Әлде Мұқағали сынды сирек тұлғаның тылсым тұстарын діттегелі жүр ме екен? Қалай десек те, өнердің өз адамы болады, ол әлдебір қоғамдық жүйенің қолқанаты бола алмайды. Қарын мен дарынның айырмасы жер мен көктей. Кешегі тісін шұқи тұрып бұйыра сөйлеуге жатылғандар ақынды қолқанат қылуға ұрынып та көрді. Ар мен ақиқаттан сомдалған талантты тұлға оған мақұл бола қоймады. Олар үстелін құшақтап ұйқылы-ояу отырғанда, ақын өз отына өзі өртеніп, тынымсыз ізденіс жолында жүрді. Олар жасанды жиналыстарда өтірік көпіріп тұрғанда, ақын ақиқаттың ауылын іздеп тентіреді. Олар қолпаш-қошаметке мас болып, жеміс шырынын ішіп отырғанда, ақын ащы сумен зарығын басты.

Жаңағы ақын өлеңін жатқа соққан актер жігіт, немесе онымен дәмдес, тілектес болған әнші ағалар Мұқағали туралы әңгімені онымен доғармасы шын. Сөйтіп, бірден-бірге құбылып жеткен қисыны қызықты-хикаяттар былайғы жалпақ әлемге аңыз болып тарамасына кім кепіл?!

Халқына ұнаған, халқы басына көтерген ақынды ешкім де мұқата алмайды. Бұл тұста әкім де бір, ақын да бір. Бірақ отырған тақтары басқаша, бірі сайқал саясаттың демеуімен сұмпайылықтың сан түрін іске қосып, өлдім-талдым дегенде құйрығы тақ иіскесе, бірі халқының мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, киелі жырларымен барша жүрекке жол тауып барып өз биігіне қонып отыр. Әкімнің ендігі арманы тақтан құламау болса, ақында арман жоқ, өйткені ол халық жүрегінен мәңгілік орын алған еді.

«Жазылар естеліктер мен туралы» деп ақынның өзі айтқанындай, Мұқағали туралы аз жазылған жоқ. Хатқа түскенінен тыс ауызекі айтылып жүрген әңгімелер қаншама?!

Ұлы тұлғаны аңызға айналдырған халық оның ақиқатын да айта білері сөзсіз. Айтып та келеді. Өйткені аңыздың астарында ақиқат жатыр.

АҚЫН ЖӘНЕ АҚИҚАТ

Мұқағалидың «жұрттың бәрі шындықтан қорқады» деген бір ауыз сөзі әлдебір дананың «ешкім де өзі туралы толық шындықты мойындағысы келмейді» деген қанатты тұжырыммен тамырлас келеді. Осы тұжырымдарды таратып байымдау үшін ең әуелі шындықты шиырлап барып, сонан соң ақиқатын айтқан мақұл.

Шындық пен ақиқат егіз ұғым. Шындық қақпайға ұшыраған жерде ақиқаттан ауыз ашу мүмкін емес. «Бір ауыз өтірігі жоқ, шыншыл адам» дегенді көп айтамыз. Сол адамды өнеге тұтуға құлшынамыз. Алайда, соның өзі шындықтың шырайын пайдаланып, өтірігін бүркемелеп жүргенін біле бермейміз.

Өйткені мына жалғанда адамнан өткен қу аяқ, құбылмалы мақұлық жоқ. Адам баласы ебін тапса құдайды да құрықтағысы келеді. Бір иықта сайтаны, бір иықта періштесі бар пенде баласы көбінде көп сайтанға құлақ асатыны өкінішті. Бірақ жан бағам деген кісіге шындықтың керегі де шамалы. Ал, өтірік таразының тасына айналып кетсе сорыңның қайнағаны сонда. Шүкір, шындық іздеп шарқ ұрған азаматтардың асқақ дауысы қашан да өтіріктің зәре-құтын қашырып келеді. Ғылым мен ғұрапилықтың теке тіресі болсын, өнер адамдарын електен өткізуде болсын, шындыққа жүгініп, ақиқатқа алақан жаймай іс тынбайды. Сол ақиқаттар көбінде биік мінбелерден емес, қарапайым халық жағынан айтылады. Халықтың өзі жеке адамдардан құралатынын ескерсек, бір адам бір ауыздан шын сөйлесе, алып ақиқатты таққа шығаруға болушы еді. Ондай болды да. Не бір дүбірі жер жарған оңды оқиғалар да бір адам бастағанымен көп адам қостамаса, бәрібір жеңіліспен тынар еді. Халықтың қолдауына бөленбеген әкім қашан да дәрменсіз. Сол сияқты халықтың жүрегіне жол таппаған ақын да бейшара. Осының бәріне бір ғана өлшем – ақиқат. Дей тұрғанмен, ақиқаттың ауылы тым алыста. Айнала қоршаған орта, табиғат пен жаратылысты ну орманға баласақ, оның арасын адамзат атты қос аяқты мақұлық кезіп жүр. Олар өтірікті шектен тыс пайдаланып, шындықты оқшауландырып алды. Содан барып шынын айтқан ақыннан «құбыжық» көргендей қашатын болды. Оны өз топтарына қосқысы келмей, «мынау бірдемені бүлдіреді» деп мұқатуға дейін барды. Қолында билігі барлар арғымақты арбаға жеккісі келіп, бишігін үйіріп бақты. Әлгі суайттар сахнаға арт-артынан көтеріліп, өнер туралы, өлең туралы білерменсіп сөйлеп жатты. Ендігі кезекте сайланған «жүлдегерлер» сыйлық төріне қарай беттей бастады… Ақын төзе алмады, тысқа шығып, көше шамдарына тесіле қарап ұзақ тұрды да, сәулеге суарған қос жанарын былайғы бұрма көшелердің қараңғы қалтарыстарына қадаған күйі «ақиқат – ақиретте екен ғой» деп түйді. Сөйтті де «Моцарт жаназасын» күбірлеп оқи бастады.

Біздер – жетімдерміз, жетімдерміз!

………………………

Мен қылт еткенді әсірелеп шалқыма жазып отырған жоқпын. Ендеше, сөзіміз нанымды болу үшін Қоғабай Сәрсекеевтің «Әліптемелер» атты естелік жазбаларынан үзік-үзік мысалдар келтірейік:

– 1974 жылдың мамыр айы-тын, – дейді Сәрсекеев, –  «Қазақ әдебиеті» газетінің 40 жылдық тойы болды, Жазушылар одағының залында. Жұрттың сілтідей тынып қалған бір сәті еді. Мінбеге республика Жоғары Советі президиумінің төрағасы Ниязбекөв көтеріле берген… Кенет залдың есігі тосыннан айқара жұлқи ашылды. Мұқағали Мақатаев. Еңселі, еңгезердей қалпы… тосылып тұр. Не ілгері, не кейін аттамайды.

Ниязбеков сөзін енді бастай бергенде Мұқағали Мақатаев:

– Пах, пах! – деді өзіне тән зор дауыспен президиумді қолымен нұсқай, – өңшең шіріктердің қатар-қатар тізілуін! Осы сөзді айтуы мұң екен, торуылдап жүрген әлдеқандай жігіттер сау ете қалып, ақынды тысқа қарай сүйрей жөнелді. Мен де бұлардың соңынан жүгіре шықтым…

– Бар, айда, барыңдар! – деп бізді сыртқа шығарып жіберді.

– Қызталақ! Өңкей жағымпаздар! – деді Мұқаң, – жә, өзің бір жиналысшыл болмасаң нетті?! Біз кеткен соң ол залда не мән қалды ғой дейсің, тәйірі, одан да жүр, жоғары өрлеп қайтайық!

– Мұқа-ау, мені қазір іздеп қалады ғой, мен шынында бүгінгі тойдың жауапты адамы едім. Ұят болар, мен ұзамайын.

– Пах, пах! Қолында қаламы бар адамға бұл жараспайтын қылық! Одан да мені тыңда!

Біздер – жетімдерміз, жетімдерміз,

Ақпанның аяз қардың өтіндеміз,

Мына сараң өмірден сауға сұрап,

Тіршіліктің мазасын кетіргеміз, – деп тақпақтай жөнелді.

– Ал, енді сен, жауапты бала, жиналысыңа бар, – деп ол ілгері жүре берді де, кенет жалт бұрылды. Маған қарай қолын шошайтып, – әй, бала, – деді.

Бір адам өлсе, бір жұлдыз қоса сөнеді,

Бір кезде біреу, осылай маған деп еді.

Есімде әлі біреудің былай дегені:

Бір адам туса, бір жұлдыз бірге келеді.

Сенбесең сенбе, осыған әйтеу мен сенем,

Құлазып қалам, бір жұлдыз ағып сөнсе мен.

Несі бар оның-айып па адам тағдырын,

Бүкіл ғаламның биіктігімен өлшеген? – деп ақын қараңғыға сүңгіп, ұзай берді…

Міне, осы әңгіменің өзінде шындық пен өтіріктің, аярлық пен ақиқаттың бітіспес тартысы жатыр.

Мұндай мерейлі тойлар мен бас қосуларда Мұқағалиға қарағанда белгілі ақын Тоқаш Бердияровтың жолы болған. Ол есіктен қағылмай-ақ сахнаға көтеріліп айтарын айтып салған. Бұған нанбасаңыз, тағы да сол Қоғабайдың «Тоқаш» атты шағын естелік жазбасынан мысал келтірейік:

«…Жазушылар одағының бірінші хатшысы болып Әди Шәріпов келген кез. Жиналыс болады деп хабарлады, жиналдық. Жиналыс тақырыбы – «Ветнамдағы соғысқа қарсылығымызды білдіріп, анығын айыптау» екен.

Іс-міс жоқ мінбеге көтерілген Тоқаң, залға қарап тұрып алсын.

– Енді қашан, бірдеме десеңші, – деген залдан үндер естілді. Тоқаң «саспа» дегендей қолын көтерді. Содан әлден уақытта:

– Соғыс болса екен! – дегені.

Әди Шәріпов жаңылыс естідім бе дегендей «ау, мынау не дейді», деп орнынан тұрды. Залдан дауыстар естілді:

– Әй, Тоқаш, қой, түс мінбеден.

Сәл үнсіздіктен соң:

– Мен соғыс болса екен деп тұрмын! – деді Тоқаш сөзін нығарлай.

– Неге, неге? – деді Әдекең ежіктей, көзі алайып. Әлден уақытта Тоқаш:

– Осы залда ататын адамдарым бар еді! – деді де мінбеден түсіп, жай басып, жиналыстан шығып жүре берді.

Міне, әйгілі Мұқағали мен белгілі Тоқаштың осындай да кешірмелері болған.

Оның үстіне Мұқаң мен Тоқаң жақын араласып өткен ақындар. Олар өзара нелерді сөз етті, қандай жүйеге жығылып, қандай киеге бас ұрды, бұл жағы қазірге жұмбақ. Дегенмен өнердегі майдандары бір болғанға ұқсайды.

Сонда Мұқағалидың «шіріктері» мен Тоқаштың «ататын адамдары» кімдер?!

Ол жалпылық сипат алмаса керек. Негізі өнерге өтірік келіп, өлермендікпен тасы өрге домалап, ендігі жерде арам ниеті қабындап, талантты тұлғаларға тізесін батыра бастаған тоғышар тобырлар болса керек.

Олардың сыбырлағанында шындық, айқайлағанында ақиқат бар болып тұрған дәуірде өтіріктің өрті ең әуелі өнер адамдарының өзегін өртейтіні бар. Сол жалақтаған өрттің ортасында жанкешті ғұмыр кешкен Мұқағали мұңын ешкім де түсінбейді, түсінгісі келмеді, ал, түсінгендердің өзі ақынға араша түсе алмады.

Осындайда мына бір қазақы қалжың еске оралады. Біреу:

– Ақиқат иіледі, сынбайды, – десе керек. Сонда екіншісі:

– Иіліп тұрып алса қайтеміз? – деген екен.

Сол сияқты, Мұқағали өзі жанындай сүйген өмірден жарытып мейірім көре алмады. Бір иілгені 45 жылға созылған ақиқат ақынды әдейі аңсаудың, сарылған сағыныштың, тұралаған тұрмыстың сарпалдаңына айдап салып, соңында Мақатаевтай ұлы тұлғаны қоладан құйып шыққан тәрізді.

Ақын болып туылып, ақиқатын айтпау өліммен бара-бар. «Айтып өткен ақында арман бар ма, жүрегінің түбіне кір жасырмай» деген Мұқағали өмірде де, өнерде де ашығын айтып, ақтарылып өткен ақын, ол қашан да өзіндегі мінді жасырып-жабуға ұрынбаған. Оны ол көлденең көзден бұрынырақ білген. Барша адам баласын сүйе білген ол ақындардың қатарын береке-бірлікке шақыруды ұмытпаған. Ақын атты табиғат түлегін шеңберден шығып шеп бұзуға насихаттаған.

Ақынды ақын оятпаса болмайды,

Ақынды ақын таяқтаса, сол қайғы.

Ақынды ақын сүйемесе болмайды,

Ақынды ақын күйелесе, сол қайғы, – деп ақындық арды таза сақтауға үндеген.

Жалпы ақиқат деген ұғым әділдіктің, пәктіктің, шындықтың бірегей жиынтығы.

«Ешкім де өзі туралы айтылған толық шындықты мойындағысы келмейді» деген дана тұжырымды енді бір дана теріске шығарып жатса, оған таңданудың қажеті жоқ. Бұл тойтарысты Мұқағали ғана айта білді. Ол өзгені нандыру үшін өзін боршалаудың керектігін кім-кімнен де терең ұғынды. Шындықты айтып, шым батып жоғалған ғұмырдың бір сәтінің өзі өтірікпен жан сақтаған ұзақ ғұмырдан әлдеқайда қымбатқа түсетінін ақын жақсы білді. Өзі де сондай ғұмырдың өнегесі бола білді. Бұл сөзімізді тиянақтау үшін тағы да ақын лебізіне жүгінген абзал.

Ақынның зайыбы Лашын Әзімжанова «Өмірлік сырласым» атты естелігінде былай деп жазады:

«Бір күні, жаз айының бір кешінде Мұқағали үйге келді де шешініп, жуынып жатып қалды…Біраз уақыт өткен соң бөлмеге кірсем, ояу жатыр екен.

– Ей, Лашын, бері кел, қолыңа қағаз, қалам ал! Сөйт те жаз! Ертең кеш болады, – деп асықтырды.

– Ал, не жаз дейсің, мен дайынмын, – дедім.

– …Кешегі өткен ер Мұқағалидың ақымақтығын бір поез тартып жүре алмайтын. Дарқандығы сонша, қалтасына екі сом түссе, арақ сатып алсам ба екен, ат сатып алсам ба екен деп бүкіл Алматыны сүзіп шығатын, қалтасындағы екі-ақ сом екенінде жұмысы болмайтын, бейбақтың арамдығы жоқ, ақымақтығы сондай, өзі ішіп жүрген арақтың да бағасын білмей дүниеден өтті. Әлгі біздің үйдегі балалардың әкесі, заманында арманына жетпеген кісі еді. Әй, бір есек, хайуан еді. Хайуандығы сондай, өзін-өзі сыйламай өтті. Оның ауырмайтын жері жоқ, Он түрлі ауруы болушы еді, байқұстың, – деп сөзін аяқтады да, – осыны бір жерге тығып қой, – деді. Мен бұл қағазды өзінің жазу үстелінің тартпасына салып қойып төсекке қарасам, сол екі ортада ұйықтап кетіпті. Осы қағазды 1973 жылы 28 сәуірде жаздырған екен марқұм. Өстіп жүріп дүниеден кетеді деп кім ойлаған. Сол кезде ойында бір күдіктің болғаны анық».

Ақын осылайша өзін-өзі жерден алып, жерге салғанда неден ұтып отыр? Ол шындықтан ұтты, ақиқатын айта білді. Жарық дүниенің өзі қылғанын өзіне қайтарып берді. Оған бола ақын беделі аласарған жоқ. Оның есесіне «өзі туралы толық шындықты» қалай мойындаудың өнегесіне айналып кетті. Содан барып ақын туралы дабыра-дақпыртты ойдырып шығаруға ұрынған пысықтар мен қызылкөздердің көмейіне құм құйылды. Өтірік саясаттың жандайшабы болуға жарағанымен, түптің түбінде өнерге өктемдік ете алмайды. Өлмес өлеңді дарабоз дарындар ғана жаза алады. Ал, дарын иесінің жеке басы қалыптасқан қоғамдық жүйемен идеологияның шырмауында болғанымен, бәрібір құрық салдырмастай тарпаңдық танытары хақ.

Демократияның демі білініп, шындық шуағы төгіліп тұрған заман болса, Мұқағали да о дүниеге оншалық асықпас еді ғой. Өкінішке орай, ондай өмір бұдан бұрын да болмағаны секілді, бұдан кейін де болмақ емес. Тек сап алтындай өнер туындысы ғана өзінің шын тұғырына көтеріле алады. Ол ең әуелі босағадан кіріп төрге озады. Бұл – заңдылық. Жаратылыстың жарғысынан тысқары нәрсенің бәрі жаттанды, жасанды болмақ. Сол сияқты, мінбеге көтерілгеннің бәрі бірден халықтың қалауымен шықпайды. Өйткені өтірікке де күн керек. Ол да дегенін істеп бағады. Ал, ақиқат ең соңғы елек сияқты. Оның елегінен тұсып қалған нәрсеге ендігәрі жылпостық жәрдем қыла алмайды. Осының бәріне айналып келіп халық төрелік жасайды.

Бұл тұрғыда саясат та, өнер де халық көңілінен шығуға, жұртқа жағуға құлшынады. Бірақ тәсілдері ұқсамайды.

Мұқағалидың мұңы да, аңсаған ақиқаты да осы арада тоғысады. Қалай десек те, ақиқат ақын жақта қалды. Өйткені Мұқалидай құлақкесті құлына ақиқат-ананың жақтас болмауға шарасы жоқ еді. Тоқ етерін айтсақ: ақын мен ақиқат мәңгілікке қауышты. Мұқағали таланты мойындалды. Бұл әлде бір үкіметтің емес, жалпы қарапайым халықтың шешімі.

Балапан РАБАТОВ, Бейжің орталық радиосының дикторы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here