«Спутник V» вакцинасын еуропалықтар да мойындады

0
1662

Бүгінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында (ДДСҰ) Н.Ф.Гамалея атындағы Ресей эпидемиология және микробиология ұлттық ғылыми орталығының «Гам-КОВИД-Вак» («Спутник V»), «Вектор» вирусология және биотехнология Мемлекеттік ғылыми орталығында дайындалған «ЭпиВакКорона» (Ресей), америкалық «Pfizer», қытайлық «Fosun Pharma» және немістің «BioNTech» компаниялары бірлесіп жасаған халық арасында «Pfizer» аталып кеткен «BNT162b2», «Moderna» компаниясы мен Аллергия және жұқпалы аурулар Ұлттық институты (АҚШ) ойлап тапқан «mRNA-1273», «AstraZeneca» ағылшыншвед фармкомпаниясы мен University of Oxford бірлесе жасаған «Оксфордтық вакцина» атымен танымал «ChAdOx1-S», қытайлық биофармацевтикалық компаниялар қолданысқа енгізген «CoronaVac», «BBIBP-CorV» және «Ad5-nCoV», «Bharat Biotech» компаниясының Үндістан медициналық зерттеулер кеңесімен бірлесіп жасаған «Covaxin (BBV152)» вакциналары ресми тіркелді. Әлемнің бірқатар елдері қазір осы тіркеуден өткен тоғыз екпені қолданып жатыр.

ДДСҰ-ның 2021 жылғы 22 ақпандағы мәліметі бойынша, клиникалық сынақ сатысындағы үміткер вакциналар саны әлемде 69-ға жетті. Бұл вакциналарды жоғарыда аталған Ресей, Қытай, Германия, АҚШ, Үндістан, Ұлыбритания және Оңтүстік Корея, Бельгия, Жапония, Франция, Австрия, Австралия, Куба, Канада, Тайланд, Индонезия, Италия, Израиль, Тайвань елдерінің фармкомпаниялары мен ғылыми-зерттеу орталықтары ұсынған. Бір қуаныштысы, сол 70-ке жуық кандидат-вакциналар тізімінде отандық «QazCovid-in» вакцинасы да бар.

Қолдануға ресми рұқсат берілген тоғыздықтың ішінде ресейлік «Спутник V» вакцинасы алдыңғы қатардан көрініп тұр. Н.Ф.Гамалея атындағы Ресей эпидемиология және микробиология ұлттық ғылыми орталығының ғалымдарымен әзірленген екпе 2020 жылдың 11 тамызында әлемдегі тұңғыш коронавирусқа қарсы вакцина ретінде тіркелді. 198 жылдық тарихы бар «The Lancet» британдық медицина журналында келтірілген деректерге сүйенсек, «Спутник V» вакцинасының эпидемиологиялық тиімділігі 91,6%-ды құраған. Екпеден кейін адамның бойында 98% антидене қалыптасқан. Салыстырмалы түрде айтсақ, ресейлік вакцинаның «бәсекелестері» – «Sinopharm» – 79,3%, «AstraZeneca» – 62,1%, «CoronaVac» – 50,4% ғана коронавирусқа қарсы тиімділік көрсеткен.

Осыдан кейін ғана бастапқыда ресейлік өнімге қарсы шыққан Батыс елдері «Спутник V» вакцинасын мойындауға мәжбүр болды. Мәселен, биыл алғашқы саны жарық көргеніне 75 жыл толған немістің ең ықпалды «Die Welt» газеті 1957 жылы ғарышқа қол созған орыстар (1957 жылы 3 қарашада «Спутник-2» кемесімен алғаш рет ғарышқа ит ұшырылды, – ред.) 64 жылдан кейін Батыс елдерін қайта таңдай қақтырғанын жазды. Неміс тілшісі ресейлік вакцинаның тиімділігін батыстық ғалымдар мен дәрігерлер жоғары бағалап жатқанын атап өтті.

Еуропадағы тағы бір ықпалды газет – «Wiener Zeitung» те «Спутник V» вакцинасын мақтап жазды. 318 жылдық тарихы бар австриялық газеттің жазуынша, басында күмәнмен қараған еуропалықтарға ресейлік вакцинаның тиімділігі тосын сый болған. Қарсы белгілері болмағандықтан еуропалықтар «Спутник V» вакцинасын қолданудан да кет әрі емес екен.

Атақты «Bloomberg» америкалық агенттігі «Спутник V» – Ресей Федерациясының кеңестік кезеңнен кейінгі ғылымдағы ең үлкен жетістігі екенін жазды.

Жалпы, Батыс елдерінің «Спутник V» вакцинасын амалсыздан мойындауына өзге вакциналардың кемшіліктері де себеп болып отырғаны жасырын емес. Біріншіден, ресми тіркелген вакциналардың ресейлік екпеге қарағанда тиімділігі төмендеу болды. Екіншіден, батыстық пен қытайлық вакциналарды қолданғаннан кейін қарсы белгілер пайда болып, тіпті өлім жағдайлары да тіркелді. Үшіншіден, кейбір вакциналар коронавирустың басқа штаммдарына қауқарсыздық танытты. Төртіншіден, ресейлік екпеге қарағанда өзге вакциналардың сақталуы артық жұмыс пен шығынды қажет етеді (мысалы, «Pfizer» вакцинасы арнайы тоңазытқышта -70 градуста сақталуы керек).

Бүгінде жаппай екпе алып жатқан Еуропалық Одақ елдері «Спутник V» вакцинасын да қолдануы мүмкін. Ол үшін ресейлік вакцина Еуропаның дәрі-дәрмек жөніндегі агенттігінен (EMA) сертификат алуы керек. Бұл туралы Еуропалық комиссияның басшысы Урсула фон дер Ляйен хабарлады. Оның алдында БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш те Еуропалық Одақ кәрі құрлық аумағында ресейлік вакцинаны қолдануға жылдам шешім қабылдайтынына сенім білдірген еді.

Еуропалық Одақ «Спутник V» вакцинасына қатысты ойланып жатқанда, әлемнің бірқатар елдері оны тіркеп, жаппай қолдана бастады. Сондай елдердің қатарында Қазақстан да бар.

Қарағанды фармацевтикалық кешені (ҚФК) Қазақстан Республикасының аумағында «Гам-КОВИД-Вак», яғни «Спутник V» коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаны тіркеу рәсімін аяқтады.

ҚФК Баспасөз қызметінің мәліметінше, 13 ақпанда ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Сараптама ұйымы тіркеу дерекнамасының материалдарын қарау нәтижесі бойынша вакцинаның қауіпсіздігі, сапасы мен тиімділігі туралы оң қорытынды берген. Аталған қорытынды негізінде ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне тіркеу куәлігін алуға өтінім жолданды. Осылайша, Қазақстан «Спутник V» вакцинасын қолдануды мақұлдаған әлемдегі 27-ші мемлекет атанды.

Бүгінгі күні вакцина Ресей, Беларусь, Аргентина, Боливия, Сербия, Алжир, Палестина, Венесуэла, Парагвай, Түркіменстан, Мажарстан, БАӘ, Иран, Гвинея Республикасы, Тунис, Армения, Мексика, Никарагуа, Серб Республикасы, Ливан, Мьянма, Пәкістан, Моңғолия және Бахрейн сияқты мемлекеттерде тіркелген. 

Айта кетейік, Қазақстанда вакцина өндіру туралы шешім ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен Ресейдің тікелей инвестициялар қорының комиссиясы қазақстандық фармацевтикалық кәсіпорындарына жүргізілген сараптамаларының нәтижесінде қабылданған болатын. ҚФК алаңы ресейлік субстанциядан дайын өнімді өндіруге анағұрлым дайын болып шықты. Мамандар жүргізген техникалық аудит нәтижесі өндірістік алаңның коронавирусқа қарсы вакцинаның дайын түрін шығару үшін барлық талаптарға сәйкес келетінін растады. Ал, ақпан айының соңында еліміздің барлық өңірлеріне ҚФК өндірген «Спутник V» вакцинасының 90 мыңға жуық дозасын жеткізу жоспарланып отыр.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде атап өткендей, Қазақстанда өз әзірлеушілері мен вакциналар өндірісі үшін жергілікті алаңдардың болуы – бұл вакцинамен қамтамасыз етуге байланысты тәуекелдерді азайтуға және еліміздің эпидемиологиялық ахуалының тұрақтануына елеулі ықпал етуге мүмкіндік береді.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Жоғарыда коронавирустың басқа штаммдары туралы жаздық қой. Бұл да жығылғанға жұдырық болды. Дегенмен, қол қусырып отыруға тағы болмайды. Бір қуаныштысы, қазақстандықтар қолданып жатқан «Спутник V» вакцинасын шығарған Н.Ф.Гамалея атындағы Ресей эпидемиология және микробиология ұлттық ғылыми орталығының ғалымдары коронавирустың басқа штаммдарына қарсы тұра алатын вакциналар жасау технологиясын да ойлап тапты. Енді ол вакциналар ағымдағы жылдың соңына дейін қолданысқа енгізілетіні хабарланды.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ, саяси шолушы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here