Қаламы жүйрік іні еді (Әшірбек Амангелдиев жайлы мөлтек сыр)

0
475

Қазығұрт тауларынан бастау алып, сол аттас (Қазығұрт) ауданның шырайын келтіре ағатын Келес өзені Сарыағаш, Келес аудандарына ырыс-береке дарыта отырып, жер түбіндегі Сырдарияға барып құяды. Соншама қашықтан сүрлеу сап, жол табатыны ғажап құбылыс. Өзен деген аты болғанмен, Келес шағын, ені жарты шақырым Сырдариямен теңесу қайда?! Есесіне, сан ғасырлық тарихы бар Келес өзенімен тағдырлас, аттас уәлаят жүз жылдан бері Келес ауданы деп аталады. Дәл осындай Келес атты елді мекен Түркияда да бар. Себебі, бір замандарда осы өңірден Анадолыға қоныс аударған мыңдаған қандасымыз онда барған соң тұрақтаған мекендерін Келес деп, әлі күнге солай аталып келеді. Келес аумағынан  барғандар қанша жерден түрікке «айналса» да, өздерін қаңлымыз дейді. Ондағы үлкен аумақты алып жатқан Келес провинциясының тұрғындары, әсіресе, соңғы жылдары ежелгі атамекендері – оңтүстіктегі Келес ауданымен барыс-келістерін үзген емес.

Осынау тарих қойнауында «шаң басқан» көне деректі текке келтіріп отырған жоқпыз. Таяуда мезгілсіз дүние салған қарымды қаламгер, ұшқыр журналист Әшірбек те, мен де қазір 160 мың халқы бар Келес ауданында туып-өсіп, кіндік қанымыз тамған топырақты пір тұтудан танған емеспіз. Қашан жолықсақ та, «сізді көргенде елді көргендей боламын» деп ет-бауыры елжіреп тұрушы еді. «Қашан жолықсақ та» деп, кейінгі жылдарды меңзеп отырмыз. Әйтпесе, Көкбазардың қарсысындағы күллі газет-журнал орналасқан зәулім ғимараттың тоғызыншы қабатында бір жүріп, бір тұрған кездердің жөні бөлек еді ғой. Мен елу үш жыл ғұмырым өткен «Мәдениет және тұрмыс», ол іргедегі «Білім және еңбек» журналында жұмыстандық. Аталмыш журналда әдеби қызметкер, бөлім бастығы, жауапты хатшы, орынбасар, бас редактор болған Әшірбектің де ұзақ жылдық шығармашылық ғұмыры сонда өтті. Кеңес өкіметі құлап, қоғам өзгерген соң, мен (зейнеткер болсам да) бұрынғы орнымда қалып, Әшірбек басқа жерлерде еңбек етті, соңғы қызмет орны – «Алматы ақшамы». Мен осы газетте байырғы автор, ұжымға етене жақын болғандықтан, мұнда да жолымыз түйісіп, жүздесіп жүрдік. Жолыға қалғанда, қайда баратынымды сұрап, көлігімен шығарып салуға бейіл танытып тұратын. Міне, енді сол Әшірбек жоқ. Ой-санада бейнесі, елесі қалды.

Журналистік сиректеу, қат мамандық қой. Өз басым университет бітірген соң Келес, Сарыағаш аудандық газеттерінде тұрақты істеген журналистен ешкімді білмеймін (басқа өңірлерде де көбіне солай).

Келестен шыққан журналист Әшірбек екеуміз ғана емеспіз. Баршылық, шүкір. Кезінде Қазақстан Комсомолы мен Компартиясы Орталық Комитеттерінде бөлім меңгеруші, нұсқаушы, СОКП Орталық Комитетінде инспектор, Шымкент облыстық партия комитетінде хатшы болып, партия тараған соң Мәскеудегі елшілікте жұмыстанған (марқұм) Ермек Алданов, бүгінде Мәжіліс депутаты, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сауытбек Әбдірахманов, «Вечерний Алматы» газетінде ұзақ жыл бас редактордың бірінші орынбасары болған, қазіргі жауапты секретарь Әбдіжамал Сапарқұлов, Қазақстан Жазушылар одағы, республикалық басылымдарда жемісті қызмет еткен, Келес тарихынан жазған үш кітаптың авторы Оңғар Исаев, Нұр-Сұлтан қаласында тұратын Серік Алдановтың есімдері елге танымал. Әшірбек Амангелдиев солардың бірі (Келестік ақын-жазушылар өз алдына).

Менен ширек ғасыр кішілігі бар Әшірбек университет бітіретін жылы танысқаннан іш тартып, үйге ертіп барып жүретін, сіз-бізіміз жарасқан іні дос болатын. Диплом алған бойда тәуір жұмыстардың құлағын ұстады. Сондықтан да болар, мен екінші басшы боп есептелетін, жиырма шақты адам істейтін «Мәдениет және тұрмысқа» емеурін танытпағаны. Оның қолайы жастар басылымдары болатын. Осы салада тез шыңдалып, тез танылды. Қай жерде кім болып істемесін, маған уақыт тауып келіп тұрды. Бірде редакцияға әкесін ертіп келіп таныстырды. Мейрамханада дәмдес болдық. Ұлының аяқ алысына көңілі тоқ әкесі «ағасы екенсің ғой, көз қырыңды сала жүрден» асқан жоқ.

Бір жолы Әшірбек «мені Мәскеуге оқуға жібергелі жатыр, барсам бола ма, не айтасыз?» деп келді. «Не оқу?». «Комсомол ғой». «Бар, әрине. Жолың болсын» дедім.

Оны бітіріп келген соң, біраз жерде қызмет істеп, ақыры Көкбазардың қарсысындағы газет-журналдар шоғырланған мекемеге аяқ тіреп, бір-ақ бархадар тапты. «Қазақстан пионері» газетінде аз-кем жұмыстанып, тоғызыншы қабаттағы «Білім және еңбек» журналына келді. Жоғарыда айтқандай, көрші болдық. Бұрынғыдай емес, енді келген-кеткенде, коридор, асхана, лифтіде жиі көрісіп жүрдік. Кабинетке келіп малта езіп отыруға жоқ. Бірақ, келеді. «Сәлем берейін деп ем» деп. Әлдене айтады. Не айтса да, қалжың иісі шығып тұрады.

Осылай жүріп жаттық. Заман өзгерді. Тоғыз қабаттағы газет-журналдар бірі қалмай тұс-тұсқа тарап кеткен кез жетті. Және бәрінің тиражы азайып, жабылып қалғандар қаншама. Кім қайда жұмыстанатынын білу мұң. Тоғыз қабат ғимарат әлдекімдерге бұйырды. Кейін салынған он екі қабат үй де. Қысқасы, журналистік дәуреннен мән кетті. Мен жұмыстанатын «Парасат» («Мәдениет және тұрмыс») содан бері оншақты жерге көшіп-қонған шығар. Қазір қайда екенін де білмеймін. Айтпақшы, жабылып қалған басылымның бірі Әшірбек жұмыстанған «Білім және еңбек» журналы-тын. «Ара», «Қазақстанның ауыл шаруашылығы», «Үгітші блокноты», т.б. толып жатыр. Міне, ахуал!

Оған дейін қайда болғанын қайдам, кейінгі жылдары «Ақшамда» істеп, қысқартуға ұшырады. «Қазір үйдемін» деді бір кездескенде. Зейнетке шыққаны жаңа, тәжірибе, күш-қайраты толысқан дер шағы. Маған неге батпасын, батты. Сол қысқа уақытта «Ақшамда» айшықты із қалдырды. Автоларға ұзақ жылдар бойы беріліп келген қаламақы қысқарды. Қалидың басқа шарасы болмай, бір жарым жылдай оған да, маған да айына елу мыңнан көмек жасап, кейін ол да суалды.

Бір жолы Қали күтпеген жерден телефон соғып: «Естідіңіз бе, Әшірбек қайтыс болды», – деді. «Қашан?». «Бүгін-ау деймін. Қазіргі жағдайды білесіз ғой. Әлгіде хабар тиісімен үйіне кірдім де шықтым». «Апырай, а!  Қиын болған екен. Дәл қазір үйіне барып көңіл айта алмасым Аллаға да аян. Иманы жолдас болсын», – дедім. «Ол жағы белгілі ғой. Мен де көп кідіре алмадым. Келіп жатқандар бар», – деді Қали.

Одан бері біраз өтті. Өзгерген дәнеңе жоқ. Үйден шығу мұң. Жақында «атым Айгүл» деп телефон соққан Әшірбектің қызы «Папам туралы естеліктер жинағын шығармақпыз. Соған мақала жазып берсеңіз» деді. «О, айналайын, ол жағын уайымдама, бірақ, одан алдын көңіл айтып бара алмағаным үшін сенен де, мамаңнан да кешірім сұраймын. Мамаңа соны ұмытпай айт», – дедім. «Түсінеміз, қайта сіз ренжімеңіз. Папам сізді аузынан тастамаушы еді ғой», – деді Айгүл.

Содан көп ұзамай «Ақшамда» Қалидың оқырман қауымның Әшірбекті іздеп жатқаны жайлы мақаласы шықты. Алда толықтырып, қайта жазамын дегендей етіпті. Бәрекелді! Әшірбек іздеуге тұратын азамат еді ғой. Іздеушінің бірі – өзім. Енді қанша жерден іздесек те, ол жоқ…

Айналайын Әшірбек шын жанашыр, қамқоршы болатын. Соған бірер айғақ айтайын да, нүкте қояйын. Елу үш жыл қызмет еткен «Мәдениет және тұрмыс» журналында ыстық та, суық та өтті ғой бастан. Әсіресе, жиырма үш жыл екінші басшы болған шақтардағы жай-түйлер өзгешелеу. Қанша жерден кешірімді, кең болсаң да, жұмыс бабына тән кейде жұмсақ, кейде қатаң талап екінің біріне ұнай бермейді. Тері тонды теріс айналдырып, ақты қара, болмағанды болды деуге бейімдер тырнақ астынан кір іздеуден шаршамайды. Ғайбат-жалаға шебер, әзір. Бірде Орталық партия комитеті мені қызметтен босатып, орныма «Жұлдыз» журналында істейтін біреуді қойып, оның орнына мені жіберуге нұсқау беріпті. Тосын хабар сол замат бүкіл қалаға тарады. Жанашырлар бірі телефон соғып, бірі өз аяқтарымен келіп «бұл әділетсіз, әрекет жаса» дейді. Ал, мен түк те сасқан жоқпын. Өйткені, жұмысқа шақырып жүретін белгілі баспада қашан барсам да орын дайын екенін білетінмін. Барсам «Жұлдыз» емес, сонда барамын. Әне-міне демей, олардан «келе бер» деген хабар жеткен. Мәселе екі күннен қалмай шешілуі тиіс. Журналдағылар естіген, әрине. Көбі түк білмегенсіп, маған тымырая қарайды.

Әшірбек келді. Біразға дейін бетіме қарап үнсіз отырды (әдеті солай болатын). «Қимылдамайсыз ба?» – деді бір кезде. «Не қимыл?» – деймін аңқаусырап. «Естіп жатырмыз ғой. Соны айтам». «Не естідің?». «Шынымен білмейсіз бе?».

Бұдан кейін шешілуге тура келді. «Қам жеме», – дедім. Бетіме таңдана қараған ол «Үлкен жердің бұйрығы заң ғой. Тұяқ серпу деген бар емес пе?» – деді. «Бар болса, бар шығар. Далада қалмаспыз». «Болмайды ғой», – деді де, шығып кетті.

Әділетсіз нұсқауға мән бермегенмен, намыс та керек. Орталық Комитеттің екі-үш жанашыр қызметкері солай деп ақыл қосқан. Не істеу керегін айтқан. Ертеңіне түске таман олардан үлкен бастық сізді қозғамаңдар деп қайта нұсқау берді деген хабар жетті. «Тек үндеместен, жұмысын атқара берсін деді» деп те қойды.

Ал, алғашқы екпін бойынша мен соның ертеңіне «Жұлдызға» баруым керек еді. Олай болмады. Ешкім ештеңе түсінбей қалса керек. Екі күн, үш күн, ай өтті, жыл өтті. Кейін ғой Әшірбектің айтатыны: «Сол жолы қалай аман қалдыңыз, маған да ештеңе білдірмедіңіз ғой», – деп.

«Білдіретін дәнеңе жоқ, жоғары жақтың екінші нұсқауы солай болыпты», – дедім. Жан-тәнімен қуанған Әшірбек мәз бола жымиды.

Кім-кімде де жоғары оқу орнында оқығанда студенттік жылдарды бірге өткізіп, бір жүріп, бір тұрған, дипломды бірге алған курстастары болатыны белгілі. Ондайлар Әшірбекте де жетіп-артылғандай екенін қайтыс болғанда газеттерден аңғардық. Әсіресе, дара бітімді, ділі таза, азамат жазушы Қуандық Түменбаевтың жазбаларынан. Басқалардың да. Бүгінде олардың бәрі де (Әшірбектің курстастары) бір-бір тұлға.

Мына бір жайды да айта кету көптік етпес. Әшірбек атышулы ғалым, жазушы, қоғам қайраткері, үлкен лауазым иелерімен (түбі керегі болар деген оймен болса керек) кездесіп, айтылған әңгімелерді хатқа түсіріп жүреді екен. (Көбі баспасөз беттерінде жарияланған да). Солардың бірін тілге тиек етіп, бір жолы менімен сөз таластырғаны бар. «Камелиденовты Қазақстан комсомолына бірінші секретары еткен кім, білесіз бе?» – деп. «Кім болады, Қонаев та». «Жоқ, Қонаев емес». «Онда кім?». «Батырбеков». «Қай Батырбеков?». «Батырбеков көп емес қой. Орталық Комитетте партиялық ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болған Батырбеков. Кадр таңдаумен сол кісі айналыспайтын ба еді?».

– Е, түсінікті, – дедім. – Демек, сен солай ойлайды екенсің. Кезінде Батырбековтың Орталық Комитетте жауапты бөлім басқарғаны рас. Кадр таңдау құқы болғаны да рас. Бірақ, сен айтқандай, республика комсомолына бірінші басшыны ол емес. Қонаев таңдайды. Және олар біреу емес, кемі үш кандидат болады. Іштерінен біреуі өтеді. Сол жолы Қонаевтың ықыласы Камелиденовке түскен. Осыны біле жүр, – дедім.

– Жо-жоқ, – деді райынан қайтпай. – Маған солай деп Батырбековтың өзі айтқан.

– Айтса айтқан шығар, бірақ, комсомол басшысын Қонаев таңдайды. Себебі, ол компартия басшысы болса, комсомол жетекшісі жастар басшысы. Батырбеков басқа кадрларды өткізсе де, комсомол басшысын өткізе алмайды.

– Камелиденовтың алдындағылар педагог екен. Камелиденов техника маманы. Батырбеков солай деген.

– Бәрі емес. Мамандығы педагог Жәнібеков қана. Өзгелер басқа сала өкілдері.

– Солай ма? Онда қойдым. Менен бір білместік өтіпті. Кешіріңіз…

– Жә, қой. Кешірім сұрайтын ештеңе жоқ. Сені біле жүрсін деп жатқаным ғой. Әйтпесе, біздің де білмейтініміз толып жатыр. Қайта, сен кешір. Батырбеков тегін адам емес. Жоғары партия мектебін басқарған. Ертеректе «Мәдениет және тұрмыс» журналында бөлім меңгерушісі боп істеген Жамал Байжанова деген апай болған. Батырбеков соның күйеуінің туған інісі еді. Онда Оразай Батырбеков Орталық Комитетте нұсқаушы болатын. Жамал апай оған күніне әлденеше рет «Оразай, бізге анау керек, мынау керек, буфеттеріңнен ала кел» деп қайта-қайта телефон соғатын…

Мұны айтып отырғаным, Әшірбекте менікі жөн деп отырып алатын бірбеткейлік болмайтын. Райдан қайтатын жерде қайта білетін. Сөзге тоқтайтын. Көп білуге іңкәр-тін. Көп білетін де. Есіл азаматтың қай қырын айтып тауысайық. Әділ, қарапайым, ру, жүзге бөлу дейтін кесапаттардан аулақ ұстады өзін. Ата-бабаларының сүйегі жатқан Келес топырағын жан-тәнімен жақсы көрді, ардақтады, тәу етті.

Қош, Әшірбек! Адал жүріп, адал тұрған, имандылықты ту еткен әріптес інім! Жарқын бейнең әрқашан есте, жүректе. Нұрың пейіште шалқысын!

Әумин! Аллаһу әкбар!

Зәкір АСАБАЕВ, Айбергенов медалінің иегері

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here