Ұлтымыздың ұлықтауға лайық ұлы тұлғасы

0
2592

ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың назарына!

Баспа беттерін қарап отырсам, биылғы сиыр жылында да Алаштың бір шоғыр асыл ұлдары дүние есігін ашқан екен. Арты жүзге, алды бір жүз жетпіс беске толыпты. Солардың жасы да,  жолы  да үлкендері, атақтары жер жарған біріншісі – жыр алыбы Жамбыл болса, екіншісі – күш атасы атақты Қажымұқан екен. Олар туралы көлемді және қысқаша таныстыру әрі хабарлама ретінде  мақалалар газет беттерінде жазылып жатыр. Жасалып жатқан іс-шаралар жөнінде мағлұматтар берілген.

XX ғасырдың Гомері туралы не жазуға болады?! Әрине, жыр алыбының арманы жоқ деп айтуға әбден болады. Кеңес үкіметінің кезінде де, тәуелсіздік жылдарында да ол кісінің еңбегі лайықты бағасын алып, атында облыс, әр облыста көшелер, мектептер, орнатылған еңселі ескерткіштер жетіп артылады. Ондай құрметке ұлы жырау әбден лайық.

ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен  Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі салтанатты шарада мемлекеттік комиссия құру туралы арнайы жарлық қабылданғанын тілге тиек етіпті. Отырыс барысында Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұлованың, Алматы, Жамбыл облыстарының әкімдері А.Баталов пен Б.Сапарбаевтың, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұ.Есдәулеттің Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы аясында өткізуге жоспарланған іс-шаралар туралы ақпараттары тыңдалған. Комиссия мерейтойлық іс-шаралардың жалпыреспубликалық жоспарын мақұлдап, бекіткен. Республика бойынша жыл ішінде 500-ге жуық әлеуметтік, имидждік, ғылыми, танымдық іс-шара өткізіледі екен. Сол сияқты барлық облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдеріне де жыраудың мерейтойын мерекелеу жөніндегі өңірлік жоспарларды әзірлеп, бекітуді және олардың орындалуын қадағалауды міндеттеген. Мінекей, нағыз ауқымды шара деп осыны айт, заман тыныш, қалың қазақ аман болса мерейтойдың ойдағыдай өтетініне сенімдіміз. Бұл өте жауапты кезең.

Халқының жоғын жоқтап, мұңын жырлаған Сыпыра жырау, Асан қайғы, Қазтуған, Шалкиіз, Доспамбет, Жиембет, Бұхар, Ақтамберді, Үмбетай, Қабылиса, Сүйінбай жыраулар мектебінің соңғы тұяғы  осы Жамбыл дейді  көптеген зерттеушілер. Дегенмен, қазақтың қанында қайнаған ақындық, айтыскерлік, жыраулық  өнер күні бүгінге дейін жалғасын тауып, жетіліп, дамып келеді. Ал, ұлы жырау сол кезеңде өзіне  жүктелген тарихи  миссиясын асқан жауапкершілікпен атқарып шығып, аты аңызға айналды. Өлеңдері көптеген тілдерге аударылып қазақ халқын  әлемге таныстырды.

Екінші. Биыл алып күштің атасы, аты аңызға айналған Қажымұқан Мұңайтпасовтың та туғанына 150 жыл толғанын атап өтеді екенбіз. Бір ғасырда осындай екі алыпты дүниеге әкелген қазағымнан айналайын!

Қажымұқан туралы жазылған кітаптар да, зерттеулер де баршылық. Бірақ, біздің жастардың көбі батыр-балуанның туып өскен жерін, жүріп өткен жолдарын біле бермейді. Соған қысқаша ғана тоқталып өтейін.

Қажымұқан 1871 жылы 7 сәуірде Ақмола облысының Қараөткел ауылында дүниеге келген екен. 17 жасында-ақ  Ақмола аймағындағы ең мықты жас балуан атанып, оның ғажайып күші туралы аңыз әңгімелер де қалың қазақ арасына желдей тарап кетеді.

1901 жылы Омбы  қаласында француз күресінен кәсіпқой балуандардың жарысы өтеді. Осы жарысқа қатысқан балуандардың дүркіреген атақтарын естіген дүбірлі жарыс Қажымұқанды магниттей өзіне тартады. Күрес бірнеше күнге созылып, кәсіпқой күрестің майталманы Андрей Злобин бір өзі жеке топ жарып шығады. Жас батыр Злобиннің өзімен күресуге ниет білдіреді. Бұл күрес екі балуанға оңайға түскен жоқ еді. Тәжірибелі, күрес техникасын барынша меңгерген Злобин 18 минутта ғана жеңіске жетеді. Қажымұқанның дене бітіміне, алапат күш қайратына тәнті болған Злобин  Қажымұқанға И.В Лебедовтың күрес мектебіне баруға кеңес береді. Қажымұқан 1903-1904 жылдары «Дядя  Ваня» мектебінде оқып, күрестің неше түрлі әдіс-айласын үйреніп шығады.

Батырдың күрестегі ең ірі жеңісі деп 1905 жылы Харбинде өткен «Джиу-Джитсу» күресінің жарысында жарқырап шығуын жатқызуға болады. Осы күресте Қажымұқан бірде-бір жеңіліске ұшырамай күрестің алтын медалін жеңіп алып, «Маньчужур  чемпионы» атанып кетеді. 1909 жылы Гетеборгте (Швеция) өткен француз күресінен әлем чемпионы атанып, алтын медалін төсіне тағып, француз күресінен әлем чемпионы атанған бірінші қазақ болатын.

1910 жылы Аргентинаның астанасы Буэнос-Айрес қаласында күрестің  алтын медалін тағып қайтады.

1910-1911 жылдары Мәскеуде фрацуз күресінен халықаралық чемпионат өтеді. Күрес барысында Алаштың алып тұлғасы күрес шеберлері Разумовтың, Шнайдердің, Винтера  мен Аполландардың жауырынын жер иіскетеді. Атақты балуан Циклоппен күресі тең аяқталады. Осы жолы күрес қожайыны Эстонияның атақты балуаны Георг Лурихпен белдеседі. Бірінші 20 минутта Лурих Қажымұқанды жеңе алмайды. Лурих келесі күні тағы да кездесіп, реванш алуды көздейді, тағы да жеңе алмайды. Бірақ, эстон балуанын жақтаған судьялар күрес уақытын негізсіз созып, Лурихке жеңісті алып беріп, ол үлкен алтын, Қажымұқан кіші алтын медальді иеленеді.

1911 жылы Петербургте Қажымұқан және бірнеше чемпиондар күреске шығады. Мұнда атағы жер жарған Рауль де Руан мен Георг Лурих те  бар болатын. Бұрынғы өткен чемпионаттағы  адами фактор, әділетсіздік қайталанып, «ережені бұзды» деп Қажымұқанды бұл күрестен  шеттетеді.

1915 жылы  Қажымұқанды  Варшавада өтетін халықаралық күрес жарысына шақырады. Атақты балуандар Поле Абос, Ресей чемпионы Иван Яго, латыш балуаны Шульцелерді жеңіп, алтын медальді жеңіп алады.

Қажымұқанның жапонның атақты балуаны Саракикиді жеңуін айрықша атап өтуге болады. Харбинге барған батыр-балуандарды Саракики «джиу-джитсу» күресі бойынша жекпе-жекке шақырады. Жүрегі дауалап ешкім шыға қоймайды. Мен көрейін деп Қажымұқан күрес аренасына шығады. Әрине, бұл күресте белдесу деген болмайды екен. Саракики олай-бұлай ойнақтап бір  құлағын, тағы да мысықша атылып төменгі ернін жыртып жібереді. Жаратқаны жар болып, бір реті келгенде шап беріп ұстап, темірдей құрсағына қысып, бар күшімен кілемге лақтырып жібереді. Ақырында Саракики жүрегі жарылып па, әлде жынданып па өліп кетеді. Эстонияның атақты балуаны Георг Лурих Қажымұқанды былайша сипаттайды: «Сын востока – японец Муханура (қазақ екенін қайдан білсін). Он борец крепкого и редкого сложения, отличается дикостью и свирепостью в борбе».

Естеріңізге сала кетейін, Қажымұқанның әртүрлі   (Муханура, Черный  Иван, Красная маска, Ямагата, Черный  Мұстафа) деген лақап  аттары болды.

Атақты балуанды цирк артисі Николай Турбас былай деп еске алады: «Между нами особенно выделался своей фигурой и силой киргизский атлет Кажымұқан. Он имел широчайшие плечи, колоссальную силу, длинные руки, что имело большое значение в борьбе. Многие борцы боялись его и неохотно вступали с ним в борьбу. Именно в это время слава Қажымұқана гремела всему миру. Один из русских борцов писал: «По всему миру гремела тогда слава русского богатыря Ивана Поддубного и қазахского батыра Қажымұқана». Қажымұқан был действительно крепкого богатырского телосложения рост 195 см, вес 139 кг (в 1946 году) 174 кг), окружность бедер 71 см,  бицепсы 47 см, окружность шеи 56 см, размер обуви 54 см».

Осы 150 жыл ішінде мұндай дене бітімімен әлемді таңқалдырған және осындай ғаламат табысқа жеткен қазақ әлі дүниеге келген жоқ. Қазақ елі аман болса келеді!

54 елде болып, 48 медаль олжалаған қазақтың апайтөс батыры туралы қысқаша мәліметті беріп отырмыз. Батырдың 150 жылдық мерейтойына бұдан да қызықты материалдар жазып, мерейін үстем ететін, өздерінің ұсыныс-тілектерін білдіретін алаштың азаматтары арамызда баршылық деп ойлаймын.

Қажымұқан 1910 жылы Персияның атақты чемпионы Машрутты жеңіп, оны Персия падишахы «Лев и Солнце» орденімен марапаттаған екен.

«Благоденствия» Маньчжурия орденімен Саракикиді жеңгені үшін марапаттайды. 

Қажымұқанға 1927 жылы Қазақстан Орталық атқару  комитетінің жарлығымен «Қазақтың халық  батыры» атағы беріледі. 1945 жылы Отан алдындағы жанқиярлық еңбегі үшін  «Құрмет  белгісі» орденімен марапатталады.

Кеңес үкіметі кезінде, 1960-шы жылдары Алматыда  тұңғыш Орталық стадион ашылды. Қалың қазақтың қуанышында шек болмады. Газет беттерінде көптеген мақалалар жазылып,  стадионға Қажымұқан есімі берілсін деген ұсыныстарын, тілектерін жазып жатты. Бірақ, селт еткен басшылар болмады. Неден қорқып, неден жасқанды? Кеңес басшылары «стадионға батырларыңның атын беріп жүрмеңдер» деп телефон шалмағаны айдан анық қой. Ендеше неге берілмеді? Ол қазақты меңдеген, жұлынына құрт болып жабысқан тайпа-тайпа, ру-ру, жершілдік, жікшілдікке бөлінген, қызыл көзді қызғаншақтық ауруының ащы жемісі еді. Бұл – қалың қазақтан гөрі  ел басқарған басшыларға айрықша жабысқан жұқпалы ауру, қайғылы қасірет болатын. Енді өткенге салауат дейік. Елбасы да, Президент те бірлік, ынтымақ туралы  қайта-қайта айтып  келеді, сол киелі сөзді  есімізде сақтағанымыз абзал. Бұрынғы жылдары басшылар елден, әлде қылықтарынан ұялды ма, Алматыда спорт мектебін ашып, батыр-балуанның есімін берді. Кейіннен Елордаға көшіріліп, спортшылар болмаса, қарапайым көпшілік біле бермейтін бір түпкірге жайғасқан екен.

Қай жылдары екенін ұмыттым. Целиноградта сыйымдылығы онша үлкен емес стадион ашылып, Қажымұқан есімімен аталатын болды.

Шымкентте бұрынғы орталық стадионға көпшіліктің талабымен Қажымұқан есімі беріліп, оңтүстік азаматтарының жігер-қайраттарының арқасында үлкен ескерткіш қойылған.

Міне, Кеңес үкіметі кезінде батырдың есімі осылай бағаланды.

Тәуелсіздік алған отыз жылға даңқы жер жарған атақты балуанның 120, 130, 140 жылдықтары тура келіпті.  Елорданың бір көшесіне Қажымұқан есімі берілген екен. Осы жылдары астанада да қаншама алып ғимараттар – әуежай, теміржол вокзалы, зәулім спорт  кешендері салынды. Солардың бірде-біріне атағы жер жарған алаштың  батыр ұлының есімі берілмеді, мүмкін басшылар туғанына 150 жылдық мерейтойын күткен болар…

Бізді бір қуантқаны, Алматыда Балуан Шолақ атындағы керемет халықаралық жарыс өткізетін спорт кешені бар. Атақты композитор, қазақ күресінің майталманы, Арқада туып-өскен, ән салып, сайран салған батырға қандай жарасып тұр. Көзің қуанады. Алдына асқақтатып ескерткіш тұрғызса болғаны. Сол сияқты Нұр-Сұлтан қаласындағы үлкен спорт кешендерінің біріне  Қажымұқан есімі беріліп, ескерткіш орнатылса нұр үстіне нұр емес пе?! Алланың қалауымен екі алыптың рухтары халқымызды, спортпен шұғылданып жүрген жастарымызды желеп-жебеп жүрмей ме?! Сөйтіп, перзенттік парызымызды өтемейміз бе?!

Биылғы жылы туғанына 150  жыл толған мерейтойын атап өтпекпіз. Қандай іс-шаралар қолға алынып жатыр? Жоғарыда жазғандай, ұлы жыраудың 175 жылдық  мерейтойын өткізу үшін арнаулы комиссия құрылған екен. Өте орынды. Оған реніш білдірудің  керегі  жоқ. Есесіне Қажымұқанның 150 жылдық тойын жақсылап өткізуді ҚР  Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға жүктеген сияқты. Құптаймыз. Ғылыми алаңда  бір Академияның жұмысын бір өзі атқарған  ғалымдар, бір топ комиссияның іс-шараларын ойдағыдай тындырған қабілетті қайраткерлер, іскер азаматтар  да жиі кездесіп отырған. Біз осы жауапты  жұмысты Ақтоты ханым  ойдағыдай  атқарады деп сенеміз.

Сонымен қандай  шаралар іске асырылып  жатыр?

Жақында Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы Олимпиада резервінің мамандандырылған Республикалық мектеп-интернат колледжінде қазақтың даңқты балуанының 150 жылдығын тойлауға арналған салтанатты  шара өтіпті. Жиынның ашылу салтанатында Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова алыптың мерейтойын республикалық деңгейде атап өтуге дайындалып жатқандығын айтып, көзі тірісінде аңызға айналған ұлы тұлғаның өмір жолына шолу жасаған көрінеді. Жалғыз барған екен. Дегенмен, қасына қала, аудан әкімдерін, жазушы қауымынан, керек десеңіз, Ақмола  облысы әкімшілігінің бір-бір өкілдерінен қатысқанда жарасып кетер еді. Өкінішті-ақ…

Алып тұлғаның есімін ұлықтау, мәңгілік есте сақтау жөнінде Үкімет тарапынан қандай нақты шешімдер қабылданғанын ашып айта қойған жоқ. Бізге әзірше белгілісі: Қызылорда қаласында балуан атында күрестен жастар жарысы өтіпті. Түркістан облысының Ордабасы ауданына қарасты Қажымұқан атындағы ауылда балуанға арналған мемориалдық кешен салу мақсатында жер телімі  бөлініп, құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттар дайындалыпты. Осы жоспарланған іс-шараларды сәтімен жүзеге асыруды мақсат етіп отыр екен.

…Біз, бір топ азаматтар 2000 жылы сәті түсіп, арнайы дұға жасайық деп Қажымұқан балуанның  басына бардық.  Басына шағын ғана киіз үйдің аумағындай кесене орнатылған. Біздер оған түсіністікпен қарағанымыз рас. Ол кісі дүниеден озғанда соғыстың аяқталғанына үш-ақ жыл болған, Үкімет те, халық та әлі есін жия қоймаған кез еді. Егеменді ел болдық, амандық болса үкіметіміз, халқымыз ақылдаса отырып, күш біріктіріп алыстан көрінетін үлкен кесене-күмбез орната жатар деп көңілімізді бір қуаныш, үміт  жалыны шарпып қайтқан болатынбыз. Бірақ, әртүрлі себептермен ондай бастама болмаған екен. «Әр істің қайыры болады» дейді ғой қазағым. Сол істің орайы келіп тұрған сәт туған сияқты.

Біздіңше, енді басына үлкен кесене күмбез орнатпай-ақ мүрдесін осы салынатын мемориалдық кешеннің ішіне қойса, Абай, Шәкәрім мемориалдық кешеніндей халқы тағзым ететін бір киелі орынға айналар еді. Нық сеніммен басына келген жастарымызды батырдың рухы демеп, әлемді таңқалдыратын алып күш иелері шығары сөзсіз.

Тағы да бір білетініміз: Нұр-Сұлтандағы Қажымұқан атындағы кішкентай ғана футбол стадионы күрделі жөндеуден өтіп, алдына Алаштың атақты тұлғасына ескерткіш қойылмақ екен.

Япыр-ау деймін, Шымкент қаласындағы футбол стадионы осы кісінің атында емес пе? Алып ескерткіш те қойылған. Ендеше, Елордадағы стадионды жөндеп, басына тағы бір ескерткіш орнатудың қажеті бар ма? Ол кісі теңбіл допты ұршықша иірген футболист емес, дүниежүзінің чемпиондары Иван Поддубный, Иван Шемякин, Алекс Аберг, Иван  Зайкин, Георх Лурих, Циклоп және Поль Понс сынды балуандармен көк Түріктің көкжалындай, көрші орыстың аюындай айқасып белдескен  алып күштің  иесі  емес пе?!

Сонымен,  Алаштың бағына біткен алып күш иесінің 150 жылдық мерейтойына Нұр-Сұлтан қалалық «Ақ орда» Ақсақалдар қоғамдық  бірлестігі басқа да қала қарттарымен ақылдаса отырып, төменгідей ұсыныс-тілектерін білдіреді:

1) Түркістан облысының Ордабасы ауданындағы Қажымұқан ауылында салынатын  мемориалдық  кешенді шын жүректен қуана қабылдап,  батырдың мүрдесін  де осы кешеннің ішіне әкеп қойса, қалың  қазақтың қуанышында шек болмас еді.

2) Елордада  Қажымұқан  атындағы көше бар. Осы көшені Кенесары-Абылай хан, Абай-Шәкірім даңғылдары қиып  өтіп, Сәтпаев, Мағжан көшелері келіп тоғысады. Тағы да Қажымұқан көшесінің бойында сәулеті жарасқан «Қазақстан» спорт кешені орналасқан, алдында үлкен алаңы бар. Алаштың алып тұлғасының 150 жылдық мерейтойына ескерткішті тура  осы алаңға қойып, «Қазақстан» спорт кешеніне Қажымұқан атын берсе нұр үстіне нұр болар еді.

Қалың қазағым!  Ұлы тұлғаларға арналған мерейтойларың құтты болып, береке, бірлік  берік болсын! Ұлы тұлғаларымызды ұлықтай берейік!

Тойшыбек Иіпұлы, жазушы, қоғам қайраткері

Нұр-Сұлтан қаласы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here