Қазақ радиосы – 100: Әуе толқынында Қарабалықтың қос қарлығашы

0
3569
Юрий Борисович Левитан Қазақ радиосының қызметкерлерімен, сол жағында Мина Сейітова

Жиырмасыншы ғасыр басындағы ашаршылықтан ауыр азап шеккен әрі кейінгі кәмпеске дүмпуіне де шыдай алмаған Тоғызақ маңындағы 9-шы ауыл қазағы, қарабалық қыпшақ Жүсіп әулеті 1928 жылы Алматыға қоныс аударды. Әулетінің біразын аштық құрбаны еткен Қорғанбек Ержан баласының қалған ұрпағын аман алып қалу жолындағы соңғы тірлігі еді бұл. Көш ішіндегі жастай жетім қалған 9 жасар Меңжамал Ержанқызын (әрі қарай Мина Сейітова) ағасы Алматыдағы атақты 12-ші мектепке оқуға берді. Бұл мектепте сол жылдары қазақ еліне танымал өнер, білім майталмандары Әбілхан Қастеев, Камал Қармысов, Күләш Байсейітова, Өмірзақ Елубаев, Темір Дарханбаев, өзінің өмірлік жолдасы Бәкібай Бейісовтер оқитын еді.

Мина және жары Бәкібай Бейісов (Ахмет Байтұрсынұлының туған жиені)

Бала шағынан-ақ өнерге бейім жас Мина қаладағы, мектептегі көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып жүрді. Сөйтіп, талабы таудай оқушы 11-12 жасында-ақ атақты Александр Затаевич, Ахмет Жұбанов, Евгений Брусиловский, Бейімбет Майлин бастаған беделді әділқазылар алқасының назарына ілікті. Олардың сол кездегі жас Минаның дауысы мен дауыс ырғағын (дикциясын) ерекше бағалаған пікірлері Қазақ радиосының Алтын қорында сақтаулы тұр.

1921 жылы алғаш рет Орынбор қаласында 1 600 сөзден тұратын радио баспабет ашу жөніндегі Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитетінің шешімін Халық ағарту комиссары Ахмет Байтұрсынұлы оқып, кіріспе сөзімен Қазақ радиосының тұсауын кесті. Ал, 1931 жылы Алматыда ашылған Қазақ радиосына 15 жасар Мина диктор болып жұмысқа орналасады. Оқу мен жұмысты қатар алып жүрген жас қыз мектеп бітірісімен Мединститутқа жоғары оқуға түсті. Оқуды қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметовамен бірге бастады. Алайда, сұрапыл соғыс қазақтың қос қызына оқуларын жалғастыруға мүмкіндік бермеді.

Радиода жұмыс істеген 8 жылдан бері «Қырағы пионер», «Еңбекші Қазақ» сияқты жалынды хабарларды жүргізіп жүрген жас қызға соғыс тұсында «Қаралы хабарды» жариялау оңайға түскен жоқ. Оған «басып алды», «жойып жіберді» деген тажалдай сөздерді тыңдарманға естірту аса қиын болды.   

Соғыстан үш жыл бұрын Мина Сейітова Ахмет Байтұрсынұлының жалғыз қарындасы Зилаштан туған жиені Бәкібай Бейісовпен бас қосып, отау құрған еді. Бірақ, асыл жары да соғысқа аттанды. Минаның қолында қарт анасы мен кішкентай перзенттері Меруерт пен Марат қалды. Олардың бірін арқалап, бірін жетектеп, таңғы бесте қаланың бір шетінен күнде жұмысқа келетін. Сөйтіп, тұрмыс тауқыметі оған оқуын жалғастыруға мұрша бермеді.

Мина Ержанқызы Сейітова жұмыс үстінде

Осылайша, бүкіл жер шарының жартысына жуығына ауыр қасірет жүктеген хабарды қуаныш-қайғысымен алма-кезек жеткізіп отыруды өзіне әрі міндет, әрі борыш санап, абыройлы қызмет атқарған Мина Ержанқызы Қазақ радиосына ғұмырының бақандай 44 жылын берді. Жай берген жоқ, Адольф Гитлер үшін нөмірі екінші дұшпан (әрине, біріншісі Сталин ғой) – Юрий Борисович Левитанның Қазақстандағы орнын басты десе болғандай. Сол еңбегі үшін 1944  жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен, Құрмет Белгісі орденімен, «Қазақ КСР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері» атағымен марапатталды.

Соғыс жылдарындағы «Совинформбюродан» бастап, Жұмабай Шаяхметов, Дінмұхамед Қонаевтардың арнау сөздері мен баяндамалары да Мина Сейітованың дауысымен әуе толқынынан ел құлағына жетіп жатты.

Соғыстың соңына таман қарашаңырақ табалдырығын солдаттың керзі етігімен имене аттап, «қазақтың Левитаны» атанған  Әнуарбек Байжанбаевтың да, атақты Геннадий Марюхиннің де Мина Ержанқызының мектебінен шыққанын отандық радио тарихы ұмытпақ емес. Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, Зәмзәгүл Шәріпова, Сауық Жақанова да сол кезеңдердегі Мина Ержанқызының шәкірттері.

Қостанай радиосында – Үміт Досжанова

Тағы бір диктор – Үміт Есполқызы Дөңасарова-Досжанова да Қарабалықтың 9-шы ауылынан шықты. Қыпшақтың қызы. Минаның сіңілісі. 1954 жылғы ертеректегі 13-ші, кейін Жамбыл, қазіргі Ы.Алтынсарин атындағы Қостанайдағы тарихы тым терең қазақ мектебінің түлегі. 1954-1998 жылдары, яғни 44 жыл табан аудармай Қостанай радиосында диктор болып қызмет атқарды.

Бұл шақта (1951-1991) Қостанай радиосы да «кеңестік әріптестері» сияқты тоталитарлық, әлеуметтік тоқырау мен «ұрандатқан» қайта құру, жалған жариялылық замандарын бастан кешірді. Жасыратыны жоқ, Тың игеру жылдарынан қарқын алған елдің екпінді шағында бұрыннан орыс жайлаған Қостанайда қазаққа өктемдік орасан зор еді. Оның көрінісін Қостанай радиосын еврей Рамзайдың, орыс Поляковтың басқаруынан, қызметкерінің 90 пайызы өзге ұлттар болып, тілге де, ділге де үстемдік орнатқанынан көруге болады.

Десек те, осы асыра «орталықтандыру» дәуірінде де Қостанай радиосында қазақ тілінде шығарушы редактор болып қызмет атқарған Дәуренбек Ахметбеков, Жұмабаев (есімін ұмыттым), қосын тілшілері Г.Асанбаева, ағайынды Жүсіповтер т.б. жергілікті тілшілер дайындаған хабарларды Повстан көшесіндегі редакциядан алып, Ленин көшесіндегі (кейінгі ЗАГС маңы) Радио үйіне әкеліп, жүргізушінің қатаң талабына сай етіп бейімдеп, өз орнын танып, эфир алдындағы жауапкершілігі мен борышын мүлтіксіз орындау 18 жасар Үміттің басты мақсаты болды. Талап мұратқа жеткізеді. Осында біраздан істейтін Дәмелі Досжанованың (Шәймерденова) тәжірибесін үйрене жүріп, машинистка-хатшыдан радиодағы басты құрал дыбысұлғайтқышқа да (микрофонға) қол жеткізді. Эфир алдындағы алғашқы үнжария жас қызды өзгеше ортаға алып шыққаны өмірінің соңғы сәті 2005 жылға дейін есінен кетпеді.

Наримандағы Островский көшесіндегі үйінен Әбілсайдағы аспалы көпірден өтіп, таңғы сағат 6.30-дағы (60-шы жылдары сағат 8.00-ге ауысты) хабарға жету қиындығына мұқалмай жеткен Үміт апай сол кездегі дара дикторлардың бірі болды.

1932 жылы құрылған Қазақ радио комитетінде 1975 жылғы мәлімет бойынша, 2 млн-нан астам радионүкте, 2 580 радиоторабы қызмет еткен. Сол жылдары облыста жергілікті жерлерден хабар беріп тұратын Сағындық Орынтаев, Ғабдолла Ахметжанов, Мірхайдар Жұмасов, Кенжеғали Батырбеков, Темір Дөңасаров, Бабыр Тоғайбаев, Жұмабике Әлмұханбетова, Күләш Омарова, Нұрхан Нөгербеков, Жанұзақ Аязбеков және т.б. мен біле бермейтін радио тілшілер есімдерін еске алушылар да азайды. Қостанай радиосының қазақ бөлімінде әр кезеңдерде жұмыс істеген Темірбек Ермағанбетов, Құттыбай Ахметов, Нағашыбай Мұқатов, Рәзия Бикенова, Жасұлан Айсағалиев т.б. туралы айтар әңгіме келешек еншісінде.

Жүз жылдық тарихы бар Қазақ радиосының тарихына бүгінгі әңгіме арқауы болған Қарабалықтың қос қарлығашы Қостанай қосқан зор үлес екеніне ешкім дау айта алмас.

Ибраһим Ағытай, өлкетанушы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here