Тайландтан келіп тәу еткен ханшайым

0
695

Екі мыңыншы жылдардың ортасында адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған табиғат апаты Оңтүстік-Шығыс Азиядағы Тайланд елінде болды. Үнді мұхиты астындағы жойқын жер сілкінісі кезінде күшті толқын көкке көтеріліп, жағалаудағы демалыс үйлері мен жағажай кенттерді бір сәтте жоқ қылды. Бұл қасірет «Тайланд цунамиі» деген атпен әлемге белгілі. Нақты деректер бойынша бес мың адам ажал құшқан.

Белгілі дипломат Сәкен Спаханұлы Сейдуалиев осы үрейлі оқиға кезінде Тайландта Қазақстанның ондағы уақытша және сенімді өкілеттілігінде дипломатиялық қызметте еді. Сондай-ақ, БҰҰ-ның Азия-Тынық мұхиты аймағындағы экономикалық және әлеуметтік аймағы жөніндегі комитетінің тұрақты өкілі еді. Аталған комитеттің штаб пәтері ел астанасы Бангкокта орналасты. Цунами әкелген апат пен қасіреттің сойқан сүргінін, нәубетін көзбен көрген Сәкен Спаханұлы бәрін ай-күніне дейін есінде сақтаған.

Сәкен Спаханұлының Тайландтағы дипломатиялық қызметі сол кездегі ҚР Сыртқы істер министрі, қазіргі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезінде басталды. КСРО кезінде Қытайда елшілікте істеген туа біткен дипломат Сәкен Спаханұлына ерекше сенім артып, іш тарта әңгімелесіп, жақсы тілек тіледі.

Патша билейтін монархиялық елде, саясат, салт-дәстүрі өзгеше, тіл мен діні басқаша мемлекетте дипломатиялық қарым қатынасты жолға қою оңай емес еді. Алдымен ағылшын тілін жақсы білетін, мінезге бай, парасат-пайымы жоғары, білімі мен біліктілігі үйлескен Сәкен Спаханұлы патша төңірегіндегі лауазым иелерімен тез тіл табысып кетті. Әсіресе, Сыртқы істер министрлігінде істейтін діні мұсылман әріптестерімен тез танысып, етене жақын араласты. Соның нәтижесінде дипломатиялық қызметін жақсы жалғастырды.

Елдің патшасы, яғни королі жасы жетпістен асқан Будда діні ұстанымы бойынша Құдайдан кейінгі екінші құдірет күшке саналатын Мемлекет басшысының өз жолы, өз саясаты өз алдына бөлек әңгіме. Тақ мұрагерлік заңы бар.

Жасы келіп, қарттыққа бой алдыруына байланысты патшаның атқаратын жұмысын ортаншы қызы Маха Чакри Сириндхорн атты мұрагері жалғастырып келе жатқанын Сәкен Спаханұлы әуелден білген. Өте қабілетті, алты тілде еркін сөйлейтін, бірақ махаббатта жолы болмаған ханшайым өмірін ел басқаруға арналған ісіне жан-тәнімен берілген жан екенін қашанда байқататын.

Қазақстан мен Тайланд арасындағы дипломатиялық байланыстың жақсы жолға қойылуы нәтижесінде бірде ханшайым Маха Чакри Тәуелсіз Қазақстанға келетін болды. Бұл жерде, әрине, сол елдегі дипломат Сәкен Спаханұлының ерекше еңбегі бар.

Екі жыл бұрын жасалып, бекітілген ресми іс-сапарлардың тізіміне аяқ астынан өзгеріс болады. Бұл ерекше ханшайым сапарының ұйымдастырылуына себепкер болып, көмектескен, ақыл кеңес берген Сәкен Спаханұлының діндес әріптесі, мешітке бірге баратын досы Премьер-министрдің орынбасары Нұрмұхамед атты үлкен лауазым иесі болатын. Сәкен Спаханұлы бұл мұсылман бауырын күні бүгінге дейін аузынан тастамай айтып жүреді. Тайландта біраз мұсылман қауымы ежелден тұрады. Ешқашан отар ел болмаған Тайландта ұлттар арасында, діндер арасында бұрын қақтығыс, дау-жанжал өршімеген көрінеді.

Сәкен Спаханұлының Сыртқы министрлігіне жазған хатының арқасында, тағы да басқа дипломатиялық байланыс негізінде екі жақты келісіп, екі мыңыншы жылдың басында Маха Чакри Қазақстанға келді. Ханшайымды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қабылдады. Сенат төрағасы көкейкесті сол кездің мәселелері бойынша әңгімелесті.

Елге тұңғыш келген ханшайым соңында Отырар өңірін көріп, ондағы Арыстан бабқа, Түркістандағы Әзірет Сұлтан рухына тәу етті. Мұсылман ғұрпы бойынша басына ақ орамал тартып жүрді. Будда дініндегі ханшайымның Алла жолымен Құдайға құлшылық еткенін тайландтық телеарналар әлемге таратты.

Екінші, Мекке қасиетті Түркістанға ханшайымның келуі мұсылман елдері үшін мақтаныш болды. Бір таңғажайып оқиға ерекше есте қалды. Патша қызы Түркістанда жүргенде оның еліндегі басталған діни дүдараздық басылып, тыныштық орнайды. Ханшайымның елінің тыныштығын тілеген құлшылығы Түркістанда Құдайдың құлағына шалынса керек. Дін әр түрлі болғанымен, Құдайдың ортақ екенін патша қызы білген. Ханшайым қайда жүрсе де, жазу дәптерін тастамай алып жүреді екен. Арыстан бабтағы, Әзірет Сұлтан кесенесіндегі көрген-естігенін сәтінде өзі жазып жүргені қайран қалдырады. Ханшайым сапары жөнінде түсірілген суреттерде оның дәптеріне бір нәрселерді жазып жүргені көзге түседі.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары өте жауапты әрі ақыл-ой мен білім-ілімді талап ететін дипломатиялық қызметте жақсы жағымен зиялы қауым арасында аты ереше аталатын Сәкен Спаханұлы өте қарапайым кісі. Соның арқасында ол өз елінің патриоты ретінде аянбай еңбек етті. Дипломатиялық қызметтегі оның еңбектерін тізе берсек біразға барады. Қазақстанмен Тайланд арасында достық қарым-қатынас орнату жолында ханшайым сапарын ұйымдастыруы ерекше оқиға. Сенат депутаты болған, экономика ғылымдарының кандидаты, ол Австрияда, Словакияда, тағы басқа елдерде де дипломатиялық қызметті жақсы атқарды. Нигерияда металлургия зауытында инженер болып жүргенде бірде ажалдан аман қалды.

Сәкен Спаханұлының жоғарыда тақ мұрагері, ханшайым Маха Чакринді елге келуге қызықтырып, Елбасымен жүздесуіне мүмкіндік жолын ашуы нағыз дипломатиялық қабілет-қарым болса керек.

Ораз Қауғабай, жазушы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here