Жазылбек Қуанышбаев – 125: Дала академигі

0
4419

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында, «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламалық мақаласының басымды бағыттарын іске асыру аясында, 2021 жылдың 23 сәуірі күні екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, «Дала академигі» атанған даңқты шопан Жазылбек Қуанышбаевтың 125 жылдығына арналған «Қазақстанның қой шаруашылығы: өткені, бүгіні және келешегі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік онлайн конференция өткізді.

Конференцияның мақсатыХХІ ғасырдағы жаһандық бәсекелестік жағдайында шешуші ұлттық фактор – еңбек екенін ерекше атап өту, соның ішінде қой шаруашылығын инновациялық негізде дамыту және екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың өмір жолы арқылы жастардың дүниетанымын қалыптастыру.

Конференция жұмысына Қазақстан Республикасының Президент әкімшілігі, Парламентінің Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, білім және ғылым, ауыл шаруашылығы министрліктерінің басшылары, облыс, қала, аудан әкімдері, Ұлттық Ғылым академиясының академиктері, Республикалық қой шаруашылығы палаталарының, салалық қауымдастықтардың, ірі агроқұрылымдардың өкілдері, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, тағы да басқа елдердің ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының басшылары мен ғалымдары, қоғамдық ұйымдардың мүшелері, сонымен қатар Жазылбек Қуанышбаев атамыздың туған жері Жамбыл облысының басшылары, Мойынқұм ауданының өкілдері, ол кісінің көзін көрген азаматтар да қатысты.

Жазылбек Қуанышбаев – қой басын өсіру, асылдандыру, өнімділігін арттыру бағытында көп жаңалықтар енгізген, өзіндік әдіс, тәжірибе қалыптастырған ардагер шопан.

Кешегі кеңестік заманда Жазакеңнің салған сара жолын ары қарай абыроймен жалғастырған ізбасарлары дегенде ең алдымен өзімен қанаттас, қатарлас жүрген Социалистік Еңбек Ері Итбасова Ділдаш апа ойға оралады. Ер-ана, Ел-анасы атанған ол кісі де ерен еңбегімен үлкен құрметке бөленген. Сол сияқты Социалистік Еңбек Ері Құдайберген Біртаев, Дүрдімұрат Нұрғалиев, Әлтай Төлепбергенов, Мешітбай Қойшыбеков, Шоман Шәріпбаев, Күлзада Тілеубаева, Нұржамал Туғанбаева, Жаз атаның ақ таяғын алған шәкірті Қалдарбеков Тұрсынтай сияқты азаматтарды және тағы басқаларды атап өтуге болады.

Көлемі 56 мың шаршы километрге созылып жатқан Мойынқұм ауданы сол кезде тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл Кеңес Одағына әйгілі қой шаруашылығына мамандандырылған аудан болған. Ондағы он бір совхоздың тоғызы таза қой өсіруге бейімделген шаруашылықтар болғаны бәрімізге мәлім. Ғалымдардың зерттеулері бойынша, шөбі жұғымды да шүйгін осынау байтақ аймақта миллиондаған қой өсіруге болады.

Мойынқұмда маңғырта мал өсіру, оған қажетті кадрларды дайындауда, ғылыми-өндірістік жұмыстар жүргізуде Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті ғалымдарының еңбектері ерекше. Осы ауданда жұмыс жасайтын мамандардың 80%-ы біздің университеттің түлектері.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Ауыл шаруашылығы – біздің негізгі ресурсымыз, бірақ ол толық көлемде пайдаланылмайды. Біздің елімізде ғана емес, шетелде де сұранысқа ие органикалық және экологиялық таза өнім өндіру үшін айтарлықтай әлеуетіміз бар» деп, атап өткен болатын.

Бүгінде қой етіне деген сұраныс жыл сайын артып келеді. Қой шаруашылығы ауыл шаруашылығының ең экстенсивті саласының бірі болып табылады және әлемде үшінші орын алады. Соңғы мәліметтер бойынша, қой басы әлемде шамамен 1,2 миллиардты құрайды.

Қой басы бойынша көшбасшы елдер – Қытай (138 млн бас), Австралия (100 млн), Жаңа Зеландия (50 млн), Үндістан (40 млн), Ұлыбритания (40 млн), Судан (39 млн). Сондай-ақ, бұл сала Ресейде, Түркияда, Испанияда, Мароккода, Бразилияда және басқа да елдерде кеңінен дамыған.

Әр ел қой шаруашылығын дамытуда әлемдік нарықта өз орнын тапты. Мысалы, Қытай негізінен қой етін өндіреді және бүкіл әлемдік қордың шамамен 30%-ы осы мемлекеттің үлесінде; Австралия жоғары сапалы жүн өндіруге мамандандырылған және жыл сайын оның бүкіл әлемдік өндірісінің үштен бір бөлігін береді; Ұлыбритания қозы етінің әлемдік экспорты бойынша көшбасшылардың үштігіне кіреді; Израиль – қой ірімшігі мен сүтінің жетекші экспорттаушысы және т.б.

Жер шарында аумағы жағынан 9-шы орынды және жайылым жерлері бойынша бесінші орынды алатын Қазақстанның қой еті, қозы еті, жүн, қой сүті мен ірімшік өндірісі бойынша көшбасшы болуға мүмкіндігі зор.

Қазақстанда тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қой саны күрт төмендеп кетті. 1998 жылы 1991 жылмен салыстырғанда қой басы 3,6 есе азайды (34-тен 9,5 млн басқа дейін). 1999 жылдан бастап қой басы көбейе бастады және бүгінде 19 млн-нан астам басты құрайды.

Елдегі қой шаруашылығы, негізінен, үй шаруашылықтарында шоғырланған, онда селекциялық-асылдандыру жұмыстарын жүргізу және өндірістің заманауи технологияларын қолдану мүмкін емес. Жеке қосалқы шаруашылықтарда еттің 87%-ы, сүттің 73%-ы, жүннің 58%-ы өндіріледі.

Олар ұсақ тауарлы болуына байланысты өнімдерді өңдеу қуатын сапалы және қауіпсіз шикізатпен толық көлемде қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан Қазақстанда өңделген мал шаруашылығы өнімдеріне сұраныс импорт арқылы қанағаттандырылады.

Халықты ғылыми негізделген физиологиялық нормаларға сәйкес азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін республикаға жыл сайын орта есеппен 247 мың тонна ет, 564 мың тонна сүт және т.б. өнімдер шет мемлекеттерден импортталынады.

Сондықтан, мал шаруашылығын, атап айтқанда, қой шаруашылығын дамытуда қордаланып қалған көптеген мәселелер бар:

– қой басының үй шаруашылықтарында басым болуы (56%);

– шаруашылықтардың барлық санаттарындағы ет өнімділігінің төмендігі;

– асыл тұқымды қойлардың үлесінің төмендігі, ол тек 10-12% құрайды;

– аналық қой басының аздығы, сондай-ақ, селекциялық-генетикалық жұмысты жүргізу деңгейінің жеткіліксіздігі және ескірген әдістердің қолданылуы;

– жем-шөп базасының жеткіліксіздігі. Қазіргі кезде мал шаруашылығы жем-шөппен 60%-ға қамтамасыз етілген. Шығындар үлесінде мал азығы 75%-ды құрайды;

– еңбек өнімділігінің төмендігі;

– жүн өңдеу инфрақұрылымының жоқтығы. Егер бұрын жалпы қой шаруашылығы табысының 90% жүннен, қой етінен 10% түсетін болса, қазір бәрі керісінше;

– шопандардың еңбек және тұрмыс жағдайларының төмендігі;

– білікті мамандарының жетіспеушілігі;

– өндіріс құралдарының тозу деңгейінің жоғары болуы;

– сату нарығында интеграцияның жоқтығы, қой шаруашылығы өнімдерін тасымалдау шығындарының жоғары болуы;

– мемлекеттік қолдау бойынша тиімді тетіктерінің жеткіліксіз болуы және т.б.

Енді осы мәселелерді шешу жолдарына тоқталсақ:

– шалғайдағы жайылымдарды игеру жұмыстарын жандандыру, таяудағы 10 жыл ішінде қосымша 50 млн га айналымға енгізу, осы жайылымдарға құдықтар және ұңғымалар салу арқылы су жеткізу;

– асыл тұқымды шаруашылықтарды дамыту үшін жүйелі негізде селекциялық жұмыстарды жандандыру;

– ауыл шаруашылық малдарын тұқымдық аудандастыру, жергілікті жерлерге бейімдеу (районирование);

– мал басын көбейту және зәкірлік (якорлық) кооперацияны дамыту. 2030 жылға қарай қой басын 36 млн-ға жеткізу керек. Қазіргі уақытта Алматы облысында немістің «Baumann» компаниясымен бірге қой етін қайта өңдеу бойынша заманауи кешен салу жобасы жасалуда. Кәсіпорынның жұмысын қамтамасыз ету үшін бес аймақта бордақылау алаңдарының желісін құру қажет. Мұндай алаңдарды салу кезінде инвестицияның бір бөлігін ҚР АШМ субсидия арқылы қамтамасыз етеді;

– қайта өңдеу және тоқыма өнеркәсібінің инфрақұрылымдарын дамыту;

– қой етінің экспортын ұлғайту. Қазақстан бүгінде қой етін Ресей, Иран, Қытай, Бахрейн, Біріккен Араб Әмірліктері, Оман, Катар және Кувейтке жыл сайын 2,5-3,0 мың тонна көлемінде экспорттайды;

– әлемдік тәжірибені ескере отырып, мемлекеттік қолдау шараларын қайта қарау, онда қой шаруашылығына кеткен шығындардың 80% субсидия арқылы қайтару.

Жоғарыда аталған мәселелерді шешуге біздің университеттің ғалымдары белсенді қатысуда, олар әлемнің және елдің жетекші ғылыми орталықтарымен, университеттерімен тығыз жұмыс істейді.

Мамандарға сапалы білім беру және ғылыми зерттеулер жүргізу үшін университетте Халықаралық Агротехнологиялық Хаб құрылған. Оның құрамына: 7 ҒЗИ, 8 инновациялық орталық, халықаралық агенттіктермен аккредиттелген 49 зерттеу зертханасы және нақты ғылыми жобалар аясында құрылған 18 халықаралық орталық кіреді. Осылардың бәрі жоғары оқу орындарының, ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдарына және ауыл шаруашылық кәсіпкерлерінің ұжымдық пайдалануы үшін ашық.

Қазақстан-Жапон инновациялық орталығында ауыл шаруашылығы малының барлық түрлерінің генетикалық әлеуеті мен селекциясын жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ғалымдар патенттермен қорғалған 14 малдың тұқымын шығарды.

Университетте мал шаруашылығы саласында ғылыми негізделген зерттеулер жүргізу үшін келесі халықаралық, заманауи зерттеу орталықтары мен зертханалары жұмыс жасайды: Халықаралық тағам және өңдеу өндірісінің, тағам өнімдерінің технологиясы мен сапасының, Еуразиялық «Халал» өнімдері және ұлттық тағамдар, Халықаралық биологиялық қауіпсіздік зерттеу орталықтары, Паразиттарға қарсы биотехнологиялар, Молекулярлық вирусология және гендік инженерия, Микробиоценоз және пробиотиктер құрылымы, Ветеринарлық қадағалау объектілерінің гигиенасы зерттеу зертханалары және Ветеринарлық клиника.

Ветеринария саласында мал ауруларының алдын алу және емдеу үшін 70-тен астам препарат әзірленіп, өндіріске енгізілді, 300-ден астам патент алынды, 88 нормативтік құжат әзірленді. Асыл тұқымды малдағы жасырын мутация тасымалдаушыларын анықтау үшін полимеразды тізбекті реакция тесті жасалды.

2019 жылы сүт және сүт өнімдері бойынша референттік зертхана ашылды.

Мал шаруашылығы саласындағы мамандарды дайындау, қайта дайындау, біліктілігін арттыру үшін шикізатты өндіру, қайта өңдеу және сақтау бойынша тиісті инфрақұрылыммен жабдықталған Smart-фермасы құрылды.

Біздің ғалымдар аграрлық білім, ғылым және өндірісті интеграциялау аясында Фермерлер жоғары мектебі, Экстеншн жүйесі арқылы еліміздің 9 облысы мен 88 ауданында ауыл кәсіпкерлеріне консалтингтік қызмет көрсетеді. «АгроДаму» аграрлық ғылыми-өндірістік консорциумы да осы бағытта жұмыс жасайды.

Ауыл шаруашылық саласын дамытуда біздің ғалымдардың еңбектері туралы көп айтуға болады. Ғалымдарымыз мал шаруашылығы, ветеринария, биологиялық және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде Қазақстанның барлық аймақтарында өндіріспен тығыз жұмыс жасауда.

Университетің бас ғимаратында ауылшаруашылық саласында еңбектерімен ерекшеленген 40-қа жуық Еңбек Ерлерінің портреттерінен тұратын галерея жұмыс жасайды. Ондағы мақсат – ауылдан келген студенттерімізге заманауи білім беріп қана қоймай, Ел мен Жердің қасиетін бағалайтын тұлға ретінде қалыптастыру, Ұлы Даламыздың ұлағатын бойына сіңірген, туған топырақтың қадірін біліп, ауылын қадірлейтін және сол ауылдың зиялысына айналатын азамат тәрбиелеу.

Сондықтан, ерен еңбегімен туған халқының мәртебесін асырып, мерейін өсірген Еңбек Ерінің 125 жылдық мерейтойын университетте атап өту баршамызға ортақ мереке, өзіндік орны бар тарихи оқиға.

Осы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның жоғары деңгейде өтуіне қолдау көрсеткен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Көшербаев Қырымбек Елеуұлына алғысымызды айтамыз. Сонымен қатар, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, тағы да басқа елдердің ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының басшылары мен ғалымдарына, «Қадырғали би Қосымұлы Жалаири» Халықаралық қоғамдық қорына да ризашылығымызды білдіреміз!

 Тілектес Исабайұлы Есполов,

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің

Басқарма төрағасы – Ректор,

ҚР ҰҒА Вице-президенті, академик

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here