ҚызПУ-да «Ashyq» қосымшасы іске қосылды

0
1099

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті оқу орны аумағында коронавирус індетін таратпауға кепілдік беру үшін және қауіпсіздікті арттыру мақсатында «Ashyq» қосымшасын іске қосты. Бұл туралы университеттің ресми өкілі – баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Жандар Асан Facebook желісіндегі парақшасында жазды.

«Оқу орнына тиесілі ғимараттарға кіру үшін арнайы QR-кодты сканерлеп, оны кіреберісте көрсету керек. Қосымша өз кезегінде қызыл, сары, көк және жасыл статустарға бөлінетін қатер рейтингін көрсетеді. Бұл пилоттық жобаны университетке енгізуіміздің өзіндік себептері бар.  Ең біріншіден, оқу орны қызметкерлері арасында вирустың таралуына тосқауыл қою. Екіншіден, биылғы жылдың маусым айынан бастап қабылдау комиссиясы өз жұмысын бастамақ. Қыздар университеті талапкерлердің, ата-аналардың және оқу орны қызметкерлерінің денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тырысады», – деп жазды Жандар Асан.

Қазір оқу ғимараттары мен жатақханалардың кіреберісінде «Ashyq» қосымшасының QR коды бар арнайы тақтайша ілінген. Оқытушылар мен қызметкерлер оны сканерлеп, нәтижесін тексерушіге көрсетуі тиіс.

«Ashyq» мобильді қосымшасын App Store мен Play Market дүкендерінен жүктеуге болады. 

Айта кетейік, қызыл статус жүріп-тұрудің шектелгенін, амбулаториялық бақылауда жүрген тұлғаларды үй жағдайында оқшаулау режимін қатаң сақтауды білдіреді.

Сары статус – жүріп-тұру ішінара шектелген – пайдаланушы ПТР деректер базасында науқас адаммен байланыста болған деп белгіленген: пациентке үйден оқшаулау режимін сақтайтын жерден 500 метрден аспауы тиіс азық-түлік және құрылыс дүкендері, дәріханаларға баруға рұқсат етілген. 

Көк статус – бұл статусқа ПТР міндетті болып саналатын орындардан (мысалға әуежай) басқа жүріп-тұруда шектеу қарастырылмаған.

Жасыл статус жүріп-тұруда шектеу жоғын білдіреді, мұндай адам базада COVID-19 індетіне ПТР-тестілеуі теріс нәтиже шыққан пайдаланушы болып шығады.

Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here