Гүлмира Қанай: «Болашақ» бағдарламасы – Қазақстанның бренді»

0
917

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-ның президенті Айнұр Кәрібозова арнайы іс-сапармен келді. Бұл туралы оқу орнының баспасөз орталығы хабарлайды.

Сапар аясында «Болашақ»: жаңа мүмкіндіктер» тақырыбында брифинг өтіп, оқу орнының ұжымы мен жас ғалымдарымен кездесу ұйымдастырылды.

Басқосуда «Болашақ» стипендиясы қалай тағайындалады? Конкурстық іріктеу қалай жүргізіледі?» сынды сауалдарға жан-жақты жауап берілді. Сонымен қатар әлемнің жетекші жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтарында магистратура және докторантура бойынша ғылыми тағылымдалар жайында да маңызды ақпараттар айтылды.

Брифингті Қыздар университетінің Басқарма төрағасы – ректоры Гүлмира Қанай ашып, жиынның мәні мен маңызына тоқталды.

– «Болашақ» бағдарламасы – Қазақстанның бренді. Егемендіктің 30 жылы ішінде еліміздің талантты жастарына қолдау көрсетіп келе жатқан «Болашақ» стипендиясы дүниежүзіне танылған қазақстандық брендке айналды. Осы жылдары мыңдаған жас шетелде білім алып, олардың заман талабына сай білікті маман болуына жол ашылды. Бүгінде «Болашақпен» оқып келген түлектер білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, ғылым және техника салаларында жүздеген ғылыми әзірмелер мен ірі жобаларды жүзеге асырып, зор жетістіктерге жетіп отыр, – деді өз сөзінде Гүлмира Әмірханқызы.

Өз кезегінде «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-ның президенті Айнұр Кәрібозова биыл «Болашақ» бағдарламасы бойынша бөлінген стипендия көлемі турасында, конкурстық іріктеудегі жаңалықтар жайында әңгімеледі.

– Ағымдағы жылдың 4 мамырында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асқан «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындауға арналған конкурстық іріктеуге қатысу үшін құжаттарды қабылдау басталды. «Болашақ» бағдарламасы шеңберінде ел экономикасының басым секторлары үшін кадрлар мен мамандар даярлау жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта бағдарлама академиялық оқудан (магистратура, докторантура, резидентура) өтуді де, сондай-ақ әлемнің жетекші университеттері мен компанияларында ғылыми-өндірістік тағылымдамадан өтуді де қамтиды, – деп атап өтті Айнұр Бағдатқызы.

Айта кетейік, 2021 жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға 1055 стипендия бөлінген. Оның ішінде 385 стипендия магистратура бағдарламасы бойынша бөлініп отыр. Ал 60 стипендия докторантура және резидентура бағдарламалары бойынша бөлінген. Сондай-ақ 110 стипендия педагогикалық және мемлекеттік қызметкерлердің, денсаулық сақтау саласындағы қызметкерлердің, инженерлік-техникалық қызметкерлердің тағылымдамадан өтуіне арналған.

Айнұр Кәрібозованың айтуынша, биыл 500 стипендия қазақстандық ғалымдарға әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өту үшін берілетін болады. Стипендия беруге үміткерлерге академиялық оқу үшін 80 мамандық және тағылымдамадан өту үшін 137 мамандық ұсынылған.

«Халықаралық бағдарламалар орталығының» басшысы конкурстық іріктеудің тәртібі туралы да баяндады.

– 2021 жылғы конкурстық іріктеу 3 лекпен өтеді. Бірінші лек маусымда өтеді – оқуы тамызда басталатын үміткерлер үшін. Екінші лек тамызда өтеді – оқуы қыркүйектің аяғы мен қазанның басында басталатын үміткерлер үшін.  Үшінші лек қарашада өтеді – оқуы 2022 жылғы қаңтар, наурыз және жаз айларында  басталатын үміткерлер үшін. Оқу мерзімінің басталуына қарай әрбір үміткер тиісті конкурстық іріктеу легіне ілігу үшін кестеде көрсетілген мерзімге дейін құжаттарын тапсыруы тиіс. Үміткерлерден құжат қабылдау үздіксіз 4 мамыр – 28 қазан аралығында өтеді, – деді Айнұр Кәрібозова.

Жиын соңында университет ұжымы мен білім алушылары «Халықаралық бағдарламалар орталығы» өкілдеріне сауалдарын жолдап, нақты жауаптар алды.

Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here