Бала күнінен сақшы болуды армандаған полиция подполковнигі

0
2859

«Тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деген батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы әлемдегі өмір сүру қағидасының негізгі заңдылығына қанатты сөзбен түсініктеме берген. Айтылған тәртіптің негізгі өкілі – құқық қорғаушылар. Ішкі істер қызметінде жүрген аруларымыз да аз емес. Олар қиындығы мен қауіптілігі басым құқық қорғау саласында еңбек етіп келеді. Сақшылық қызметті өміріне серік еткен Айкүміс Мағзұмованың да бала арманы полиция формасын киіп, погон тағу еді. Арманы орындалған нәзік жанды қазір – полиция подполковнигі әрі Батыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің жедел-криминалистикалық бөлімі бастығының міндетін атқарушы.

Айкүміс Мағзұмова еңбек жолын 1995 жылы Батыс Қазақстан облысының ішкі істер басқармасындағы қабылдау пунктінен бастаған. Кейіннен Шымкент заң колледжін бітіріп, криминалист қызметіне тағайындалады. Ол соңғы 23 жылдан бері БҚО полиция департаментінің жедел-криминалистикалық бөлімшесінде қызмет етіп келеді.

«Криминалистика – бұл жәй ғана мамандық емес, жауапкершілігі жоғары әрі абыройлы іс. Кез келген қылмысты терең тергеу, анықтау үлкен еңбекті талап етеді. Мен тәулік бойы ауа райына қарамастан, демалыссыз, мерекесіз оқиға болған жерге бірінші болып барып, дәйектерді жинаймын. Қылмыстық деректерді жинау қылмыстың ашылуына тікелей байланысты», – дейді подполковник.

«Жас келсе іске» дегендей, Айкүміс өз жұмысын жақсы көреді, қызмет барысында тың деректер ашып, жан-жақты ізденеді. Бір күнде аяқталған әрбір қылмыстық оқиға ол үшін үлкен ғылыми жетістік іспетті.

Өзінің қызметі барысында Айкүміс суық қаруды, саусақ ізін, трасологиялық, баллистикалық сараптамаларды, портреттік құжаттарға өз еркімен техникалық және криминалистикалық зерттеулер  жүргізу құқығына ие.

Айкүміс Мағзұмова Батыс Қазақстан облысында психофизологиялық зертхана ашуды ойға алған. Өйткені, ол өңірдегі полиграфиялық зерттеулер жүргізуге рұқсат алған алғашқы криминалист маман. Жалғандықты анықтайтын детектор құрылғысының көмегімен бірнеше ауыр және аса ауыр қылмыстарды анықтады.

Полиция подполковнигі өзінің лайықты қызметі үшін бірнеше рет Ішкі Істер министрінің, департамент басшысының және облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталған.

Айкүміс Мағзұмова бос уақытында спортпен айналысып, кітап оқу мен киім тоқуды ермек етеді. Жүрегі сәби деп елжіреп тұратын ол жан сақтау бөлімінде шала туылған нәрестелерге арнап, жүннен  киімдер тоқиды. Сондай-ақ, жүннен жасалған киімдер емдік қасиетке ие, шала туған балалардың жүйке жүйесін дамытып, өмірге деген құлшыныстарын арттыратынын айтады.

«Сен істі сүйсең, іс саған бас иеді» деген пікірді ұстанатын Айкүміс балаларға арналған заттар тоқуды бастағанда тек жақсы нәрселер туралы ойлайды. Балалардың қалай аурудан айығатынын, аналары оларға қалай қуанып жатқанын елестетеді.

«Мейірімділік жүректен» деген ұстанымен жүретін Айкүміс Мағзұмова қайырымдылықпен де айналысады. Аз қамтылған отбасыларға қамқорлық жасап, үнемі материалдық және моральдық көмегін аямайды. Айкүміс жұмыс кестесінің тығыздығына қарамастан бос уақытын отбасына арнауға тырысады. Бүгінде анасының жолын қуған жалғыз ұлы Бауыржан Мағзұмов ішкі істер органында қызмет етеді. Полиция аға лейтенанты Бауыржан Абай полиция бөлімшесінің учаскелік инспекторы. Айкүміс бос уақытының басым бөлігін қос немересіне арнайды. «Бала балдан, немере жаннан тәтті» дейді.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Еліміздің бірнеше мың жылдық тарихында еліне, жеріне қорған болған аналарымыздың ерлігі тарих беттерінде таңбаланған. Тіпті, ұрпаққа үлгі боларлық фильмдерге де арқау болған. Табиғаты нәзік болса да, қайсар мінезді қыз-келіншектер Отанды қорғап жүріп, отбасының да ұйытқысы болып отыр. Елдің тыныштығы үшін ер азаматтармен қатар жүрген аруларымыздың еңбегі орасан зор. Осындай жауапкершілігі мол құқық саласының мерейін өсіріп, рухын көтеріп жүрген жандарға қандай мақтау айтсақ та жарасымды.

Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here