Алтын Орда тарихына арналған ғылыми-зерттеу орталығы ашылады

0
1789

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Алтын Орданың құрылғанына 750 жыл толуына орай «Алтын Орда: өркениеттер тоғысында» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті. Шараның мақсаты – Алтын Орданың әлемдік тарихтағы орнын айшықтау, қазақ мемлекеттілігінің бастауы мен оған қатысты заманауи көзқарастарды талқылау мен зерттеуге бағытталған.

Конференция жұмысына белгілі тарихшы ғалымдар – Б.Көмеков, Мемлекет тарихы институтының директоры Б.Аяған, Т.Омарбеков, Б.Кәрібаев, Назарбаев Университетінің профессоры Юлай Шамильоглу,  Гарвард университетінің профессоры Н.Кенжеахмет, тарихшы-реставратор Татьяна Крупа (Украина), Невшехир Хаджи Бекташ Вели университетінен (Түркия) PhD Кубилай Атик, Сегед университетінен (Венгрия) Джихан Шимшек және басқа да ғалымдар қатысты.

Ғылыми жиынды ашқан білім ордасының басшысы Жансейіт Түймебаев: «Алтын Орда мен Қазақ хандығының тарихын бір бірінен бөліп қарауға болмайды. Әлемдегі ең қуатты империялардың бірі болған Алтын Орда тарихы жаңа ғылыми, қоғамдық, идеологиялық бағытта терең зерттелуі тиіс. Тарихи даму барысында халқымыз өз Тәуелсіздігіне қол жеткізіп, жаңа Қазақ мемлекетін құрды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан гүлденген, экономикалық қуатты, дүниежүзіне әйгілі мемлекетке айналды.» – деп атап өтті.

Универсиет басшысы сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласындағы «Мемлекеттілік идеясы әрдайым көркем және деректі тарихи шығармаларда көрініс табуы керек. Тиісті тарихи құжаттар мен жиналған мәліметтер мұқият зерттелуі керек. Бұл – ұлт шежіресін дәріптеу тұрғысынан стратегиялық маңызы бар мәселе. Ұлттық мүддеге жазылған шежіре болашақ ұрпақтың санасын оятады және ұлт жадын жандандырады» деген сөздерді тілге тиек етіп, біздің мақсатымыз қазақтың тарихын жас ұрпаққа жеткізіп, санасына сіңіру –  деді.

Ел тарихындағы Алтын Орда кезеңіне сипаттама берген тарих ғылымдарының докторы, профессор ҚР ҰҒА академигі Берекет Кәрібаев Алтын Орда – Еуразияның далалық аумағында ХІІІ ғасырдың басынан ХVІ ғасырдың алғашқы жылына дейін өмір сүрген алып империя екендігін атап өтті. Сондай-ақ, профессор қазіргі таңда Алтын Орданың құрамынан бөлінген елдердің арасынан жалғыз қазақ халқы ғана дербес мемлекет  болып қалыптасқандығына тоқталды.

Сыр бойындағы Алтын Орда дәуірі ескерткіштері бойынша баяндама жасаған профессор Мадияр Елеуов Сырдарияның төменгі ағысындағы, отағасырлық саяхатшылардың еңбектерінде көрсетілген Асанас, Жент, Баршынкент сияқты көне қалаларға толыққанды зерттеу жұмыстарын жүргізу қажеттігін алға тартты. «Бұл аталған қалаларда археологиялық ғылыми-зерттеулер жүргізу арқылы тарихымыздың ақтаңдақ тұстарын анықтап, Сырдария өзенінің орта және төменгі ағысындағы қалалық мәдениеттің және ортағасырлық өркениетке қатысты жаңа беттердің ара жігін ашуға толық мүмкіндік болады»,– дейді ғалым Мадияр Елеуов.  

Жиын барысында  ғалымдар археологиялық зерттеулер, соның ішінде Жошы Ұлысының, Ноғай Ордасы мен Қазақ хандығының рухани астанасы болған Сарайшық қаласына және қазіргі уақытта қазба жұмыстары жүргізіліп жатқан Сыр бойындағы ірі сауда және қолөнер орталығы болған Қышқалаға қатысты ой-пікірлерін ортаға салды.

Конференция барысында Болған ана кесенесінен табылған киімдерді реставрациялау жұмыстары кезінде алтынордалықтардың күнделікті өмірі мен тұрмысына жасалған талдаулар нәтижесі мен Еуразия құрлығындағы саяси, мәдени және әлеуметтік тарихты зерттеудің заманауи бағыттары таныстырылды.

Жиын соңында Алтын Орда, Жошы Ұлысының қазақ мемлекеттілігі мен қазақ халқының қалыптасуындағы маңызды тарихи рөлін ескере отырып, ҚазҰУ базасында Жошы Ұлысы мен Қазақ хандығы тарихын зерттеуге арналған ғылыми-зерттеу орталығын ашу, ежелгі және ортағасырлардағы Қазақстан тарихын зерттеуші жас мамандарды дайындау ісін қолға алу, осы мамандыққа білім беру гранттарының санын арттыру бойынша ҚР Білім және ғылым министрлігіне ұсыныс енгізуге қатысты Қарар қабылданды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here