Жазылған жайдың жаңғырығы

0
1509

Қадірлі Серік ағай! «Qazaq» газетіне жарияланған менің мақалама жауап жазғаныңызды естіп, өзімше қуанып қалып едім. Қуанғанымның себебі, есімдері қалың оқырманға кеңінен таныс қаламгерлер Шерхан Мұртаза мен Камал Смайыловтың кезінде газет бетінде бір-біріне жауап хат жазып, орынды мәселелер көтергенін есіме алған едім. Түсіністікпен Шақшақ Жәнібек атамызға лайықты көшені іздеп тапсақ деген ойым болған…

Рас, атамыздың ескерткішін басқа жерге алмастырудың қиындығы туындай қоймайтыны белгілі. Міржақып атамыздың мәйітін сонау ит арқасы қияннан алып келіп еді ғой. Дегенмен, Сіз  бөтен бағыт ұстапсыз. Қайтсек те басқа ұлттың өкілі Карбышевтың атындағы көшені сыпырып алуды үндейсіз. Есіңізде болар, Жамбыл облысында қазақтар мен дұнғандардың айқасы. Сонда қалың жұртшылық қасиетті Қазақ жерінде ешкім де бір-бірін шеттетпесін деп үндеу тастаған. Қобыланды батырға ескерткіш қоюға және Герцен атындағы көшені өзгертуге ұсыныс жасалғанда, басқа ұлт   өкілі толқыған болатын. Таран көшесін Тәуелсіздік көшесімен жаңғыртуға да солар қарсы болғысы келді. Енді қандай өктемдікке жол берілер екен деп іштей ызаланып жүрмесіне кім кепіл?!

Тағы  да  айтамын, көше атын өзгертуге заң бойынша әкімдер бірден білек сыбанып кіріспейді. Алдымен күн тәртібіндегі және маусымдық мерзімдегі мәселелермен айналысуы  керек. Көше атауы туралы мәселені қалалық ономастика комиссия асықпай қарауға тиісті. Олардың шешімін салалас жоғарғы жақтағы комиссия талқылайды. Соның өзінде комиссия жөн деп тапса ғана ұсыныс қабыл алынады. 

Сіз  тілек  білдіруші  болсаңыз, неге ынталы топты құрмайсыз? Көптің аты көп емес пе? Ынталы топтың сыртында жария тыңдаушылықты неге ұйымдастырмасқа? Міне, осындай ақылға қонымды шаралар қолға алынып, дабыл қағылу керек.

Сіз Торғай облысы кезінде басшылық қызметті атқардыңыз. Маған «құйысқанға қыстырылып» деп балағат сөз айтуыңыздың өзі біраз жердегі қателігіңізді әйгілеп тұр. Ғафу ағамыз айтпақшы, сөз тыңдайтын Торғай аймағының қазіргі ақсақалы – Серік ағай дөрекілікке жол бересіз…

Мен Сізге арнап газетке хат жазсам, дау даулаудың жөн- жобасын сақтауға шақырдым. «Қазіргі Жанкелдин ауданын ғана білесің, арғы тарихқа бойламайсың» деп кемітпеңіз. Біле білсеңіз кешегі нарықтың аласапыран тоқсаныншы жылдарында мекенінен тұра қашпай, туған жердегі қиындыққа төзген жанкелдиндіктер қазір еліміздің экономикасына азды-көпті үлесін қосып тұр. Ауыл шаруашылығын  дамытуға  қолайлы  бола  қоймайтын аймақта үйір-үйір жылқының, табын-табын сиырдың, отар-отар қойдың санын арттырып отыр. Солар көше атауларын жөн-жосықсыз сұрай қоймайды.   

Ермекбай ХАСЕНОВ, Қостанай қаласының тұрғыны

РЕДАКЦИЯДАН: Автордың жоғарыдағы жауап хаты «Qazaq» газетіне қысқартылып жарияланып отыр. Екі тарапқа да газет бетінен орын берілді. Яғни, редакция мәселеге бір жақты қараған жоқ. Сондықтан бұл тақырыпқа енді нүкте қойған жөн болар. Газет бетінде жарық көрген мақалаға бұған дейін үн қатқан Қостанай облысының әкімдігіне де, қостанайлық оқырмандарға да редакция алғыс білдіреді.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here