Қазақ жырының көгіндегі жаңа жұлдыз

0
1291

Ақтөбе сапары сәтті болды, Мәртөк ауданынан олжалы оралдым. Ол олжам халықпен кездесуде тапқан талант – Александр Маруаұлы. Небәрі 17 жастағы 10 сынып оқушысының «Жер ана» атты жақұт жыры қорғасын құйылып, алшы түсер сақадай көкейге қона кетті. Бар болғаны бес шумақ өлеңдегі ой мен образ өзгелерге ұқсамайтын өзгеше талантты айнадағыдай айқын көрсетіп тұр.

Мына күйбең тіршіліктен шаршаған,
Қойнауыңда жатыр екен қанша адам?
Орындалмай кетті ме екен олардың,
Алатаудай армандары аңсаған, – деген салиқалы, салмақты сауалмен басталған құлагер жыр:
Айға жетіп тұрсадағы атағы,
Жусаныңнан биік емес ешкім де, – деп Жер-Ананы асқақтата әспеттеген ақын:
Қадіріңе жетпей тұрып Жер-ана,
Қабіріңе кіруге де ұялам, – деп түйеді он алты өрім қамшыдай шебер өрілген жауһар жырды.
Құдіретті қаламнан туған өлең,
Шырайын келтіре ме дүниенің? – дейді «жыр-жүрегі шерге толып тұрған», «жан жарасына жалғыз ғана жусаны ем болатын», сынық айдың сәулесін шырақ қылып, қою түнде жалғыз өзі келетін «ақын сүйгеніне» «ажалдай айтпай келші аппақ айым» деп, «соқыр көзден таматын тамшылардың алып-алып таулардан салмағы ауыр» екенін бір адамдай білетін ақын «жүрек көзін кім бар оның көретін» деп күрсінеді.
«Өнер – өлім, жұмақ-тозақ, құдайлар, он алтысында ойына ойран салған» ақынды жасына қарап жас деуге бола ма?!
Иә, ол бар болғаны 17 жаста, ал ойы алпыстағы абыздай!

Сәт сапар, қазақ жырының көгіндегі жаңа жұлдыз –
жарық жұлдыз болуыңа тілекші атаң – Сәбит ДОСАНОВ

АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here