«Үшінші көз»: Қытай өз азаматтарын толықтай бақылауға алды ма?

0
2269

Ел азаматтарының не ойлайтынын, не оқитынын, ас үйде не жайлы сөйлесетінін білу – әрбір тоталитарлық билеушінің арманы. Осы уақытқа дейін қадағалау технологияларының түр-түрі қолданылып келді. Телефонды тыңдау, жеке хаттарды оқу және донос жасауды ынталандыру сынды әрекеттер жасалды. Әйтсе де, іс жүзінде ешкім де тұрғындарға толық бақылау орната алмады. Дегенмен, Қытай коммунистік партиясы тоталитарлық арманын іске асыруға аз қалды. Қазір бетті танудың биометрикалық жүйесі орнатылған миллиондаған камералар халықты өз нысанасына алды. Жасанды интеллект жинақталған ақпараттар негізінде әрбір Қытай азаматына баға беріледі. Бұл оның бүкіл өмірін қадағалайды. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін коммунистік партияның әрбір Қытай тұрғынын өз бақылуына алу талпынысын зерттеп көрді.

ҮЛКЕН ТҮСІРІЛІМ АЛАҢЫНА АЙНАЛҒАН ӘЛЕМ

«Бүкіл әлем үлкен түсірілім алаңына айналды және бұл студияда сізді миллиондаған камера кез келген жерде бақылап тұрады», – дейді қытай режиссері Сюй Бин өзінің жаңа туындысын таныстырып. Бақылау камераларынан алынған 10 мың сағаттық бейнеден тұратын фильмде  актерлер де, операторлар да жоқ. Бірақ, барлық кейіпкерлер бір-бірімен тығыз байланысты. Сюжетте қарапайым Қытай азаматтарының күнделікті өмірдегі махаббат хикаялары баяндалады.

Кино өнерінің жаңа форматы Қытайдағы шынайы өмірді көрсетсе керек. Өйткені, Бейжің мұрынның ұзындығы мен иектің пішініне қарай ең жоғары дәлдікпен анықтауға мүмкіндік беретін бет-әлпетті танудың күрделі жүйесін дамытуға қыруар қаржыны аямай жұмсайды. Ал, биометрикалық жүйенің дизайнерлері өздерінің өнер табыстары жайында зор мақтанышпен айтады.

«Қытайда бетті тану жүйесінің нарығы үлкен. Ал, Қытай үшін қауіпсіздік өте маңызды. Себебі, елімізде халық саны көп», – деп түсіндіреді кескіндерді өңдеу жөніндегі маман Чжан Шилян.

Рас, жаһандық бақылау жүйесі алдымен Қытайға қажет. Коммунистік партия өкілдерінің айтуынша, ғылыми инновацияны енгізудегі басты мақсат – жемқорлық пен қылмыс деңгейін анықтау. Бірақ, кейбір сарапшылар бұл әрекеттердің артында Қытай коммунистік партиясының халықты «ашса алақанында, жұмса жұдырығында» ұстау саясаты тұрғанына сенімді.

КОММУНИСТІК ПАРТИЯ 450 МЛН КАМЕРА ОРНАТЫП ҮЛГЕРДІ

Әрине, бет-әлпетті тану жүйесі бір күнде пайда болған жоқ. Жаңа технология ел азаматтарын таңбалау мен бағалаудың бұрыннан қалыптасқан ауқымды жүйесін толықтыра отырып дамып келеді. Қытай үкіметі 2005 жылы Бейжіңде азаматтардың мінез-құлқын бақылауға (анығы, жеке өмірін қадағалауға) мүмкіндік беретін арнайы жүйені іске қосты. Аспан асты елінің IT мамандары мен инженерлерінің бұл туындысы «Бейне бақылау жүйесі» (CCTV) деген қарапайым ғана атау алды. Бірақ, Батыс елдерінің БАҚ өкілдері қытайлық технологияны «Терминатор»  фильміндегі жасанды интеллектке негізделген әскери ақпараттық бақылау жүйесімен салыстырып, соған сәйкес оны SkyNet деп атады. Ал, 2008 жылы сондай камералардың саны Қытайда 300 мыңнан асса, бүгінде олардың саны 450 миллионға жуықтады.

Сарапшылар жүйеде елеулі кемшіліктер барын айтады. Мәселен, дәлдіктің жетіспеушілігі. Адамның жасы мен жынысы, фотосуреті базаға енгізілгеннен кейін жүйе 80 секунд ішінде 88 пайыз дәлдікпен сәйкестіктерді табуы керек. Сарапшылардың пікірінше, іс жүзінде орташа дәлдік 60%-дан аспайды. Сол себептен әзірге бұл жүйені азусыз арыстан деп санауға болады.

Бейжің политехникалық университетінің зерттеушілері 1,5 млрд тұрғынның ішінде бет-әлпеттері бір-біріне ұқсас азаматтар көптігін, кейде тіпті оларды ата-аналарының өзі де ажырата алмай қалатынын алға тартады.  

Бір анығы, жүйедегі дерекқорға екінің бірі қол жеткізе алмайды. Мәліметтерді қоғамдық қауіпсіздік министрлігімен тығыз байланысты кейбір мекемелер ғана қолдана алады. Бұлай болуы заңды да. Себебі, олар неғұрлым қолжетімді болса, азаматтардың жеке ақпараттарына соғұрлым қауіп төнеді.

Технологияны бәрінен бұрын аяусыз сынға алғандар – либералды көзқарастағы қытайлар. «Біз толықтай SkyNet жүйесінің құрсауында қалғанбыз», – деп санайды диссидент Ху Цзя.

Academia Sinica ғылыми-зерттеу институтында Қытайдың болашағы жайлы пікірталас барысында «цифрлы тоталитаризм» туралы әңгіме қозғалды. Институт профессоры Сунь Ятсен аталмыш технологияның кез келген саяси келіспеушіліктің түрін түп-тамырымен жоя алатындығына алаңдаушылық білдірді.

ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК РЕЙТИНГІ НЕГЕ КЕРЕК?

Биометрика жүйесі – Қытайдың бірқатар қалаларында жұмыс істеп тұрған әлеуметтік сенім жүйесінің бір бөлігі. Жүйенің тұжырымдамасын Қытай билігі 2014 жылы ұсынған. Сол арқылы смартфон иесінің (олардың саны шамамен 650 млн) әр қадамы жазылып, жүйедегі мәліметтер қорына енгізіледі.

Жүйе әрбір азамат туралы ақпаратты жинайды. Несие тарихы, әлеуметтік желіде қай тақырыптағы материалға лүпіл басқаны, пікір білдіргені, онлайн платформаларда қандай затты сатып алғаны сияқты мәліметтерді алады. Мұның бәрі бақай есеппен, айқын мақсатпен істелетін шаралар. Осы арқылы SkуNet-тегі деректер әрбір азаматтың рейтингісін анықтайды. Рейтинг неғұрлым жоғары болса, әлеуметтік жеңілдіктер де соғұрлым көп беріледі. Мысалы, тауар сатып алу, несие рәсімдеу, баланы балабақшаға орналастыру, медициналық көмек алу оңайырақ болады. Егер қандай да бір себептермен рейтинг тым төмен болса (партияның көзқарасына қайшы ақпараттарға лүпіл басса немесе айыппұлдарды уақытылы төлемесе), онда ол адамға ескерусіз элемент болу қаупі туады.

Рейтингі төмендеп кеткен жандармен достары, туыстары, тіпті отбасы мүшелері де араласуға қашқақтайды. Себебі, олармен араласса, өздерінің де рейтингісі төмендеп кетуі мүмкін. Ненің дұрыс, ненің бұрыс екендігі жайлы қоғамдық талқылау жүргізілмейді. Бәрі жоғары партияның кеңселерінде әлдеқашан кесіп-пішілген. Тәртібі қатал, цензурасы мықты Қытайдағы азаматтардың жеке өмірін тышқанды бір рет шерту арқылы ғана ғаламтордан көруге болады.

Аспан асты еліндегі өмір салты қалай өзгеруде және бұған қытайлықтар қалай қарайды?

ҚХР-дағы аға буын өкілдері көбіне биометрикалық бақылау жүйесінің жаппай енгізілгеніне қатты алаңдамайды. Мұны қытайлық ескі дәстүрмен де түсіндіруге болады. Айталық, барлығының көз алдында ашық перде мен құлыпсыз есікпен өмір сүру салтын қытайлар сексенінші жылдардағы экономикалық қайта құрудан бұрын бастаған болатын. Соның аясында аға буын өкілдері төсегін ата-анасымен, бауырларымен, ал үйін көршілерімен, әріптестерімен бөлісті. Қытайлық менталитеттен «жеке кеңістік» ұғымы 1960-1970 жылдардағы жүз мыңдаған кінәсіз адамның өмірін жалмаған мәдени төңкерістен кейін жойылды.

Реформалардың арқасында елдің экономикасы дамып, азаматтардың өмір сүру жасы ұзарып, әл-ауқаттары жақсара бастады. Содан болар 1980-1990 жылдары туған Қытай азаматтары өздерінің жеке кеңістігін бағалайды. Олардың жеке бөлмесі, өзіне ғана тиесілі төсегі болады. Отыз жасқа дейінгі азаматтардың басым көпшілігі шетелде оқып, жұмыс істеді. Бұл олардың либералды көзқараста болуларына әсер етті. Олар шетелден коммунистік көзқарасқа жат идеялармен оралды. Осылайша, жастар жағы жеке өмірін тоталитаризмнің құрсауында қалдыруға дайын емес. Олар коммунистік режимге сыни тұрғыдан қарап, кемшіліктерін көре алады, айта алады. Ал, мұндай еркіндік Қытай коммунистік партиясына ұнамайды. Сондықтан халықты қадағалаудың кез келген түріне жүгінуден тартынбайды.

КЕҢСЕ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІН БАҚЫЛАУ ЖҮЙЕСІ

Азиялық корпоративтік мәдениет көптеген аңызға бергісіз әңгімелердің арқауына айналды. Оған сенсек, кеңсе қызметкерлері жұмыс орнынан кетіп қалудан қорқады. Олар басшылықтың өзінің таланты мен еңбекқорлығына күмәндануына жол бергісі келмейді. Сондықтан жұмыс істеп өлгенді артық көреді.

Жалпы, бейнебақылау, әлеуметтік рейтингтер мен өзінің «алтын қалқаны» бар аспан асты елінде бұл идея шынымен де іске асуда. Бірнеше жылдан бері елдегі ірі компаниялар жұмыс орнындағы қызметкерлерді мұқият бақылайтын «Дисанжиян», бізше айтқанда, «Үшінші көз» жүйесін қолданып келеді. Жүйенің алгоритмі барлық жұмыс құрылғыларындағы трафиктерге талдау жасап, кімді марапаттау немесе кімді жұмыстан шығару керектігін шешеді.

Қытайдың технологиялық компаниялары өте тез өсуде және нарықтағы бәсекелестік өте жоғары. Сол себептен ірі IT ойыншылары қызметкерді тиімді пайдаланып, оларды бақылауды автоматтандыру үшін қолынан келгеннің бәрін істеп бағады. Олар өз кеңселерінде қызметкерлер бір секунд та демалмай, корпорацияға үлкен пайда әкелу үшін өнімділікті арттыратын құралдарды белсенді қолданады. Бұл үшін компанияларға қызметкерлердің әр қадамын бақылайтын арнайы бағдарламалық жасақтама көмектеседі. Қызметтік гаджеттерге орнатылған «Үшінші көз» жүйесі әрбір әрекетті тіркеп отырады.

«Үшінші көз» бағдарламасының ресми сайтында айтылғандай,  бағдарлама шынымен де қабілетті. Ол қол астындағылардың компьютерін сол сәтінде бақылап қана қоймай, поштадағы хаттардың алмасуын, чаттағы әрекеттер мен файлдық операцияларды қоса алғанда барлық деректерді белсенді жинақтайды. Кілтсөздерді құлыптау жүйесі қызметкердің барлық әрекеттерін басқаруға мүмкіндік береді. Оның көмегімен файлдарды қашықтықтан көшіруге, өшіруге, атын өзгертуге, жүктеуге немесе кіруге тыйым салуға болады. Бүгінде компания клиенттерінің арасында жүздеген корпорациялар мен мемлекеттік құрылымдар бар.

Қытайлық компаниялар көптен бері «9-9-6» схемасымен жұмыс істеп келеді. Яғни, күніне 12 сағат – таңғы тоғыздан кешкі тоғызға дейін алты күндік жұмыс аптасы. Қызметкерлердің өздері мұндай жүйені «007» деп атайды. Бұл олардың аптасына жеті күн бойына тәуліктің 24 сағатында да басшылық пен әріптестерімен байланыста болу қажеттігін білдіреді.

Синьхуа ақпарат агенттігінің хабарына сүйенсек, ірі компаниялар қызметкерлерді күні бойы бақылауды 2018 жылдары бастаған. Мысалы, Шэньян қаласында сату менеджері түскі үзіліс кезінде жеке кәсіппен айналысқаны үшін жұмыс беруші оған 200 юань (шамамен 13,2 мың теңге) айыппұл салды. Сондай-ақ, Шаньси провинциясындағы бір компанияның қызметкері кеңсе дәретханасында отырған кезінде Weibo әлеуметтік желісінде он минут бойы онлайн режимінде болғаны үшін жазаланды. Бақылау жұмыстары үш жыл бұрын жасалған Zhongduantong қосымшасы арқылы жүзеге асады. Аталмыш қосымша команданың әр мүшесінің геолокациясын дер кезінде анықтайды. Сонымен қатар, қосымша Sangfor Technologies корпорациясының қызметкерлерінің қайсысының Wi-Fi-ға қосылғанын біле алады. Бұл «шпиондық» бағдарламалық қосымшаны бүгінде жүздеген ірі компаниялар кеңінен қолданып жатыр.

Соңғы уақытта дәретханаға барған қызметкерлерді аңду жиі орын ала бастады. Өткен жылы Kuaishou  компаниясының әкімшілік кеңседегі әрбір дәретханаға кері санақ таймерлерін орнатқанын білген жұрт компанияны желіде аяусыз сынға алды. Егер қызметкердің дәретханада отыру уақыты белгіленген уақыттан асып кетсе, қатты сигнал дауысы естіледі. Жүйе желіде сынға алынған соң, компания тек оны сынап көргенін, таймерлерді өшіретіндіктерін айтып уәде берді.

Мұндай бақылау жүйелері, әсіресе «Үшінші көз» жүйесі жұмыс берушілерге қызметкерлерінің жұмыстан тыс уақытта сайттарда жасаған әрекеттерін талдай келе «тиімсіз қызметкерлерді» сұрыптап, баға беруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, олар қызметкерлердің басқа жұмыс іздемеуін және түйіндеме жібермеулерін қадағалайды. Осылайша, Қытайдағы басшылардың шешімдеріне негізінен алгоритмдер жауап береді. Жүйе кімді жұмысқа алу немесе кімді жұмыстан шығару және кімді жоғарылату керектігін анықтайды.

Фараби СӘЙКЕНОВ, «Qazaq» газеті

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here