Ағайынды Бірімжановтар ұмыт қалмаса екен…

0
4942
ІІ Думаның Дала өлкесі мен Сібірден сайланған депутаттары. Бірінші қатарда оңнан солға қарай бірінші отырған А.Бірімжан, үшінші отырған Ш.Қосшығұлұлы, бесінші отырған Т.Нұрекенұлы. 1917 ж.

Ағайынды Ахмет пен Ғазымбек Бірімжановтар жайлы сөз осыдан ширек ғасыр бұрын қозғалған болатын. Есімі Торғай еліне белгілі ұлтжанды азамат, елдің арғы-бергі тарихын жақсы білетін Орекен ағамыз бірде: «Ертайжан, Жәкең болса тоқсанға аяқ басты, сенің жазып-сызуға қабілетің бар, оны аупарткомда жүргенде байқағанмын. Торғай тарихында Шақшақтан бастап ұмытылмастай іздері қалған, Жәнібек пен Дәуітбай тархан ұрпақтары Мұса-Шегеннен тараған тұлғалар жайлы жазып, неге жарыққа шығармайсың?» – деп қозғау салған еді. Ор-ағаңның осы сөзі қамшы болып тиіп, Торғайға ғана емес, жалпы қазақ тарихының беттерінен орын алған қайраткерлер шыққан текті әулеттің тарихын зерттеуге ден қойдым.

Сөйтіп, осы текті әулеттен шыққан тұлғалар жөнінде материал жинақтау үшін кәрі құлақ, көне көз қариялардан ел аузындағы әңгімелерді жинақтап, Алаш қозғалысын зерттеушілер еңбегіне және ресми материал алу үшін Қазақ энциклопедиясына жүгіндім. Көп ұзамай Мұса-Шеген әулетінен шыққан Алаш арыстары ағайынды Ахмет пен Ғазымбек Бірімжановтар туралы республикалық «Қазақ» газетіне 2000 жылдары «Ахаң юст» және «Алаштың жас қайраткері» атты мақалаларым жарық көрді.

Осы орайда айта кету керек, кейінгі жылдары осы ұлттық басылымға  «Шен қумаған Шеген би», «Мұса тархан», «Дәуір тудырған Дәуренбек», «Елге қорған болған Қорғанбек», «Әбдібек школы» атты тарихи танымды мақалаларым жарияланып, жалғасын тапты. Осы жерден «Қазақ» газетінің бас редакторы, Алаш рухты азамат, жазушы Қоғабай Сәрсекеевтің қолдауымен баспасөз бетін көрген мақалаларым туралы әңгімені доғарып, бүгінгі қос кейіпкеріме оралайын. Осы қос есім баспасөз бетінде жылт етуі мұң екен-ақ бұған елең еткендер аз болған жоқ. Торғай өңірінде аты аңызға айналған ағайынды қос тұлға туралы газет бетінде арнайы сөз қозғалуы жылдар бойы тарихтың көлеңкесінде қалып келген Мұса-Шеген әулетінің шын сырын шертер тиек іспетті қабылданды жұртшылыққа.

Сонымен ағайынды қос тұлғаның үлкені Ахмет Қорғанбекұлы Бірімжанов (1871-1927) кім? Соған тоқталайық. Қарт Торғайдан ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасыр басында оқыған-тоқығаны көп, елге белгілі азаматтардың көптеп шыққаны белгілі. Солардың ішінен ХХ ғасыр басында Алаш қайраткерлерінің алдынғы легінде болған Ахмет Қорғанбекұлы Бірімжановты атауға болады.

ХХ ғасыр басында құрылған Алаш қозғалысының қатарында екі Ахмет болған. Біріншісі – ағартушы Ахмет Байтұрсынұлы, екіншісі – заңгер Ахмет Бірімжанұлы. Екеуі де Торғай өңірінің тумасы. Осыған орай Алаш қайраткерлері қос Ахметтің кәсіптері бойынша есімдерін қосымша тіркеспен біріншісін – «Ахаң-прос», екіншісін – «Ахаң-юст» деп даралап алған.

Ахмет пен Ғазымбек туралы сөзді екеуінің ата тегінен бастағанымыз жөн.  Екеуі текті атадан, яғни әріден алсақ бабасы Шақшақ батыр мен Жәнібек тарханды айтпағанда бергі аталары Дәуітбай мен Мұса тархан және Шеген би Орта жүзге танымал тұлға, ұшқыр ойлы, даналығымен белгілі билердің бірі болса, өз әкесі Қорғанбек пен атасы Бірімжан да кезінде Торғай өңіріне атағы шыққан, ықпалды адамдардың бірі болғаны тарихтан белгілі.

Қос тұлғаның әкесі Бірімжанұлы Қорғанбек би заман аңғарына қарай Ресей мемлекетінің чиновнигі қызметінде болған Торғай өңірінің алғашқы қазағы. Қазақ елінде бірінші болып 1882 жылы Торғай қаласында жеке қаражатына кітапхана ашқан ағартушы тұлға (Қараңыз: Ы.Алтынсарин, п.п.с., 3-том, 261 бет. Алма-Ата. 1978 ж.).

Ахмет Бірімжанов алғаш Тосында ауыл молдасынан дәріс алып, кейін оқуын Торғай қаласында Ыбырай Алтынсарин ашқан мектепте жалғастырды. Орынбор қаласындағы ерлер гимназиясына түсіп, оны 1891 жылы күміс медальмен бітіреді. Сол жылы Қазан Императорлық университетінің заң факультетіне түсіп, 1896 жылы алтын медальмен бітірген соң, Орынбор округтық сотында төрт жыл қызмет атқарады. Троицк және Орынбор уезде­рінде сот тергеушісі, Ақтөбе округінің 2-ші учаскесінде мировой судья болды.

1905-07 жылдары 1 және 2 Ресей Мемлекеттік думасының мүшесі болып сайланғанда Ахмет Бірімжанов Қазақ елінің теңдігі жолында батыл күресіп, Ресейден қоныс аударушы келімсектерді жерге орналастыру комиссияларының қазақ даласында жасап жатқан заңсыз әрекеттері жөнінде үкіметке сұрау салды. Әскери соттарды жою туралы заң жобасын жасауға қатысты. Сол күрес жолы Ахметті Алаш қозғалысына бастады. Алашорда үкіметіне кірді. Кеңес кезінде Қазақстан Заң комиссариатының тұрақты алқа мүшесі, соңғы жылдары Жоғарғы сот мүшесі болды.

Ахмет Бірімжанов – патшаның, Алаштың, кеңестің көрнекті заң қызметкері болған өмірбаянында ең алдымен туған халқының мүддесі үшін тер төккен қайраткер. Жұртына аса сыйлы Ахаң-юсттің алдында Ахаң-простың өзі кішірейіп, үлгі тұтып, Наурыз, Айт күндері қалған зиялыларды бастап, сәлем беріп, құттықтауға баратынын бір естеліктен оқығанымыз бар. Мұндай Ұлыстың ұлы күндері бірінші болып Бірімжановтардың есігін ашу арыстар жарастығының жазылмаған заңындай еді.

Осы жылдары Ахмет Бірімжанов қазақтың елді­гін жаңғыртуды көздеген қоғамдық-саяси жұмыстарға белсене атсалысты. Торғай облысы қазақтарының 1917 жылғы Орынборда, Ақтөбеде өткен съездеріне қатысты, жаңа сот жүйесінің жобасын әзірлеу жөніндегі комиссия құрамына енді. Қыркүйекте Орынборда Торғай облысы­ның комиссары Әлихан Бөкейханның ұйымдастыруымен өткен Торғай облыс­тық біріккен мұжық-қазақ съезіне де қатысты. Желтоқ­сан­да жиналысқа Торғай облысынан депутаттыққа ұсы­нылды, ІІ съезде «Алаш-Орда» Халық Кеңесінің мүшелігіне сайланды.

1917 жылдың сәуір айында Уақытша үкімет тұсында Торғай облысының комиссары Әлихан Бөкейханның арнайы шақыртуымен Қостанай уезінің комиссары қызметімен қатар кәсіби заңгер ретінде уездің сот қызметін де қоса атқарды. Жоғары білімді кәсіби заңгер А.Бірімжанов Қостанай уезінде ұлттық тұрпаттағы жаңа сот жүйесін құрып, оның міндеттері мен іс қарау тәртібін бекітіп, бір жүйеге келтірді. Мәселен, сөзіміз дәлелді болу үшін Қостанай облыстық мұрағатының ғылыми қызметкері Александр Дербышевтің «На службе Закона» газетінде (6.04.2007 жылғы №13 санында) «Бұлда біздің тарих» атты мақаласынан үзінді келтірейік: «…Заңгер Ахмет Бірімжанов сол кездегі уездің құқық қорғау мен заң саласындағы шала сауатты қызметкерлеріне: «Сот шешіміне ешқандай қысым көрсетілмеуі керек. Егер наразы жақ болса, жоғары тұрған облыстық сотқа шағымдануға құқы бар» деп, арнайы шыққан сол уақытта қолданыстағы заңды оқып түсіндірді». Бұл уақытша үкімет тұсында болса да, ол да біздің тарихымыз деп білуіміз керек.

Кеңес өкіметі орнап, алашордашылар үшін кешірім жарияланғаннан кейін, Ахмет Бірімжанов Қазақ Автоно­миялы Кеңестік Социалистік Республикасының заң орындарында қызметтер атқарды. Заң комиссариа­тының алқа мүшесі,  Жоғарғы сот мүшесі болды. Ол тәжірибелі заңгер ретінде Қазақ елінде 1926 жылы қабылданған Қазақ АКСР-ның жаңа Конституциясының авторларының бірі болды. Алайда, Кеңес өкіметі қазақ ұлтының мүддесін қорғаған алашордашыларға толықтай сенім артпаған болатын. Сондықтан Ахмет Бірімжановқа тәжірибелі заңгер ретінде өз білім деңгейіне сәйкес Кеңес үкіметінің жоғары лауазым қызметі ұсынылмады. Осының бәрі Алаш арысының жанына батқаны белгілі. Ақыры айықпас ауруға шалдығып, 1927 жылдың 5 қаңтарында Ленинградқа емделуге барғанда қайтыс болды. Әйтпесе, «Ахаң юст» атанған Ахмет Бірімжанов та 1937-1938 жылдардағы қуғын-сүргінге ұшыраған Алаш арыстарының қатарында болар еді. «Еңбекші қазақ» (Егемен Қазақстан) газеті 9 қаңтар күні аяулы тұлғаға қоштасу сөз айтты: «Ахаң қаяусыз таза, адамгершілігі артық азамат еді. Әлеумет, мемлекет қызметіне тыңғылықты, өз ісіне аса шебер еді. Қазақстан сықылды білімді адамға кедей, мәдениет сатысына енді-енді өрмелеп келе жатқан жас республикамыз көрнекті бір қызметкерінен айырылды». Азанаманың авторы – Міржақып Дулатов.

Ахмет Бірімжановтың өмірі мен саяси қызметіне Міржақып Дулатовтан бастап, ақтөбелік тарихшы-ғалым Б.Құрманбеков, жазушы, т.ғ.к. Б.Қойшыбаев, мұрағаттанушы-ғалым М.Әбдешев және елімізге белгілі ардагер, тарихшы-ғалым Ө.Озғанбай, журналист-жазушы Т.Боранғалиұлы қалам тартты. Жас ғалым Г.Сұлтанғазина Алаш қайраткері А.Бірімжановтың қоғамдық-саяси қызметін зерттеп, ғылыми монография жазды, кандидаттық  диссертация қорғады.

Ал, Ғазымбек Қорғанбекұлы Бірімжанов (1896-1938) туралы әңгіме қозғалғанда ол Ахмет Бірімжановтың інісі екендігі жайлы айтылады. Асылында Ғазымбектің өмір жолы, қоғамдық-саяси қызметі, әдеби мұрасы – бүгінгі жастарға үлгі, өнеге. Алайда, ол осы кезге дейін тарихтың көлеңкесінде қалып келді. Қамшының сабындай қысқа ғұмырын саяси күреспен өткізген Ғазымбек Бірімжанов өз ұлтының зиялысы ретінде артына мол рухани мұра қалдырғаны белгілі.    

Ата-бабасынан туған зеректік пен тектілік Ғазымбектің бойына да туа дарыған. Ол жасынан алғыр, өткір, көрегендік сияқты жалпы қасиеттерімен танылып өседі. Заман ағымын андай білген Қорғанбек келешек – оқыту екенін жақсы түсініп, ауыл молдасынан тілін сындырған Ғазымбекті Торғайдағы екі сыныптық уездік орыс-қазақ мектебінде оқытып, сауатын аштырады. Мұнан соң Ғазымбек Орынборда реалдық училищеде оқып, кейін Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінің дәрігерлік факультетіне түседі. Университетте оқи жүріп ол қоғамдық жұмыстарға белсене кірісіп, өзі сияқты білім іздеп келген қазақ жастарымен қоян-қолтық араласады.

Осы жылдар империядағы саяси жағдайдың ушығып, қарсылық қозғалыстарына оқушы-студент қауымының да белсене араласа бастаған кезі болатын. Орыс басқыншыларының озбырлығына қарсы шыққандардың арасында Ғазымбек те болады. Осындай оқиғаларда саяси шынығып, қайратты да саналы күрескер ретінде қалыптасады. Сол кезеңдерде ол  жерлес ағалары А.Байтұрсынов, М.Дулатов, К.Тоқтабаев және М.Есполов секілді ХХ ғасыр басында қазақ интеллигенциясын тарихи аренаға шығарған Алаш қайраткерлерімен бірге елдің қамын ойлап, отаршыл жүйеге қарсы шықты.      

Солармен бірге ұлт мұддесіне кереғар пікірдегі отаршыл патша саясатына қарсы жарияланған мақалаларды үзбей оқып, олардың пікірталастарына белсене араласып, өз ойын да ортаға салып отырды. Оның қоғамдық-саяси қызметі Алаш партиясы мен Алашорда үкіметімен тығыз байланысты болды. Ғазымбек те Алаштың белді бір мүшесі болып, оның міндеттері мен мақсаттарын айқындауға белсене араласты. Тарихи басылымдарда Ғазымбектің Колчак үкіметімен Алашорда атынан келіссөз жүргізуге қатысқаны, Алашорданың Башқұрт үкіметі жанындағы уәкілі болғаны туралы айтылады. Ол 1917 жылы Алаш партиясының Бағдарламасын жасауға тікелей атсалысты. Айта кету керек, осы Бағдарламаның жеті авторының үшеуі Торғайдан шыққан Алаш қайраткерлері екені белгілі (А.Байтұрсынов, М.Дулатов және Ғ.Бірімжанов).

1920 жылы желтоқсанда «Ақ жол» газеті жарыққа шыққанда М. Дулатов Ғазымбекті журналистік жұмысқа тартты. 1920-1922 жылдары ол осы газетте «Ғазымбек», «Шеген» деп қол қойып, көп материалдар жариялаған. Бұл жөнінде кезінде қазақ журналистерінің ұстазы атанған ғалым, ұлтымыздың ұлағатты азаматы Темірбек Қожакеев «Арыстардың ағартушы шәкірті»              («Қазақстан мұғалімі» журналы), «Өрелі өрім еді» («Сұхбат» газеті) атты мақалаларында Алаштың жас қайраткері туралы толық әрі жан-жақты мағлұмат берген болатын.

1923 жылы Түркістан Республикасы білікті жастарды даярлау мақсатында жергілікті ұлт өкілдерінен білімді деген бір топ жасты жинап, солардың қатарында Ғазымбек те Германияға оқуға (қазіргі «Болашақ» бағдарламасы сияқты) жіберіліп, Берлин университетінің ауыл шаруашылығы факультетіне түседі. Сөйтіп, қазақ елінен шетелде оқыған алғашқы толқынның қатарында Ғазымбек Бірімжанов та болды. Берлин университетінде оқи жүріп неміс және ағылшын тілдерін меңгерді. Жер шаруашылығының қыр-сырын біліп, көкөніс өсіру тәжірибесін алу мақсатында Бразилияда өндірістік практикада болды.

Тағдыр Ғазымбектің басына таңдап алған қосымша екінші мамандық бойынша жұмыс істеуге жазбады. Сол кезде жүріп жатқан қуғын-сүргін Ғазымбектің де жеке басына шүйлікті. Ол екінші агроном мамандығы бойынша шетелдегі оқуын бітіріп, Мәскеу қаласында қызмет істеп жатқанда 1928 жылы ұсталады. Тағылған айып: «Алаш қайраткерісің, Германияда оқып жүргенде орыс-қазақтың зиялы ақсүйек қауымымен араластың, Мұстафа Шоқаймен кездесіп, оның көзқарасын қолдап, пікірлес болдың. Ахмет пен Міржақыптың үзенгелес серігісің». Осындай айыптар мен «Торғай ісі» бойынша кінәлісің» деген желеумен оны түрмеге қамайды. Ақыры үштіктің шешімімен Ақ теңіз каналы құрылысына он жылға жер аударылады.

2012 жылдың шілде айында «Егемен Қазақстан» газетінде Мәскеуден журналист Серікқали Байменшенің «Бесеудің бесігі» атты мақаласы жарияланды. Мақалада атап көрсетілгендей, Ғазымбек Қорғанбекұлы Бірімжанов он жылдай Ақ теңіз каналы колонизациялық бюросында агроном болып істеген. Карелияда, Медвежья Гора қаласындағы Ақ теңіз – Балтық комбинатының қалашығында тұрған.

Жалпы, Ғазымбек Бірімжанов Германиядағы бес жыл оқуын қосқанда елден 15 жыл жырақта жүрді. Осы жылдары оның елге деген сағынышы айқын сезіліп тұрды. Ел болғанда да тәуелсіздігін алған азат елді аңсаумен өтті оның жасын ғұмыры.

Жазасын өтеп елге келген соң, 1937 жылы 9 қазанда 41 жасында қайыра тұтқындалды. КСРО Жоғарғы Сотының әскери алқасы «контрреволюциялық террористік ұйымға қатысқаны үшін» деген айыппен үкім шығарып, оны ату жазасына кескен. Үкім Мәскеу қаласында 1938 жылғы 19 наурызда жүзеге асырылып, «Коммунарка» зиратына халқымыздың аяулы перзенттерімен бірге жалпы қабірге жерленген.

Осы мақала «Егемен Қазақстан» газетінің бетіне шыққан соң, іле баспасөз бетінде ұсыныс-пікірлер жарияланды. Соның бірі – Торғай өңірінің арғы-бергі тарихын жақсы білетін өлкетанушы Орекен Алматұлының «Көпке созбайық, ағайын!» атты мақаласы да жарияланды. Мақалада Орекен ағамыз қазақ тарихы мен руханиятында өз орны бар тұлғалар шыққан Мұса-Шеген әулетінің бір ұрпағы – Ғазымбек Қорғанбекұлы Бірімжановтың есімі тарих төрінен өз орнын алу керектігі жөнінде орынды пікірін білдірді.  

Бұған дейін Ғазымбек ғұмырының қайда және қалай үзілгені белгісіз болатын. Енді бір тоқтамға келу үшін оның сүйегі Мәскеу қаласындағы «Коммунарканың» жалпы қабірінде жатыр деп жұбаныш еткен жөн болатын тәрізді. Ғазымбек Қорғанбекұлы Бірімжанов 1988 жылғы 4 қарашада Қазақ КСР Жоғарғы Сотының қылмысты істер жөніндегі коллегиясы шешімімен сталиндік репрессия құрбаны болған 14 зиялы азаматтарымызбен бірге ресми түрде ақталды, есімі баспасөз бетінде жарияланды. Алайда, «ұлт мүддесін, өздерінің жеке бастарының мүдделерінен  жоғары қойған» ағайынды Алаш қайраткерлері еліміз тәуелсіздік алған жылдары да елеусіз қалып келеді. Өз ойымызды Әбіш Кекілбаевша айтатын болсақ, «ағайынды Бірімжановтар да тарихтың абақтысында ұзағырақ отырып қалған тұлғалардың» тізімінде тұр. Бұл жөнінде ҚР Білім және ғылым министрлігі Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Еркін Әбілман тарихымызға жаңаша мұқият көңіл бөліп, зерделеуге зор мүмкіндік беретін Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласына байланысты берген сұхбатында: «…Мәселен, Тобыл-Торғай өңірінен шыққан тұлғалар туралы айтатын болсақ, «Ахаң юст» атанған Алаш қайраткері, Ахмет Бірімжанов пен інісі Алаштың жас қайраткері Ғазымбек Бірімжанов деген азаматтың болғаны туралы ауыз ашпаймыз. Неге?» деп Тобыл-Торғай өңірінің басқару тізгінін қолына ұстаған басшыларға сауал қойған болатын (Қараңыз: «Қостанай таңы» газеті, 28.11.2018). Шындығында, ағайынды Бірімжановтар орынсыз ұмытылып, осы кезге дейін аттары өз деңгейінде аталмай келеді.

Биыл «Ахаң юст» атанған Алаш қайраткері Ахмет Бірімжановтың туғанына 150 жыл, оның туған інісі Алаштың жас қайраткері Ғазымбек  Бірімжановтың дүниеге келгеніне 125 жыл толады. «Әділет,  шындық, ақиқат түптің түбінде жеңеді. Бір өкініштісі, кешігіп жетеді» деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, тарихтың көлеңкесінде қалып қойған ағайынды Бірімжановтарды жарық дүниеге шығару жұмысы соңғы жылдары ғана қолға алынуда. Соның бірі – Қостанай облыстық соттың бұрынғы төрағасы Мерғалиев Асланбектің басшылығымен былтыр күзде Арқалық қаласы аймақтық сот жанынан Ахмет Бірімжанов атында оқу орталығы ашылса, үстіміздегі жылдың ақпан айында Әлихан Бөкейхан атындағы «Қыр баласы» қоғамдық қордың қолдауымен жас зерттеуші, жерлесіміз Данияр Ихсанның құрастыруымен «Ғазымбек Бірімжан» атты шығармалар жинағы баспадан шықты.

Ең бастысы, сең орнынан қозғалған секілді. Жуырда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, белгілі алаштанушы Берік Әбдіғалиұлы ағайынды Бірімжановтардың есімін ел жадында қалдырып, еңбектерін дәріптеу шараларын қабылдауға қолдау көрсетуді сұраған депутаттық сауалы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Қостанай облысының әкімдігіне жолданды.

Бүгінде тәуелсіз елімізде қолға алынып жатқан тарихи сананы жаңғырту барысында ұлт мүддесі үшін күрескен торғайлық қос тұлғаға лайықты тарихи бағасын беретін мезгіл келді. Торғайдан шыққан тұғырлы қос тұлғаның  мерейтойы биыл тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен қатар келіп тұр. Сондықтан, оларды қалай ұлықтасақ та жарасады.

Сөз соңында айтарымыз, қос қайраткер есімі елдің есінде қалсын, зердесіне жазылсын, жас ұрпақ  біле жүрсін деген ниетпен жасалатын насихат пен құрмет шаралары тек дөңгелек үстел басында кездесу өткізумен шектелмесе екен дейміз.

«Жеріне лайық елі туады, еліне лайық ері туады» деген сияқты  ғасырлардан келе жатқан ой-толғам біздің де көңіл түкпірімізде жатқан ниетімізді қолдап, меңзеп тұрғандай. Айталық, Жангелдин ауданы Шеген ауылындағы Амангелді орта мектебін сол елді мекенде туған Алаш қайраткерлері «Ағайынды Бірімжановтар» атымен өзгертсе, тарихи әділеттілік орнына келген болар еді. Өйткені, кеңестік заман келмеске кетіп, тарихи үйіндіге айналғаны белгілі. Ол заманда большевик Амангелді Иманов шектен тыс дәріптеліп, оның атында елімізде көптеген елді мекендер, аудан мен ауылдық округтер және мектептер мен көшелер аталса, Қостанайдың өзінде ғана ондаған объектілер, аудан мен ауылдар және көшелер Амангелдінің есімімен байланысты. Мәселен, үш қайнаса сорпасы қосылмайтын сонау батыстағы Атыраудың өзінде Балықшы ауданындағы бір ауылға Амангелдінің есімі берілгенін қалай түсінуге болады?!

Ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан қазақтың заңғар жазушысы Шерхан Мұртаза: «…1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі біздің советтік тарихнамада  қатты бұрмаланып көрсетілді. Қазақстандағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі десе көпшілік тек Амангелді батырды ғана біледі, қалған батырлар туралы ауыз ашпаймыз», – деп жазған болатын. Тарих әділ дейміз. Олай болса, ол әркімнің Отан мен ұлт алдындағы қызметін өз орнына қоюға тиіс және лайықты бағасын берері сөзсіз. Сондықтан, бүгінгі Жангелдин ауданының басшылары бұл мәселеге назар аударып, заман талабына сай оңтайлы шешім қабылдарына сеніміміз зор.

P.S. Ағайынды Ахмет пен Ғазымбек Бірімжановтардың кіші інісі Мұхтар Қорғанбекұлы да саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі болды. Мұхтар Қорғанбекұлы Бірімжанов ХХ ғасыр басында қарт Торғайдан оқыған балалар ішінен бірінші болып Ташкенттегі Орта Азиялық мемлекеттік университетінің (САГУ) филология факультетін 1932 жылы бітіріп, әдебиеттен Орал пединститутында сабақ берді. Кейін 1934 жылы «Жаңа әдебиет» журналында қызмет істеп, болашағынан үміт күттіретін жас ақындардың бірі болып жүргенде саяси көзқарасы үшін ұсталып, ақындық дарыны өрлей бастағанда мерт болды.

Өз заманындағы шындықтың шырақшысы, ардың айнасы бола білген, Торғай елінің рухани тұрғыдан жетілуіне барынша атсалысқан Қорғанбек Бірімжановтың үш бірдей ұрпағы – Ахмет, Ғазымбек және Мұхтар өмірлерінің соңына дейін жасымай, Алашына адал қызмет етті. «Сұңқардың ұясынан сұңқарлар ұшып шығады» деген осы емес пе?!      

Соңғы табылған дерек бойынша, Мұхтар Қорғанбекұлы 1938 жылы Магаданда айдауда болып, сонда қайтыс болған. Өскемен қаласының мұрағат бастығы Әубәкіров Алдияр 2019 жылы «Жас Алаш» газеті ұйымдастырған экспедиция құрамында Мағжан Жұмабаевтың қайтыс болған жерін анықтау үшін Магаданға барғанда, сондағы мұрағаттан Мұхтар Бірімжанов туралы құжаттар кездестірген. Ол туралы «Жас Алаш» газетіндегі «Белгісіз суреттің сыры» атты мақалада жарияланды.

Ертай ҚАРАБАЛА, ҚР ІІМ зейнеткері

НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here