Қоғамға да, елге де керек азамат еді…

0
3071

Қазақтың Құрбан есімді қайыпберен мінезді перзентінің кенеттен бақиға озғанына да қырық күн толып отыр. Жаратушы иеміз оған елінің қорғаны болу ісін бұйыртқан екен. Бұл міндетін ол барынша адал атқарды.

Қазақ елінің қорғаныс саласының туын биік ұстауды мақсат еткен Құрбан бауырыммен әр кез мақтанушы едім, біз әр кез мақтан тұтушы едік. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдардың соңында басталған әскери саладағы жанкешті жолы жаңа – жиырма бірінші ғасырда да жалғасын тауып, Құрбанды алдыңғы лекке алып шықты.

Құрбан Сәкенұлы Қаражанов И.С.Конев атындағы Алматы жоғары жалпыәскери командалық училищесін, М.В.Фрунзе атындағы әскери академиясын, РФ Бас штабы Әскери академиясын аяқтады. Офицерлік қызмет жолын взвод командирінен бастап, бірқатар штаб жұмысына қатысты жауапты қызметтерді атқарды. Батальон, полк командирі, құрама командирінің орынбасары, құрама командирі, «Астана» және «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылық әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары, штаб бастығы, ҚР ҚК Құрлық әскерлері бас қолбасшысының жауынгерлік дайындық бойынша орынбасары, Қорғаныс министрлігі бас инспекциясының бастығы лауазымдарын үлкен абыроймен тізгіндеді. ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, бірқатар медальдармен марапатталды.

Оңнан солға қарай алтыншы тұрған марқұм Құрбан Қаражанов. Алматы қаласы, 2019 ж.

Міне, кешегі жұлындай жас жігіт күндердің күнінде бәрімізді таң қалдырып, егемен еліміздің Сыр елінен шыққан тұңғыш және жалғыз генерал-лейтенанты атанды. Атасы Байдүйсен Қаражановтан бастау алған әскери қызмет Құрбанмен жалғасын тауып, генералдық марапатқа жеткізуі де тегін емес-тін. Байдүйсен атасы әскери комиссариатта қызметте жүргенде Ұлы Отан соғысына аттанып, содан оралмаған. Әкесі Сәкен де милиция қызметінде болған, ертеректе өмірден өткен. Атасының, әкесінің патриоттық, адамшылдық қасиеттерін естіп өскен Құрбан да бала кезінен әскери мамандықты игеруді армандаса керек. Осы перзенті дүниеге келгенде әкесі Есабыз әулиенің басына барып, құрбандық шалып, «елдің қорғанындай, сақаның салмағындай ұлым болсын» деп, әуелі Алла, содан кейін ата аруағына тілек етіпті. Сол ниеті Құрбанның жас кезінен-ақ қайсар мінезді болып қалыптасуына ықпал етсе керек.

…Сағадат ағамыз маңайына тәуелсіз елімізге қорған бола білетін сайдың тасындай іріктелген әскери мамандарды жинақтады. Солардың ішінде патриот Құрбан да болды. Ол тек қана ісін кәсіби түрде игерген маман ғана емес, ана тілін жетік меңгерген, Абайдың қара сөздері мен әндерін жатқа айтатын, Бауыржан батырдың болмысын қайталап тұрған, қазақилығы басым бірегей тұлға екенін, барынша шыншыл, адал, жемқорлыққа жаны қас, мансапқорлыққа таласы жоқ азамат екенін байқатқан. Осылайша, Сағадат ағамыздың мектебінен өтіп, әскери кәсіптің ұңғыл-шұңғылын терең меңгеріп, шыңдалып, басшылық баспалдақтарға өзінің таза жолымен өрлеген генерал бауырым, еліне енді керек шағында бәрімізді өксітіп өмірден кете барды…

Иә, Құрбан қоғамға да, елге де керек азамат еді…

…Бірде Құрбан өзара еркін әңгімелесу үстінде әскери салада жүруіне Сағадат ағамыздың да себепкер болғанын айтып қалған болатын. Сондықтан болар, Құрбан кейіннен Сағадат Нұрмағамбетов атындағы «Жасұлан» әскери мектебін, одан кейін әскери офицерлердің академиясын басқарды. Сағадат ағамыз да көзі тірісінде Қаражановты «өз ісін мықты меңгерген» деп жеткізе мадақтап отыратын. Аға мен іні арасындағы осындай әдемі үйлесімділік біздерге үлгі боп қалғаны да рас.

Ол ұдайы күрделі қызметтердің қақ ортасында жүрді. Бүкіл ғұмырын елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға жұмсады десек те болады. Құрбанға қорғаныс министрлігі лауазымын бергенде дөңгелетіп әкетуге білімі де, білігі де, тәжірибесі де әбден жетер еді. Тіпті, әскер атаулыны ұлтшыл ғып тәрбиелеудің мүмкіндіктерін көрсетіп беруге де күш-жігері жететін. Бірақ, ондай басшылық қызмет бұйырмады. Әрі десе өзі де демалысқа ерте шығып кетті.

Құрбан шынында да біртуар азамат! Оның азаматтығына тән қасиеттері де жетіп артылатын. Әскери салада өз ана тілін жетік білетіндер сирек қой. Ал, ұлттық болмыс тұрғысында генерал Қаражанов әріптестерінен жұлдызы бір саты жоғары тұрды. Оның бойынан қазақилықтың иісі менмұндалайтын. Абай мен Бауыржанды жүрегінде ту етіп желбіреткен, ұран етіп қастерлеген осындай жанға қалай ғана тәнті болмайсың?!

Пенде атаулыға бір-ақ берілер өмір дейтін қазыналы дүниені әркім әр түрлі сипатта әрі Алланың пешенесіне жазған бұйрығымен сүрері хақ. Ол табиғи заңдылық. Ал, Құрбан ұлт алдында, ұрпақ алдында елінің тыныштығы үшін қарым-қабілетін сарқа жұмсаған сирек бітімді дарындыларымыздың бірі еді.

Құрбанның үш ұлы да өзінің жолын қуып әскери қызметші болды. Әулеттегі әскери рух атадан балаға ауысты деген осы шығар. Ал, ізін басқан, әскери тәртібінен сабақ алған, тәрбиесін көрген сарбаздардың Құрбан сияқты еліне абыройлы болатындарына бек сенімдімін.

Иманың саламат, топырағың торқа болсын!

Рухың пейіш төрінде шалқысын!

Бақұл бол, бауырым!

Махмұт НӘЛІБАЕВ,
Сағадат Нұрмағамбетов атындағы
Халықаралық қайырымдылық
қорының Төрағасы,
«Марсель групп» компаниясының
президенті, меценат

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here