Қазақстанға жаңа аграрлық саясат қажет

0
1960

Қазақстан – аграрлық мемлекет және оның агроөнеркәсіптік секторы мемлекеттің ішкі ресурстарына ғана емес, сондай-ақ сыртқы нарықтағы орнына да тікелей ықпал етеді. Бірақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев агроөнеркәсіп кешені көп жапа шеккен әрі тығырыққа тірелген сала екенін дұрыс айтты. Демек, келтірілген пікір осы саланың маңыздылығын, құлдырау себептерін және оны еңсеру жолдарын негіздеуді қажет ететіні күмәнсіз.

Әлемдік тәжірибе экономиканы дамытып, халықтың тұрмысын  көтерудің бірнеше жолы болуы мүмкін екендігін көрсетуде. Табиғи ресурстары шектелген шығыстағы Жапония мен Оңтүстік Корея  экономикасы  дамыған елдердің қатарында. Осы деңгейге көтерілу үшін өз жолдарын тапты. Адам капиталын, ғылымды еселеп көтеруге ден қойып, өнеркәсіптің озық  ғылым жетістіктеріне  негізделген бағыттарын дамытып, әлемдік нарықта тұрақты орындарын тауып, халқын еңбекпен қамтып, дамыған елдердің алдыңғы шебінен орын алды. Еңбек өнімділігі де, халқының тұрмысы да жоғары. Ал, батыстағы Еуропаның дамыған елдері бар ресурстарын ұтымды пайдаланып, экономиканың барлық салаларында өндірісті ұйымдастыруда ғылым жетістіктерін ауқымды да ұтымды қолдану арқылы экономикасын  дамытып жатыр.

Сонда біздің еліміз қалыптасқан жағдайда қандай бағытты таңдауы  керек? Енді осы сұраққа жауап іздеп көрелік.

Әлемдегі нарықты, ондағы қалыптасқан жағдайды пайымдасақ,  «өнеркәсіп саласын дамыту арқылы дамыған елдерді нарықтан ығыстырамыз, халықтың тұрмысын көтеруге қол жеткіземіз» деу қиял сияқты көрінеді.

Ақпарат беттеріне үңілсек, еліміздегі тау-кен саласындағы ғылым жетістіктеріне шет елдер қызығушылық танытуда. Ғылымның басқа  салаларында ондай жетістіктер байқалмайды. Білім мен ғылым да қалыптасқан жағдай жақын арада кемшіліктерін түзетіп, олардың қарқынды дамуына үміт ұялатпайды.

Жер астындағы байлықтар шектеулі, оны игерумен ғана ел экономикасын тұрақты дамыту мүмкін емес. Егемендік алып, нарықтық экономикаға өту барысындағы  қиындықтарды еңсеруде көмірсутектерін пайдалануды дамыту  септігін тигізгендігі анық. Бірақ, ол экономиканы түбегейлі өзгертуге мүмкіндік бермегені ақиқат.

Әлемде азық-түлікке деген сұраныс ұлғаюда, дамыған елдерде ауыл шаруашылығы өнімдерін ұлғайтуда пайдаланатын басты ресурс – жер, ол шектелген, ал біздің елдегі жер байлығы оны еселеп өсіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, халқымыздың 42%-ы – ауыл тұрғындары. Ауыл шаруашылығын дамыта алсақ, ол экономиканың басқа  салаларының дамуына серпін беретіні күмән келтірмейді. Алдымен ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өндеу саласын дамытуға мүмкіндік береді. Ауыл шаруашылығы мен оның өнімдерін қайта өңдейтін салаларына қажетті материалдық ресурстар мен техникалық құралдарға сұраныс қалыптастырып, өнеркәсіптің осы саласын дамытуға болады. Бұл үш сала агроөнеркәсіп кешенін құрайды. Оның қарқынды  дамуы ел экономикасының басқа салаларының дамуына ықпал жасайды. 20 жыл бойы осылар айтылып та келеді, бірақ орындалуына қол жеткізе алмағанымыз рас.

Еліміздің экономикасын басқаратын билік жүйесінің, тұрақты жұмыс істейтін парламенттің міндеттері – еліміздің экономикасын дамытып, халықтың тұрмысын жақсартуға  бағытталған бағдарлама қабылдап, оны іске асырудың құқықтық негізін жасап, іске қосу. Ахиллестің осал жері өкшесі болса, еліміздің экономикасын дамытуды тежеп келе жатқан осал жеріміз – ғылыми негізделген экономикалық саясаттың жоқтығы.

Ғылыми зерттеу жұмыстарымен шұғылданып, агроөнеркәсіп  кешенін тығырықтан шығарып, ашық  экономикада  бәсекелестік  деңгейін көтеруді басшылыққа алып жүргізілген ізденістер үкіметтің экономикалық саясатындағы олқылықтарды, соған сәйкес қабылданған заңдардың саны көп, сапасының төмендігін, олар белгіленген нәтижелерге қол жеткізбегенін көрсетуде. 

Нарықтық экономикаға ауысудың бастапқы кезеңдерінде жіберілген қателіктер объективті, ол мерзімде нарықтық жүйенің қыры мен сыры  игерілмеген, ол интуицияға сүйеніп  іске асырылды. Одан бері біраз уақыт өтті. Экономикалық ғылым да қалыптасып, нарықтық экономиканың сырын ашты. Бірақ, экономикалық ғылымның ұсыныстарына  не үкімет, не парламент тарапынан сұраныс та, қызығушылық та аз болды.

Экономиканы дағдарыстан шығару күрделі және ауқымды жұмыс екені белгілі. Оны еңсеруге болады, тек экономика ғылымының жетістіктерін басшылыққа алып, оны іске асыруда іскерлік пен табандылық керек. Экономикалық ғылымның қағидаларына жүгінсек, елдің экономикасын көтерудің жолы – жүйелі, жан-жақты ізденістердің нәтижесінде дайындалған экономикалық бағдарлама болуы керек.

Экономика ғылымның бір саласы ретінде дәлелдеуді керек етпейтін екі жорамалға негізделеді. Біріншісі – адамның экономикалық, әлеуметтік және рухани сұраныстарының шексіздігі, екіншісі – осы сұранысты қамтамасыз етуде пайдаланатын ресурстардың шектеулігі. Экономика ғылым саласы болып қалыптасқан уақыттан шектелген ресурстарды халықтың сұранысын қамтамасыз етуде ұтымды пайдаланудың жолы мен әдістерін табуға бағытталған, сол жалғасып келеді.

Ғылымда оның ұтымды жолдары анықталған, дамыған елдердің тәжірибесінде дәлелденген. «Еңбек – байлықтың атасы, жер – оның анасы» деген қанатты сөздер өткен ғасырларда экономика ғылымының іргесін қалағандардан қалған. Олар мәңгілік ұғым. Еңбексіз, жерді ұтымды пайдаланбай байлыққа кенелу мүмкін емес.

Экономика ғылымының дамуында жалпыэкономикалық және макроэкономикалық мақсаттар анықталған. Жалпыэкономикалық мақсаттар – шектелген ресурстарды толығымен пайдалану, ұлттық валютаны тұрақтандыру, шетелдермен сауда-саттықта төлемдер балансының теңгерімділігін сақтау.

Экономика ғылымының бір саласы – макроэкономика. Ол жалпыэкономикалық мақсаттардың орындалуының жолдары мен тетіктерін анықтаумен шұғылданады. Осы саладағы ізденістер екі мақсатты шешуге:  біріншісі – тиімді жұмыс істейтін  нарықтық жүйені  қалыптастыруға, екіншісі – экономиканың дамуын реттейтін ұтымды мемлекеттік тетіктер жүйесін  анықтауға бағытталады. 

Ғылымның барлық салаларында оны дамытуда басшылыққа алынатын заңдылықтар бар. Есеп шығаруда көбейту кестесінің орны қандай болса,   экономикалық ізденісте аталған заңдылықтар бұрмаланбай, басшылыққа алынуы керек.

Тиімді  жұмыс  істейтін нарықтық  жүйені  қалыптастыру  – экономиканы  дамытудың алғы шарты. Ол меншік түрлерімен (жеке, мемлекеттік, қоғамдық), нарыққа сатушылар мен тұтынушылардың кедергісіз еркін кіруімен, саудадағы бәсекелестік ортамен, бағаның еркін саудада қалыптасуымен сипатталады. Нарықтық жүйе осы сипатқа ие болған жағдайда   кәсіпкерлердің іскерлігі ашылады. Қабілетті кәсіпкер өндірісін дамытады, нарықтағы өзгерістерге, сұраныстар мен ұсыныстардың ауытқуына тез бейімделеді, ғылым жетістіктерін, сандық технологияны бизнесінде қолданып, жұмысының тиімділігін арттырады, өнімінің сапасын жақсартып,  өзіндік құнын төмендетіп, бәсекелестік қабілетін жоғарылатады. 

Осыған байланысты кәсіпкерлік деген ұғымға тиісті мән берілмей келе жатқанын айтқан орынды болар. Өндірісте қолданатын ресурстарды жіктеуде ғылымда, дамыған шет елдер тәжірибесінде еңбек екіге бөлінеді: біріншісі – еңбек иесі, екіншісі – кәсіпкерлік қабілет. Соңғы ұғым ауқымды, ол адамдағы ерекше дарынның белгісі. Белгілі әнші болу үшін адамға табиғат сыйлаған дарын болуымен қатар, ол ізденіспен, еңбекпен шыңдалуы керек, музыкант болу үшін де – табиғи талант шыңдалса ғана сол дәрежеге көтеріледі.  Алғашқы экономикалық реформада  кәсіпкерлік қабілет деген түсінік ойға да алынған жоқ. Кейінірек кәсіпкерлік қабілеттің қолдау тапқанын да байқау қиын. Дарындылар қолдауды қалайды. Олар кедергі, не бизнесіне  қызығушылық білдірушілерден қорғалуы керек. Сонда ғана кәсіпкерлік экономиканы дамытудың шешуші күшіне айнала алады.

Дамыған елдердегі нарықтық жүйеде көлеңкелі экономика, сатушылар мен тұтынушылар арасында алыпсатарлар жоқ. Біздің нарықтық жүйеде олар  басымдыққа ие болуда. Аграрлық нарықта қалыптасқан жағдайларды зерттеу нәтижелерінен бір мәлімет келтірейін. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің өнімдерін сатудағы бағасы сол өнімдердің сауда орындарында тұтынушаларға сататын бағадан өнім түрлеріне байланысты 2-6 есе төмен. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің табысы шығарған шығынын қайтармайды, арадағы алыпсатарлардың табысы кәсіпкерлердің табысынан еселеп жоғары. Еліміздегі нарықтық жүйені шет елдердің  тәжірибесімен салыстырғанда оның бір-ақ сипаттамасы ғана бар – меншік түрлері ғана, басқалары жоқ. Нарықтық жүйені қалыптастырмай экономиканы дамыту орындалмайтын қиял болып қала береді. Бұл – нарықтық экономиканың ережесі.

Макроэкономиканың екінші мақсаты – экономиканың дамуын реттейтін мемлекеттік тетіктер жүйесін құру. Жүргізілген зерттеу агроөнеркәсіп кешенінің дамуын мемлекеттік реттеудің тиімділігін анықтайтын индикаторларға негізделген болатын. Ауыл шаруашылығы саласында өндірілетін өнімдер көлемі экономикалық реформаға дейінгі, кеңестік  кезеңдегі көрсеткіштермен салыстырғанда төмен. Пайдаланылмай жатқан жер көлемі ауқымды, жұмыссыздық – ауылдағы басты проблема. Ауыл тұрғындарының тұрмыс деңгейі көпшілікті алаңдатуда. Ұлттық валютаның  АҚШ долларына айырбастау бағамы 1993 жылғы 4,75 теңгеден 2021 жылы 425 теңгеге жетті. Халықтың азық-түлікке сұранысын қамтамасыз етуде жыл сайын шет елден 4  млрд долларға азық-түлік сатып алынса, ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттаудан түсетін табыс импортқа кеткен шығыннан 2 есе төмен (бұл 2015 жылғы деректер). Импорттың көлемі жылдан жылға өсуде. Келтірілген индикаторлар үкіметтің экономикалық саясатының  қауқарсыздығының белгісі.

Екінші бір көңілді алаңдататын жағдай – ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта  өңдейтін  саладағы кәсіпорындар қуатының жетіспеушілігі, соған қарамастан олардың өндіріс қуатын төменгі деңгейде пайдалануы. Осы қалыптасқан жағдай алдымен ауыл шаруашылығы  құрылымдарының дамуын  тежеуде, екінші жағынан ауыл шаруашылығы өнімдерінің толығынан пайдаланбауы. Малдың терісі, жүні, тағы басқа түрлері сұраусыз қалуда.  Қанша байлық ысырап болуда. Ауыл шаруашылығында осы уақытқа дейін шешімін таппаған мәселелердің барлығын атап шығудың керегі жоқ шығар. Олар  өсімдік  шаруашылығында да жеткілікті. Соның бірі ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу мен сақтау жүйесінің дамымағандығынан жеміс, көкөніс, картоп өнімдерінің үштен бірі  пайдалануға жарамсыз болып қалуда. Сондықтан ішкі сұранысты  қанағаттандыруда импортқа тәуелділік сақталуда.

 Ауыл шаруашылығында қолданылатын ресурстардың пайдалану деңгейі де төмен. Олар жоғарыда  келтірілді. Сонымен қатар, жыртылған жер, осы салада пайдаланатын басты байлығымыз, соның құнарлығының төмендеуі  қалыптасқан жағдай. Топырақтанушы ғалым, академик А.Сапаровтың айтуынша, осы қалыптасқан жағдай сақтала берсе, 30 жылдан кейін жыртылған жердің пайдалануға жарамсыз болып қалу қаупі бар. Өкінішке қарай, бұған алаңдаушылар жоқтың қасы. Жердің құнарлығын сақтауға  ынталандыратын тетіктерді қабылдау – кезек күттіртпейтін мәселе. Экономикалық саясатта осындай тез арада шешуін талап ететін өзекті мәселелер анықталып, шешу жолдары қарастырылуы керек.

Жалпы шешілмейтін мәселе жоқ. Аталған келеңсіздіктерді жойып, ауыл  шаруашылығын қарқынды дамытып, халықтың тұрмысын көтеруде жаңа аграрлық саясат қажет.

Бірінші кезеңде кәсіпкерлердің ынтасын демейтін нарықтық жүйені  қалыптастыру керек. Аграрлық нарықта қалыптасқан жағдайдың себептері белгілі. Әкімшілік жүйеден нарыққа бет алған мерзімде білмеушіліктің болғаны айтылған, аграрлық нарықтағы сауда орталықтарының жеке  меншікке берілуі соның салдары. Енді түсінушілік бар, оларды экономика ғылымының ережелерімен нарықтық жүйеге бейімдеу – басты қажеттілік.  Сонымен қатар, нарықтық жүйе толығымен жоғарыда келтірілген  сипаттарына ие болуы керек.

Сандық технологияға негізделген тауарлық биржа мен көтерме сауда  орталықтарын ашу керек. Олар сатушылармен сатып алушыларды кездестіретін, соған жағдай жасайтын орта болып қалуы қажет. Аталған сауда  инфрақұрылымдарының іске қосылуы да, қызметтері де заңмен реттелуі керек. Қабылданатын заң экономика ғылымдарының ережелерін сақтап,  нарықтың аталған сипаттарына ие болуын толығынан қамтамасыз етуі керек.

Барлық ауыл шаруашылық кәсіпорындар өнімдерін  нарықта қалыптасқан  бағамен сатуға мүмкіндік алса, табыстары еселеп артып, ұдайы өндірісті ұлғайтылған көлемде ұйымдастыруға мүмкіндік беріп, табыстарын көбейтуде кооперацияға бірігуге, өнімдерін қайта өңдеу саласындағы кәсіпорындарына  өткізіп, ынтымақтастықпен бірігіп жұмыс атқаруға ынта қалыптастырады. Әлемдік тәжірибеде ауыл шаруашылығы мен қайта өндеу саласындағы  кәсіпорындардың тығыз байланыстағы экономикалық жүйеге бірігіп жұмыс атқаруы экономиканың тұрақты және тиімді дамуына негіз болуда. Осындай жүйеге бірігу барлығының табыстарын еселеп ұлғайтып, әлемдік деңгейде бәсекелестік қабілетін көтеруге мүмкіндік береді. Осындай тығыз байланыстағы экономикалық жүйеде өнімдер қалдықсыз өнделіп, өндірісте озық технологияны қолдану өнімдерінің сапасын жоғарылатып, өзіндік құнын  төмендетеді. Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер тек өз өнімдерін  өндірумен шұғылданады.

Аталған екі сала кәсіпорындарының тығыз байланыстағы экономикалық жүйеге бірігуі барлығына тиімді. Өңделген өнімдерді сатудан түскен соңғы табыс олардағы нормативтік шығынға сәйкес бөлінеді. Сондықтан да, нарықтық жүйені қалыптастыру – экономиканың тұрақты дамуының алғышарты деп бағалануда.

Екіншісі, агроөнеркәсіп кешенін инновациялық дамытуды реттейтін мемлекеттік тетіктер жүйесін жетілдіріп, оның тиімділігін, нәтижелігін арттыру. Осыған байланысты оның даму тарихына назар аударайық.

Экономика ғылымының алғашқы қалыптасу кезеңінде басты назарда нарықтық жүйенің ұтымды жұмысын жетілдіру болып, мемлекеттің оған араласуына шектеу қою, үкіметтің кәсіпкерлердің жұмысын реттеуге араласуы аз болуы керек деген қағида басшылыққа алынған болатын. Бірақ, ұзақ мерзімдегі ғасырларға жалғасқан эволюциялық дамуда ол пікірден бас тартып, үкіметтің реттеу саясатына басымдылық берілді. Өмір соның орындылығын көрсетті. Капиталистік экономикалық жүйенің ұзақ мерзімде еңсерген қателіктерін қайталамауда, аграрлық саланың дамуына тұрақтылық беріп, халықтың тұрмысын жақсартуда мемлекеттік реттеуді ең тиімді, ең жоғарғы сатыға көтеру мақсатын қою керек. 

Әлемдік тәжірибе мен экономика ғылымының ұсыныстары    дағдарыстағы экономиканы көтеруде оған бағытталған жинақталған шығынның көлемін шектелген ресурстарды толық пайдалануға жеткілікті деңгейге дейін көтеру. Оған шығаратын кәсіпкерлердің шығыны жеткіліксіз, сондықтан мемлекеттік бюджеттен соған бағытталған қосымша ауқымды қаржының бөлінуі. 1930 жылдардағы АҚШ-тағы «Ұлы депрессиядан» шығуда  қолданған шара көрнекті ғалым Джон Кейнстің теориясына негізделген. Ол бюджетке ауыртпалық салады және қаржы тапшылығымен байланысты. Қаржы тапшылығы басып шығарылған қосымша ақшаны айналымға енгізумен шешіледі. Үкіметтің ешкімнен қарыз алуы керек емес. Ол ақшаны құнсыздандырмайды. Өндіріс саласына жұмсалған шығын сонша тауар көлемін ұлғайтып, сұранысты қамтамасыз етеді.

Бюджеттен бөлінетін қаражат кәсіпкерлікті қолдауға, қайта өңдеу саласында ірі қайта өңдейтін кәсіпорындарын, сақтау қоймаларын салуға бөлінуі керек. Кәсіпкерлерге бөлінетін қаражат субсидия ретінде берілуі керек. Осы уақытқа дейін беріліп келе жатқан субсидиялардың тиімділігі мардымсыз болғаны белгілі. Сондықтан оны беру әлемдік тәжірибе мен ғылымның  ұсыныстарына негізделуі керек. Әлемдік тәжірибеде субсидия ауыл шаруашылығы өнімдеріне белгіленген кепілдік бағамен байланыстырылған. Белгіленген кепілдік бағаның деңгейі кәсіпкерлердің өндірісін озық технологияға  негіздеуге мүмкіндік береді. Егер нарықта қалыптасқан баға одан кем болған жағдайда, айырмашылығы субсидиямен толтырылады.  Сонымен қатар, субсидия кәсіпкерлерге жаңа техника сатып алуда бағасын 20%-ға дейін төмендетуге бағытталады. Субсидия саясаты ауыл шаруашылығы өндірісін инновациялық жолмен ұйымдастыруға жол ашуымен қатар өндірісте керек материалдық ресурстар мен құралдарға сұраныс  қалыптастырып, өнеркәсіптің дамуына серпін береді. Стратегияда белгіленген экономиканы әртараптандыру мақсатының орындалуына негіз болады. Экономиканы әртараптандырудың басқа жолы жоқ.

Қайта өңдеу саласындағы ірі кәсіпорындарды құрып іске қосу мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі принципіне негізделуі бизнесті топтастыруға серпін береді.

Экономиканы дамытуды мемлекеттік реттеуде салық жүйесінің орны ерекше. Экономикалық дағдарыстан шығуда оның мөлшері азаюы керек. Атап айтсақ, кәсіпкерліктің және экономикада басымдылық берген салалардың дамуына жеңілдік жасау. Бірақ, салық атқаратын функцияларынан айырылмауы керек. Біріншісі – өндірісте қолданатын шектелген ресурстарды ұтымды пайдалануға ынталандыруы керек. Оған жататындар ауыл  шаруашылығында пайдаланатын жер, егін шаруашылығы мен жайылымдардағы мал шаруашылығында пайдаланатын су, еңбек, ғылым жетістектері.

Салықтың реттеуші функциясына да көңіл аударайық. Ауыл шаруашылығында пайдаланатын жердің құнарлығы бірдей емес және оның орналасқан жері де кәсіпкерлердің шығыны мен табысына әсері ауқымды. Жердің құнарлығы мен орналасқан жердің қолайлығы дифференциалдық табыстың қөзі. Осы жағдайда барлық кәсіпкерлердің экономикалық жағдайын теңестіру дифференциалдық табысқа негізделген салық арқылы іске  асырылуы керек. Қолданыстағы салықтың барлық түрлері жалғыз жер салығымен ауыстырылуы қажет.

Жер салығының көлемі ауқымды, жерді пайдалануға алған адам міндетті түрде пайдаланады, себебі көлемді салықты төлеу керек, пайдалана алмаса қайтарып береді. Жер салығы тұрақты болуы керек, ол жер иелерінде жердің құнарлығын сақтап қана қоймай, оны арттыруға ынта қалыптастырады. Ауқымды жер салығы өндірісте озық технологияларды қолдануды, егістік түсімін ұлғайтуды, мал шаруашылығында да ғылым жетістіктерін ауқымды пайдаланып, мол өнім алуына ынталандырады.

Ауыл шаруашылығы мен агроөнеркәсіп кешенін дамытуда кооперация мен интеграцияның қарқын алуының өзектілігі айтылуда. Оларды да салық арқылы  ынталандырып, дамуына серпін беруге болады.

Қайта өндеу саласындағы кәсіпорындар ауыл шаруашылығы құрылымдарымен бірігуге ынта танытпай отырғаны байқалады. Сүт өңдейтін  комбинаттар шет елден алған сүт ұнтақтарын өңдеумен шұғылдануда. Осындай әрекеттеріне салатын салық көлемін ұлғайту отандық өнімдерді өңдеуге ынта қалыптастырады. 

Осыған байланысты айту орынды болар. Агроөнеркәсіп кешенін дамытуға  бағытталған экономикалық зерттеу жұмыстарын ұйымдастырудағы келеңсіздіктер оны тежеуде. Жүйелі түрде барлық проблемаларды қамтыған зерттеулер жоқ деуге болады. Ол шешуін талап ететін басты проблемалардың бірі. Екінші, осы саланы басқаратын жүйедегі мамандар мен қызметкерлерінің  кәсіби біліктілігінің төмендігі. Соның бір көрінісі – жер қатынастарын реттеуді жетілдіруге байланысты ұйымдастырылған жиында болған әңгіме. Жерді бағалап, оған салатын салық туралы әңгімеде жерді экономикалық бағалау керектігі айтылды. Жер ресурстарын  басқару комитетінің мамандары  оны атқара алмайтынын мойындағандай болды. Мұндай жағдай басқару жүйесінің басқа да құрылымдарында байқалады.

Суармалы жерлерді бағалаудың ерекшелігі ескерілгені орынды. Онда жер мен су ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде бірге пайдаланатын ресурстар. Оларды бағалауда бірінен бірін ажырату мүмкін емес. Жерге салықты, судың бағасын төлейтін кәсіпкер. Оның төлейтіні тек жер салығы болуы керек.  Суармалы жердің салығы басқа жерлермен салыстырғанда көлемді, себебі ол жерден алынатын өнімнің көлемі мен табысына байланысты, онда судың да  пайдаланылатын ресурс ретінде үлесі бар. Сондықтан жер салығы екіге бөлінуі керек – біреуі жердің, екіншісі судың үлесі болып. Жер – табиғи байлық, оған шығын шығарылмайды, ал суды пайдалануда шығын кететіні белгілі. Сол шығын есепке алынып, салықтағы судың үлесі анықталуы керек. Жер және су қатынастарын осы тұрғыдан реттеу жерді де, суды да ұтымды пайдалануға, су шаруашылық объектілерін керек деңгейде ұстауды ынталандырады және  ауыл шаруашылығындағы кәсіпкерлерді қолдау шеңберінде атқарылады.

Қосымша келтірілетін дерек – экономиканы дағдарыстан шығарып, оның  дамуын қолдаудың басты жолы – оған көлемді инвестиция тарту әлемдік  тәжірибе және ғылымда ұсынылған жол. Инвестиция – экономиканы  дамытуға, оның әлеуетін арттыруға бағытталатын шығын. Агроөнеркәсіп саласында қалыптасқан ахуал мен оны жаңа талаптар деңгейіне көтеру көлемді инвестиция тартуды қалайды. Соған қолайлы жағдай жасаудың  басты шарты – төменгі ставкамен несие беру. Осы тұрғыдан қарағанда, ақша-кредит  саясатында  түбегейлі өзгеріс енгізу керектігі күмәнсіз. Қолданыстағы ақша-кредит саясаты бір жағынан отандық экономиканың дамуын тежесе, екінші  жағынан елімізде жұмыс істеуге рұқсат алған шетелдік банктер  байлығымызды алып кетуде. Ақша-кредит саясатын жетілдірмесек  тығырықтан шыға алмаймыз. 

Дамыған елдерде экономикасы төмендеген жағдайда, оны еңсеру үшін  несие ставкасы 0%-ға дейін төмендетіледі. Ислам елдерінде берген несиеге үстемақы алу күнә болып есептеледі, берген несие инвестицияға салған үлесі  ретінде кәсіпорынның таза пайдасынан тиісті үлесін алады. Бұл саясаттың ұтымды жері – банк несие беруде ұқыптылық танытып, несиенің ұрлануына  және оны пайдалануда ережеден ауытқуына тосқауыл қояды. Ұтымды саясатты  іріктеп алып, ол басшылыққа алынуы керек.

Мемлекеттік  реттеуді  жетілдіріп, тиімділігін арттыруда еліміздің ауыл шаруашылығының ерекшеліктерін ескеру қажет. Соның бірі – климаттағы тұрақсыздық, қолайлы жылдардың қолайсыз жылдармен аумалығы.  Құрғақшылық жылдары өнімнің күрт төмендеуі жиі кездесетін жағдай.  Қолайсыз жылдары кәсіпкерлер белшеден қарызға батады, банкрот болады. Кәсіпкерлердің тұрақты дамуына жағдай жасауда сақтандыру жүйесін қалыптастыру керек. Дүниежүзілік сауда ұйымының талаптарында кәсіпкерлікті мемлекет тарапынан қаржылық қолдауға шектеу қойылған, сол шектеуге жатпайтын сақтандыру жүйесі арқылы кәсіпкерлікті қолдауды қажетті деңгейге жеткізуге болады. Қалыптасқан жағдайда оларға көрсетілетін қаржылық қолдау көлемді болуы керек, сақтандыру жүйесі арқылы ауыл шаруашылығын қарқынды дамытуға болады. Осы тұрғыдан оның орны  белгіленіп, іске асыру шаралары анықталуы тиіс.

Ауыл шаруашылығы мен әлемдік азық-түлік нарығын сараптау елімізде  органикалық өнімдерді өндіруге басымдылық беру керек екенін көрсетеді. Ол стратегияда анық аталған. Экология тұрғысынан таза, органикалық өнімдерімізге шет елдерден қызығушылық бар. Осы саланы дамытуда экономикалық, ұйымдастырушылық шараларын анықтап, оны іске асыру  талаптарын қояды. Осыған саяси мән берілуі керек. Оны дамыту өндіріс тиімділігін арттыруға жол ашады.

Ауыл шаруашылығын, жалпы агроөнеркәсіп кешенін дамытудағы мемлекеттік реттеу тетіктері аталды. Оның тиімді белгіленген мақсаттардың орындалуын қамтамасыз ететін моделін дайындауда жүйелілік керек. Аталған тетіктердің барлығы бір бірімен тығыз байланысты. Қабылданған шешімдердің орындалуы басқару жүйесіндегі мамандар мен қызметкерлерден  біліктілікті, кәсіби шеберлікті талап етеді. Осы талаптардың орындалуын  қадағалау керек. Олардың сақталуы экономиканы дамытуға жол ашады.

Әңгімеміз агроөнеркәсіп кешенін дамытудың бағыттары мен басты тетіктерін қамтыды. Олардың ерекшеліктері мен қолданысқа жеткізу тәсілдері  қамтылған жоқ. Қысқа мақалада ол мүмкін де емес.

Ғалижан МАДИЕВ,
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің профессоры,
экономика ғылымдарының кандидаты

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here