КОНФЕРЕНЦИЯ ӨЗЕГІ – «ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ДАМУ ЖОЛЫ»

0
162

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Қазақ елінің жаңа дәуірі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Айтулы шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, ҚР Сенаты мен Мәжіліс депутаттары, Алматы қаласы әкімдігінің және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, тарихшы ғалымдар мен сарапшылар қатысты.

Конференцияның ашылуында ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттықтау хатын ҚР Парламенті Сенатының әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Мұрат Бақтиярұлы оқыды. Хатта: «Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына байланысты іс-шаралар халыққа рухани серпіліс әкелуі қажет. Бұл тарихи датаның мәні мен маңызын халыққа түсіндіру, ашып көрсету өте маңызды. Осы тұрғыдан алғанда «Қазақ елінің жаңа дәуірі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның берері мол», – делінген.

Сонымен қатар ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулиннің, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің және Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың құттықтау хаттары оқылды.

ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулиннің конференцияға қатысушыларға жолдаған хатында: «Мемлекетіміздің тағдыры мен болашағы әрбір Қазақ елі азаматының, әсіресе білімді де талапты жастардың қолында. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ осы жолда ерекше рөл атқарып отыр», – делінген.

Конференция барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жұлдыз Сүлейменова онлайн қосылып, «Тәуелсіздік тұғырын нығайтуда ҚазҰУ-дың үлесі зор. Отандық ғылым, білім саласының білікті кадрлары егемен еліміздің кемел келешегін қалыптастыруға елеулі үлес қосып келеді», – деді.

Жиынға қатысушылар Қазақстанның әлемдік қауымдастықтағы алатын орны мен маңызын, сыртқы саяси қатынастарының қалыптасу үдерісі туралы келелі ойларын ортаға салды.

Конференцияда ұлт тарихындағы маңызды оқиғаларға шолу жасалып, тәуелсіздігіміздің бастауында тұрған тұғырлы тұлғалар туралы да кеңінен сөз болды.

Жиын қорытындысында ғалымдар «Бүгінгі конференция тәуелсіз Қазақстан тарихының әлемдік деңгейде зерттелуіне жаңа серпін береді» деп атап өтті.

Ұлтымыздың жаңа дәуірдегі тарихын зерделеген конференция материалдары алдағы уақытта арнайы жинаққа топтастырылып, тарихшылар қауымына, ізденіс жолындағы жас ғалымдар мен білім алушыларға ұсынылатын болады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here