

Мәдениет – кез келген халықтың болмысын айқындап, бет-бейнесін айшықтайды. Халқымызда бабадан балаға мирас болып келе жатқан ұлттық өнері, салты мен дәстүрі, бірегей әдеби һәм мәдени мұралары бар. Мыңжылдықтар белесінде қазақтың жауһар мәдениеті Ұлы Дала төсіндегі халқымызбен бірге жасап, өсіп-өркендеп келе жатыр. Жасанды интеллект өркендеп, цифрлық дәуір қарқынды дамыған кезеңде мәдениетімізден алшақтамай, керісінше оны өркендеуіне үлес қосу – ұлттық кодымыздан алшақтамауға зор септігін тигізбек. Бұл – ұлттық бірегейлегімізді нығайтуда өте өзекті. Ата Заңымыздың Кіріспесінде мәдениетімізге жете мән беріліп, үлкен маңыз берілуі осы пайымымызға нақты айғақ. Жаңа Конституцияда мәдениет пен білім, ғылым мен инновация құндылықтарының басты бағдарға алынуы – еліміздің алдағы дамуында руханиятқа жете мән берілетінін бағамдаймыз. Ұлттың ұлылығын ұлықтау – елдің келешегінің кемел екенін білдірсе керек.
Қазақтың дәстүрлі «Ою-өрнегі» ресми түрде ИСЕСКО-ның Ислам әлемі мұралары тізіміне енді
МӘДЕНИЕТ ПЕН ӨНЕР – СТРАТЕГИЯЛЫҚ БАҒЫТ
Жаһандану дәуірінде ұлттық бірегейлікті сақтау мәселесі бұрынғыдан да өткір сипат алып отыр. Ақпарат ағынының күшеюі, мәдени ықпалдардың таралуы – кез келген халықтың руханиятына өз қаупін туғызып отырғаны жасырын емес. Осындай жағдайда қазақ халқының сан ғасырлар бойы қалыптасқан рухани құндылықтары, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы – тек мәдени мұра ғана емес, елдің тұтастығы мен тұрақтылығын қамтамасыз ететін стратегиялық ресурсқа айналып отыр. Бүгінгі міндет – сол құндылықтарды сақтау ғана емес, оларды жаңа заман талаптарына сай бейімдеп, қоғам өмірінің белсенді бөлігіне айналдыру.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында мәдениет пен өнерге қатысты пайымды пікір білдіріп, салиқалы ой айтты. Ел Президенті мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағдарының бірі – мәдениет пен өнер екендігіне маңыз берді. Себебі, қоғамның санасы жаңғырмаса, реформалар ойдағыдай нәтиже бермейді.
«Біз руханият мәселелеріне айрықша мән береміз. Бұл салада бұрын-соңды болмаған ауқымды шаруалар қолға алынады… Жас ұрпақтың ұлттық бірегейлігімізді өнерімен айшықтап, ұлтымызды жаһан жұртына танытуы – зор мақтаныш. Жастардың күш-қуаты, ынта-жігері, жаңашылдығы мен жасампаздығы кез келген салаға зор серпін береді. Сондықтан, біз өскелең ұрпаққа әрдайым жан-жақты қолдау көрсетеміз. Олардың ұлттық құндылықтармен қатар жаңа заманның жақсы қасиеттерін бойына сіңіруіне барынша жағдай жасаймыз», – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Расында да жастар – ұлттық құндылықтардың негізгі тасымалдаушысы. Десе де қазіргі буын жаһандық мәдениеттің ықпалына көбірек ұшырайды. Бұл – табиғи құбылыс. Сондықтан, мәселе жастарды шектеуде емес, оларға дұрыс бағыт-бағдар беруде. Ұлттық құндылықтарды жастарға жүйелі жеткізудің бірнеше тиімді жолы бар. Біріншіден, білім беру жүйесінде ұлттық мазмұнды күшейту қажет.
Екіншіден, тарихи тұлғалар мен оқиғаларды заманауи форматта насихаттау. Бұл мақсатты креативті индустрия мен кино саласы арқылы іске асыруға мүмкіндік бар. Бүгіндері идеология тек ресми құжаттар арқылы емес, ақпараттық кеңістік арқылы қалыптасады. Әлеуметтік желілер, кино, музыка, блогосфера құндылықтарды тарату құралына айналды. Бұл тұрғыда отандық медиаға, соның ішінде мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын бұқаралық ақпарат құралдарына үлкен жауапкершілік жүктеледі. Ұлттық құндылықтарды насихаттау жүйелі, кәсіби және тартымды болуы тиіс. Құрғақ насихат емес, сапалы контент қажет. Қазіргі көрерменнің немесе оқырманның талғамы – биік, таңдауы – жоғары. Мәселен, тарихи тақырыптағы деректі фильмдер, ұлттық дәстүрлерді түсіндіретін қысқа видеолар, заманауи тілде жазылған сараптамалық мақалалар – қоғамға әлдеқайда тиімді әсер етеді.
Үшіншіден, көпшілік көп қолданатын әлеуметтік желілерде сапалы ұлттық контентті арттыру керек. Төртіншіден, мәдени жобаларды интерактивті форматта ұйымдастырған абзал. Жастар ұлттық құндылықтарды жасаушы, дамытушы ретінде қабылдау қажет. Сонда ғана рухани сабақтастық үзілмейді.
ЖАҢҒЫРУ ЖАҢҒЫРЫҚҚА АЙНАЛМАЙДЫ
Рухани жаңғыру мәселесінің мемлекеттік деңгейде көтеріліп келе жатқанына ондаған жылдар болды. Алайда, кез келген бастама нақты нәтижемен өлшенуі тиіс деп ойлаймын. Менің ойымша, рухани құндылықтарды жаңғырту – науқандық іс-шара болмауы тиіс. Ол үшін ұлттық мәдени жобаларды қолдау үзілмеуі тиіс, өңірлік дәстүрлерді зерттеу және насихаттау жүйелі түрде жүргізілгені абзал, архивтік және тарихи деректерді цифрландыруға тың қарқын берген дұрыс, ұлттық брендтерді қалыптастыруға заманауи тұрғыдан зер салған жөн.
Осы ретте соңғы жылдары рухани-мәдени мұраларымызды ұлықтау, ұлттық жауһарларымызды жаһандық деңгейде дәріптеу тұрғысында атқарылған ілкімді істерге тоқталып өтсек. 14 жылда алғаш рет аса құнды «Хандар шежіресі» қолжазбасын ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» деректі мұралар тізіміне енгіздік. Биыл жазда Корея Республикасының Пусан қаласында Бүкіләлемдік мұралар комитетінің кезекті отырысы өтеді. Сол кезде «Маңғыстаудың жерасты мешіттерін» ұйым тізіміне қосу мәселесі қаралады. Қазір Қазақстан материалдық емес мәдени мұралар тізіміне өз нысандарын белсенді түрде енгізіп жатқан 25 елдің қатарына кіреді.
Қазақтың дәстүрлі ою-өрнегі ислам әлемінің мәдени қазынасы ретінде халықаралық деңгейде мойындалды. 2026 жылғы 11 ақпанда өткен ИСЕСКО Ислам әлемі мұралары комитетінің 13-сессиясында ұлттық ою-өрнекті беделді тізімге енгізу туралы шешім қабылданды. Бұған дейін 2023 жылы ИСЕСКО тізіміне түркі өркениетінің басты нышандарының біріне айналған дәстүрлі Тоғызқұмалақ ойыны енгізілген еді. Бұл үрдіс Қазақстанның бай рухани мұрасын әлемге танытудағы жүйелі жұмыстың жалғасы екенін аңғартады.
Ел Президентінің Ұлттық құрылтай отырыстарында берген тапсырмаларына сәйкес, еліміздің мәдени мұра нысандарын ЮНЕСКО және ИСЕСКО тізімдеріне енгізу бағытындағы жұмыс алдағы уақытта да жалғаса бермек.
ҰЛТТЫҚ КОДТЫҢ ӨЗЕГІ ҚАЙДА?
Ұлттық кодтың өзегі – тіл, діл және дәстүр. Бұл үштік бір-бірімен тығыз байланысты. Тіл арқылы дүниетаным беріледі, дәстүр арқылы ол бекітіледі, ал діл – соның ішкі мазмұны мен рухани өзегі. Бүгінгі күндегі басты міндет – халқымыздың баға жетпес қазынасы ұлттық мұрасын сақтап, ұрпаққа табыстау. Бұл ретте Ата Заңымыздың Кіріспесінде мәдениетті дамытуға ерекше маңыздың берілуі көңілге қуаныш ұялатады.
Халқымыздың мәдениеті уақытпен бірге өзгеріп, жаңарып отырған динамикалық жүйе. Күй, жыр, терме, айтыс – халықтың тарихи жады мен дүниетанымының көрінісі. Қазіргі кезеңде мәдениеттің формасы өзгергенімен, мазмұны сақталуы тиіс. Мысалы, дәстүрлі өнерді цифрлық форматқа көшіру, ұлттық нақыштағы заманауи музыка, кино және әдебиет туындыларын жасау – мәдениетті жаңғыртудың тиімді жолдары. Бұл жерде ең басты мәселе – мазмұнның жұтаңдап кетпеуі.
Халқымыздың материалдық емес мәдени мұраларын қорғау да бүгіндері назар аударатын мәселе. Бұл ретте Мәжілісте арнайы заң жобасы да әзірленді. Депутат Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, салт-дәстүр, ән мен күй, ырым мен тыйым, тарих пен шежіре, айтыс пен жыр, аңыз мен ертегі сияқты ұлттық жауһарларымыз – қолмен ұстауға келмейтін, бірақ ұлттық бірегейлік үшін санаға сіңуі тиіс құндылықтар.
«Ауылдағы жалғыз қария ғана білетін күй, шебермен бірге кететін өнер дағдылары, ұмытыла бастаған ырым-тыйым – мұның бәрі ұлттық бірегейліктің, қажет десеңіз ұлттық қауіпсіздіктің мәселесі… Егер бүгін соңғы жырау, немесе киіз басудың ерекше техникасын білетін соңғы шебер дүниеден өтсе – бұл білім мәңгілікке жоғалады. Оған «реставрация» жасай алмаймыз. Мұра да, оны жеткізуші де бүгін бар. Бірақ уақыт өтіп барады. Ертең мәдени мұраларымызды жеткізетін адам қалмауы мүмкін», – дейді Асхат Қанатұлы.
Рухани негізі мықты ұлт қана жаһандану дәуірінде өз жолын жоғалтпай, болашаққа сеніммен қадам басады. Бүгінгі таңда басты міндет – сол құндылықтарды заман талабына сай жаңғыртып, қоғам өмірінің барлық саласына енгізу. Бұл бағытта мемлекет, қоғам және әрбір азамат бірлесе әрекет етуі тиіс.
Алдағы жылдары елімізде халықтың жады мен ғылым-білімін жинақтайтын «Ұлттық цифрлық мұра» қоры құрылмақ. Биыл көктемде Жошы хан туралы деректі фильмді түсіру жұмыстары аяқталып, Астана мен Алматыда Президенттік кітапханалардың құрылысы басталады.
Биылғы мамыр айында әлемнің беделді ғалымдарының қатысуымен Алтын Орда тарихына арналған халықаралық симпозиум ұйымдастырылып, «Өр Алтай – түркілердің ата қонысы» тақырыбында халықаралық конференция өткізу жоспарланған.
Төл тарихымызды зерделеу, өнеріміз бен мәдениетімізді өркендету үшін әлі де көп жұмыс істелуге тиіс екендігі бесенеден белгілі. Бұл бағыттағы ауқымды істер алдағы уақытта да жалғасын таба бермек. Ең бастысы – ұлттың ұлылығын ұлықтауды ұдайы назарда ұстасақ болғаны.
Жандар АСАН










