«Әбіл» фильмінің сюжеті ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында өрбитін, көрерменнен терең ой мен сабыр талап етер күрделі шығарма. 1993 жылы миллиондаған ауыл тұрғыны бір-ақ күнде барынан айырылып, қатыгез жекешелендіру науқанының құрбанына айналды. Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы терең әрі көп жағдайда үнсіз қалдырылып келген осы қасірет бүгінде киноэкранда қайта жаңғырып отыр. Режиссер Елзат Ескендірдің «Әбіл» драмасы – қаржы тапшылығы мен бюрократиялық кедергілерге қарамастан түсірілген, сатқындықтың құрбаны болған қойшы туралы фестивальдік фильм ғана емес, бұл туынды тоқсаныншы жылдардың аласапыран дәуіріне шығарылған ымырасыз үкім. Фильм авторлары ұжымшарлардың күйреуі мен ХХ ғасырдың отызыншы жылдарындағы ашаршылықтың арасындағы тарихи сабақтастықты батыл көрсетіп, көпшіліктің көкейінде жүрген қазақ халқының жан дүниесін, қазақ ауылының рухын жою кімге тиімді болды деген күрделі сауалды алға тартады.

«ӘБІЛДІ» БЕЛГІЛІ БІР ДЕҢГЕЙДЕ ӨМІРБАЯНДЫҚ ФИЛЬМ ДЕУГЕ БОЛАДЫ»
Халықаралық көптеген кинофестивальде жоғары бағаланып, жүлделерге ие болған Елзат Ескендірдің «Әбіл» драмасы ақыры еліміздің кең прокатына шықты. Тоқсаныншы жылдардың басы, жекешелендіру кезеңі келіп, Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін елдің қоғамдық-экономикалық жүйесі социализмнен капитализмге бет бұрды. Бұрын бүкіл халықтың ортақ меншігі саналған мемлекеттік мүлік жекешелендіруге беріліп, тұрғындар арасында үлестіріле бастады. Алайда, есімі қасиетті кітаптағы Әбілді еске салатын, «Баянқазақ» ұжымшарының адал да еңбекқор шопаны Әбілдің үміті ақталмайды. Жүз саулықтан жүз елу-жүз сексен қозы өргізген озат шопанға тиесілі үлес бұйырмайды. Ұжымшар төрағасы мен оның сыбайластары алдап-арбап, бар мүлкін тартып алып, Әбіл мен оның отбасын тентіреп кетуге мәжбүр етеді.
Елзат Ескендір фильмнің сценарийі 2015 жылы жазылғанын айтады. Бұдан кейін ол продюсерлермен бірге қаржыландыру көздерін іздей бастаған. Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы ұйымдастырған питчингке бірнеше рет қатысқаннан кейін, тек үшінші талпыныс сәтті болып, 2022 жылы мемлекеттік қолдауға ие болады.
Режиссер Қазақстандағы ұжымшарлардың күйреуі тақырыбына оны өз балалық шағы жетелегенін айтады: «Сол бір кезеңнің экономикалық та, әлеуметтік те зардаптары әлі күнге дейін халқымыздың тағдырынан өшкен жоқ. Осы шындық мені бұл тақырыпқа қайта-қайта оралуға мәжбүр етті. Экранда баяндалған оқиғалардың бәрі менің көз алдымда – Алматы облысының Ұйғыр ауданында өтті. Сондықтан «Әбілді» белгілі бір деңгейде өмірбаяндық фильм деуге болады».
Режиссердің айтуынша, бастапқы жоспар бойынша түсірілімді 38 күнде аяқтау керек болыпты. Алайда, оған қол жеткізу мүмкін болмаған. Себебі, мемлекеттік қаржыландырудың алғашқы бөлігі тым кеш бөлініп, дайындық жұмыстары мен түсірілім кезеңінің жартысына жуығын қаржысыз өткізуге тура келген. Соның салдарынан фильмнің небәрі 65-70 пайызын ғана түсіріп үлгерген.
2023 жылы жағдай одан әрі қиындап, мүлде қаржы тапшылығына тап келеді. Тапсырыс беруші – «Қазақфильм» киностудиясы бекіткен продюсерлер жобадан кетеді. Содан кейін режиссер бүгінгі таңда Қазақстандағы ең танымал кинопродюсерлердің бірі Серік Әбішевпен бірге қосымша қаржы іздеуге кірісіпті. Сонымен қатар, қолдағы түсірілген материалды да қатар монтаждап отырған.
Осы аралықта бірнеше рет белгілі кино мамандарының қатысуымен фокус-топ ұйымдастырылған. Олардың қатарында режиссерлер Сергей Әзімов пен Дәрежан Өмірбаев, драматург Нұрлан Санжар, актер Асанәлі Әшімов, сондай-ақ кинотанушы Гүлнар Әбікеева бар.
«Фильмді көрген мамандардың бәрі оған жоғары баға берді. Менің ұстазым, режиссер Сергей Әзімов туындының тағдырына да, біздің еңбегімізге де шын жанашырлық танытып, түсіру тобына қосылуға ниет білдірді. Ол фильмге өз қаражатынан қаржы салды. Оның шақыруымен қосалқы продюсер ретінде жұмысқа араласқан медиа-менеджер Ерлан Бекхожин мен продюсер Серік Әбішев те «Әбілдің» қосымша түсірілімдерін өз қалталарынан қаржыландырды. Ал, мен «болу немесе болмау» деген таңдау алдында режиссерлік қаламақымның бәрінен бас тарттым. Өйткені, фильмнің мүлде тоқтап қалу қаупі туды. Егер біз осындай қадамға бармағанда, түсірілген материалдың бәрі «Қазақфильмнің» сөресінде шаң басып жатар еді», – дейді режиссер.
ФИЛЬМДЕ ДАЛАНЫҢ ТЫЛСЫМ ҚУАТЫ МЕН РУХЫ САҚТАЛҒАН
Фильмнің тағы бір ерекшелігі – оның қоюшы операторы ретінде әйгілі поляк кинематографисі Иоланта Дылевска жұмыс істеген. Ол бұған дейін режиссер Сергей Дворцевойдың «Қызғалдақ» және «Айка» фильмдерінде оператор болған.
«Алғашқы кезеңде бізбен бірге жұмыс істеген креативті продюсер Анна Вильгельм бірнеше оператордың есімін атап, «Қайсысымен жұмыс істегің келеді?» деп сұрағанда, еш ойланбастан Иоланта Дылевсканы таңдадым. Бірақ, оның келісетініне өзім де сене қойған жоқпын. Біз оған сценарийді жібердік. Оқып шыққан соң, ол қазақ даласы бұл шығармада кезінде «Қызғалдақты» түсіргенде көріп, сүйсінген қалпында бейнеленгенін айтты. Оның сөзінше, фильмде сол даланың тылсым қуаты мен рухы сақталған. Дайындық жұмыстарын бейнебайланыс арқылы бірге талқыладық. Ал, түсірілім басталардан бір ай бұрын Иоланта Алматыға келіп, жұмысқа тікелей араласты», – дейді Елзат Ескендір.
Режиссер басты кейіпкер – шопан Әбілдің рөлін сомдайтын актерді табу әлдеқайда қиынға соққанын айтады. Ол сценарий дайын болған 2015 жылдан бастап осы рөлге лайық адамды іздей бастаған. Режиссер бастапқыда Қазақстандағы барлық танымал актерлерді ой елегінен өткізіпті. Кейін актерді шығармашылық ортадан іздеген. Режиссер басты рөлге кәсіби актерді емес, өмір бойы мал соңында жүрген нағыз шопанды түсіруді армандапты. Бірақ, мемлекеттік талап бойынша кәсіби емес адамды фильмге түсіру үшін оны кемінде бір жыл арнайы дайындау қажет еді.
«КӨШПЕНДІ РУХТЫ ЖОҒАЛТПАҒАН ЖАН»
«Неліктен мен дәл Ерлан Төлеутайды таңдадым? Себебі, ол далаға тән табиғи болмысты, көшпенді рухты жоғалтпаған жан. Мұны оның кескін-келбетінен, қимыл-қозғалысынан, мимикасынан, ишарасынан, жүріс-тұрысынан анық аңғаруға болатын еді. Кәсіби актерлердің арасынан мұндай табиғилықты табу мүмкін емес болатын. Ерланды таңдағанда мен қателескен жоқпын. Ол шопан Әбілдің бейнесін соншалықты шынайы әрі терең сомдады. Мен көрерменнің жүрегіне жол тауып, ойына қозғау саламын деген басты мақсатыма дәл осы кейіпкер арқылы жетемін деп сенемін», – дейді режиссер.
2024 жылдың алғашқы жартысында «Әбіл» фильмінің жұмысы толық аяқталды. Осыдан кейін режиссер мен продюсерлер туындыны халықаралық кинофестивальдерге таныстырып, оның шетелдік сапарын ұйымдастыратын маман іздеуге кіріседі. Бұл міндетті бүгінде Парижде тұратын қазақстандық продюсер Юлия Ким өз мойнына алады.
«Әбілдің» халықаралық сапары Швецияда өткен 48-ші Гётеборг халықаралық кинофестиваліндегі әлемдік премьерасынан басталады. Кейін фильм әлемнің көптеген беделді кинофестивальдерінде көрсетіліп, ондаған мәрте жүлдеге ие болған. Режиссердің айтуынша, қазір де түрлі халықаралық кинофорумдардан шақыртулар келіп түсуде. Алайда, халықаралық мойындауға қарамастан, фильмнің ел ішіндегі көрермендік тағдыры режиссер үшін әлі де беймәлім.
«Қазір мен өзімді алда қандай бағыт күтіп тұрғанын білмей, ашық теңізге жалғыз шыққан жолаушыдай сезінемін, – дейді Елзат Ескендір.
«Әбіл» негізінен мемлекеттік қаржыға түсірілгенімен, өкінішке қарай, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы фильмді насихаттауға қаражат бөлмейді. Жалпы, Қазақстанда авторлық киноны көрерменге жеткізу оңай емес екенін айтады режиссер. Маркетингтік қолдау көбіне коммерциялық жобаларға ғана көрсетіледі. Оларды түсіретін тәуелсіз студиялар жарнамаға қомақты қаржы жұмсайды. Ал, «Әбілдің» жағдайында халықаралық фестивальдердегі табыстары оның ең үлкен жарнамасына айналған. «Фильм туралы түрлі бұқаралық ақпарат құралдары жаза бастады, сөйтіп туынды өзін-өзі таныта алды деуге болады», – дейді режиссер.
25 маусымнан бастап «Әбіл» фильмі республикалық прокатқа шықты. Режиссердің айтуынша, алғашқы апта фильмнің тағдырын айқындайтын шешуші кезең. «Дәл осы уақыт отандық көрерменнің өзі туралы, өз тағдыры мен тарихы туралы түсірілген киноға қаншалықты қызығушылық танытатынын көрсетеді», – дейді режиссер.
«ФИЛЬМДЕ СУРЕТТЕЛЕТІН ЖЫЛДАРДАҒЫ ӘДІЛЕТСІЗДІКТІҢ БӘРІН ӨЗ БАСЫМНАН ӨТКЕРДІМ…»
Елзат Ескендірдің «Әбіл» фильмінде басты рөлді сомдаған Ерлан Төлеутай – кәсіби актер емес. Дегенмен, оның өмір жолы кино әлемімен біте қайнасқан. Өнертанушы-тарихшы мамандығын меңгерген ол ұзақ жылдар бойы «Қазақфильм» киностудиясында анимациялық фильмдердің бас редакторы болып қызмет атқарды. Ұлттық киностудия түсірген көптеген тарихи фильмдердің диалог авторы ретінде танылды. Сонымен қатар, өзі де деректі фильмдер түсіріп, «Қазақфильм» мен телеарналарға арналған көптеген сценарий жазған.
«Көркем, анимациялық және деректі киноның ішкі табиғатын жақсы білемін. Бірақ, Елзат Ескендір маған басты рөлді ұсынғанда бірден бас тарттым. Ол кезде Елзат «Өліара» қысқаметражды фильмі үшін Пусан халықаралық кинофестивалінің Бас жүлдесін жеңіп үлгерген еді. Егер басты рөлдің жүгін көтере алмасам, оның беделіне нұқсан келтіріп аламын деп қорықтым. Бірақ, Елзат райынан қайтпады. «Көрермен Әбілге сенуі керек. Ал, мұндай шынайылықты кәсіби актер бере алмайды», – деді. Сценарийді оқып шыққан кезде оның оқиғасы да, басты кейіпкердің мінезі де маған етене таныс екенін аңғардым. Фильмде суреттелетін жылдардағы әділетсіздіктің бәрін өз көзіммен көріп, өз басымнан өткердім», – дейді Ерлан Төлеутай.
Ұжымшарлар мен кеңшарларды тарату әуелі Қарағанды облысынан басталған. Фильмнің бас кейіпкерінің айтуынша, ол өзі дүние есігін ашқан Шет ауданындағы «Ортау» кеңшары алғашқылардың бірі болып таратылған. Сол кезде бас кейіпкер тарих факультетінің студенті әрі Қарағанды облыстық телеарнасында штаттан тыс редактор болып жұмыс істеген екен.
«Бір күні облысқа сол кездегі Премьер-министр Сергей Терещенко келді. Ауыл адамдарының бойында үміт оянды. «Бейберекет жекешелендіруді, ауылдың күйзелісін көреді, бәрін Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа жеткізеді, бәлкім шаруашылықтарды тарату тоқтар» деп сенді.
Алдымен оны гүлденіп тұрған, миллионер шаруашылық саналатын «Восток» кеңшарына апарды. Кеңшар директоры Кәкім Закишев үлгілі шаруашылығын мақтанышпен көрсеткенде, күтпеген жағдай болды. Терещенко аяқ астынан ашуға булығып, директорды көпшілік алдында балағаттап: «Мұның бәрі не үшін керек? Етті біз шетелден сатып аламыз!» – деді. Бұл сөз сол сәтте-ақ бүкіл өңірге тарап кетті. Ауыл адамдарының соңғы үміті де үзілді. Ал, кеңшар директоры сол кездесуден кейін инфаркт алып, құлап түсті», – дейді Ерлан Төлеутай.
Фильм кейіпкері дәл осы оқиғаның куәсі болғанын айтады. Бұл көрініс жадынан ешқашан өшкен емес. Кейде ол өзіне: «Тұтас бір Үкімет басшысы өз халқына қалайша осылай қарай алды?» деген сұрақ қойғанын айтады. «Әлде Терещенко қазақ болмағандықтан біздің жан жарамызды сезінбеді ме? Бірақ, оның үстінде отырған адамның өзі қойшының баласы емес пе еді? Ол өз халқына мұндай қиянатқа қалай жол берді?» – дейді Ерлан Төлеутай.
Ол «Әбіл» фильміне түскен кезде сол күндер көз алдына қайта оралған. Себебі, ол ауылдағы жоқшылықты, адамдардың күнкөріс үшін күресін өз көзімен көрген. «Иә, бұл отызыншы жылдардағыдай алапат ашаршылық емес еді. Бірақ, ел күнелтуге әрең жетті. Әсіресе, 1996 жыл Қарағанды облысының ауылдары үшін ең ауыр кезең болды», – дейді Ерлан Төлеутай.
Оның айтуынша, сол жылдары өзінің де, өзі сияқты талай шопан да бастан өткерген қасіреттің бәрін Әбілдің бейнесіне сіңіруге тырысқан. «Менің Әбілім – туған жерімдегі қарапайым ауыл адамдарының жиынтық тұлғасы. Әр көрініс деректі фильмдей шынайы болғанын қаладым. Режиссердің де талабы дәл сондай еді. Сондықтан ол кәсіби актерлерден әдейі бас тартты. Өйткені, олар кейде қайғыны әсірелеп көрсетеді. Ал, Елзатқа жасанды әсер емес, өмірдің өз шындығы керек болды», – дейді ол.
Фильмдегі көршілердің дастарқанындағы көрініс бас кейіпкер үшін ерекше маңызды болыпты. Ол сол эпизодқа ұзақ дайындалғанын айтады. «Өйткені, халыққа дәл осындай – шындық үшін жанын қиюға даяр қарапайым адамның бейнесі қажет екенін сезіндім. Әр тынысымды, әр қимылымды қайта-қайта пысықтадым», – дейді ол.
Ерлан Төлеутайдың айтуынша, фильмдегі Әбілдің мына сөздері оның жан дүниесін дәл бейнелейді: «Егер Кеңес өкіметі ата-бабамның малын тартып алып, оларды аштыққа ұрындырмағанда, бәлкім менің тағдырым мүлде басқа болар ма еді. Бірақ, шопан болғаныма еш өкінбеймін. Жүз қойдан жүз елу-жүз сексен қозы алып жүрдім. Соның бәріне маңдай терімді төктім. Ал, бүгін қолымда ештеңе қалған жоқ…»
Ерлан Төлеутай тоқсаныншы жылдары қазақ ауылында болған оқиғалар 1920-30 жылдары Филипп Голощекиннің Кремль саясатын Қазақстанда жүзеге асырған кезеңін еріксіз еске салатынын айтады. «Меніңше, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында сол саясат басқа кейіпте тағы қайталанды. Бұл кездейсоқ емес, саналы түрде жасалған әрекет болды деп ойлаймын», – дейді ол.
Өйткені, қуатты, еңселі ауыл ешкімге керек болмады. Ал, ауыл әлсіресе, қазақ өзінің тамырынан, өзінің болмысынан айырылады. Себебі, ауыл – қазақтың жүрегі де, жаны да. Өмір көрсетіп отырғандай, қаладағы зиялы қауымның бір бөлігі билікке бейімделіп, халықтың мүддесінен алыстап кететін кездер аз емес…
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
«Әбіл» – уақыттың өзіндей қатып қалған бейне, бағалы тастың ішінде сақталғандай күйдегі адам болмысының көркем көшірмесі. Мұндағы тұлға жай ғана драмалық кейіпкер емес, трагедиялық тағдыр иесі. Өйткені, оған қоғамның, тұрмыстың ауыртпалығынан бөлек, жеке өмір мен отбасының да күрмеулі мәселелері қабат жүктеледі. Соның бірі – үлкен ұлының қалада қиын жағдайға тап болып, әкесінен қарызға бір қой сұрауы. Алайда, бұл қарыздың қайтпайтыны да анық еді. Дегенмен, Әбіл өз ұстанымына берік, ар-ожданынан айнымайтын адам ретінде ұлының өтінішін орындаудан бас тартты.
Нұрлайым ЖАҚЫПҚЫЗЫ











