Ахмет Байтұрсынұлы мен Телжан Шонанұлының бірлесіп жазған «Оқу құралы» – қазақтың оқу-ағарту тарихы, ұлттық тарих, этнография, шаруашылық және мәдениет үшін де аса құнды дереккөз. 1927 жылы жарық көрген осы хрестоматиялық еңбектегі тарихи фотосуреттердің бірқатарының шығу тарихы мен суретте бейнеленген адамдардың кім болғаны арнайы зерттеуді қажет етеді. Осы мақалада «Оқу құралындағы» «6-ыншы сүгірет: Ақмешіт қойы мен ешкісі» атты тарихи фотосуреттің шығу және жариялану тарихы қарастырылып, суреттегі малшының кім болғанын анықтауға мүмкіндік беретін кітаптағы мәтін, этнографиялық дерек, ауызша мәлімет және 2002 жылы жазылған хат өзара салыстырылады. Зерттеудің негізгі мақсаты – Алаш қайраткерлерінің оқулығына енген тарихи фотосуретті жай иллюстрация ретінде емес, белгілі бір дәуірдің әлеуметтік-экономикалық және этнографиялық болмысын танытатын дерек ретінде қарастыру және суреттегі адамның есімін тарихи жадыға қайтаруға мүмкіндік беретін деректерді ғылыми айналымға ұсыну.
Қос ғалымның ортақ мұрасы қандай кітап?
Ахмет Байтұрсынұлының Телжан Шонанұлымен бірге жазған көлемді «Оқу құралы» 1927 жылы Қызылордадағы Қазақстан мемлекеттік баспаханасынан 412 бет болып басылып шыққан. III-IV сыныптарда оқылатын хрестоматиялық еңбектің екінші және үшінші басылымдары ғылымға белгілі. Бірінші басылымы әзірге қолға түскен жоқ.
Бұл «Оқу құралы» А.Байтұрсынұлының бұған дейінгі көптомдықтарына және өзге де жинақтарына енгізілген. 2004 жылы алғаш рет қазіргі қазақ әрпіне түсіріліп, А.Байтұрсынұлының бес томдық шығармалар жинағының ІІ томында жарияланды. Түпнұсқа негізіндегі басылыммен қайта салыстырылып, 2013 жылы жарық көрген ғалымның алты томдық жинағының ІІ томына енгізілді. Екі автор бірге жазған көлемді еңбек 2017 жылы Мемлекеттік тілді дамыту институты шығарған Т.Шонанұлының бес томдық шығармалар жинағының IV томына да енді. 2022 жылы А.Байтұрсынұлының он екі томдық толық жинағы мен бес томдық академиялық толық жинағына енгізілді.
Бізге белгілі екінші және үшінші басылымдардың арасында елеулі айырмашылық жоқ деуге болады.
Хрестоматиялық еңбек бастауыш мектептің III-IV жылдықтарына арналған. Онда қазақ тарихы, әдебиеті, қазақ тілі, жағрафия, шаруа-кәсіп, жаратылыстану және басқа да ғылым салалары бойынша сан алуан мағлұмат берілген. «Оқу құралы» екі бөлімнен тұрады: бірінші бөлім – «Әдебиет, тұрмыс, еңбек», екінші бөлім – «Ғылым». Бірінші бөлімде тарих тарауы қамтылып, барлығы 162 тақырып берілсе, «Ғылым» бөлімінде «Өсімдік пен жандық», «Табиғат құбылыстары», «Дүние» атты үш ірі тарауға топтастырылған 62 тақырып бар. Осылайша, кітапта 229 тақырып қамтылған.
Бұл кітапты А.Байтұрсынұлының 1912-1925 жылдар аралығында сегіз рет басылған «Оқу құралы (Қазақша әліфба)» оқулығымен шатастыруға болмайды. Ол – жаңа сауат ашушыларға арналған әліппе болса, Телжан Шонанұлымен бірге жазған бұл еңбек – III-IV сыныптарға арналған көлемді хрестоматия. Оның мақалаларының көлемі де, мазмұны да әлдеқайда ауқымды.
Екі автор кітаптың алғы сөзінде «Оқу құралын» 1923 жылы баспаға дайындағандарын жазады. Сол кезеңде жаңа оқу бағдарламаларының жобалары жасалып жатқандықтан, кітап сол бағдарламаларға негізделіп әзірленген. Кейін бағдарлама толық шыққан соң оқулықты соған бейімдеу қажеттігі туғанымен, уақыттың тығыздығына байланысты үшінші басылым өзгеріссіз шығарылған. Авторлар келесі басылымда кітапты жетілдіру, екі бөлімге бөлу, тұрмыстық және аймақтану білімдерін кеңейту қажеттігін де атап өткен.

Оқулықтағы «Ақмешіт қойы мен ешкісі» атты суреттің сыры
«Оқу құралындағы» 229 тақырыптың әрқайсысы дерлік жеке зерттеу нысаны болуға лайық. Соның ішінде кітапқа енгізілген көне фотосуреттер мен сызбасуреттердің де өзіндік тарихы бар.
Авторлар тақырыптарды оқушыға түсінікті әрі қызықты жеткізу үшін мәтінге сәйкес суреттерді кеңінен пайдаланған. Кітапта «Ескі молданың бала оқытқаны», «Қаракөл қойы», «Қазақы қошқар», «Ақмешіттің қойы мен ешкісі», «Буаз нар», «Орыстың желгіш аты», «Ақмешіт қазағының аты», «Түйе сауып тұрған адай әйел», «Түркістандағы қазақ сиыры», «Арқаның бұғысы», «Қостанайдағы киіз үй», «Түлкі мен қара шекпен» сияқты тарихи-этнографиялық сипаттағы 75 сурет берілген. Олардың көпшілігінің шығу тарихы мен суреттегі адамдардың кім болғаны әлі де зерттеуді қажет етеді.
Бірінші бөлімдегі «Жандықтар» тобында қой, ешкі, түйе, жылқы, сиыр, мысық, ит, бұғы тәрізді жануарлар жеке-жеке таныстырылады. Авторлар әр тақырыпқа лайық сурет беріп, кейбіріне әдеби шығармаларды да қосқан. Мәселен, жылқы тақырыбына Абайдың «Аттың сыны» өлеңі ұсынылса, басқа тақырыптарға А.Байтұрсынұлы аударған мысалдар берілген. Бұл – оқушыға бір ғана тақырыпты бірнеше қырынан меңгертетін «Баулу мектебінің әдісіне» негізделген тәсіл.
«Қой» тақырыбынан кейін «Ешкі» туралы мақала беріледі. Онда ешкінің тұқымдары, өсімталдығы, шаруашылықтағы пайдасы ғылыми-танымдық сипатта баяндалған. Дәл осы мәтіннің қасына «6-ыншы сүгірет: Ақмешіт қойы мен ешкісі» атты тарихи фотосурет орналастырылған. Суретте бір қой мен бір ешкіні ұстап тұрған ер адам бейнеленген.
ЕШКІ
Ешкі қойға жақын мал. Қойдан ашаң, сақалы, мүйізі болады. Мүйіз қойдың еркегінде ғана, онда да бәрінде емес, кейбіреулерінде ғана болады. Ешкінің мүйізсізі сирек болады (тоқал ешкі). «Есі кеткен ешкі жияды» деп қазақ дұрыс айтқан. Ешкі уақ малдың сүттісі. Екі ешкі сүті бір сиырдікіне жете қаба болады. Ашаршылықта, сасқанда, есі кеткенде ешкі қол береді, тамағыңды асырайды. Соның үшін ешкіні «іші толған лақ болар, бұты толған бұлақ болар», – дейді.
Ешкінің қай тұқымы да болса пайдалы. Еті қой етінен төмен болғанымен жеуге жарайды. Ешкінің еті мен майы салқында тез тоңазиды. Сүтінен ірімшік, құрт, май алынады. Майы шам зауыттарында ұсталады. Жүнінің түбітінен қымбат бөкебай, шәл, қолғап сияқты нәрселер тоқылады. Терісінен жақсы жарғақтар, былғарылар, местер істеледі. Мүйізі мен тұяқтары қойдікіндей түрлі нәрселерге ұсталады.
Ешкі басқа малдан өсімтал келеді. Көбінесе егіздетіп, кейде үштеп, төрттеп те табады. Ешкі сүтті жәна сүті жақсы болғандықтан сауын үшін ұстауға қолайлы мал.
Кітаптағы осы мәтіннің соңынан сурет беріліп, оның астына: «6-ыншы сүгірет: Ақмешіт қойы мен ешкісі» деген жазу қойылған.
Бірақ суреттегі адамның аты-жөні көрсетілмеген.
Фотосурет қашан және қай жерде түсірілген?
2022 жылғы 6 тамызда осы суретті әлеуметтік желіде жариялап, «мүмкін, суреттегі адам оқырмандарымыздың бірінің атасы шығар?» деген сауал қойған едім. Сол кезде суреттегі адамның кім екені туралы дерек іздеу басталды.
Белгілі этнограф Тәттігүл Қартаева суретке қатысты маңызды мәлімет ұсынды. Оның айтуынша, бұл сурет статистар зерттеу жүргізген кезде Сыр қазақтары жайлаудан қайтып келе жатқан тұста, 1907 жылы, кей дерек бойынша 1910 жылдың қазан айында түсірілген. Фотосуретті алғаш Н.Гаврилов «Переселенческое дело в Туркестанском крае (Области Сыр-Дарьинская, Самаркандская, Ферганская)» атты еңбегінде жариялаған. Кітап Санкт-Петербургте 1911 жылы жарық көрген.
Демек, «Оқу құралына» енген сурет 1927 жылы түсірілген емес, одан шамамен жиырма жыл бұрын жасалған тарихи фотосурет болып шығады.
Осы тұста тағы бір мәселе туындайды: суреттегі малшы кім?
Ырғыздан жеткен бір хабар
Жақында Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ардагер журналист, Ырғыз аудандық қоғамдық кеңесінің мүшесі Марат Қапанұлы Мырзалы хабарласып, осы суретке қатысты өзі білетін деректі айтты.
Оның айтуынша, Телжан Шонанұлы Ырғыздың тумасы болғандықтан, редакцияда қызмет істеген кезінде Телжанмен аталас, немере болып келетін Әлдембеков Райымберлі деген кісі алғашқы шыққан әліппеге Әлдембектің ешкілерінің суреті басылғанын айтқан. Райымберлі ақсақал тіпті сол ешкілердің фотосын да көрсеткен. Кейін ол кісі дүниеден өткен. Марат Қапанұлы сол ақсақалдың жазған хатын сақтап қалған екен.
Осы хат біз үшін мәселенің жаңа бір қырын ашты.
Райымберлі Әлдембековтің хаты
Райымберлі Әлдембековтің 2002 жылғы 27 ақпанда жазған хатында әкесі туралы естігендері баяндалады.
Хатта оның әкесі Сүйінғарин Әлдембектің 1886 жылы 8 мамырда Ырғыз өңіріндегі №1 ауылда дүниеге келгені айтылады. Оның балалары туралы да деректер берілген.
«Әкем туралы Ахмет Байтұрсыновтың (Телжан Шонанұлы екеуі бірге …) ең алғашқы емле әліппесі кітабына: «бір ешкіден, бір жылда 12 бас ешкі өсірген» деп жазған. Ол ешкінің тұқымы жақын уақытқа дейін келіп, кейін қолды боп кетті. Ол ешкінің тұқымы егізден табатын еді, лағы бірінші жылы жалқы, келесі жылы егіз туатын еді».
Бұл жерде хат иесі кітаптың нақты атауын «ең алғашқы емле әліппесі» деп көрсеткен. Алайда Ахмет Байтұрсынұлы мен Телжан Шонанұлының бірге жазған еңбектерін салыстырғанда, біздің қарастырып отырғанымыз – 1927 жылғы «Оқу құралы». Сондықтан хаттағы «әліппе» атауын кітаптың нақты библиографиялық атауы ретінде емес, хат авторының кейінгі естелігіндегі атау ретінде қарастырған жөн.
Ең маңыздысы – хатта Ахмет Байтұрсынұлы мен Телжан Шонанұлы бірге жазған кітапта Әлдембектің ерекше ешкі өсіргені туралы дерек болғаны анық айтылады.


Суреттегі адам Сүйінғарин Әлдембек пе?
Енді қолымыздағы деректерді қатар қойып көрейік.
Біріншіден, «Оқу құралындағы» сурет Ақмешіт қойы мен ешкісін көрсетеді. Яғни, сурет кездейсоқ алынған емес, нақты бір шаруашылық нысанына байланысты түсірілген.
Екіншіден, суреттің 1907 немесе 1910 жылдары Сыр қазақтарының арасынан статистикалық зерттеу кезінде түсірілгені туралы дерек бар.
Үшіншіден, 2002 жылғы хатта Ырғыз өңірінде тұрған Сүйінғарин Әлдембектің ерекше өсімтал ешкі өсіргені және Ахмет Байтұрсынұлы мен Телжан Шонанұлының еңбегінде оның ешкі шаруашылығына қатысты дерек жазылғаны айтылады.
Төртіншіден, Әлдембек кейін колхоздастыру кезеңінде мал бригадирі, ауылнай болып қызмет атқарған. Кеңес дәуірінде жалпы жиналыстарда президиум мүшесі болғаны да хатта көрсетіледі. Бұл оның мал шаруашылығымен айналысқан, ел ішінде беделді адам болғанын аңғартады.
Бесіншіден, хат иесі Райымберлі Әлдембековтің айтуынша, әкесінің ешкі тұқымы бертінге дейін ел арасында сақталған. Яғни, бұл әулеттің ешкі шаруашылығымен байланысы кездейсоқ емес.
Осы деректердің барлығы бір-бірімен қабысады.
Біздің болжамымызға қарсы қандай күмән бар?
Дегенмен, ғылыми ізденісте өз болжамымызға қарсы тұратын деректі де ескеруіміз керек.
Егер сурет 1907 жылы түсірілсе, 1886 жылы туған Сүйінғарин Әлдембек ол кезде шамамен 21 жаста болған. Ал 1910 жылы түсірілсе, 24 жаста. Суреттегі адам сыртқы келбетіне қарағанда қазіргі түсінік бойынша әлдеқайда үлкендеу көрінеді.
Бұл – біздің болжамымызды әлсірететін негізгі күмәндердің бірі.
Алайда бұл жерде сол дәуірдің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын ескеру қажет. Даладағы мал шаруашылығымен айналысқан адамның сыртқы келбеті оның нақты жасын әрдайым дәл көрсете бермейді. Төрт маусымдық көшпелі және жартылай көшпелі тіршілік, табиғи орта, мал соңындағы еңбек адамның сыртқы бейнесіне әсер етуі мүмкін. Оның үстіне фотосуреттегі адамның нақты жасын тек сыртқы келбетіне қарап анықтау ғылыми тұрғыдан жеткіліксіз.
Сондықтан суреттегі адамның жасы жөніндегі күмәнді жоққа шығаруға болмайды, бірақ оны Сүйінғарин Әлдембекті тануға кедергі келтіретін шешуші дәлел деп те қарастыруға негіз жоқ.
Ең маңызды сәйкестік
Біздің болжамымызды күшейтетін ең басты дерек – «Оқу құралындағы» «Ешкі» мәтінінің мазмұны мен Райымберлі Әлдембековтің хатындағы деректің өзара сәйкестігі.
«Ешкі басқа малдан өсімтал келеді. Көбінесе егіздетіп, кейде үштеп, төрттеп те табады».
Ал Райымберлі Әлдембеков әкесі туралы хатында оның ешкілері егізден туып, өте өсімтал болғанын айтады.
Әрине, бұл екі мәтіннің тікелей бір-бірінен алынғанын дәлелдейтін дерек жоқ. Бірақ олардың бір мазмұндық арнада тоғысуы назар аударуға тұрарлық.
Ең маңыздысы – хат иесі өз әкесінің Ахмет Байтұрсынұлы мен Телжан Шонанұлы бірге жазған кітапта аталғанын нақты еске түсіреді.
2011 жылы Алматыдағы «Ел-шежіре» баспасынан жарық көрген «Телжан» кітабына енген Сәндібек Байжиеннің мақаласында да Әлдембектің ешкілері туралы қариялардан жеткен деректер бар. Мақала авторы жергілікті ақсақалдардың Телжан туралы күні кешеге дейін тамсана естелік айтып келгенін баяндай отырып, Шабар атты ақсақалдан естіген мына деректі келтіреді: «Т. Шонанұлы өзінің ағайыны Әлдембектің бір ешкіні екі жылға жетпей он екіге көбейткенін мақтап, газетке жазды, тіпті кітапқа да бастырды. Тарантас арбамен ел аралап жүріп, оқимын деген балаларды Алматыға оқуға шақыратын, кейде алып кетіп, жәрдем көрсететін».
Осы дерекке қарағанда, Әлдембектің ешкі өсірудегі ерекше жетістігі және оны Телжан Шонанұлының баспасөзде жариялап, кітапқа енгізгені жергілікті елдің жадында сақталған, қариялар арасында етене таныс әңгіме болған. Бұл мәлімет Райымберлі Әлдембековтің 2002 жылы жазған хатындағы дерекпен де мазмұндас келеді.
Марат Мазалы мырза жеткізген ауызша дерекке сүйенсек, Әлдембек Телжан Шонанұлына немере туыстас болып келеді. Телжанның әкесі Шонан, Бектібай, Сүйінғара, Ерғашақ есімді төрт ағайынды болған. Сүйінғарадан Әлдембек, одан Райымберлі тарайды. Яғни Райымберлі – Әлдембектің үшінші баласы. Шонаннан Телжан мен Сержан тараған. Бектібайдан Қожабек, Қожабектен Сейітқали мен Сейітқазым туған. Сейітқазымның баласы Айғазы (1969 жылы туған) бүгінде Т.Шонанұлы туған ауылда тұрады. Айғазы да жоғарыдағы Әлдембектің ешкілері туралы деректерді жақсы біледі.
Марат Мазалының айтуынша, Райымберлі ақсақалдың өң-әлпеті де суреттегі адамға біршама ұқсайтын болған. Өкінішке қарай, әзірге Райымберлі ақсақалдың да, Әлдембек атаның да фотосуретін таба алмай отырмыз. Егер олардың бірінің немесе екеуінің де фотосуреті табылып, тарихи суреттегі адаммен салыстыруға мүмкіндік туса, бұл қазіргі ғылыми болжамымызды одан әрі нақтылап, жаңа бір дәлелмен толықтыра түсер еді.
«Ақмешіт» пен «Ырғыз» арасы
Бұл жерде «Ақмешіт қойы мен ешкісі» деген атауға қарап, суреттегі адам міндетті түрде қазіргі Қызылорда қаласының маңынан болуы керек деген түсінік тумауы тиіс.
ХХ ғасырдың басындағы әкімшілік-аумақтық шекаралар мен бүгінгі облыстық шекаралар бірдей емес. Ақмешіт, Ырғыз, Ақтөбе өңірлерінің арасындағы тарихи шаруашылық байланыстарды сол кезеңнің әкімшілік картасы мен статистикалық материалдары арқылы жеке зерттеу қажет.
Біздің қолымыздағы дерек суреттегі адамды қазіргі әкімшілік бөлініспен ғана байланыстыруға мүмкіндік бермейді. Керісінше, фотосуреттің Сыр қазақтарының көшіп-қонуы мен мал шаруашылығын зерттеген статистикалық экспедиция кезінде түсірілгені бұл кеңістікті сол дәуірдің тарихи-экономикалық ортасы ретінде қарастыру қажеттігін көрсетеді.
Қорытынды
Сонымен, қолымыздағы деректерді жинақтай отырып, 1927 жылғы А.Байтұрсынұлы мен Т.Шонанұлының «Оқу құралындағы» «6-ыншы сүгірет: Ақмешіт қойы мен ешкісі» атты тарихи фотосуреттегі малшыны Ырғыз өңірінде 1886 жылы туған Сүйінғарин Әлдембек деп тануға негіз бар деп есептейміз.
Бұл тұжырым әзірге абсолютті түрде дәлелденген тарихи факт емес. Ол – фотосуреттің түсірілу тарихы, кітаптағы «Ешкі» мәтіні, Тәттігүл Қартаеваның дерегі, Марат Қапанұлы Мырзалы жеткізген мәлімет және Райымберлі Әлдембековтің 2002 жылы жазған хаты өзара салыстырылғаннан кейін жасалған ғылыми болжам.
Дегенмен, бұл болжамның негізінде жай ғана сыртқы ұқсастық немесе кездейсоқ сәйкестік тұрған жоқ. Мұнда кітаптағы дерек, адамның кәсібі, географиялық орта, ешкі тұқымы туралы мәлімет және кейінгі ұрпақтың жазып қалдырған естелігі бір нүктеде түйісіп отыр.
Осы орайда Райымберлі Әлдембековтің жиырма төрт жыл бұрын жазып кеткен хатының тарихи маңызы ерекше. Егер ол хат сақталмаған болса, оқулықтағы суреттегі адамның кім болғанын іздеу мүмкіндігі де әлдеқайда қиындай түсер еді.
Бұл зерттеу тағы бір маңызды мәселені көрсетеді. Алаш қайраткерлері жазған оқулықтардағы суреттерді жай ғана безендіру құралы деп қарауға болмайды. Олардың әрқайсысының артында белгілі бір уақыт, кеңістік, адам және тарихи оқиға тұруы мүмкін. Сондықтан оқулыққа енген әрбір фотосуреттің қайдан алынғанын, қашан түсірілгенін, кім түсіргенін, суреттегі адамдардың кім екенін анықтау – алаштану, тұлғатану, мәтінтану және тарихи этнография үшін маңызды бағыттардың бірі.
Бүгін біз бір ғана суреттің сырын ашуға талпынып отырмыз. Бірақ сол бір суреттің артынан ХХ ғасыр басындағы қазақтың мал шаруашылығы, Ақмешіт пен Ырғыз арасындағы тарихи кеңістік, статистикалық зерттеулер, Алаш оқулықтары және бір әулеттің жады тоғысып шыға келді.
Тарихтың кейде үлкен дерегі шағын ғана суреттің ішіне сыйып тұрады.
Өткен ғасырдан аман жеткен әрбір кітап беті, әрбір хат, әрбір фотосурет – ұлт тарихының үнсіз куәсі. Оның үнін есту үшін кейде бір ғана суретке қайта-қайта үңіліп, артында қалған адамдардың ізін іздеу жеткілікті.
Пайдаланылған әдебиеттер
1. Байтұрсынұлы А., Шонанұлы Т. «Оқу құралы». Қызылорда, 1927.
2. Әлдембеков Р. Әлдембек Сүйінғарин туралы хат. 27.02.2002.
3. Байтұрсынұлы А. Академиялық толық жинақ, III том.
4. Гаврилов Н. Переселенческое дело в Туркестанском крае (Области Сыр-Дарьинская, Самаркандская, Ферганская). Санкт-Петербург, 1911.
5. Телжан Шонанұлы Мұралары. 2011. – Ел-Шежіре. – Алматы. 344-345 бб.
Әділет АХМЕТ,
«Алматы қаласы музейлер бірлестігі» КМКҚ
А.Байтұрсынұлы музей-үйінің аға ғылыми қызметкері,
түркітанушы (докторант)












Өте құнды әрі терең зерттеу екен. Бір ғана тарихи сурет арқылы тұтас бір дәуірдің тынысы ашылып, ұмыт қалған адамның есімі қайта жаңғырып отыр. Осындай еңбектер ұлт тарихын түгендеуге үлкен үлес қосады. Авторға рақмет!