Жаңа мыңжылдықтағы жаһан жұртшылығы үшін басты мәселенің бірі һәм бірегейі – энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ете отырып, қоршаған ортаға түсетін салмақты азайту. Климаттың өзгеруі, табиғи ресурстардың сарқылуы және әлемдік экономикадағы жаңаша талаптар адамзатты дәстүрлі энергетика моделінен бас тартып, орнықты даму қағидаттарына негізделген жаңа бағыттарды іздеуге мәжбүрлеуде. Осы тұрғыдан алғанда, «жасыл экономика» ұғымы экологиялық бастама ғана емес, ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыратын, инновация мен технологиялық жаңғыруды жеделдететін стратегиялық даму бағытына айналды. Қазақстан да бұл жаһандық үдерістен шет қалып отырған жоқ. Еліміздің «болашақтың энергиясына» қол жеткізу жөніндегі ұзақ мерзімді мақсаттары бар. Бұдан бөлек, жаңартылатын энергия көздерінің үлесін ұлғайтуға бағытталған мемлекеттік саясат және энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту бастамалары жаңа кезеңнің басталғанын көрсетеді. Сонымен бірге электр энергиясына сұраныстың тұрақты өсуі, энергетикалық қауіпсіздікті нығайту қажеттілігі мен өнеркәсіптің қарқынды дамуы елімізде атом энергетикасын дамыту мәселесін де күн тәртібіне шығарды. Жасыл экономика мен атом энергетикасы бір-біріне қарама-қайшы ұғымдар емес. Керісінше, көптеген мемлекеттердің тәжірибесі көрсеткендей, олар тұрақты энергетикалық жүйенің өзара толықтыратын құрамдас бөліктері. Сондықтан да, бүгінде біз үшін аталған екі жаңа бағыттың өзара үйлесімін қалыптастырып, отандастарымыздың кәдесіне жарату. Сарапшылардың пайымдауынша, бұл еліміздің энергетикалық тәуелсіздігін күшейтіп қана қоймай, экономиканың қарқынды өсіміне, экологиялық жауапкершіліктің артуына және келешек ұрпаққа қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға жол ашады.
ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ ТРАНСФОРМАЦИЯ
Соңғы жылдары халықаралық қауымдастық төмен көміртекті даму моделіне көшуді стратегиялық басымдық ретінде айқындады. Бұл – қоршаған ортаны қорғау мәселесі ғана емес, сонымен бірге экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етудің, ұлттық қауіпсіздікті нығайтудың және жаңа технологиялық серпіліске жол ашудың маңызды алғышарты. Сондықтан, бүгінде жасыл экономика ұғымы экологиялық қозғалыстың ұраны емес, жаһандық экономикалық саясаттың өзегіне айналып отыр.
Қазақстан да бұл үдерістен тыс қалған жоқ. Табиғи ресурстарға бай еліміз үшін экономиканы жаңғырту, энергия өндірісін әртараптандыру және көміртегі шығарындыларын қысқарту ұзақ мерзімді даму стратегиясының маңызды бағыттарының біріне айналды. Бұл – халықаралық міндеттемелерді орындау ғана емес, ұлттық экономиканың жаңа сапалық деңгейге көтерілуіне мүмкіндік беретін тарихи кезең.
Энергетика саласы – еліміз үшін стратегиялық маңызы бар сала. Тұрақты қуат көзі болмаса, қуатты мемлекет құру мүмкін емес. Қазақстанның энергетикалық әлеуетін нығайту – басымдыққа ие міндет. Атап айтқанда, былтыр батыс аймақтардың электр желісін күшейтетін бірегей жоба аяқталды. Бұл жоба Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау облыстарының энергетикалық тораптарын біріктіреді. Бұдан бөлек, елімізде басқа да ірі жобалар қолға алынып жатыр. Мәселен, Екібастұздағы екінші ГРЭС-те жаңа энергоблоктар салынады. Сондай-ақ, үшінші ГРЭС-тің құрылысы басталмақ. Бұл нысандар еліміздегі энергетика жетіспеушілігін жоюға тиіс.
2026 жылы Алматыдағы электр станцияларын жаңғырту – Үкімет пен әкімдік алдында тұрған маңызды мақсат. Сол арқылы ауаның ластану деңгейін төмендетіп, қаланың экологиялық ахуалы жақсармақ. Бұған қоса, келесі жылы Қызылорда және Түркістан облыстарында бу-газ қондырғысы бар электр станцияларын толық іске қосу да осы орайда үлкен маңызға ие. Қазақстан 2035 жылға дейін 26 гигаваттан астам қуат көзін өндіретін нысандарды іске қосуды жоспарлап отыр. Еліміздің энергетикалық инфрақұрылымын дамыту турасында Мемлекет басшысы да атап өткен болатын.
Президенттің пікірінше, Қазақстанның табиғи ресурстарын және өндірістік әлеуетін ескерсек, біз электр қуатын басқа елдерден сатып алмауымыз керек.
«Еліміздегі көмір қоры – шамамен 33 миллиард тонна. Соған қарамастан, біз жаңартылатын қуат көздерін дамытуға баса назар аударып отырмыз. Соңғы 5 жылда осы салаға 2,5 миллиард долларға жуық инвестиция салынды. Соның нәтижесінде энергетика секторындағы жаңартылатын қуат көздерінің үлесі 7 пайыздан асты. Экологиялық тұрғыдан таза энергия өндірісін одан әрі дамыту үшін әлемдік ең үздік компаниялармен әріптестік орнаттық», – деп атап өткен болатын Президент.
Расында да, бүгіндері бүкіл әлем түбегейлі бетбұрыс кезеңін бастан өткеріп жатыр. Бұл ретте атом станциясының құрылысын бастау – стратегиялық шешім. Бұл болашақта еліміздің энергетикалық келбетін түбегейлі өзгертіп, экономикамызды қайта құруға ықпал етеді.
Қазақстанның энергетикалық картасында атом станциясының пайда болуы ел экономикасының жаңа әрі сапалы деңгейге көшкенін білдіреді. Жалпы, дүние жүзінде болып жатқан ауқымды өзгерістердің энергетика саласына ықпал ететіні сөзсіз. Әлемде қуат көздеріне қызу тартыс жүріп жатыр десек, артық болмайды. Мемлекет энергетика мамандарының жаңа буынын даярлап, осы саланың әлеуетін арттыра береді. Бірақ, азаматтарымыз да бұл мәселеге жауапкершілікпен қарауы керек. Электр қуаты, жылу және су – тұрмысқа аса қажетті игіліктер. Соның бәрін үнемдеп, ақылмен пайдаланған абзал. Жалпы, бұл – тұтас экономикаға ортақ талап.
ӨРКЕНИЕТТІ ДАМУДЫҢ ЖАҢА ФИЛОСОФИЯСЫ
Жасыл экономика – табиғат пен экономиканы бір-біріне қарсы қоймай, олардың үйлесімді дамуын көздейтін заманауи модель. Оның негізгі мақсаты – экономикалық өсімді қамтамасыз ете отырып, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, қоршаған ортаға түсетін салмақты азайту және халықтың өмір сүру сапасын арттыру.
Қазақстан үшін бұл бағыттың маңызы ерекше. Еліміз күн сәулесі мен жел энергиясының әлеуеті жоғары мемлекеттердің қатарына жатады. Кең байтақ аумақ, табиғи-климаттық ерекшеліктер және жаңартылатын энергия көздерін дамытуға қолайлы жағдайлар жасыл энергетиканы ұлттық экономиканың жаңа драйверіне айналдыруға мүмкіндік береді.
Соңғы жылдары елімізде жаңартылатын энергия жобаларының саны көбейіп, бұл салаға инвестиция тарту қарқын алды. Бұл үрдіс экологиялық ахуалды жақсартумен қатар, жаңа жұмыс орындарын ашуға, өңірлердің дамуына және жоғары технологиялардың енгізілуіне жол ашуда.
Энергетика министрлігінің ресми ақпаратына сүйенер болсақ, Қазақстанда қазір жалпы қуаты 15,3 ГВт болатын 81 жоба белсенді іске асыру кезеңінде тұр. Оларға жалпы сомасы 13,1 трлн теңге инвестиция салынбақ.
Сала сарапшыларының пайымдауынша, жасыл энергетиканың мүмкіндігі қаншалықты жоғары болғанымен, оның табиғи ерекшеліктеріне байланысты белгілі бір шектеулері бар. Жел әрдайым соқпайды, күн тәулік бойы жарқырамайды. Сондықтан, жаңартылатын энергия көздері тұрақты базалық генерациямен ұштасқанда ғана сенімді әрі тиімді энергетикалық жүйе қалыптасады.
АТОМ ЭНЕРГЕТИКАСЫ – ҰЗАҚ МЕРЗІМДІ ИНВЕСТИЦИЯ
Әлемнің дамыған мемлекеттерінің тәжірибесі атом энергетикасының төмен көміртекті экономикадағы маңызды орнын дәлелдеп отыр. Франция, Қытай, Оңтүстік Корея, Канада және басқа да көптеген елдер атом электр станцияларын энергетикалық қауіпсіздіктің негізгі тетіктерінің бірі ретінде пайдаланады. Шетелде жоғары технологиялық, тұрақты және стратегиялық маңызды сала ретінде қарқынды дамыған. Бүгінгі таңда әлемнің 30-дан астам елінде 440-қа жуық ядролық реактор жұмыс істеп тұр және олар жаһандық электр энергиясының шамамен 9-10 пайызын қамтамасыз етеді.
Атом энергетикасының басты артықшылығы – ауа райына тәуелсіз тұрақты электр энергиясын өндіруі, көмірқышқыл газының төмендігі және ұзақ мерзімді қолданыста болуы. Бұл, әсіресе, өндірісі дамып келе жатқан мемлекеттер үшін маңызды. Әрине, атом энергетикасына қатысты қоғамда түрлі пікірлер бар. Қауіпсіздік мәселесі, пайдаланылған ядролық отынды басқару, экологиялық талаптарды сақтау – ерекше жауапкершілікті қажет ететін мәселелер. Сондықтан, мұндай жобаларды жүзеге асыру халықаралық стандарттарға, ғылыми негізделген шешімдерге және қоғамдық ашық диалогқа сүйенуі тиіс.
Мамандардың айтуынша, жасыл экономика мен атом энергетикасы – өзара толықтыратын бағыттар. Кейде жасыл энергетика мен атом энергетикасы бір-біріне қарсы қойылып жатады. Алайда, халықаралық тәжірибе олардың бәсекелес емес, бірін-бірі толықтыратын салалар екенін көрсетеді.
«Жел мен күн электр станциялары экологиялық таза энергия өндіреді, бірақ олардың жұмысы табиғи жағдайларға тәуелді. Ал, атом электр станциялары тәулік бойы тұрақты қуат береді. Осылайша, екі бағыттың үйлесуі сенімді әрі төмен көміртекті энергетикалық жүйені қалыптастыруға мүмкіндік береді», – дейді сала сарапшылары.
Энергетикалық саясат тек бүгінгі қажеттіліктерді емес, алдағы бірнеше онжылдықтың даму үрдістерін де ескеруі тиіс. Сондықтан, Қазақстан ғылымға, инженерлік кадрларды даярлауға, жаңа технологияларды игеруге және халықаралық тәжірибені тиімді пайдалануға басымдық беруі қажет.
Энергетика саласындағы кез келген стратегиялық шешім ашықтыққа, ғылыми сараптамаға және қоғаммен сындарлы диалогқа негізделгенде ғана өзінің тиімділігін көрсетеді.
Жасыл экономика мен атом энергетикасы – бір-бірін жоққа шығаратын емес, Қазақстанның орнықты дамуына қызмет ететін өзара сабақтас стратегиялық бағыттар. Елдің экономикалық қуаты, энергетикалық тәуелсіздігі және экологиялық қауіпсіздігі осы екі саланың үйлесімді дамуына тікелей байланысты.
Қазақстан үшін басты міндет – әлемдік тәжірибені зерделей отырып, ұлттық мүддеге сай, қауіпсіз, ғылыми негізделген және ұзақ мерзімді энергетикалық саясат қалыптастыру. Сонда ғана еліміз тұрақты даму жолына нық қадам басып, келешек ұрпаққа сенімді әрі қауіпсіз энергетикалық жүйе қалдыра алады.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
XXI ғасырда мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігі табиғи байлықтың көлемімен емес, энергияны қаншалықты тиімді өндіре алатынымен, технологияны қаншалықты жылдам игеретінімен және болашаққа қаншалықты жауапкершілікпен қарайтынымен өлшенеді. Қазақстан үшін жасыл экономика мен атом энергетикасы – бірін-бірі жоққа шығаратын таңдау емес, ұлттық қауіпсіздікке, экономикалық өсімге және келешек ұрпақтың әл-ауқатына бастайтын өзара сабақтас стратегиялық бағыттар. Сондықтан, бұл мәселеде қысқа мерзімді көзқарастан гөрі ұзақ мерзімді мемлекеттік мүдде басым болуы тиіс. Ғылымға сүйенген, қоғаммен ашық диалогқа негізделген және халықаралық тәжірибені ескеретін саясат қана Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігін нығайтып, оны Орталық Азиядағы технологиялық әрі энергетикалық көшбасшылардың біріне айналдыра алады.
Жандар АСАН,
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің бас сарапшысы, саяси шолушы












